Қазақ мынау деп көрсеткенде, домбыраны қосып көрсетуіміз – заңдылық. Одан басқа заттың біздің болмысымызды аша қоюы қиын. Мұны Қадыр ақын да «Нағыз қазақ – домбыра» деген сөзімен нықтап кеткен.
Ұлттық домбыра күні жарияланды дегенде бүкіл қазақ қуанды. Күнде қолымызда жүрген домбыраның қасиеті асқақтап кетті. Рухани жаңғыру дегеніміздің бір көрінісі осы. Қазақ елінде тұратын жүзден аса ұлттың назарын домбыраға аудару рухымызды биіктетіп, тамырына байланған бет-бедерімізді айшықтай түсті. Шежіремізді шертіп, тарихымызды бүгінге сүйреп жеткізген күштің бірі – домбыра.
Қолыма он екі жасымнан домбыра ұстап, дәстүрлі өнерді дамытуға үлесімді қосып келе жатқаныма жиырма жылдай уақыт болыпты. Осы ұлық мерекеге тарту есебінде мен композитор И.Елубаеваның әуеніне жазылған «Домбыра болып сөйледім» атты шығармама бейнебаян түсіріп жатырмын, жақын арада тыңдарманыма жолдаймын.
Осылайша, халықтың рухани игілігіне тағы бір ұлттық мереке қосылды.
Үміт МЕДЕУОВА,
дәстүрлі әнші, ҚР Мәдениет қайраткері.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<