Таза ауа жұтып жүрміз бе?

1593

0

Кей-кейде ала шаңы шығып жататын біздің өлкенің ауасына кім-кім де күмәнмен қарайды. Рас қой. Үнемі жел, одан бөлек жасыл желектің жайқалып тұрмағаны белгілі. Жылда мыңдаған көшет отырғызып, оттегіні түзейміз деген ынта әркімде де бар. Бірақ, шыбық отырғызуда шындап іске кіріспейміз. Күтімі аз. Әйтеуір біз еккен бес талдың бір-екеуі ғана бойын тарайды.


Ақмешіттің ауасы қандай?! Көзге көрініп, қолға ұстамаған соң, оның ішінде не болып, не қойып жатқанын біз білмейміз ғой. Ауаны зерттеудің де өз машақаты бар. Кеудеміз сәл қысылса, «ай, осы ауа дұрыс емес» дейтін күдікшіл ойға жығыла кететінімізді несіне жасырамыз. Алайда, мамандар жағдайдың қалыпты екенін айтады. Бағамдап көрейік.


Аймақта «Қазгидромет» РМК облыс­тық филиалы жұмыс істейді. Ондағы зертхана бастығы Гүлшат Әміралиева ауаның қалай зерттелетінін түсіндіріп берді.


‒ 2013 жылы қала бойынша екі нүктеге автоматты бекет орнатылды. Одан бөлек, 2007 жылдан бері бір стационарлы бекет жұмыс істейді. Екі автоматты бекет адамдар көп шоғырланатын орын ретінде арнайы ескі базар және облыстық полиция мекемесінің маңына орнатылған. Бекеттің зерттеу радиусы 5 шақырым аумақты қамтиды. Айталық, осы бекеттер көмегімен Белкөл кенті және Махамбет ауылындағы ауа құрамы жайлы ақпарат алуға болады. Бұл жерде әрбір 20 минут сайын азот диоксиды, күкірт диоксиды, көміртегі оксиды және шаң-тозаң көрсеткіші бойынша ауа құрамының жаңа дерегі жазылып отырады. Ай соңында жиналған мәлімет бо­йынша сараптама жасалады. Тағы бір тиімді тұсы, жауын-шашынды немесе басқа да қолайсыз ауа райы кезінде бекет тоқтаусыз жұмыс істейді. Әрі мұнда жазылған деректің бәрі автоматты түрде бөлімнің компьютеріне келіп тұрады, ‒ дейді ол.


Автоматты бекеттің жалпы құны 44 миллион теңге. Сапалы қондыр­ғы әзірге сыр бермепті. Мұндай бекеттер Қармақшы ауданына қарасты Төретам мен Ақайда жұмыс істейді. Ғарыш айлағына жақын орналасқан соң озон құрамын зерттеуге арналған газоанализатор құрылғысы Ақайдағы бекетке қо­йылған. Маманның айтуынша, зерттеулер нәтижесі көрсеткендей, озон көрсеткіші бойынша да көп ауытқу жоқ. Қалыпты мөлшерде көрінеді.


Сәуір айында «Қазгидромет» мамандары экология департаментімен бірлесіп, зерттеу жүргізіпті. Ондағы мақсат – карантин кезіндегі ауа құрамы қалай өзгергенін білу. Қызығы сол, ауа бұрынғысынан әлдеқайда тазарған. Бұған көлік қозғалысының азаюы, тұрғындар қатынасының шектелуі себеп болса керек.

Көпшілік Аралдың тартылуы, тұздың ұшуы немесе Байқоңырдағы әлсін-әлсін ғарышқа көтерілу ауа тазалығын құртты деп есептейді. Білікті маман ондай пікірдің орынсыз екенін алға тартып, тұрғындарды алаңдамауға шақырады.


‒ Республика бойынша зауыт, фабрикасы бар қалаларға қарағанда, біздің аймақтың ауасы әлдеқайда жақсы көрсеткішке ие. Мысалы, биылғы жартыжылдық қорытындысына қарасақ, облыс ауа тазалығы бойынша жақсы деңгейде тұр. Бұл ластану көрсеткіші төмен деңгей болып есептеледі. Сондықтан жалпы өңірдің ауасын таза деп айта аламыз, ‒ дейді Гүлшат Әмірәлиева.


Филиалдағы зертхана күніне үш рет ауаға сынама жасап, талдау қорытындысын шығарады. Айта кету керек, қала бойынша айына бір рет 5 нүктеден үш мезгіл сынама алынады екен. Сондай-ақ әр тоқсан сайын аудандарға барып зерттеу жүргізіледі. Жаңақорған, Шиелі ауданы кен өндіреді, Арал маңында тұздың үлесі басым, ал Қармақшы Байқоңыр ғарыш айлағына жақын орналасқан соң зерттеу нысаны ретінде осы аудандар бекітілген.


‒ «Қазгидрометтің» негізгі міндеті ‒ ауаның, судың құрамына мониторинг жасау. Зертханада ауа құрамынан бөлек, Сырдария өзенінің және Арал теңізінің су құрамына ай сайын 33 компонент бойынша талдау жүргізіледі. Мұндай сәттерде гидрологтар көмегіне жүгінеміз. Сондықтан екі саланың жұмысы бір-бірімен тығыз байланысты деп айтуға болады. Әзірге аймақтағы ауа мен су құрамы тұрақты көрсеткішке ие. Егер зерттеу барысында ластану көрсеткіші жоғары болса құзырлы мекемелерге хабарлаймыз, ‒ дейді зертхана бастығы.


Жергілікті тұрғындар білмеуі мүмкін, бізде облыста 32 метеорологиялық, агрометеорологиялық, гидрометеорологиялық және экологиялық станция мен бекетті құрайтын бақылау желісі бар. Ал тарихы тым әріде. Ең алғашқы метеорологиялық станция біздің өңірде ашылыпты. Алғаш 1848 жылы жұмысын бастаған «Қазалы» метеорологиялық станциясының қызметкерлері 2005 жылы жоғары сапалы бақылау жүргізгені үшін Швейцария, Женева ДМҰ мақтау грамотасымен марапатталған. Осыдан кейін 1884 жылы «Арал теңізі» метеорологиялық станциясы, 1918 жылы «Жосалы», 1941 жылы «Шірік-Рабат», 1950 жылы Қызылорда қаласы метеорологиялық станциясы, 2011 жылы Қызылорда аэрологиялық станциясы құрылған.


Айтпақшы, оқырман қауымға қосымша дерек болсын. Қазір екінің бірі заманауи ұялы байланыс құралын ұстайтыны белгілі. Айтқым келгені Air.kz мобильді қосымшасы жайлы. Осы қосымшаны телефонға жүктеу арқылы ауа құрамын кез келген уақытта бақылап отыруға болады. Жұтып жүрген ауаңыздың сапасын өзі-ақ ақпарат ретінде ұсынады екен.


Ержан ҚОЖАС,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<