«Бір ауылдан түлеп ұшқан , жастар едік». Осынау естігенді елең еткізетін жыр жолдары баршаға мəлім болар.Əсіресе туған жерден жырақ жүрген перзенттер үшін мағынасы тым əсерлі. Сондықтан да түрлі жиын, басқосуда осы əннің шырқалатыны да рас. Биыл менің құрдастарым өздерінің мектеп бітіргендеріне 40 жыл толған айтулы күнді атап өтті.» Той десе қу бас домалайды» демекші жүздесуге еліміздің түкпір – түкпірінде тұратын достар жиналды.Ұзақ жылдар бойы жүздеспеген сыныптастар сағыныса қауышып, мəре -сəре болып жатырмыз. Солардың арасынан құт қонған Маңғыстаудан жолдасы Қабылмен бірге келген Əлима Беласарова есімді құрдасымыз кішіпейіл дағдысы, парасатты қылығымен ерекшеленген еді. Əлиманың жан жары Қабыл (ұзын бойлы, тұлғалы да сымбатты өңді нағыз қазақтың жігіті деп ауыз толтырып айтарлықтай азамат екен.»Адам баласы тілдескенше» демекші, Кәкең ден аңқылдаған қалпымен өзгелерді өзіне баурап алған.
Əлиманың əкесі Тұрсынбай көкеміз Ұлы Отан соғысында қан төккен батыл жауынгер, бейбіт заманда ауыл экономикасының алға басуына телегей тері сіңген еңбек ардагері болатын. Оған қоса бау -бақша егудің жайына жетік, бағбан адам еді. Соның куәсіндей, Жанқожа батыр ауылынан кезінде соғыс жəне еңбек ардагері Тұрсынбай Беласаров еккен саялы талдарды кездестіруге болады. Жапырағы желмен тербелген саялы ағаштарды көргенде » Егесінің өмірден өткеніне қаншама жылдар өтті.Ал талдар əлі күнге көкеміздің атын шығаруда. «Атадан тал қалсын» деп қалай керемет айтылған » деп тебіренесің. Əлиманың анасы Гүлбаршын апа кезінде іргелі мекемеде аудармашы қызметін атқарған білімі мол жан еді. Екеуі де балажан болатын. Ешқашан перзенттеріне қабақ шытқан тұсы кездеспепті. Десе де салмақты мінезді отағасының әрбір сөзі бұлжытпай орындалатын. Отанасы мен перзенттері Тұрсекеңнің айтар ойын қас – қабағынан аңғаратын еді. Осындай тағлымды отбасында өскен Əлиманың бойында адалдық, имандылық, аламгершілік қасиеттерінің жиынтығы табылса, несіне таңданамыз?!
Мектеп қабырғасында озат әрі белсенді оқушы атанған Əлима сегізінші сыныптан соң медициналық училишеге оқуға түсуге талап қылған. Алайда жас қыздың пешенесіне ақ халат киіп, сырқат жандарды емдеуді жазбаған екен. Əлдебір құжаты дұрыс болмай қабылдау емтиханына кіре алмады. Көз жасын көлдетіп ауылға оралды. Балалық дегенді қойсаңшы?! Мектепке барып , қайтадан сабағын жалғастыруға ұстаздары мен ата – анасы қанша үгіттегенімен бұл намыстанып, көнбей қойды.Ақыры бір шешімге бел буды. Аудан орталығындағы теміржол училищесінің вокзал кезекшілерін даярлайтын бөлімге оқуға барды.Осында болашақ серігі Қабылмен танысты.
Екеуі бір оқу тобында дəріс алды.»Арпа ішінде бір бидай» дегендей Қабыл группадағы жалғыз ер бала болатын. Өзі ауыл-елге жақсы мəлім , өсіп – өнген теміржолшылар əулетінің перзенті екен. Монтақовтар жанұясы десе көпшілік теміржолшылар династиясын еске түсіретінге ұқсайды. Училищені бітірген соң Əлималардың оқу тобы жолдамамен сол кездегі Гурьев облысы (кəзіргі Маңғыстау) Жетібай стансасына жұмысқа жіберілді. Мамандықтары бойынша жұмысқа орналасты. Қызықты да жауапкершілігі мол еңбек жолы басталды. Осында жүріп Қабыл мен Әлима шаңырақ көтерді. Перзент сүйді. Тағдыр жолы бұлардың отбасын тағы сынады. Қабыл көз ауруына шалдықты. Қаншама жерге барып, білікті дәрігерлерден ем алды. Бірақ… жан – тәнімен ұнататын жұмысынан қол үзуге тура келді. Арада ширек ғасырға жуық мезгіл жылжыды. Десе де Қабыл мен Әлима мойыған жоқ. Қайтседе перзенттерін ел қатарына қосуды мақсат тұтты. Айтуға оңай. Бұл жолда қаншама кедергі, асудан өтуге тура келді. Ақыры осынау береке қонған, сыйластық дарыған шаңырақ діттегеніне жетті. Әлиманың табандылығы, перзенттерінің ықылас – пейілі Қабылға сарқылмас жігер, таусылмас қайрат сыйлады. Бұл күнде Қабыл мен Әлима бақытты шаңырақтың иелері. Алты баланың ақылшы әке – анасы, он бес немеренің қадірменді ата – әжесі. Бауыр еттерінен жаралған балаларының бірі банк саласында, енді бірі инженер, мұғалім, қаржыгер, аспаз сынды мамандықты игеріп , еңбек етуде. Оны айтасыз, Әлиманың жас кезіндегі арманын іске асырып бір перзенті мейіркеш ретінде көпшіліктің алғысына бөленуде.
Әлима Беласарова ұзақ жылдардан бері Жетібай стансасында вагон қараушы болып жұмыс істейді. Өз ортасында, еңбек ұжымында есімі құрметпен аталады. Тағдыр тезіне мойымаған асыл ананы алдағы күндерінде тек, сәттілік тосып тұрғандай. Теміржолда тоғысқан тағдыр иелері қашанда, аман болыңыздар!
Жұмабек Табынбаев,
Қазалы ауданы.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<