Теңіз ұлтанына дронмен дән егіледі

155

0

Арал теңізі – әлемдегі ең ірі экологиялық апаттардың бірі ретінде танылған аймақ. Оның құрғаған табанында миллиондаған гектар тұзды жазықтар пайда болды. Бұл тұзды алқаптар улы шаңның негізгі көзіне айналды. Экологтардың бағалауынша, ондаған миллиард тонна тұз шөгіп, желмен мыңдаған шақырымға – Арктика мен Гималайға дейін тарайды. Улы заттармен, пестицидтердің қалдықтарымен қаныққан бұл шаң топырақты, суды, ауаны улап, миллиондаған адамның денсаулығына және тұтас өңірлердің азық-түлік қауіпсіздігіне қатер төндіреді.

Әлемдік мәселені шешуге бағытталған ауқымды жобаны Б.Өтемұратов қоры жүзеге асырады. Бастаманың серіктестері қатарында Қорқыт ата атындағы Қызыл­орда, Калифорния университеттері (Берк­ли) және Аралды құтқару халықаралық қо­рының Қазақстандағы атқарушы ди­рекциясы бар.

Студенттер сарайында өткен кез­десуде жоба жетекшілері, ғалымдар пилоттық жобаны талқылап, оның тиімділігі мен мақсатын тағы бір нақтылады. Оған Қорқыт ата атын­дағы университеттің прорек­торы Май­­нұр Бөрібаева, Б.Өтемұрат­ов қо­рының зерттеу, даму және интер­национализация бойынша директоры Темірлан Ербосынов қатысты.

Бұл жоба Арал теңізі құрғаған таба­нының экожүйесін ұзақ мерзімді жақ­сар­туға және Калифорния уни­верситетінің (Беркли) ғалымдары әзірлеген инновация­лық E-seed тех­нологиясын сынақтан өт­кізуге бағыт­талған. Технология дрон кө­­мегімен биологиялық ыдырайтын қа­бық­тағы өздігінен топыраққа сіңетін тұ­қымды аэросебу әдісіне негізделген. Атал­ған тәсіл көгалдандырудың ауқымын және жылдамдығын  арттырып, тұ­қымның то­пыраққа тереңірек енуін қамтамасыз етеді және еңбек шығын­дарын азайтады.

– Біз көптеген дронмен егу тәсілін қарастырдық. Ең жақсы кейсті АҚШ пен Австралияда таптық. Бірақ он­дағы өсім деңгейі 15-20 пайыздан аспайды. Одан әрі зерттеу барысында Беркли уни­вер­си­тетінің жасаған технологиясына тоқ­тал­дық. Оның ерекшелігі – дәнді жерге отыр­ғызып, ылғалды өзіне жинайды. Сонымен бірге аптап ыстықтан, желмен ұшып кетуден, құстарға жем болудан қор­ғайды.

Біз үш түрлі тұқымды егуді жос­парлап отырмыз. Гипергаллак­тика­лық өсімдіктер арқылы табиғаттың өзіне келу процесін жылдамтамыз. Қазір ғалымдардың ай­туынша, Арал теңізі өздігінен қалпына ке­лу жағда­йында. Оны ортасына қарай жүр­генде байқауға болады, – деді мамандар.

Пилоттық сынақ ретінде 1 гектар ау­маққа тұқым отырғызу 2026 жыл­ғы наурыз-сәуір айларында баста­лады. Ғы­лыми дәлелденген жерсіну көр­сет­кіші 20 пайыздан жоғары бол­ған­да, пилоттық жо­баның екінші ке­зеңі шеңберінде 2027 жылы Арал теңі­зі­нің 50 гектар құрғаған табанына тұ­қым себіледі.

Өткен жылы университет жаны­нан Арал өңірінің экожүйелерін зерт­теу ха­лықаралық орталығы ашыл­ған. Орталық жетекшісі, биоло­гия ғы­лым­дарының кан­дидаты Рахат Құр­манбаев жобаны ғылыми тұрғы­дан түсіндірді.

– Антропогендік себептен әлем­дегі төртінші орындағы теңіз 50 жылдың ішінде жоғалып кетті. Бү­гінде адамзат өз қолымен жасаған қа­тені қалпына келтіруге тырысуда. Біз бір гектар алқаптың күзгі меха­никаландыру жұмыстарын дайындап қойдық. Енді көктемде тағы да осы жұмыстарды қайталап, жобаны тес­тілеуге жұмыламыз. Жақсы нәти­же­ге жету үшін биологиялық, эко­ло­гиялық жағынан жан-жақты зерт­теп жатырмыз.  Өйткені, жер бе­тінде Арал теңізі сияқты кеп­кен ұлтан жоқ. Америкалық әріптес­тер­дің қызы­ғу­­шылығы өте жоғары. Сон­дықтан оң нә­тижеге қол жеткіземіз деп сенемін, – деді.

E-seed технологиясын қолдану топы­рақ құрылымын нығайтуға, шаң мен тұз шығарындыларын азай­туға, өңірдің биоалуан түрлілігін арт­тыруға мүмкіндік бе­реді. Ғалымдар 2040 жылға қарай кемінде 50 шаршы шақырым аумақта эко­жүйені тұрақтандыруды, ауа­ның темпе­ратурасын 1-2 градусқа тө­мен­детуді және микроклиматты жақ­сар­туды мақсат етеді.

Жоба Қазақстан төрағалық ете­тін 2024-2026 жылдарға арналған Аралды құтқару халықаралық қоры шеңберіндегі бастамалармен тығыз байланысты. Осы кезеңде теңіз таба­нының 1 миллион гек­тардан астам аумағын көгалдандыру жос­парланып отыр.

Айсәуле ҚАРАПАЕВА,

«Сыр бойы»