Бұл – аралдық белгілі ақын Толыбай Абылаевтың «Айнамкөз» атты жаңа жыр жинағы. Теңізді өлкеде туып, содан табан аудармаған ағаның кезекті кітабы қолымызға тиген еді.
«Бірі менің түсімде,
Бірі өңімде,
Бірін қидық неліктен тірі өлімге?!
(Екеуі де Адамзат тілегінде).
Кіші Арал нұр боп жатыр жанарымда,
Ұлы Арал мұң боп жатыр жүрегімде…», деп толғаған ақынның бұл жинағында теңіз табанында ғұмыр кешкен ел-жұрттың тынысы мен тіршілігі суреттеледі. Кешегі шалқыған Аралдың өткені мен бүгіні айтылады. Сиясы кеуіп үлгермеген жинақта басқа да алуан тақырып жетерлік. Жалпы ақынның бұл кітапта бұрынғы өлеңдерінен бөлек, кейінгі жылдары жазылған жаңа өлең-жырлары топтастырылған.
Толыбай Абылаев – көптеген поэзиялық жинақтың авторы. Өлеңін өмірмен ұштастырып, шығармаларын сын таразысына салып, оқырманға орамды ой мен жыр арнаған ақын. Оның теңіз туралы толғаулары халық ықыласына бөленді. Шыншыл өлеңдері мен тың тақырыпты арқау еткен туындылары ақынды абырой биігіне шығарды.
Ақын ағаның бұған дейін «Шағала», «Арал көшіп келеді», «Аралдан соққан жел», «Арал Атлантидасы», «Махаббат дәптері», «Қыран шайыр», «Нұртуған шайыр» және тағы басқа құнды кітаптары оқырманын тапқан. Бүгінде жас буын ақын ағаның жырларын жатқа айтады десек, қателеспеспіз.
Айта кетейік, Толыбай Абылаев еңбек жолын атакәсіп – балықшылықтан бастап, кейін мәдениет пен журналистика саласында жұмыс істеді. Облыстық және аудандық бірнеше басылымда ұзақ жыл жауапты қызмет атқарды. Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі әрі республикалық жыр додаларының жеңімпазы. Сондай-ақ Ж.Әбдірашев атындағы республикалық әдеби сыйлықтың иегері.
Ержан ҚОЖАС,
«Сыр бойы»





