Тентекті тәрбие ғана тезге салады

712

0

Қоғам құбылып тұр. «Қарағайдан шайыр, адамнан қайыр кеткен заман болады» дегенді ертеректегілер еске салып кеткен екен. Бүгінгі жұрттың алты қабат аспанында, жеті қабат жерінде қым-қуыт тірлік болып тұр. Адам баласының жүзіндегі мейірімділік әлсіреп барады. Бет-жүздерінде қан-сөл жоқ секілді. Бірін-бірі жүндей түтіп, әлдісі әлсізін табанға салып таптауға бар. Екі күннің бірінде еститінің «өлтіріп кетіпті», «жабылып соғыпты», «өзіне-өзі қол салыпты». Айналаңның бәрі үрей мен қорқыныш. Ақыр аяғы «кәмелеттік жасқа толмаған оқушылар мектеп қабырғасында жүріп, топ-топ болып төбелесіп, үлкен сыныптағылар кіші сыныптағыларды қорқытып, үркітіп ақша бопсалап жүр» деген ақпарат желіде желдей есіп кетті.

«Тәрбие талбесіктен» деген тағылым табалдырықта қалғандай. Кім баласын бұзық, тентек болсын деп баулиды. «Тек жүрсең – тоқ жүресің» деген өсиетті кез келген ата-ана балаларына айтатын шығар. Алайда, оны санаға түйіп жатқан жасөспірімдер некен-саяқ. Бұл да – қоғамның басты әрі асқынған кеселі. Идеологиялық бағыт-бағдардың әлсіреп, қансоқтаға айналған жүйенің тәлім-тәрбиеге келгенде аяғына жем түскен жабағыдай ақсап тұрғанын көруге болады. Мұны ҚР Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаевтың өзі растады.

Министр Қызылорда облысына жұмыс сапары барысында Қазалы ауданындағы Р.Бағланова атындағы аудандық мәдениет орталығында облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевпен бірге білім саласы, құқық қорғау органдары қызметкерлерімен, зиялы қауым өкілдерімен және ата-аналармен кездесті. Кәмелетке толмағандар арасындағы құқықбұзушылықтың алдын алу мәселесі бойынша «Бала тәрбиесі – баршамызға ортақ міндет» атты бірлескен кеңес отырысына қатысты. Жиында облыстық полиция департаменті бастығының міндетін атқарушы Шамшидин Әмитов, облыстық білім басқармасының басшысы Мейрамбек Шермағанбет және аудан әкімі Мұхтар Оразбаев баяндама жасап, ұстаздар мен ата-аналар өз пікірлерін білдірді.

Оқу-ағарту министрлігі Балалардың құқықтарын қорғау комитетінің төрағасы Насымжан Оспанова баяндамасында Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша балаларды зорлық-зомбылықтан, суицидтің алдын алу, олардың құқықтары мен әл-ауқатын қамтамасыз ету бойынша кешенді жоспар әзірленгенін айтты.

– Министрлік заңнамалық базаны жетілдіруде, оның ішінде баланың жәбірленуден қорғану құқығы бекітілді. Балалар арасындағы жәбірлеудің алдын алу ережесі, мектептердің психология қызметінің жұмыс ережесі, балаларға қатысты зорлық-зомбылық пен қатыгездік фактілерін анықтау және олармен жұмыс істеу алгоритмі қабылданды. Еліміздің әр өңірінде бала құқықтары жөніндегі уәкілдер жұмыс істеуде. Балалар мен олардың ата-аналарына жедел көмек көрсету үшін «Бала қорғау» телеграм-чаты жұмыс істейді. Айта кетейік, бұл шаралардың барлығы балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуде бірыңғай тәсілдерді қалыптастыруға бағытталған, – деді Н.Оспанова.

Ал облыстық білім басқармасының басшысы Мейрамбек Шермағанбеттің айтуынша, кәмелетке толмағандар арасында құқық бұзушылықтың алдын алу бойынша бірқатар шаралар қабылданған. Барлық білім беру ұйымдарында мектеп пен ата-аналардың өзара іс-қимылы қолға алынған. Ата-аналар мен аға ұрпақты тарта отырып адами құндылықтарды рухани-адамгершілікке тәрбиелеу және дамыту бойынша жұмыстар жүргізілуде.

Ғ.Бейсембаев өскелең ұрпақты тәрбиелеудегі негізгі аспектілерді атап өтті. Сондай-ақ осы бағытта қабылданып жатқан шараларға ерекше тоқталды. Министрлік балаларды оқыту, тәрбиелеу және дамытуда отбасы мен мектеп арасындағы өзара іс-қимылды күшейтуге бағытталған «Ата-аналар академиясы» жалпыұлттық мәдени-білім беру жобасын әзірлеуде екен.

Осы жиында облыс әкімі мәселені өткір қойып, ортақ іске жұдырықтай жұмыла әрекет етуді айтты.

– Сырт көзге бәрі жүйелі сияқты. Тіпті қала орталықтарынан бөлек жасөспірімдерді шыңдаймыз, шымыр жасаймыз деп аудан орталықтарынан да спорт кешендерінің есігі айқара ашылуда. Бірақ, білек күші тасығандар басбұзарлар әлімжеттік көрсетуін доғарар емес. Сол үшін біз топтық төбелесті, қылмыстық топтарды түп-тамырымын жоюымыз керек.

Сондықтан Қызылорда қаласы мен аудан әкімдері, облыстық білім басқармасының және облыстық полиция департаментінің басшылығы оқу орындары басшыларымен бірлесе отырып, балаларға қатысты зорлық-зомбылықты, олардың өзара қарым-қатынасындағы келеңсіздікті болдырмауға бағытталған жедел жұмыстарды күшейтуі керек. Ол үшін оқушылардың бос уақыты дұрыс әрі пайдалы етіп ұйымдастырылуы қажет. Жастар орталықтарымен бірлесіп, құқықбұзұшылыққа бейім оқушыларды қоғамдық шараларға, мектеп жанындағы спорт, музыка, өнер үйірмелеріне кеңінен тарту жемісін береді. Сот, прокуратура және полиция өкілдерін шақыртып, жауапкершілік, жасөспірімдер жасаған қылмыстар мен тәртіп бұзушылықтардың салдары туралы оқу сағаттарын ұйымдастырсын. Балалар құқықбұзушылыққа бармауы үшін белсенді азаматтар, ардагерлер, ата-аналар комитеті, білім саласына жанашыр депутаттар ортақ іске азаматтық тұрғыда үн қосуы тиіс, – деді облыс әкімі.

Сондай-ақ аудан әкімі сөз сөйледі.

– Қазалы ауданында мектеп оқушылары арасындағы құқықбұзушылық пен топтық төбелестің алдын алу мақсатында жыл басынан бастап аудандық прокуратурамен бірлескен іс-шара жоспары бекітіліп, жүйелі жұмыстар жүргізіліп келеді. Қоғамда балалардың қадағалаусыз және қараусыз жүруінің алдын алу бойынша жергілікті полиция және білім беру ұйымдарындағы еріктілер тобымен «Түнгі қаладағы балалар», «Жасөспірім» атты рейдтік жұмыстар атқарылды. Өкінішке орай, осындай жұмыстарға қарамастан мектеп оқушылары арасында келеңсіз жағдай орын алып, көп жылғы жүйелі жұмысты жоққа шығарғандай болды. Оқиға орын алған күні құқық қорғау органдары, аудандық білім бөлімі және өзге де сала басшыларымен жедел штаб отырысы өтті.

Оған қоса облыстық білім басқармасының басшысы және облыстық полиция департаменті бастығының орынбасары ауданымызға арнайы келді. Соңғы рейд күндері түнде жасөспірімдердің жүруі біршама азайды. Бұл түнгі бақылау жұмыстарын әлі де болса күшейтуімізге себеп болып отыр. Бұдан былай жоғары сыныптың әрбір оқушысы біздің тұрақты бақылауымызда болады. Ол үшін барлық мектептердегі әрбір ұстаздарға 5 оқушыдан жүктелді. Олар өздеріне бекітілген шәкірттерді күндіз-түні назардан тыс қалдырмайды. Түнгі рейд жұмыстары барысында көшедегі бөгде топтармен жүретін 37 оқушы анықталды. Олардың әлеуметтік паспорты жаңартылып, психологиялық-педагогикалық жұмыстар жүргізілуде, – деді аудан әкімі М.Оразбаев.

«Ұядан не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» деген бар. Сондықтан баланың ең әуелгі өсетін ортасы, отбасы тәрбиесіне өте терең көңіл бөлу керек. Егер отбасында жақсы тәрбие алған болса, өскенде сол тәрбиенің ізін ізгілік көрері сөзсіз. Тәрбиенің қиындықтары көп, сол қиындықтан қашпаған ата-ана ғана саналы тәрбие бере алады. Ол үшін баланың не істеп жүргені, қай жерде жүргені, тапсырманы қалай орындағаны сияқты жұмыстарын қадағалап, түсіндіріп, жан-жақты тәрбие беру, оны әрі қарай дамыта білуі тиіс. Отбасындағы өзара қарым-қатынастың дұрыс болуы мен бала тәрбиесінде әке мен шеше рөлінің өте маңызды екені белгілі.

– 2022 жылы департамент тарапынан кәмелетке толмағандар мен жастар арасында құқықбұзушылықтың алдын алу бағытында бірнеше профилактикалық шара жүргізілді. Нәтижесінде, 2322 әкімшілік құқықбұзушылық анықталса, ата-анасының қарауынсыз қалған 94 жасөспірім бейімдеу орталығына орналастырылды. Түнгі уақытта заңды өкілсіз жүрген 1252 жасөспірімнің ата-анасы, оның ішінде Қазалыда 113 ата-ана әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

2023 жылдың 3 ай қорытындысы бойынша кәмелетке толмағандар арасында жасалған қылмыс 56%-ға төмендеді. Баланы тәрбиелеу және білім беру жөніндегі міндеттерін орындамаған 60 ата-анаға, әкімшілік хаттама рәсімделді. Оның сегізі қазалылық. Құқық бұзушылық жасағаны үшін 41 жасөспірім және бала тәрбиелеудегі өзінің міндеттерін орындамаған 42 ата-ана полицияның есебіне алынды. Есепке алынған әрбір жасөспірімдермен жеке-жеке профилактикалық жұмыстар атқарылып, жергілікті әкімдіктерге медициналық-әлеуметтік есепке алу жөнінде тізімдері жолдануда. Дегенмен атқарылған жұмыстар жеткіліксіз болып, мектеп оқушыларының қатысуымен жасалған қылмыстар өзекті болуда, – деді Шамшидин Әмитов.

Иә, ел дүрлікті. «Бір қарын майды бір құмалақ шірітіпті» демекші, тентектердің кесірінен білім, тәрбие саласына сызат түсті. Жыл басынан 3 резонансты бұзақылық қылмыс орын алды. Қызылорда, Қазалы, Жалағаштағы оқиға ата-аналарды ойландырып тастады. Десе де осы қылмыстардың орын алуына жол берген кінәлі 25 полиция қызметкері тәртіптік жазаға тартылса, аудан көлеміндегі жастар арасындағы ахуалды қадағалау жұмыстарын әлсіреткені үшін Қазалы ауданы полиция бөлімінің бастығы лауазымынан босатылды. Бірақ, жаза мәселенің шешімі емес. Тек тәрбие ғана тентекті тезге сала алады.

Ал тәрбие үшін жауаптылық ата-анадан бастап ортақ екеніне енді атүсті қараудың мүлде жөні жоқ.

Айдар САЙЛАУОВ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<