Тепловоздың тынысын ашқан

178

0

Фото: автордан

Сексеуіл локомотив пайдалану депосының жетістігі жұртқа мәлім. Қыруар шаруадан ши шығармай ширыққан машинистер көпке үлгі.

Локомотив пайдалану депосының да тарихы терең. 1900 жылы Арал теңізінің сол жағалауы арқылы Орынбордан Арысқа қарай теміржол құрылысы басталған. Құрылыспен қатар теміржол бойынан шеберханалар мен Қандағаш, Қазалы сияқты үлкен стансалар бой көтерді. Ал 1905 жылы Құмсай (қазіргі Сексеуіл) шеберханасы салынып, «Орынбор-Ташкент» теміржолы пайдалануға берілген тұста, осы шеберхана Сексеуіл паровоздар жөндеу депосы деп аталды. Міне, содан бері қаншама уақыт өтті, қаншама өзгеріс болды. Алайда шойынжолшылардың еңбегі бір сәт толастаған емес. Локомотив пайдалану депосы бүгінде 400-ге жуық адамды еңбекпен қамтып, 150-ге жуық машинист пен дәл сол шамада машинист көмекшілерінің қызметін халыққа ұсынып келеді.

Бірақ біз санды емес, сапаны айтқанды жөн көріп отырмыз. Лайықты мамандарын мақтай берсек әңгіме ұзаққа кетер. Соңғы бір жылға тоқталсақ, көзіқарақты оқырман өзі-ақ таниды.

Осы мекеменің тепловоз машинисінің көмекшісі Талғат Турединов, Рамил Смағұлов, оператор Ақбота Жалмұрзаева «100 жас есім» ҚТЖ байқауына қатысып, еңбегімен елге танылған 100 жас есімнің қатарында аталды. Ал жекелей марапаттар легі тіпті көп. Қашанда ұйымшылдық пен жауапкершіліктің арқасында алға озып келе жатқан депоның жетістігі бірінші кезекте Сексеуіл локомотив пайдалану депосы басшысы Асылбек Ияров пен өндіріс ісі жөніндегі орынбасары Еркебұлан Аяғанов және білікті мамандардың арқасында дейтін болсақ, биыл мереке қарсаңында Оңғар Аманжолов ең жоғары «Құрметті теміржолшы тепловоз машинист» төсбелгісімен марапатталып отыр. Сондай-ақ жөндеуші Қыдырәлі Ертанасов, есептеу бөлімінің бастығы Ұлбике Смағұлова облыс әкімінің марапатын алды. Нұрлан Жұмқанов «Адал еңбегі үшін» төсбелгісімен, тепловоз машинистері Бауыржан Әбілов, Бауыржан Баймағамбетов ҚТЖ басқарма төрағасының Құрмет грамотасымен, тепловоз машинисі Аманбек Қалдыбаев, Нәжім Сағиев, машинист көмекшісі Бақытбек Балмұрзаев ҚТЖ Алғыс хатымен марапатталды.

Қызметтен бөлек қоғамдық жұмыстарға да етене араласатын бұл мекеменің шығар биігі әлі алда. Бүтіндей бір кентті қамтып, ауданды республика көлемінде танытып келе жатқан Асылбек Ияров басқарып отырған ұжым қайырымдылықтан да қалыс қалмайды.

Нақтырақ айтар болсақ, 2024 жылдың көктемінде табиғаттың тосын мінезінен баспанасыз қалып, қиындықпен бетпе-бет келген батыс аймақтарға бет түзеген теміржолшылар сол жақтағы қалың жұртшылықтың ықыласына бөленді. Қолдан келер көмегін аямай, кенттегі қос депоның, сексеуілдіктердің аманатын арқалап барып, алғысын айтқан елдің сәлемін жеткізіп келді.

Мұнан бөлек қыстың қытымыр аязында жол азабын көрген жүздеген көлік жүргізушілері де тепловоз тізгендеген ауылдың жомарттығына тәнті болғаны жайлы жарыса жазған едік.

Сексеуіл локомотив пайдалану депосы бастығының өндіріс жөніндегі орынбасары Еркебұлан Аяғановтың әкесі Бауыржан Аяғанов – «Құрметті теміржолшы» төсбелгісінің иегері, «ҚТЖ Жолаушы локомотивтері» ЖШС Сексеуіл аймағы бойынша бастығы. Ал анасы Дәметкен Аяғанова Сексеуіл емханасында медстатист болып еңбек етеді.

«Менің өткенім де, келешегім де теміржолмен тығыз байланысты. 2007 жылы Сексеуіл локомотив пайдалану депосында тепловоз жөндеуші болып еңбек жолымды бастадым. Күніне 40-қа жуық жолаушылар мен жүк пойызы Сексеуіл кенті арқылы өтеді. Солардың уақытылы жүруін қадағалап отырамын» деген ол сала қызметкерлері арасында ұйымдастырылған «100 жас есім» байқауында үздіктер қатарынан көрінген. Еркебұлан жайында кент тұрғыны Зәуре Бәйменова:

– Жоқ-жітікке көмектесу, мүмкіндігі шектеулі жанға демеу болу – ерекше қасиет. Еркебұлан балам сол асыл қасиетті бойына сіңірген. Естігенімді емес, көргенімді айтайын. Ол аз қамтылған мұқтаж отбасыларға, жалғызбасты аналарға үнемі азық-түлікпен, киім-кешекпен, дәрі-дәрмекпен көмек көрсетуді ұмытпайды. Қасиетті Рамазан айында да қаншама отбасын қуантты. Осындай ірілі-ұсақты жасап жүрген жақсылығы көп. Жақында емханаға түсіп қалғанымды естіп, өз қаржатынан дәрі-дәрмегімді алып беріп кетті. Қуанып қалдым. Жақсылығы үшін аналық алғысымды айтамын, – деп пікір білдірген екен.

Міне, қайырымы ерекше азаматтың ұжымды ұйыстыруы осыдан-ақ аңғарылады.

О.ЖЕКСЕНБАЙҰЛЫ.

Арал ауданы