Мәдениет саласының үздігі, Қазақстан Композиторлар және Журналистер одағының мүшесі, өнер зерттеушісі, доцент, күйші-композитор Балтабай Нұржанов білікті музыка маманы ретінде Сыр өңірінің күйшілері Әлшекей мен Құрақтың Досжанының күйлерін нотаға түсірді, әрқайсының шығу тарихын жазып, кітап етіп шығарды. «Сыр сазы», «Әлшекей», «Құрақтың Досжаны», «Сырдың сырлы саздары», «Сыр бойы күйлері», «Қорқыт сарыны», «Домбыраға арналған хрестоматия» және басқа бірқатар кітаптары музыка мектептерінде, колледждерде, жоғары оқу орындарында оқулық ретінде қолданылып келеді.
Ол 60-қа жуық күйдің, бірнеше тақырыптағы күй-поэмалардың және 40-тан астам әннің авторы. Сонымен бірге 50-ден астам ән мен күйді оркестрге түсірді. «Шалқиды Арал», «Нұрлы таң», «Жауынгер», «Баймұрат байрағы» атты күй-поэмалары, «Қырмызы Қызылорда», «Қызылорда – сән қала», «Ардагерлер», «Қалтай аға», «Перзент сөзі», «Ағаларым-ай», «Ақын баба» секілді ондаған әндерінің орны бөлек. Шығармаларының тақырып ауқымы да әр алуан. Олардан Қазанғап, Жалдыбай, Құрақтың Досжаны, Әлшекей өрнектері – шалыс қағыс, ерке қағыс, ілме қағыс, бүкпе, жай қағыстар танылып отырады.
Шындығына келгенде, өнер деген – тылсым дүние, оған әмір жүрмейді, жүректің нәзік қылымен ғана сезінуге болатын құбылыс. Басқаша айтар болсақ, өнер – шығармашылық құбылыс.
Сыр өлкесінде дуалы ауыз, айтқаны мірдің оғындай, от ауызды, орақ тілді, жезтаңдай шешендер Досбол би, Әйтеке би, Жетес би, ақиық ақын-жыраулар Тұрмағанбет, Жиенбай, Балқы Базар, Кете Жүсіп, Шораяқтың Омары, Нартай сынды жезтаңдай әнші, қарт қобыз бен қарағай домбыраның баурайынан күй сауған Төремұрат, Үсен Төре, Шал Мырза, Қазанғап, Әлшекей, Құрақтың Досжаны сынды балды бармақ күйшілер өтті. Бұлар өз заманының күйшілік өнерімен танылған тума таланттар еді. Сол күйшілік өнерді дамытып, бүгінге жеткізген Нәби Жәлімбетов, Қобылаш Жаймұратов, Жаңаберген Әлібеков, Сәдуақас Балмағанбетов, Шәкі Оспанов, Жуасбек Тілеуов, Әбдіқадыр Әбдіқалықов, Исламбек Ысқақов, Тынысбек Дүйсебековтың есімдері келешек ұрпақ жадында қалуы тиіс. Домбыраның құлағында ойнаған осы таланттардың ізін жалғастырушылар қатарында біздің бүгінгі әңгімемізге арқау болып отырған күйші-композитор Балтабай Нұржановтың шоқтығы биік, шығармашылық тұлғасы жоғары.
Бүгінде сексеннің биігіне көтеріліп отырған ол 1962 жылы он жылдықты бітіріп, Ақтөбе қаласындағы республикалық мәдени-ағарту училищесіне оқуға түскен. Ұлт аспаптар оркестрінің көркемдік жетекшісі деген мамандық алып шықты. Кейін Шымкенттегі әл Фараби атындағы педагогикалық мәдениет институтын бітірді.
Ұстаздық жолын 1970 жылы Қызылорда қаласындағы музыка мектебінде домбыра класынан дәріс беруден бастайды. 1975 жылдан облыстық кәсіптік білім басқармасына қарасты Мәдениет үйін 18 жыл бойы басқарған. Осы салада жүріп ұлт аспаптар оркестрін құруға қол жеткізді. Ол құрған оркестр кезінде Шымкент, Алматы, Ақтөбе, Ақмола, Қарағанды қалаларында өткен республикалық байқауларда жүлделі орындарға ие болып, түрлі деңгейдегі мақтау қағаздарымен марапатталған. Тынымсыз ізденістің арқасында оркестр ұжымы 1977 жылы Шымкент қаласында өткен Бүкілодақтық халық шығармашылық фестивалінде лауреат атанып, 1985 жылы «Халық оркестрі» атағына ие болды. Мәдениет үйін басқарған жылдары өзінің ізденімпаздығы мен іскерлігінің, ұйымдастырушылық қабілетінің арқасында өз ұжымының ауызбірлігі мен ынтымағын нығайта білді. Олардың өз ісіне деген жауапкершілігін арттыра отырып, Мәдениет үйінің жұмысын алдыңғы орынға шығарды. Ұжымдағы бас мамандармен бірлесіп, кәсіптік-техникалық училищелердегі мәдени-көпшілік, көркемөнерпаздар үйірмелерінің, кітапхана жұмысының жандануына көп үлес қосты. Атап айтқанда, жыл сайын КТУ-де «Таланттарды іздейміз» атты көркемөнерпаздар байқауын, қолөнер және сурет салудан сайыстар өткізуді үрдіске айналдырды.
Музыканың көркем тілін жетік меңгерген маман ретінде Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің музыкалық аспаптар кафедрасында домбыра, аспаптану және оркестрден дәріс берді. Көп жыл бойы «Сыр сазы» фольклорлық-этнографиялық ансамбліне жетекшілік жасады. «Сыр елі» энциклопедиясының жарыққа шығуына өз үлесін қосты. Облыс көлемінде өткізіліп жатқан мәдени іс-шараларға белсене араласып, мәдени-көпшілік бағдарламалардың жоғары деңгейде, сапалы өтуіне атсалысты. Кезінде облыстық, қалалық көркемөнерпаздар байқауында әділқазылар құрамында болып, өзінің маман екенін көрсете білді. Б.Нұржановтан тәлім-тәрбие алған Сәбит Қорабаев, Талғат Нағашыбаев, Мереке Күзембаев, Сәкен Шынымов, Алмас Кішкенбаев, Индира Елубаева, т.б. сынды шәкірттері – бүгінде ел құрметіне бөленіп жүрген өнер иелері.
Мәдениетті қолдау жылы сазгердің «Ой толғанысы», «Өнерім – өмірім» атты авторлық шығармашылық кештері Студенттер сарайында өтті. А.Тоқмағанбетов Мәдениет үйінде «Домбыра – жүрек, күй – көңіл» атты шығармашылық кеші ұйымдастырылды.
– 1989 жылы облыстық кәсіптік-техникалық білім басқармасы таратылып, училищелер облыстық білім басқармасының қарамағына берілді. Сол жылы мен №2 балалар музыка мектебіне ауысып, домбыра класынан дәріс беруді жалғастырдым, – деп еске алады Балтабай Сәрсенбайұлы. – Мен жетекшілік еткен Батыс Қазақстан теміржол басқармасына қарасты №1 теміржол мектеп-интернат оқушыларынан құрған «Атамұра» фольклорлық ансамблі Мәскеуде өткен халық шығармашылығы фестивалінде дипломант атанды.
Бүгінде 5 бала өсіріп, 9 немере, 5 шөбере сүйіп отырмын. Өмірден көңіліме түйгенім: адамды адамдыққа жетелейтін – имандылық, әділдік, еңбек, қанағатшылдық. Осыларды бойға сіңіру үшін өзіңді-өзің тәрбиелеу керек екен. Орынсыз сөйлесең, тілің өзіңе жау болады. «Жақсы адамның ашуы жібек орамал кепкенше» дейді. Демек адам өзіне-өзі тоқтау қоя білсе, ашуын ақылға жеңдіре білсе, көп дүниені өзгертуге болады, – дейді ол.
Балтабай Сәрсенбайұлы – Сыр бойы күйшілерінің аңыз-шежіресін жинастыруды елден ерте қолға алған зерделі жан. Қажырлы еңбек, тынымсыз ізденісінің арқасында Сыр бойы күйлерінің хрестоматиясын құрастырды. Күйші Құрақтың Досжанына байланысты бірнеше мақала жариялады, күйлерінің аңыз-шежіре мен ноталық жазбаларын топтастырған жинақ шығарды. Қазақ күйі, оның табиғаты, символикасы, шежіресі мен ауызша тарихнамасы, формасы мен мазмұны, стилі мен музыкалық тілі бір ғасырда белгілі биік белеске шыққан немесе кеше-бүгін қалыптасқан дүние емес. Күй – энциклопедиялық құбылыс. Онда таңбалы тарихтың ізі, сары даланы дендей көшкен ата-бабаларымыздың тұрмыс-мәдениеті, тұтас қоғамдық-әлеуметтік көзқарастар.
Күй – халық мұрасы, тарих шежіресі. Тарихынан, үнінен, сарынынан қазақ халқының өмірін, тұрмысын, салт-санасын, табиғат құбылысын, қайғысы мен шаттығын айқын сезінуге болады. Дәулескер күйшілер халықтың шынайы өмірі мен тұрмысын, әр кезеңдегі қилы-қилы дәуірін домбыра пернесінде қалдырып отырған. Осыны жан жүрегімен ұғынған Балтабай Нұржанов Сыр бойы ән-күйлерін жинақтап, нотаға түсірді, кітап етіп шығарып, оқырман қауымға ұсынды, яғни оны өнер мен мәдениеттің алтын қорын одан әрі молайтуға өзіндік үлес қосып жүрген азамат деп айтуға болады.
Әр күйшінің өзіне тән ерекшеліктері бар. Күй қағыс ерекшеліктеріне орай мәнері де, үні де ерекшеленіп ойналады. Оның Халық қаһарманы Бауыржан Момышұлына арнаған «Бауыржан», Ғани Мұратбаевқа арнаған «Өшпес жұлдыз», Роза Бағлановаға арнаған «Сырдың сұлу еркесі» секілді күйлері мен халық ақыны Нартай Бекежановқа арнаған «Нартай», жауынгер-ақын Егізбай Әбзалиевке арнаған «Жауынгер» күй-поэмалары оркестрдің алтын қорында сақтаулы.
Қызметтегі жетістіктері үшін облыстық атқару комитетінің, Қазақстан Жастар одағының мақтау қағаздарымен, облыстық мәслихаттың, Кәсіптік-техникалық білім беру комитетінің, Білім және ғылым министрлігінің мақтау грамоталарымен, білім және ғылым қызметкерлері комитетінің, облыстық, қалалық мәдениет басқармаларының және Қорқыт ата атындағы Қызылорда университеті басшылығының Алғыс хаттарымен марапатталды.
Кезінде бір сөзінде Балтабай Нұржанов: «Алла қолдап тұрса алдағы уақытта қанатымды қомдап, шығармашылық жұмыстарымның шырқау биігіне қарай қадам басатын боламын» деген екен. Бұл оның үнемі ізденісте жүретінін, бүгінгі жетістігімен шектеліп қалмай келешекке ұмтылатынын білдіреді.
Біз бүгін сексеннің сеңгіріне қадам басқан, Сыр өнерінің дамуына өзіндік үлес қосқан, өнерге де, өмірге де ғашық бола білген жанға өнерді зерттеу жолындағы тынымсыз еңбегіңіз жалғаса берсін демекпіз.
Жұмагүл ОРАЛБАЕВА,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі






