28 қыркүйекте елімізде Атом саласы қызметкерлері күні атап өтіледі. Бұл кәсіби мерекенің қазақстандық күнтізбеде болуының өзі аталған саланың еліміз экономикасында аса маңызды рөл атқаратындығын айқындайды.
Әлемдегі атом электр станциялары өндіретін электр энергиясының үлесі жыл сайын артып келеді. Сәйкесінше, энергия тасымалдаушысы – уранға деген сұраныс та пропорционалды түрде өсуде. Қазақстан Республикасы табиғи уранның ірі өндірушісі ретінде әлемде жетекші орында тұр және бұл позицияларды нығайтуға «Қазатомөнеркәсiп» ұлттық компаниясы» АҚ-ның Қызылорда облысы аумағында жұмыс істеп жатқан кәсіпорындары да сүбелі үлесін қосуда. Солардың бірі – «Байкен-U» ЖШС. 2006 жылы құрылып, сол уақыттан бері ел қазынасына қомақты қаржы түсіріп келе жатқан компанияда бүгінде 400-ден астам адам жұмыс атқарады.
Аталған кәсіпорын табиғи уранды «Солтүстік Хорасан» кен орнының «Хорасан-2» учаскесінде 600-700 метр тереңдікте өндіреді. Бұл – Қазақстандағы ең терең кен орны. «Солтүстік Хорасан» кенішінде өндіріс жерасты ұңғымалы шаймалау, яғни табиғи уранды жер бетіне шығармай тереңдікте өнімді ерітіндіге айналдыру арқылы дамыту әдісімен жүзеге асырылады. Кеніштерді дамытудың бұл технологиясы кез келген шаң көздерін толығымен жоққа шығарады және радиоактивті ластану қаупін азайтады. Әдіс технологиялық блоктарға біріктірілген технологиялық ұңғымаларды салудан тұрады. Онда сілтілеу ерітінділері жер бетінен кенді сулы қабатқа жеткізіледі. Уран кендерінен сілтілеу арқылы мәжбүрлі сүзгілеу, содан соң құрамында уран бар өнімді ерітінділерді жер бетіне көтеру және уран сорбциялық шығаруға арналған өңдеу кешеніне тасымалданады. Қазіргі уақытта әлемдегі экономикалық тұрғыда ең үнемді, экологиялық таза және жоғары технологиялық әдіс – осы.
Жалпы «Хорасан-2» кеніші – ең табысты кеніштердің бірі, себебі кенді горизонттан шығару 90% құрайды. Осының барлығы компанияның өндірістік көрсеткіштерінің еселей түсуіне игі ықпалын тигізіп келеді. Осы орайда «Байкен-U» ЖШС бас директоры Ринат Байсұлтанов өзі басқарып отырған ұжымның алдағы жоспарлары туралы айтып өтті.
Компанияның 2025 жылға дейінгі стратегиялық мақсаты – «Солтүстік Хорасан» кен орнының оңтүстік-шығыс флангісі мен «Хорасан-2» учаскесінде уранды өндіру, қайта өңдеу және іске асыру бойынша серіктестіктің құрылтайшыларына уақытылы және сапалы қызмет көрсету. Осы ретте еңбек өнімділігін арттыру, өндірістік шығындарды азайту арқылы компанияның максималды таза пайдаға қол жеткізуі қамтамасыз етілуі тиіс. Ол технологиялық процестерді жетілдіру, өндірістің тиімділігін арттыруға бағытталған ғылыми-техникалық қызметін өткізу, қызметкерлердің әлеуметтік тұрақтылығының деңгейін көтеру есебінен жүзеге асырылатын болады.
Вахталық қоныста жұмысшы-қызметкерлерге барлық жағдай жасалғанын атап өту керек. Онда әкімшілік-тұрмыстық комбинат, химиялық зертхана, уранды өңдейтін 2 цех орналасқан. Кенішті күн қуатымен жұмыс істейтін электр станциялары энергиямен қамтамасыз етеді. Бас директор қауіпті індетке байланысты төтенше жағдай енгізіліп, карантиндік шаралар күшейтілген тұста компанияда қауіпсіздік мәселесі басты назарға алынғанын жеткізді.
– Ешқандай қысқарту орын алған жоқ, тек вахталық жұмыс режимін 45 күнге созуға тура келді. Вахта мерзімі аяқталған кезде жұмысын аяқтағандар да, жұмысқа түсетіндер де медициналық тексеруден өткізілді. Сонымен бірге вахтадан босағандарды үйлеріне дейін жеткізу ұйымдастырылды. Ал кеңсе қызметкерлері қашықтан жұмыс жүргізді, – деді серіктестік басшысы.
Әрбір өндірісте ұжым мүшелері мақтан ететін үздіктері болады. «Байкен-U» ЖШС де ондай тұлғалардан кенде емес. Көпшілік оларға қарап бой түзейді. Кәсіби мереке қарсаңында олардың бірқатарын – ауысым шебері Бақытжан Түркменбаев, техникалық бақылау бөлімі басшысы орынбасары Ақтолқын Әбенова, еңбек қауіпсіздігі инженері Азамат Асатаев, гидрометаллург аппаратшысы Ербол Байтелиев, геотехнология ұңғымасының операторы Сабырхан Беркінбаев, жерасты ұңғымасын жөндеу операторы – Ержан Бегімбаев секілді құрметке лайық мамандарды атап кеткен артық етпес.
Әрине, мұндай ірі құрылымдар жергілікті өңірге әлеуметтік қолдау көрсетіп отыратыны белгілі. «Байкен-U» ЖШС мұндай игілікті істерден еш уақытта қалыс қалған емес. Оның бәрін тізе берсе, бір мақалаға сыймайтыны анық. Десе де, бірнешеуіне тоқталып өтелік. Осыдан бірнеше жыл бұрын серіктестік тарапынан Жаңақорған ауданында Сырдария өзенінен өтетін көпірге толық қаржылай көмек көрсетілді. 2013 жылы Байкенже қонысында спорт алаңы салынды. Аудан балаларына елордаға саяхаттауға ұдайы қаржылық қолдау көрсетілуде. 2014 жылы 50 орындық балабақша салынды. Сонымен қатар компания көптеген мектептерге ұдайы қамқорлық қолын созып келеді.
Жер қойнауын пайдалану келісім-шартына сәйкес, әлеуметтік саланы қолдау мақсатында жыл сайын облыстық бюджетке 100 мың АҚШ долларына балама сома аударылады. Көпбалалы және мұқтаж отбасыларға, соғыс және еңбек ардагерлеріне үнемі қолдау жасалады, дәстүрлі облыстық малшылар слетін және басқа да іс-шараларды өткізуге көмек көрсетіледі. Ауданда су тасқынына және төтенше жағдайларға қарсы жұмыстарды жүргізу кезінде жабдықтар мен жанар-жағармай материалдары өтеусіз негізде бөлінеді. 2016 жылдан бастап «Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қорының қайырымдылық және демеушілік саясатына өзгерістер енгізілді. Қордың осы жаңа қайырымдылық саясатына сәйкес, Қор компаниялар тобының барлық қайырымдылық және демеушілік қызметін маңызды жобаларды конкурстық негізде іріктеп алып, іске асыратын «Samruk-Kazyna Trust» корпоративтік қоры атқарады.
Компания қоршаған орта қауіпсіздігі мәселесін үнемі басты назарда ұстап келеді. Экология кодексіне сай «Хорасан-2» кенішінің нысандарында тоқсан сайын экологиялық бақылау жасалады. Сонымен қатар санитарлық-қорғау аймағындағы бақылау ұңғымаларынан шыққан судың және топырақтың сапасына мониторинг жүргізіледі. Кеніштегі сарқынды судың радиациялық фоны тексеріледі. Биыл қоршаған ортаны қорғау бойынша іс-шаралар жоспары әзірленіп, жүзеге асырылуда. Осы мақсатқа 37,2 млн теңге көлемінде қаражат бөлінді. Өндірістік құрылымдарының қоршаған ортаға және жергілікті тұрғындарға экологиялық және әлеуметтік әсерін зерттеуге «Жоғары технологиялар институты» ЖШС-мен келісімшарт жасалған.
Қазіргі уақытта келісімнің шарттарына сәйкес, фондық деректерді жинау және талдау, экологиялық зерттеулерді жүргізу үшін бақылау нүктелерін анықтау, зерттеу аймағындағы су мен топырақты, өсімдіктер мен жануарлар дүниесін бақылау, зардап шеккен нысандарды анықтау, оған қоса, Байкенже ауылы тұрғындарының тұрмыстық құдықтардағы ауыз-судың сапасы туралы өтініштері мен шағымдары бойынша жұмыстар жүргізілуде. Осылайша «Байкен-U» ЖШС биыл күрделі жылдың қиындықтарына қарамай өз міндеттерін барлық бағытта да жоғары деңгейде атқарып келеді.
Ыдырыс ТӘЖІҰЛЫ
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<