Бет терісіне жауапкершілікпен қарайтын нәзік жандар қысқы күтімнің маңызды екенін жақсы түсінеді. «Температураның төмендеуі, жылы кеңседен аязы қарып тұрған далаға шығу немесе керісінше суықтан жылы жайға ену теріге айтарлықтай әсер етеді»,– дейді косметолог мамандар. Олар төмендегі кеңестерді ұсынады:
Крем таңдағанда барынша нәрлендіретініне мән берген жөн. Себебі, құрғақ тері қыста одан сайын жұқарып, сезімталдығы артатын болса, майлы тері жылдам кірленіп, қабынуға шалдығуы ықтимал. Теріні тазарту да бұл мезгілде ыждағаттылықпен жүзеге асуы тиіс. Әдеміленуде опаны (пудра), бет жууға арнайы көпіршіктерді қолданған дұрыс. Теріні дымқылдандырып, тыныштандыру – қысқы күтімнің басты мақсаты болғаны дұрыс. Таңертеңгілік жуынудан соң коллаген қоспасы мен гиалурон қышқылды ампулаларды тұтынған жөн. Дымқылдандыратын сарысу мен өзіңіздің қолданып жүрген косметикалық күтімге арналған затты да іске асыруға болады.
Ал, күндізгі бетмай сіздің теріңізде қорғаныс қабатын түзе алуы қажет. Алайда қорғаныс қабат дегеніміз қалыңдап жағылған крем емес. Олай жағылған май температураны қалыпты қабылдай алмай кері әсерін тигізуі ықтимал. Сондықтан, майлы теріге күндіз жеңіл бетмайлар, ал құрғақ теріге құрамында нәрлендіретін, бет қалпын сақтауға ықпал жасайтын кремдер қажет. Кремдер құрамында авокадо мен ши майлары болғаны теріге пайдалы.
Қардың жауғанын тамашалау кімге ұнамасын! Алайда сулы немесе құрғақ қиыршықты қардың теріге кері әсері бар. Сондықтан, қысқы макияжды бетті әрлеу ғана емес, қорғау қабаты деп түсінсек болады. Бет терісі қыста көп қабатты кремдерге негізделуі тиіс. Тіпті, тоналды бетмайларды қолданудан бас тартпаған дұрыс. Тері нәзік, әрі жас болған күннің өзінде де оны қысқы аяз бен қардан қорғау мақсатында тоналды крем таптырмайтын әдіс. Тоналды бетмайды жақпастан бұрын күндізгі креміңізді жағып бес-он минут күте тұрыңыз. Тоналды крем сіздің теріңіздің түсіне сәйкес келуі қажет.
Егер бет терісі құрғақ болған жағдайда тоналды кремге майлы кремді араластырады. Крем тектес далапты да (румяна) қыста қорықпай пайдалануға болады. Ал, қабаққа қолданатын бояу түрлері сұйық немесе крем тектес болуы шарт. Қысқы опа ыдыраңқы болғаны дұрыс. Ол теріге жұмсақ орналасады. Ал, бұл мезгілде түнгі кремдер шынымен де пайлалы болғаны дұрыс. Дымқылдандырып нәрлендіретін маскалар қыста ұмытылып кетпегені жөн. Балшықтан, нәрлендіретін маталы маскаларды апта сайын ауыстырып пайдаланып отыруға болады.
Сонымен қатар, мамандар көмегіне жүгінуді қыста кейінге қалдыруға болмайды. Адамдардың көбі ғимаратта отырады, күннің бетке тікелей әсер етуі әлсірейді. Демек бетке ем-дом жүргізудің сәтті кезеңі туды деуге болады.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<