Жазушы-ғалым Мырзабек Дүйсеновтің 90 жылдығы құрметіне ұйымдастырылған республикалық ақындар айтысы ҚМУ-дың Студенттер сарайында өтті.
Сахна Кенжебай Жүсіповтің арнауымен ашылды. Дәріптеуге де, мақтанға да лайық тұлғаның бейнесін сөзбен салып, өнегесін тілеген өлеңнің ақындарға шабыт бергені анық.
Айтыстың алғашқы жұбы қызылордалық Айдос Рахметов пен шымкенттік Карима Оралова ә дегеннен өзара жарасымды әзіл мен сөзбен қағытудың сыпайы үлгісін көрсетті.
«Карима, атыңды елге танытқансың,
Жырыңмен талай жұртты жарытқансың.
Көрермен қошеметтеп отырса егер,
Қалайша менің жырым ағып-тамсын» – деген Айдосқа Кариманың «Сұрап алған шапалақ, жұдырықпен тең болад» – деуі олардың мұнан арғы сөздеріне із салды.
Түркістандық Біржан Байтуовпен айтысқан Нұрмат Мансұров өзінің бабында екенін тағы бір таныта білді. Осы айтыстан санаулы күн ғана бұрын Сырдария ауданының 90 жылдығына арналған айтыстың бас бәйгесін олжалаған ақын бұл жолы да бет қаратпайтынын байқатты.
«Құдайым қуат берсе тіл-жағыма,
Біржанды шығарайын бір жағына…» – деп келетін суырыпсалмалық шумақтары расында Нұрматтың еркін ойдың ақыны екенін байқатады.
Ең қызық, айшықты айтыс жерлестеріміз Мұқтар Ниязов пен Мөлдір Айтбайдың арасындағы сөз қағысы болған сыңайлы. Екі рет «Алтын домбыра» сыйлығын иеленген атақты Мұқтардың мына сөзіне тосылып қалмас па екен деп ернін жымқырған жұрт Мөлдірдің сәтті уәжін естігенде бір көтеріліп басылып отырды.
Мұқтар өз кезегінде «Қыдырманың баласы «әуп» деп жылар, Мөлдір Айтбай, болдың ғой, сен бір «әупбай» деп тамаша әзіл қармағын тастады. Мөлдір оған:
Болған соң бұл өмірге өте ғашық,
Тұрамын анда-санда шет ел асып.
Ұлтымның атына кір келтіргем жоқ,
Қаралама жүрсің деп етек ашып.
Армениядан машина әкеп сатып,
Өзімше бастап кеттім жеке кәсіп.
Түркиеден топли, сөмке әкелдім,
Жаңа базар қасынан бутик ашып, – деп керемет жауап қайтарды. Бұл жұптың айтысы осындайымен қызық болса, тақырыпты ашқан тың ойларымен де құнды деп бағаланды.
Қазылар алқасының төрағасы болған Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының төрағасы, ақын Ұлықбек Есдәулет сөз қортындысында Мұқтар мен Мөлдірдің айтысына арнайы тоқталды.
Сонымен, М.Ниязов Шиелі ауданы әкімдігі тіккен 500 мың теңгелік бас бәйгені бөктерді. 1-ші орынның ақшалай жүлдесі Мейірбек Сұлтанханның қанжығасына байланса, екі 2-ші орынды М.Айтбай мен К.Оралова олжалады.
3-ші орынның үш сыйлығы Н.Мансұров, Айдос Рахметов және тараздық Рай Дөңбайға берілді.
Жалпы, М.Дүйсеновтің туған бауыры, руханиятшыл азамат Елеусін Дүйсеновтің ерекше атсалысуымен ұйымдастырылған бұл мерейлі шара өз мақсатын орындады деп айта аламыз.
Дүйсенбек АЯШҰЛЫ,
«Сыр бойы».
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<