Бүгінде халықтық қолөнер дәстүрін сақтап, оны заман талабына бейімдеп жүрген шеберлер аз емес. Солардың бірі – Шиелі ауданына қарасты Бидайкөл ауылының тұрғыны Нұргүл Бақымова. Мемлекеттік қолдаудың арқасында ол тігін өнерін табыс көзіне айналдырып, кәсібін сәтті дамытып келеді.
Көп жыл бойы мектепте ұстаздық еткен Нұргүл сол кезеңді әрдайым жылы еске алады. Дегенмен, оның жүрегіне жақын іс қолөнер болатын. Бала күнінен тігіншілікті анасы мен әжесінен үйренген.
‒ Ұзақ уақыт бойы хоббиімді кәсіпке айналдыра аламын ба деп күмәндандым. Алғашында тек таныстарым мен көршілеріме ғана киім тігіп беретінмін. Кейін сұраныс көбейген соң, өз шеберханамды ашуға бел будым, ‒ дейді кәсіпкер.
Кәсіпті бастауға «Бастау Бизнес» жобасы серпін берген. Ол «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының базасында өткізілген оқыту курстарынан өтіп, өз жобасын сәтті қорғап шыққан. Нәтижесінде мемлекеттік грантқа қол жеткізіп, оған заманауи тігін машинасын сатып алды.
‒ Алғашында тігіншілікті үйден бастап, бір ғана машинамен жұмыс істедім. Киім тігу мен жастық жасауға тапсырыс көбейген сайын бір машина жеткіліксіз бола бастады. Сол кезде мемлекеттік қолдауға жүгініп, «Ауыл аманаты» жобасы аясында жылдық мөлшерлемесі 2,5 пайыз болатын 9 миллион теңге көлемінде несие алдым, ‒ дейді кәсіпкер. ‒ Осы қаражатқа жұмыс орнын кеңейтіп, қосымша жабдықтар, заманауи тігін машинасын, түрлі маталар мен жіптер сатып алдым. Қазір шағын шеберханам бар, өз ісімді дамытып келемін. Ауылда кәсіп жүргізудің өзіндік қиындықтары болғанымен, еңбек етіп, тынымсыз жұмыс істесең, оның нәтижесін көруге болады, – дейді Н.Бақымова.
Бүгінде шебердің өнімдері ауданнан тыс жерлерге де тарала бастаған. Тапсырыстар Қызылорда, Атырау, Алматы, Ақтөбе, Шымкент қалаларынан, еліміздің басқа да өңірлерінен түседі. Өнімдерін насихаттауда әлеуметтік желілердің де ықпалы зор. Кәсіпкер онда дайын бұйымдардың фотосуреттерін жариялап, жұмыс барысын бөлісіп, тұтынушылармен байланыс орнатады. Мұндай тәсіл сатып алушылардың сенімін арттырып, өнімнің қалай жасалатынын көруге мүмкіндік береді.
‒ Мен үшін тігіншілік ‒ тек табыс көзі ғана емес, шығармашылық пен өзін-өзі танытудың жолы. Әрбір жаңа бұйымды дайындаған сайын біреуге қуаныш сыйлайтынымды сезінемін. Ең бастысы ‒ адамдардың көңілінен шығу, ‒ дейді ісмер.
Алдағы уақытта Нұргүл Бақымова ауылдағы қыз-келіншектер мен жасөспірім қыздарға арналған қолөнер үйірмесін ашуды жоспарлап отыр. Шебер осылайша өзінің білгенін жастарға үйретіп, ұлттық қолөнердің дамуына үлес қосуды мақсат етеді.
Қолына ине ұстап, мата пішкеннің бәрі бірдей нағыз тігінші бола бермейді. Бұл кәсіп үлкен шыдамдылықты, ұқыптылықты және шеберлікті талап етеді. Әр үйдің көркін кіргізетін перделер, жайлылық сыйлайтын сырмақтар мен жастықтар – бәрі Нұргүлдің шағын шеберханасында дүниеге келеді. Мұнда әрбір бұйымға ерекше мән беріліп, тігінші оны бар ықыласымен, жан-тәнімен жасап шығарады.
Бағлан АМАНЖОЛ,
«Сыр бойы»






