TikTok-қа тосқауыл: Дұрыс па, бұрыс па?

344

0

Tik Tok – қытайлық әлеуметтік желі. 2016 жылы шыққан бұл желі тез арада танымал болып үлгерді. Ол түрлі хабарлар алмасуға, керекті мағлұматтарды алуға мүмкіндік береді. Әлемдегі ең танымал әлеуметтік желілер рейтингінде 5-орында.

  Бірақ бұл желі, таяқтың екі ұшы бары секілді, қазіргі қоғамның дертіне айналғандай.Тәрбиені насихаттау бағытында түсірілетін бейнекөріністер уақыт өте келе мүлдем азайды. Әлеуметтік желі көп адамдар үшін атаққа апаратын жол болды. Танымал боламын деп сайқымазаққа айналып, бейәдеп қылықтар жасауға арланбайтындар қатары көбейді. Бұл жаңа өмірге енді қадам басқан жас буынға кері әсерін тигізуде. Мысалы өзге ұлттарға еліктеушілік көбейді, бала мен қоғам арасындағы байланыс үзілді, білімге деген қызығушылық жойылды, айта берсек кері тұстары көп.

Жастардың болашағына тигізіп жатқан зардабын түсінген кейбір мемлекеттер бұл платформаға толықтай тыйым салды. Мәселен, Үндістан 2020 жылы елдің тұтастығына қауіп төндіруі мүмкін деген алаңдаушылықпен тоқтау қойды. Ауғанстанда 2022 жылы тәліптер жас ұрпақтың жаңылысуының алдын алу  үшін елде TikTok таралуын тоқтатты. 2022 жылы Пәкістан үкіметі «қолданбада орынсыз және әдепсіз материалдар бар» деп мәлімдеп, шектеді. Тайвань елі де 2022 жылы толығымен тыйым салды. Жақын арада ғана TikTok-ты жапқан көрші Қырғызстанда да үкіметтің бұл қадамы қызу талқыланып жатыр. Қырғыз блогері Ростислав Ященко «Әлеуметтік желіге тосқауыл қою елді бүкіл әлемнен оқшаулайды» деп есептейді. Бұл қаншалықты дұрыс пікір?

Адамдар өз құндылықтарын жоғалтуда. Әлеуметтік желінің зияны жайлы психолог Жанар Таңсық пікір білдірді. Оның айтуынша, TikTok-тың пайдасын айтып ақтаушылар жетеді. Алайда ешкім жалтара алмайтын факт Tik Tok клиптік сананы қалыптастырып жатыр, яғни, 15 секундтан  3 минутқа дейінгі ақпараттар жадыға бірден еніп кете алмайды. Өз кезегінде бұл есте сақтауды кешеуілдетеді. Әр адам жадының нашарлауына алып келеді.

Ал енді оң әсеріне келетін болсақ, желіні қолданып отандық өнімдерді сату арқылы экономикаға пайдасын тигізіп жатқандар да аз емес. Қоғамға әсері кең ауқымды түрлі аспектілерді қамтиды. Мәселен, мәдениет саласы бойынша алсақ, әлемнің бір түкпіріндегі адамдарға өздерінің мәдениетін, дәстүрін, әдет-ғұрпын бөлісуге мүмкіндік береді. Бұл жаһандық мәдени алмасуды жылдамдатып, түрлі елдер мен халықтар арасындағы өзара түсіністікті арттырады.

Кәсіпкерлік мүмкіндіктеріне қарасақ, көптеген шағын және орта бизнес үшін тиімді  маркетинг құралына айналды.  Әсіресе, креативті контент жасаушылар өз өнімдерін немесе қызметтерін жарнамалау арқылы үлкен аудиторияға жетіп, жаңа клиенттер тартуда. 

Tik Tok-та білім беру контенті де кең тараған. Қысқа әрі қызықты видеолар арқылы түрлі салаларда білім алуға мүмкіндік бар. Бұл әсіресе жасөспірімдер арасында танымал.

Tik Tok желісінің пайдасы мен зияны қатар жүреді. Желінің қоғамға әсері жан-жақты және үнемі дамып отырады. Оның әрі қарай дамуы мен өзгерістеріне байланысты жаңа  тенденциялар да пайда болуы мүмкін. Дегенмен ұлт болашағына, ұрпақ тәрбиесіне алаңдаған біздің қоғам желіге тосқауыл қоюды ұсынуда. Бұл пікірді қоштамайтындар қарасы да қалың. Қысқасы, Tik Tok-қа тосқауыл қойған дұрыс па, бұрыс па?

Жанерке НҰРХАН,

Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің І курс студенті

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<