Жұмыр жерді мекен еткен халықтар бір-бірімен тіл арқылы түсініседі, араласады, қарым-қатынас орнатады. Сол себепті тіл – қай елде де, қай ұлтта да, қай жерде де құдіретті, қастерлі ұғымға ие. Тіл – ұлттың жаны, бет-бейнесі, асыл қазынасы, өткені, бүгіні һәм болашағы.
Тіл білімінің негізін қалаушы, ғалым А.Байтұрсынұлы: «Сөзі жоғалған жұрттың өзі де жоғалады» деп оның маңызды екенін бір-ақ ауыз сөзге сыйдырған. Шын мәнінде, тіл – халық әдебиеті мен мәдениетінің, тарихы мен дәстүрінің ғасырларға жалғасқан тұтастай дәуірі, ерекше ұлттық болмысының, елдігінің айғағы.
Тағы бірде жазушы Жүсіпбек Аймауытов: «Адамды мұратқа жеткізетін – ана тілі мен ата дәстүрі. Біздің осындай халықтық қасиетті мұрамыз, ана тіліміз – қазақ тілі. Ана тілі – халық боп жасағаннан бері жан дүниеміздің айнасы, өсіп-өніп түрлене беретін, мәңгі құламайтын бәйтерегі» деп баға берген екен.
Бүгінде мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту, оны қоғамдық өмірдің барлық саласында еркін қолдануға мүмкіндік жасау – еліміздің стратегиялық бағыттарының бірі. «ҚР Тіл саясатын дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасын» іске асырудың нақты жобалары бар. Қол жеткізген нәтижелер де көңіл қуантарлық.
Мемлекеттік тілдің қолданылу аясы жылдан-жылға кеңейіп келеді. Білім беру, ғылым, мемлекеттік басқару, медиа, ІТ салаларында қазақ тілінде сапалы контент жасалып, тілдік ресурстар жетілген. Мемлекеттік органдар мен мекемелерде іс жүргізу қазақ тіліне көшіріліп, халыққа қызмет көрсету сапасы жалпыға қолжетімді бола бастады. Бұл – мемлекеттік тілдің мәртебесін арттырып, халықтың сенімін нығайта түсетін оң үрдіс.
Дегенмен, тілдің күнделікті өмірде қолданылу деңгейіне көп нәрсе байланысты. Оның кең өріс алып, ұлттың ұйытқысына айналуы үшін әрбір азаматтың белсенді ұстанымы мен жанашыр көзқарасы қажет.
Тілге құрмет – елге құрмет. Бұл бағытта отбасы, білім ордалары, қоғамдық институттар және БАҚ сынды негізгі құрылымдардың да жауапкершілігі зор.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Қазақстан халқы Ассамблеясының «Бірлік. Жасампаздық. Өрлеу» атты ХХХІІІ сессиясында: «Тіл – көптеген мемлекет үшін өзекті мәселенің бірі. Осы мәселенің дұрыс шешілуі кез келген елдегі қоғамдық-саяси ахуалдың тұрақтылығына едәуір ықпал ететінін тарихтың өзі көрсетіп отыр. Біз осы мәселеге келгенде сыртқы-ішкі факторларды ескере отырып, стратегиялық ұстамдылық және толеранттық танытуымыз қажет. Мен қазақ тілі уақыт өте келе этносаралық қарым-қатынас тіліне айналатынына сенімдімін» деп атап өтті.
Сыр өңірі қазақылықтың қаймағы бұзылмаған, ұлттық рухы мен жадының тілін қолданушылардың көптігімен ерекшеленеді. Тілге деген оң көзқарас, шынайы сүйіспеншілік қалыптасқан. Соның бір айғағы – облысымыз 2001 жылы республикада алғашқы болып мемлекеттік мекемелерде іс-қағаз жүргізуді мемлекеттік тілге көшірген. Осыдан 10 жыл бұрын мемлекеттік тілде іс-қағаз жүргізу көрсеткіші 94 пайыз болса, қазір 99,6 пайызға жетті.
Тұрғылықты халықтың басым бөлігі мемлекеттік тілді меңгерген десек болады. Сөзіміздің нақты дәлелі, 2024 жылы жүргізілген әлеуметтік сауалнамаға қарағанда, мемлекеттік тілді меңгерген тұрғындардың үлесі 99,7 пайыз.
Тіл саясатын іске асырудағы жемісті қадамның бірі – тілдерді оқыту орталығы ұйымдастырған мемлекеттік мекеме, кәсіпорын, ұйым қызметкерлеріне, сондай-ақ жеке тұлғаларға арналған мемлекеттік, орыс және ағылшын тілдерін тегін оқыту курстары. Жыл басынан бері орталықта 818 адам оқып, оның 445-і мемлекеттік тілді, 199-ы орыс тілін, 174-і ағылшын тілін оқыту курстарынан өтіп, сертификат алды.
Тағы бір атап өтерлік жаңалық, орталықтың «Қазақ тілін кинофильмдер арқылы оқытуға арналған жаттығулар жинағы», «Тыңда! Түсін! Тіл үйрен!», «Қазақ тілін меңгертуге арналған мәтіндер жинағы» атты үздік деп танылған әдістемелік құралдары баспадан шығарылып, еліміздің барлық тіл орталығына таратылды. Сондай-ақ орталық оқытушылары әзірлеген «Қазақтілді кәсіпкер» оқу құралының хабаршы нұсқасы республикалық сараптамалық комиссияға ұсынылды.
Бүгінде аймақ басшысының тікелей қолдауымен мемлекеттік тіл саясатын қолдауға бағытталған бірқатар әлеуметтік жобалар бар. Соның бірі «Аймақта мемлекеттік тіл саясатын іске асыру» әлеуметтік жобасы жүйелі іске асырылуда. Мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту, тіл туралы заңнамалардың сақталуын қамтамасыз етуде облыстық байқаулар, семинарлар өткізіліп тұрады.
Байқау қорытындысымен облыс жеңімпазы атанғандар ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі Тіл саясаты комитеті ұйымдастыратын республикалық байқауларға қатысып, жүлделі орындар иеленіп жүр. Атап айтар болсақ, Ахмет Байтұрсынұлы атындағы дәстүрлі республикалық байқауда орталықтың мемлекеттік тіл оқытушысы Г.Сембиева жүлделі І орынды, үш тілді меңгерген мемлекеттік қызметшілер арасында өткен «Тіл шебері» байқауында дін істері басқармасының бөлім басшысы Н.Бердібек жүлделі ІІ орынды иеленді.
Ономастика саласында «Қызылорда облысы ойконимдерінің этномәдени негізі мен этнолингвистикалық табиғаты» әлеуметтік жобасы іске асып келеді. Бұл орайда елді мекен атауларының этномәдени негіздеріне, тарихына зерттеу жүргізілуде. Кейбір өзгеріске түскен атауларды қалпына келтіру үшін атқарылатын жұмыстардың ғылыми негіздемелері ұсынылған монография баспадан шығарылады.
Құжат айналымының көрсеткішіне, мекеменің интернет ресурстарындағы мемлекеттік тілдің қолданылуына жоспарлы тексеру жүргізіліп отырады. Биылға жоспарланған 7 мекеменің 5-уіндегі (облыстық денсаулық сақтау, жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармалары, қорғаныс істері департаменті, Жаңақорған ауданы әкімінің және Қожакент ауылдық округі әкімінің аппараттары) «Қазақстан Республикасындағы тіл туралы» заңның сақталуы тексеріліп, анықталған кемшіліктер негізге алынып, тиісті ұсынымдар берілді.
Кәсіпкерлік нысандардың көрнекі ақпараттарында заң талаптарының сақталуы қай деңгейде? Осы ретте 2025 жылға арналған жұмыс жоспарына сәйкес Қызылорда қаласы мен аудандардағы 761 кәсіпкерлік нысанға түсіндірме жүргізілді.
Тіл саласындағы жаңалықтың бірі биылдан бастап «Әкімшілік құқықбұзушылық туралы» кодекстің 75-бабымен тілдерді дамыту саласындағы функцияларды жүзеге асыратын облыстық басқарма басшысы мен оның орынбасарларына деректемелер мен көрнекi ақпаратты орналастыру жөнiндегi талаптарды бұзу фактісі бойынша істерді қарау және шара қолдану, қандай да бір нысанның көрнекі ақпаратында заң талабы бұзылғаны жөнінде арыз түссе, хаттама толтырып, шара көру құқығы берілді.
Мемлекеттік тіл саясатын жүзеге асыру бағытындағы нәтижелі істің бірі – Тіл саясаты комитеті республикада алғашқы болып Сыр өңірінде жарыққа шыққан «Мемлекеттік тілдегі ас мәзірі мен тағам атаулары: қазіргі жағдайы, проблемалары» атты монография-анықтамалықты, «Тағам атаулары» сөздігін барлық өңірге таратты.
Жалпы, мемлекеттік тілді дәріптеу, қолданыс аясын кеңейту мақсатында жыл басынан бері өткізілген 167 іс-шараға 8000-ға жуық адам қамтылды.
Тіл орталығының әлеуметтік желідегі парақшасы арқылы ақпараттық-танымдық, қоғамдық және ағартушылық бағыттар бойынша «Трендтегі сленгтер», «Сөзтүзер», «Practical English», «Дұрыс аударып жүрсіз бе?», «Тіл қазынасы», «Көнеден жеткен сөз-мұра», «Sing and Learn English», «Сөз орамдары», «Атақты тұлғалардың алтын сөздері», «Оқуға ұсынамыз!» айдарлары үздіксіз жүргізіліп келеді.
Академик Рабиға Сыздықова: «Тіл – халық қазынасы. Құр қазына емес, ғасырлар бойы сақталған, арзаны кетіп, асылы қалған мол мұра, халық мұрасы, ұлт мұрасы. Тек мұра ғана емес, тіл – адамдардың өмір-тіршілік құралы, қатынас құралы. Сондықтан да тіл – арнайы әңгіме арқауы етуге әбден арзитын құбылыс» деп баға берген.
Бұл сөзден ұғатынымыз, тіл – тек өткеннің сарқыншағы емес, қазіргі мен келешектің рухани өзегі. Олай дейтініміз, бүгінде ақпарат саласының жылдам дамуы мен жасанды интеллект технологиясының цифрлық қадамының сәт сайын жаңашылдыққа бет бұруы болашаққа үлкен өзгеріс жасаудың негізгі тетігіне айналып отыр. Әсіресе, жасанды интеллект саласына қазақ тілін кеңінен енгізу, осы бағдарлама арқылы қазақтілді контентті құрайтын түрлі платформалар құрастыру – бүгінгі күннің басты талабы. Бұл да қазақтілді ғылыми әрі ақпараттық ортаның жеткен жетістігі деуге болады.
Мемлекеттік тіл саясатының басты мақсаты – қазақ тілін елдің бірлігін нығайтатын басты факторға, ғылым тіліне, ақпарат көзіне, инновация жаршысына айналдыру. Аймақтарда, мекемелер мен оқу орындарында тіл үйрету, насихаттау, тілдік орта қалыптастыру үшін жасалып жатқан жұмыстардың барлығында ортақ мүдде бар. Ол – мемлекеттік тілдің өрісін кеңейтіп, өркендеуінің негізін қалау.
Руслан ҚАЮПОВ,
облыстық қоғамдық даму
басқармасының басшысы





