Тізім жаңартылады

252

0

Үкімет міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесіне деректер ұсыну тәртібін реттейтін қаулыға өзгерістер енгізді. Құжат 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енеді деп хабарлайды «Қазақпарат».

Түзетулер Қазақстан азаматтары мен елде уақытша жүрген шетелдіктер тура­лы мәліметтерді беруге жауапты мемлекеттік органдардың тізімін нақ­тылап әрі кеңейтеді. Бұл ретте құжат Еуразиялық экономикалық одақ (ЕАЭО) мемлекеттерінен келген еңбек ми­гранттары мен олардың отбасы мүше­леріне де қатысты. Бұрынғыдай барлық дерек «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясына жолданып, одан әрі міндетті әлеуметтік медициналық сақтандырудың ақпараттық жүйесіне береді.

Сонымен қатар өзгерістер «Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру ту­ра­лы» заңның 26-бабының 1-тармағы мен 26-1-бабының 1-тармағына сілтемелерді нақтылап, тұжырымдамаларды және жа­уап­ты органдар тізімін жаңартуды көз­дейді. Жаңа өзгерістердің Еңбек және ха­лықты әлеуметтік қорғау министрлігіне де қатысы бар. Енді министрлік деректерді «Еңбек нарығы», «Зейнетақы және жәр­дем­ақы алушылардың орталық­тан­ды­рыл­ған деректер базасы», «Төлемдерді өң­деу ұйымы» және талдамалық шешім «Цифрлық отбасы картасы» сияқты түрлі ақпараттық жүйелер арқылы береді. Одан бөлек, тізімге Қазақстан Республикасының Сот әкімшілігі енгізілді. Ол деректерді сот органдарының ақпараттық жүйесі арқылы жібереді.

20,8 млн тонна астық бастырылды

Ауыл шаруашылығы министрлігі баспасөз қызметінің хабарлауынша, дәнді және дәнді-бұршақты дақылдардың болжамды жинау алаңы 16 млн гектардан асады. Бүгінде 13,3 млн гектар немесе жалпы егіс алқаптарының 83%-ы жиналды. Нәтижесінде 20,8 млн тонна астық бастырылды.

Дәнді дақылдардан бөлек, ауыл шаруа­шылығы тауарын өндірушілер 1,4 млн тонна майлы дақыл, гектарына 228,2 цент­нер өнімділікпен 2,5 млн тонна картоп және гектарына 307,2 центнер өнім­ді­лік­пен 3,5 млн тонна көкөніс жинады. Атап айт­қанда, 324,1 ц/га өнімнен 428,5 мың тон­на қырыққабат, 441,0 ц/га өнімнен 1000,9 мың тонна пияз, сондай-ақ 287,9 ц/га өнімнен 355,2 мың тонна сәбіз жиналды.

«Егін жинау науқаны ұйымдасқан түрде, агротехникалық талаптарға сай мерзімде өтіп жатыр» делінген хабарламада.

Мамандық таңдауға көмек

Жұмысшы мамандықтарына қызығушылықты арттыру үшін мектептерде бейіндік сыныптар ашылады, деп хабарлайды Оқу-ағарту министрлігінің баспасөз қызметі.

Министрліктің мәліметінше, «Жұмыс­шы мамандықтары жылында» орта білім беру ұйымдарында 1000 бейіндік сынып құрылады. Аталған бастама аясында жалпы саны 31 000-нан астам оқушы кәсіби дағдымен қамтылмақ. Мұндағы мақсат – мектеп оқушыларының еңбек нарығында сұранысқа ие жұмысшы мамандықтарына ерте бейімделуін қамтамасыз ету, олардың кәсіби бағдарын жүйелі түрде қалыптастыру және техникалық-кәсіптік білімге қызығушылығын арттыру.

– Бейіндік сыныптар 9, 10, 11-сынып оқушыларына арналып, өңірдегі жұмысшы мамандықтар немесе өзге де салалар бойынша кадр тапшылығын айқындайтын әрі сол мамандықтарға бағыттайтын бейін­дік мазмұнда жұмыс істейді. Бұл процеске өңірдегі жоғары оқу орындары, колледждер және жұмыс берушілер де атсалысады. Айта кетейік, бейіндік сыныптардың бағытын оқу жылы ішінде екі рет өзгертуге болады, – деп түсіндірді ведомство.

Дайындаған

Айнұр БАТТАЛОВА,

«Сыр бойы»