Әкеміз Құрманбай Тұрымбетов отбасына қарайласатын жігіт болып, 24 жасқа толғанда Қармақшы ауданының «Қызылтам» ауылынан Ұлы Отан соғысына аттанған.
Бұл 1941 жыл еді. Қырағы мергендігінің арқасында атқыштар қатарына алынып, пулеметші болған. Мәскеу түбіндегі шайқастарға қатысқан. Калининград, Ржев майдандарында ерлік көрсеткен.
Ржевте жанына снаряд түсіп, бір қолы, бір аяғынан ауыр жарақат алып, 1943 жылы елге оралған. ІІ дәрежелі «Отан соғысы» орденімен марапатталған. Кейіннен Жеңістің мерекелік медальдарына ие болды.
Әкеміздің екі ағасы Төлеп, Өтеп және інісі Сәду, бір үйден 4 адам соғысқа алынған. Екі ағасынан «қара қағаз» келген, ал інісі хабарсыз кеткен. Төрт ағайындыдан аман оралған тек әкеміз ғана.
Жеңістен кейін бұрынғы Киров совхозында механик, бригадир болып жұмыс істеп, 1966 жылы «МИС»-ке, яғни машина сынау станциясына келген.
Станцияда, зейнетке шыққанға дейін су шаруашылығында еңбек еткен. Ағайын мен үлкен-кішіге сыйлы еді, ауылдың гүлденуіне, өркендеуіне өз үлесін қосқан. Шауқақызы Әштәй анамыз екеуі 6 ұл, 1 қыз тәрбиелеп, өсірген. Олардан немере, шөберелер тарап, әкеміздің жолын қуып, ел келешегінің өркендеуіне үлесін қосуда.
Замандастары әкеміздің мейірбандығы мен кеңпейілдігін, өз ісін тыңғылықты атқарған азамат екенін айтып, Баймұрат батыр ауылындағы бір көшеге есімін беру лайықты шешім болар еді дейді.
– Құрманбай ақсақал сөзі өткір, тура сөйлейтін кісі еді. Жастарға ақылын айтып, дұрыс бағыт-бағдар беретін. Көпшіл, сыйластығы мол, ақсақалдық жолынан жаңылмаған кісі болатын.
Өзі Ұлы Отан соғысына қатысқан ардагер. Оған ауылдың бір көшесінің атын берсе жөн болар еді, – дейді Баймұрат батыр ауылының тұрғыны Гажданбек Іздіқұлов.
Көзкөргендер қатарындағы Р.Өтегенов те өз ойын ортаға салды.
– Құрманбай Тұрымбетов ағайды осы машина сынау станциясында жұмыс жасаған уақыттан білемін. Ол ауылдың өсіп-өркендеуіне үлесін қосқан, үлкенге құрмет, кішіге ізет жасаған кісі еді, – деді.
– Құрманбай ағамызды жас кезімізден танимыз. Ол кісі тарихты, шежірені, мағыналы әңгімелерді жақсы айтатын. Гидроузелде жұмыс жасаған, өз ісінің маманы еді. Соғыс және еңбек ардагері. Ауылымыздың бір көшесіне атын беріп жатса құба-құп, – дейді ауыл тұрғыны Т.Ілиясов.
Ұлы Отан соғысы жылдарында ерен ерлік көрсетіп, елге оралғаннан өмірінің соңына дейін ауылдың гүлденуіне атсалысқан әкеміздің есімі ел есінде жаңғырып тұрса дейміз.
Жаңбырбай ТҰРЫМБЕТОВ






