Тіршіліктің тынысы

1008

0

Тіршіліктің тынысы «Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі». Ұлты Ахмет Байтұрсынов айтқан осы айқындама ақпараттық қоғам қанша жерден цифрланғанымен құндылығын жойған жоқ. Өйткені, газет – жұртшылықты жағымды жаңалықтармен сүйіншілеп, руханиятқа бойлататын, билік пен халық арасын байланыстыратын құрал. Ал қажеттіліктен ешкім де бас тартпайтыны анық.
Биыл жаңалық жаршысына айналып, елдің мұң-мұқтажын жеткізіп келе жатқан Сырдария аудандық «Тіршілік тынысы» газетіне – 80 жыл. Айтулы ме­рейтой – аудан жұртшылығы үшін ерекше мереке. Өйткені, ал­ғашқы саны шыққаннан бас­тап талай қиын-қыстау кезеңде оқырман газеттен қол үзген емес. Барлық шақта да халықты бірлікке, ынтымаққа бастап, олардың еңбектерін айшықтап көрсететін жер­гілікті басылым бүгінгі күні оқыр­манымен 8755 рет жүздесті.
Қазіргі аудандық «Тіршілік тынысы» газетінің тарихы сонау 1939 жылдан бас­талады. Сол жылы Тереңөзек ауданы қайта құрылды да, осы жылдың 26-шы наурызында «Сталин жолы» деген атпен аудандық газеттің алғашқы саны жарық көрді. Ол 1956 жылға дейін шығып тұрды. Ал 1956 жылдан кейінгі аралықта аудандық басылым «Еңбек майданы» деген атаумен тарады. 1963 жылы Тереңөзектің Сырдария ауданына бірігуіне байланысты газет қайта құ­ры­лып, «Сырдария» деген атпен 1967 жылға дейін шықты. Осы жылы аудан қайтадан екіге бө­лініп, сол кездегі аудандық пар­тия комитеті мен халық депу­таттары аудандық кеңесінің ор­ганы шешімімен аудандық газет «Еңбек туы» деген атпен 1992 жылдың 30-шы шілдесіне дейін жарық көрді. 1992 жыл­дың 30-шы шілдесінен бастап «Тереңөзек тынысы» деген атпен тараса, бүгінде жергілікті ба­сылым «Тіршілік тынысы» де­ген атпен оқырманға жол тартуда.
Сексен жыл аз уақыт емес. Осы ара­лықта аудандық жалғыз баспасөз аудан халқымен, оның тұрмыс жағдайымен, әлеуметтік-рухани жай-күйімен бірге жасасып келеді. Өзінің алғашқы санынан колхоз құрылысының жемісін насихаттау­дан бастаған газет соғыс жылдарындағы, одан кейінгі кезең тудырған түр­лі жағдай­лардағы ел тынысын  үзбей жария­лауда. Мұның айқын ай­ғағы – сол кездерде газет бетін­де бе­рілген түрлі айдарлармен жа­рық көрген мақалалар қайна­ған ты­ныс-тіршілікті аң­ғ­арт­­са керек. Мәселен, «Колхоз ша­руа­­шылығына қарқынды қа­дам», «Колхоз байлығы – ел бай­лығы», «Ау­данымыздың егіс дала­ларында», «Бар­­­лығы да май­дан үшін, бәрі де Отан үшін!», «Барлық күш жауды талқандауға жұ­­мылдырылсын!», «Бір түйір дән – жауға атылған оқ!» секілді айдарлар арқылы елді оты­­рық­­шылдыққа шақыру, колхоз құры­лы­сының жемісін насихаттау, комму­нистік тәрбие беру, сауаттылық пен саяси білімді көтеруге шақырды.
Еліміз егемендік алғаннан кейін ел тұрмысы газет бетінде айқын көрініс тапты. Мемлекеттік бағдарламалар, облыс, аудан әкім­дерінің маңызы зор даму бастамалары аясындағы материалдар оқырман қолдауына ие болды. Мысалы, 2003-2005 жылдары Елбасы Жарлығымен «Ауыл жылдары» болып жариялануына байланысты ауыл өміріне арналған «Ауылым – ал­тын бесігім», жастардың «Жауқазын», құқық қорғау са­ла­сының «Адам және Заң» бет­тері ашылды. Алдымен ба­лалар шығармашылығына ар­нал­ған «Рауан» бөлімі кейін оқушылардың сұранысына сай арнайы бет болды. Мұнан басқа «Шалғайда жүр бір түлек» айдарымен Тереңөзекте туып-өскен, бүгінде республикаға белгілі өнер адамдары, қоғам дамуына өзіндік үлес қосып жүрген қайраткерлер, тағы да басқа сала мамандарының пікір­лері, олармен сұхбат тұрақты түрде жарияланды. «Сұрақ – сізден, жауап – бізден» айдарымен оқырман өзін толғандырып жүрген сұра­ғына жауап алатын болды.
Тарих еншісінде қалған 80 жыл­дық белесте аудандық газетте небір мықтылар жұмыс істеген. Қарым­ды қаламгерлер мен журна­листердің осы аудан айнасының қа­лып­тасуына қосқан еңбегі орасан. Бү­гінгі күні елмен бірге жасасып келе жат­қан аудандық газетті алғаш ұйым­дас­тырып, қиындығы көп жауапты жұ­мыс­тардың басы-қа­сында болған бас редакторлар Мәулен Меңдіқараев, Баймахан Уызбаев, Әбілда Құр­манаев, Смайл Ақжігітов, Айтбай Қойшыбаев, Шілдебай Оңғалбаев, Жұмағали Елеуов, Болатбек Аманбаев, Смағұл Ма­ханбетов, Ізхан Досмағамбетов, Абыз­бай Маханбетов, Қуаныш Татанов, Тынышбек Дайрабаев, Асқар Кі­ребаев, журналис­тер Сұлтан Қо­жа­ниязов, Балашбек Шағыров, Мей­рам­бек Шілдебаев, Шолпан Оразова, Мүсілім Қалмұратұлының әр­қай­­сысының өзіне лайық еңбегі зор. Әсіресе, Ш.Рахметбеков, Т.Қонақ­баев, Ж.Жұмабаев Б.Шертаев, Т.Әлиев, Е.Әбілов, С.Әлімбетов, А.Дәурен­беков, К.Уәйісұлы, Ж.Қонысбаев, Д.Құ­мақбаевалар жауапты жұ­мыс­тар­да болып, газет мазмұнын байытып, оқырмандардың сү­йікті басылымына айналуына өзіндік үлестерін қосты.
Кезінде осы аталған газеттен 1940-1970 жылдары алғашқы ма­те­риалы жарияланған Қал­тай Мұха­меджанов, Әбілмә­жін Жұмабаев, Әбі­раш Жә­­мі­шев, Тө­лепберген Тоба­ға­бы­лов, Сейфолла Оспанов, Нұр­­хан Жа­наев, Қанапия Дәрі­баев, Қал­ма­хан Нұралиев, Қай­ыр­бек Асанов аудандық газет­­­ті шыңдалу мектебі санайтын. 1970-1980 жылдары газет ре­дакциясының жолда­ма­сын ал­ған журналистер М.Дәдік­баев, Н.Рах­метова, С.Бихожа, А.Қасы­мова, И.Ыбы­раева тағы басқалар ау­дан­­дық газеттен түлеп ұшты десек, қа­телеспейміз. Газет автор­ла­рының жағрафиясы сонау айдынды Арал мен Алматы арасын қамтиды. Ақын Жадыра Дәрібаеваның алғашқы тырнақалды өлеңдері де осы газеттен бастау алған-ды.
Аудандық баспахана директоры болған В.Тё, механик-баспашы Қ.Төлегенов, бас­пахананы үзбестен басқарып, газеттің сапалы шығуына атсалысқан Сергей Тоқсанбаев, бас механик-печатник Б.Әб­діхалықов, Ш.Әбдіхалықова мен әріп те­ру­шілер Ә.Әбдірахманова, Ш.Бер­кінбаева, Қ.Бал­шық­баева, Ж.Тасымбаева, Қ.Асық­­баева, Ж.Қожағұлова, кор­рек­тор К.Жұмабаева, бас есеп­ші С.Еркін­баева, А.Алдано­валар­дың еңбегі ұшан-теңіз десе артық болмас.
Бүгінде «Сыр медиа» жауап­кер­шілігі шектеулі серіктестігіне қа­расты аудандық газет заман ағымына сай түрленген. Ерекше дизайн, оқырман тал­ғамына сай ойсаларлық дү­ние­лер, мәйекті мақалалар жа­риялануда. Түрлі айдарлар, арнайы беттер оқырман сұ­ранысын қамтуда. Алыс-жа­қын елдердегі жерлестер газет бетінде үнемі жарияланып келе­ді. Оған қоса, аудандағы айшықты жаңалықтар, үлгі етерлік дүниелер жан-жақ­ты ақпа­раттандырылуда. Сон­­­дай-ақ, серік­тестік тарапы­нан редакцияның мате­ри­ал­дық-техникалық базасы нығайды. Журналистердің шы­ғар­­ма­шылығын шың­дау үшін үлкен алқалы жиындарға, ха­лық­аралық, республикалық фо­рум­­дарға қатысуға мүмкіндіктер жасалуда. Соның нәтиже­сінде аудан үн­жариясын сырдария­лықтар үнемі іздеп оқиды, арнайы жаздырып алады.
Талай толғақты кезеңді бастан өт­керіп, уақыт көшінен қалмай, оқырман құрметіне бөленген Сырдария аудан­дық «Тіршілік тынысы» газеті алдағы уақытта да тәуелсіз елдің төл басылымы бола бермек. 80 жылдық жылнаманы түгендей отырып, жаңа белестерді бағындыратын болады.

Ердос СӘРСЕНБЕКҰЛЫ.
Сырдария ауданы.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<