«Трубадурочка» шығармашылық кеші өтті

123

0

Қызылорда қаласындағы «Жыраулар үйінде» «Қазақстандағы орыс қауымдастығы» облыстық филиалының онкүндігі аясында ақын, журналист Анар Ізденнің «Трубадурочка» атты шығармашылық кеші ұйымдастырылды.

Алдымен кештің алғы сөзін облыстық орыс қауымдастығының төрағасы Наталья Мишукова алып, шараға қатысушыларды құттықтап, шығармашылық кездесудің маңызына тоқталды. Одан кейін «Қоғамдық келісім» КММ директоры Бақытжан Камалов сөз алып, мәдени шараның рухани келісім мен достықты нығайтудағы рөліне назар аударды.

Кеш барысында татар этномәдени бірлестігінің төрағасы Галия Гизатуллина және бірлестік ардагері Фируза Абубакирова өлең оқып, көпшіліктің ыстық ықыласына бөленді. Шара аясында Анар Ізденнің кітабы таныстырылып, автор өзінің шығармаларынан және сүйікті ақындарының жырларынан үзінділер оқып берді.

Жиналған көрермен ақынның шығармашылық ізденісіне тәнті болып, ерекше әсерге бөленді.

Кеш соңында Анар Ізденге құрмет көрсетіліп, шығармашылық табыс тіленді. Іс-шараға этномәдени бірлестіктердің төрағалары, «Ассамблея жастары» ұйымының мүшелері және өнерсүйер қауым қатысты.