Тұрғындар тілегі қағажу қалмайды

401

0

Тұрғындар тілегі  қағажу қалмайды Төретам кенті мен Ақай ауылдық округі газбен қамтылатын болады. Бұл туралы  облыс әкімі Қырымбек Көшербаев  “Nur Otan” партиясы облыстық филиалының қоғамдық қабылдауында айтты. Халықтың талап-тілегін арқалап келген Жақсылық Қыпшақбайұлы елді мекеннің көгілдір отынмен қамтылатынын естіп, аймақ басшысына  өз ризашылығын білдірді.

– Қызылорда облысын әлеу­меттік-экономикалық да­мы­тудың 2019-2022 жылдарға ар­налған Кешенді жоспарына сәй­кес, Төретам және Ақай елді мекендерін газдандыру жо­ба­­сының  жоба-сметалық құжат­­тамасын әзірлеу жұмыстары жүргізілуде. Қазір тиісті шаралар атқарылып жатыр. Кент пен ауылдық округке көгілдір отын жеткізілетін  болады, – деді облыс басшысы.

Азаматтардың жеке мәселелері бойынша өткен қабылдауда бұдан бөлек бірқатар ұсыныс-пікірлер тыңдалды. Соның бірі қаладағы Н.Ергешбаев көшесіндегі көпқабатты үйлердің ауласына балалар алаңын салу болатын. Бұл ретте қала әкімінің орынбасары Бектас Нұридинов осы жылы жергілікті бюджеттен  балалар ойын алаңын салуға 17 млн 500 мың теңге қаражат бөлінгенін, қазіргі таңда жоба-сметалық құжаттары әзірленіп, мемлекеттік сатып алу конкурсы өткізіліп жатқандығын айтты.

Ал, қызылжармалық Зибагүл Айт­байқызы ауыл шетінде тұратындығын, онда аяқсу келмейтінін және сол №3 тұрғын аудан көшесін жарықпен қам­тамасыз ету, жол мәселесін шешуге ықпал жасауын сұрады.  Өз кезегінде облыс әкімі айтылған мәселені шешу мақсатында тиісті шара жасалатынын жеткізді.

Қабылдауда сондай-ақ,  жалғызбасты ана Арайлым Бисемұратованың өтініші қаралды.  Жосалылық келіншек оқу бітіргелі жұмысқа орналаса алмай жүр. Бұл орайда Қармақшы ауданының әкімі С.Мақашов жас ананы әзірге қоғамдық негізде жұмысқа қабылдап, алдағы оқу жылында жұмыс қарастырылатындығын сөз етті. Оған қоса дәл қазіргі уақытта ауданда Арайлым секілді  “дене шынықтыру және спорт” мамандығын тәмамдаған 11 маманның жұмыссыздық бойынша тіркеліп тұрғанын айта кетті.

Ал, Шиелі ауданының тұрғыны көп­ба­лалы Индира Нұртаева 2003 жылы ту­ған қызы Талшын Қасымбекованың ба­сында ісік пайда болып, диагнозын жедел нақтылау үшін Нұр-Сұлтан қа­ласындағы “Ұлттық ғылыми Ана мен бала денсаулығы” орталығына баруға квота сұрады. Аймақ басшысы тез арада квота мәселесі шешілетінін айтып, көпбалалы ананы қуантты.

Осылайша қабылдауға келген өтініш иелері өз мәселелерінің шешімі табыларына ризалық білдіріп қайтты.

Мейрамгүл ДАУЫЛБАЙҚЫЗЫ.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<