Елбасының «Қазақстан -2050» стратегиясы, «100 нақты қадам-Ұлт жоспары», сонымен қатар Жолдауларынан туындайтын міндеттерді жүзеге асыруда аумақтағы істің жай-күйіне жауапты өкілді және атқарушы органдардың бірлескен жұмыстарының орны әрқашан маңызды. Сондықтан өткен жылы облыстық мәслихат тарапынан атқарылған жұмыстардың негізгі қорытындыларын сараптап, оқырмандармен бөлісуді жөн көрдік.
2018 жылы алтыншы шақырылған Қызылорда облыстық мәслихатының 8 сессиясы ( 4-і кезекті, 4-і кезектен тыс) өткізіліп, жалпы саны 114 шешім (оның ішінде 27 шешім Әділет органында мемлекеттік тіркеуден өтіп, БАҚ-та жарияланды) қабылданды. Барлығымызға белгілі, мәслихаттар құзыретіне заңмен жүктелген негізгі мәселе жергілікті бюджетті және оның атқарылуы туралы есептерді бекіту болып табылады.
Осы ретте, облыстық мәслихаттың 2017 жылғы 12 желтоқсандағы 17- сессиясында бекітілген «2018-2020 жылдарға арналған облыстық бюджет туралы» шешіміне ағымдағы жыл ішінде (қаңтар-желтоқсан айларында) 6 рет (2 рет – кезекті, 4 рет – кезектен тыс сессияларда) өзгерістер мен толықтырулар енгізілді.
Бюджетті нақтылаулардың нәтижесінде 2018 жылға арналған облыстық бекітілген бюджет 190,8 млрд. теңгеден жыл соңында 225,6 млрд. теңгеге дейін, яғни, 34,8 млрд. теңгеге немесе 118,2 пайызға өсті.
2018 жылы облыстық бюджеттің 55,4 млрд. теңге немесе 27,8 пайызы әлеуметтік саланы қамтиды. Оның ішінде білім саласына 22,4 млрд. теңге, денсаулық сақтау саласына 11,1 млрд. теңге, әлеуметтік көмек және әлеуметтік қамсыздандыруға 6,9 млрд теңге және де мәдениет, спорт салаларына 12,6 млрд теңге бөлініп, бірқатар өзекті мәселелер шешімін тапты. Сонымен қатар, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласына бөлінген қаржы 18,4 млрд. теңгені (9,2%) құраса, ауыл шаруашылығы саласына 15,1 млрд. теңге (7,6%) бөлінген. Қоғамдық тәртіп, қауіпсіздік, құқықтық, қылмыстық атқару қызметін жандандыру бағытына 6,5 млрд. теңге (3,2%) қаралды, көлік және коммуникация саласына 13,1 млрд. теңге (8,2%) бағытталып, тиісті жұмыстар жасалған.
Сайлаушылар мен депутаттардың ұсынысына сәйкес облыс әкімі Қырымбек Көшербаевтың қолдауымен 2018 жылы атқарылған жұмыстардың бір қатарына тоқталып өтейік.
Елді мекендерді байланыстыратын жолдар, оның ішінде, «Самара-Шымкент-Жаңақорған-Келінтөбе» жолы (39 мың адам тұратын 17 бірдей елді мекеннің);
«Самара – Шымкент – Қамбаш – Бөген – Қаратерең» бағытындағы жолы (23 мың адам тұратын 22 елді мекеннің);
«Самара – Шымкент – Тоқабай» бағытындағы жолы (4 ірі елді мекенді байланыстыратын) ;
Қазалы ауданындағы Әлсейіт көпірін айтпағанда, «Қазалы – Көларық – Әлсейіт – Бекарыстан би – Жаңақұрлыс» жолы (15 мыңнан астам тұрғыны бар) мәселелеріне қаржы бөлініп, тиісті жұмыстар атқарылды.
Сонымен қатар, бірнеше ауылды қамтитын (8 ауылды қамтитын «Шиелі – Байкенже – Жаңақорған» жолы, 6 ауылды қамтитын «Қызылорда – Айдарлы – Тартоғай», 6 ауылды қамтитын «Жалағаш-Жосалы») жолдарға байланысты тұрғындар ұсынысы ескеріліп, жұмыстар жүрді. Одан бөлек, қала, кент, ауылішілік 50-ден астам жол сұранысқа сәйкес жөндеуден өтті.
Биылғы газдандыру жұмыстары оның ішінде, үш ауданды, Қазалы қаласын газдандыруға қатысты жұмыстарға, Байқоңырда 6 үй, 6 мектеп, 1 балабақшаның облыстағы 13 әлеуметтік мекеменің газға көшуіне тұрғындар ризашылық білдіріп, осы бағыттағы, жұмыстарға зор сеніммен қарауда.
Өткен жылы билік тараптарының бірлескен шаралары арқасында апаттық үйлердегі 465 отбасы жаңа үйлерге көшірілді.
Тұрғындардың тарапынан сұраныс болған 36 шақырым электр желілері, 162 шақырым су жолы жөндеуден өтті.
Қызылорда облысы тұрғындарын сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету туралы мәселе кезекті сессияда қаралып, жан-жақты зерделеу жүргізіліп, осыған дейінгі жұмыстар қорытындыланып, алдағы міндеттерге сәйкес шешімдер қабылданды. Зерделеу барысында, ауыз суға байланысты барлық ауылдық елді мекендердің 83,2 пайызы немесе ауылдағы халықтың 97 пайызы Арал-Сарбұлақ, Октябрь, Жиделі топтық су жүйесіне қосылып, ал 3 пайызы орталықтандырылмаған су көздері арқылы қамтамасыз етіліп жатқаны анықталды. Ал облыстың қалалық елді мекендеріндегі халықтың 98 пайызы орталықтандырылған ауыз су жүйесіне қосылған. Сессияда қаланың бас жоспарына өзгеріс енгізуі есебінен «Сабалақ» саяжайын ауыз сумен 100 пайыз қамтуға қаржы қаралды, жұмыс жалғасуда, жоспарға сай биыл аяқталады.
Елбасы «Жаңа онжылдық – жаңа экономикалық өрлеу – Қазақстанның жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауында 2020 жылы бұқаралық спортпен шұғылданушыларды 30 пайызға жеткізуді жүктегені белгілі. Бүгінде 2018 жылдың қорытындысы бойынша облыста 224382 адам тұрақты дене шынықтыру және спортпен шұғылданып, бұл көрсеткіш тұрғындардың 28,3% -н құрап отыр.Осы мәселе облыстық мәслихаттың кезекті сессиясында арнайы қаралып, бұқаралық спортты дамытудың жоспары нақтыланды.
Қызылорда облыстық мәслихатының кезекті 25-сессиясында Қызылорда қаласындағы кей көшелер ел дамуына ерекше үлес қосқан Жамал Байхожаев, Құдайберген Сұлтанбаев, Қалжан ахун, Текей батыр, Асан Тайманов, Айтмұрат Шаменов, Бименді Баймаханов есімдерімен аталды. Сонымен қатар, Арал өңірінің балық шаруашылығын дамытуға зор үлес қосқан, аграрлық сектордың үздігі, балықшы елді мекендеріне мектеп, аурухана, тұрғын үйлер салуда да зор үлесін қосқан қоғам қайраткері Саржанов Құдайбергенге, саналы ғұмырын химия ғылымы саласына арнаған ғалым, 170-ке жуық ғылыми жаңалығы патенттелген, 20-дан аса монографиялар мен оқулықтардың авторы Баешов Әбдуәлі Баешұлына, «Айқын» газетінің бас редакторы, «Құрмет» орденінің иегері, қарымды қаламгер, публицист Жүсіп Нұртөре Байтілесұлына «Қызылорда облысының құрметті азаматы» атағы берілді.
Депутаттар мен аудан әкімдігінің бірлескен ұсынысына байланысты Қармақшы ауданындағы «Балажарма» каналының жөнделуі 4 елді мекеннің аяқ суын шешіп, егін көлемін арттырды. Әлеуметтік салалардың потенциалын арттырудағы келелі жұмыстарды, оның ішінде, бірнеше аудандық аурухананың, Байқоңырдағы ОМО филиалының ашылуын, Шиелі ауруханасының құрылысы, т.б. білім, денсаулық, спорт, мәдениет ошақтарының салынуын, жастар бағдарламаларын қаржыландыруын бөлек-бөлек атап өтуге болады. Мысалы, өткен жылы 34 әлеуметтік нысанның құрылысы облыстық бюджет есебінен қаржыландырылды. Оның ішінде 4 мектеп, 1 лагерь, 7 балабақша, 2 аурухана, 9 спорт, 1 әкімшілік ғимарат, 1 жастар орталығы, 2 қоғамдық тәртіп, 2 клуб, 1 музей, 2 мәдениет үйі, т.б құрылыс нысандары бар. Қызылорда облысында әлеуметтік осал тобын мейлінше қолжетімді тұрғын үймен қамтамасыз ету мақсатында бастапқы төлемсіз тұрғын үй алуға мүмкіндік беретін, 3 жылға есептелген «Орда» тұрғын үй құрылысының «Жол картасы» әзірленіп, облыстық мәслихат депутаттары тарапынан бірауыздан қолдау тапты. Несиелік тұрғын үйдің көпбалалы отбасылар, мүмкіндігі шектеулі аз қамтылған топтардың барлығына бірдей қолжетімді еместігін ескеріп, «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында салынып жатқан несиелік тұрғын үйлерді жергілікті бюджет есебінен сатып алуға жыл сайын облыстық бюджеттен 2 млрд. теңгеден қаржы бөлу туралы шешім қабылданды. Бағдарламаның тиімділігін ескерген жұрттың қуанышында шек жоқ. Тіпті қазірдің өзінде тағатсыздана күтіп жүргендер жетерлік.
Аймақ жастарына 2013 жылдан бастап облыстық бюджеттен бөлініп келе жатқан облыс әкімінің білім гранттары 2018 жылы екі есеге дейін өсіп, 113 млн 295 мың теңге қаралды. Өздеріңіз білетіндей, бұл қолдау негізінен ауылдық жердегі көпбалалы және тұрмысы төмен отбасынан шыққан дарынды түлектерге көрсетіледі. Осындай және бұдан да басқа нәтижелі жұмыстар негізінде Сыр халқының тұрмысы тек статистикалық емес, адам табиғатына сәйкес, тарихи және әлеуметтік тұрғыдан оң бағытқа өзгеруде.
Депутаттар өз сайлаушылармен мәслихат сайтында жарияланған кестеге сәйкес 150-ден астам кездесу өткізіп, өз есебін берді. Жұмыс орындарында және «Нұр Отан» партиясының филиалында белгіленген уақытқа сәйкес жеке қабылдау өткізді. Осы кездесулер мен қабылдауларда айтылған барлық ұсыныс-пікірлер жыл бойы сарапталып, жыл сайын облыстық бюджетті қалыптастыру немесе нақтылау кезінде облыстық мәслихат арқылы облыс әкімдігіне ұсынылады. Бюджет әкімшілері ұсыныстарды зерделеп, шешу жолдарын қарастыру үшін жұмыстар жүргізеді. Келесі кезекте облыс әкімі депутаттармен кездесу өткізіп, депутаттар тарапынан айтылған ұсыныстарға талдау жасалып, атқарушы билікпен бірлесе отырып алдыңғы кезекте, жақын кезекте, ұзақ мерзімді кезеңдерде орындалатын іс-шаралар нақтыланады. Жыл көлемінде депутаттық сауалдардың орындалу барысы арнайы кестеге қойылып, әкімдікте қаралады. Мысалы, биылғы 2019 жылға облыстық мәслихаттың депутаттары тарапынан барлығы 109 сауал келіп түскен болатын. Оның 63 сауалы (58 пайызы) шешімін тауып, оған 9,3 млрд. теңге қаржы бағытталды. Облыстық бюджетті бекіту барысында 34 сауал қолдау тауып, оның қаржысы 7,0 млрд тенгені құрады, ал облыстық бюджетті нақтылауға ұсыныс барысында тағы 29 сауалды қанағаттандыру үшін 2,3 млрд тенге қарау жөнінде облыстық бюджет комиссиясында мақұлданды. Үстіміздегі жылы 7-ші ақпанда өткен кезектен тыс сессияның күн тәртібінде қаралды. Қалған мәселелер уақыт ағымында және алдағы мерзімдегі облыстық бюджеттің мүмкіндігіне қарай шешіледі деп күтілуде.
Облыстық мәслихат депутаттар өз қаражатынан облыс аумағындағы әлеуметтік жағдайы төмен азаматтарға 29 млн теңгеге қайырымдылық көмек көрсетті. Олардың кейбірі БАҚ беттерінде жарияланып жатса, кейбірі депутаттар өтінішіне сәйкес жариялана бермейді.
Мәслихаттың қоғамдағы рөлі мен депутаттардың атқарып жатқан жұмыстарын түсіндіру мақсатында жылдық медиа-жоспар әзірленіп, облыстық телеарналарда – 12 депутат сұхбат беріп, газеттерде жалпы саны 28 мақала жарияланды. Халыққа қажетті деген мәліметтер Қызылорда облыстық мәслихатының сайты мен әлеуметтік желілердің парақшасында үнемі жаңартылып келеді.
Өткен жылдың ерекше бір сипаты ретінде кәсіпкерлікті қолдау жылы болғандығын атап өтер едім. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың тапсырмасына сәйкес өңірімізде атқарылып жатқан жұмыстарды сараптау барысында кәсіпкерлікке деген тұрғындар тарапынан көзқарастың өзгеруі айрықша байқалды. Яғни қоғамдық санада өз-өздерін жұмыспен қамту дұрыс бағыт ала бастағаны сезілді. Бизнес пен экономикалық дамудың ықпалындағы бүгінгі әлемді алға жылжытатын күш ол – кәсіпкерлік. Кәсіпкерлік рух арқылы адамзат алдындағы туындап жатқан қиындықтарды бағындырудамыз. Қалыптасқан, үйреншікті өмір дағдысы жағдайында тәуекелге барып, жетістікке ұмтылатын еркін ойлау арқылы көшбасшылықтың сан қырын көрсете білетіндердің кәсіпкерлік ерік-жігері рухы жоғары болады. Бұндай адамдар жаңа қызметтер мен тауарларды нарыққа ұсынуға тәуекелшіл болады және бизнесті алға сүйретуші жетекшіге айналады. Ал енді Ұлы Дала заңымен еркіндіктің бұлағын сусап ішкен қазақы болмыстың шаруашылық ұйымдастырудың өзіндік қабілеті жеткілікті. Табиғаттың қатаң заңымен тайталаса өскен қазақтардың өзгерістерге жылдам бейімделетінін дала заңын зерттеуші көптеген ғалымдар жазып кеткен. Мысалы, атақты жазушы Лев Толстойдың мақалаларынан шаруашылық жүргізудің қазақы болмысын түсініп, өз реформаларында қолданған П.Столыпин аз уақытта Ресей экономикасын жаңа деңгейге көтерген. Осы жолмен ауыл шаруашылығын реформалау арқылы Ресейді теңдесі жоқ елге айналдыруға болатынын дәлелдеген. Осындай ұлттық қабілет арқасында, соңғы бірнеше ғасырда қазақ даласында болған геосаяси өзгерістер кезінде басқа мәдениеттердің ағысында ақсақ та, тұншығып батқанымыз жоқ.
Соңғы кезде, кәсіпті дамытуға мемлекеттің жасап жатқан мүмкіндіктерін жергілікті тұрғындардың, әсіресе, жаңа буынның пайдалануға ынтасы жақсы. Өткен жылы, шағын және орта бизнестің субъектілері 1087-ге артып, салық органдарына тіркелді. Егер 2018 жылдың басында тіркелген шағын және орта кәсіпкерлік нысандарының жұмыс жасап тұрғандарының үлесі 74,9 пайыз болса, жыл қорытындысымен 82,9 пайызға жетті. Оларда жұмыс жасайтын адамдар саны 85 610-нан 90 001-ге өсті. Бұл жаза салуға оңай сандар. Бұндай көрсеткіштерге жетуге алдымен оңтайлы қолдау мен көпшілік көзқарас дұрыс болуы тиіс. Осы бағыттағы жұмыстардың нәтижесін Елбасының «Алтын сапа» сыйлығы аясындағы «Ең үздік бизнес орта құрғаны үшін » номинациясын біздің облыс әкіміне тапсыруы көрсетіп берді. Жалқаулық, қарекетсіздік – еріксіз «теңселіп, тамақ аңдуға» алып баратынына Сыр тұрғындарының көзі тағы бір жете бастады. Аймақ басшысы Қырымбек Көшербаев «кәсіпкерлікті дамыту әр адамның қолын аузына жеткізудің бірден-бір амалы. Осы жол ғана адамдарды біреуге мұқтаждық болудан сақтап, өз өміріне өзі ие болуға бастай алады. Қазір ашқан кәсібі бүгінгі өзінің және ертеңгі ұрпағының несібесі», – деп түсіндірумен келеді. Осындай бағыттағы шаралардың нәтижесі болар, адамдардың біреудің қолына жәутеңдеп қарап, адами қадір-қасиетті ойлаудан кетіп, біреудің дегеніне көніп, айдағанына жүруге мәжбүр болудан құтылудың бір жолын – өз кәсібінен іздей бастауы қуанышты жағдай. Кәсіпкерлікті бастау, оның жолындағы қиындықтармен күресе отырып, өзін-өзі жеңе білуі үшін ар-ұжданға негізделген рух керек. Халық даналығы «өзгені жеңген – жарты батыр, өзін жеңген – нағыз батыр» дейді. Кәсіп ашу, қазақы болмыста мал табу адамнан жанқиярлықты, табандылықты, еңбексүйгіштікті талап етеді. Кәсіпкерлікті қолдаудың алғашқы жылының қорытындысы бойынша басқаға үлгі болар бір топ азаматтарды бір миллион теңге көлемінде марапаттау болады. «Аясаң – аяма» деп, өзін, баласын аяғандықтан жанын аямаған адамның тұрмысы түзу болатыны анық. Ертеректе, дін үшін соғыс кезінде ғұлама сахабадан қасындағы серігі «осы біздің істеп жүрген ісімізден абзал не бар екен дүниеде?», – деп сұраған екен. Сонда сахаба: «бала-шағаны күнбе-күн асырау бұл дін үшін болған соғыстан абзалырақ», – деп жауап беріпті. Атам қазақ «он екі мүшең сау болса кедеймін деп айтпа» деп кеткен.
Ғұлама Шәкәрім:
Ерінбесең еңбекке, дәулет дайын,
Жаратқан жоқ жатсын деп
бір Құдайың.
Ойласын деп ой берді, көруге көз,
Аяқ берді, тапсын деп
басқан сайын, – деп айтқан екен. Шынында да, қазақтың «бай болып мұратына жетіпті» деп аяқталатын ертегісі сияқты бай да дәулетті болудың басты көзі еңбек ету мен кәсіп иелену болып шығады. Өзіміз пайда болған қара жерге қайта барғанымызша жейтін нанымызды маңдай терімізбен табу қажеттігі пешенемізге ойып жазылған. Біз жату үшін емес, кері тартар нәпсіні жеңе отырып, тынымсыз күрес пен еңбектің арқасында бақуатты өмір сүреміз, келешегімізге жарқын жол ашамыз. Оны істемесек, ешкімге ренжімеуіміз керек. Облыстық мәслихат депутаттарының ұсынысымен облыс әкімінің , «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы, облыстық кәсіпкерлер палатасының қолдауымен кәсіпкерлікті жаппай дамытуды қолдау үш жылға ұзартылды. Осы мүмкіндікті пайдалану бәрімізге сын. Отарлық кезеңде елі де, жері де жетімнің күйін кешкен қазақ ұлты тәуелсіздіктің арқасында тақыр даладан ғарышқа көтерілген пассионарлық дүмпу үстіндегі ұлтпыз. Ал пассионарлық дүмпу кезінде жекелеген адамдардың өмірінде ерекше бір кезеңдер болады, ол адамның болашағы соған қарай дамуы мүмкін.
Қорыта айтқанда, өткен жылға өкпеміз жоқ, дегенмен, алда атқарылар жұмыстар жеткілікті. Ол жұмыстардың жемісті болуы бірлікке сүйенген тірлігімізге байланысты. Кезегімен бітетін жұмыстарға сабыр сақтап сеніммен қарауымыз қажет. Сабыр – сәулетіміз, сенім – дәулетіміз.
Наурызбай БАЙҚАДАМОВ,
облыстық мәслихат
хатшысы.
облыстық мәслихат
хатшысы.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<