А.Тоқмағанбетов атындағы мәдениет үйінде облыстық ішкі саясат басқармасының тапсырысы аясында «Мәртебелі Қазақстан» қоғамдық қорының ұйымдастыруымен «Тұтынушылардың құқығын қорғау – халық тұрмысын арттырудың негізгі жолы» тақырыбында республикалық конференция өтті.
Оған облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Талғат Маханов, «Әділет» тұтынушылардың құқықтарын қорғау» қоғамдық бірлестігі басқарма төрағасының орынбасары Тұрсын Жағыпарова, ҚР Ұлттық экономика министрлігі Табиғи монополияларды реттеу, бәсекелестікті және тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитетінің облыс бойынша департаментінің бөлім басшысы Ерқасым Сүлейменов, облыстық әйелдер кеңесінің төрайымы Нұрсәуле Мұсаева мен өзге де сала мамандары қатысты.
Жиында басқарма басшысы Талғат Маханов шараның маңыздылығына кеңінен тоқталды. Мұнан кейін Тұрсын Жағыпарова «Тұтынушылардың құқығын қорғаудағы қордаланған мәселелер: шешу жолдары» бойынша баяндама жасады. Кейбір кәсіпкерлердің пайда табу жолын бірінші орынға қоятынын, тауардың сапасына мән бере бермейтінін жеткізді. Сондай-ақ, Тұрсын Бәткенқызы мектеп асханасын жалға алған кәсіпкерлер қызмет сапасын жақсартуға құлықсыз екенін айтты. Астана қаласының 84 мектебіне жүргізілген тексерулер осыны дәлелдеген. Сонымен бірге елімізге сырттан келетін өнімдердің сапасы да сын көтермей тұр. Мәселен, балалар ойыншығының 95 проценті жарамсыз екені анықталған.
Ерқасым Сүлейменов «Тұтынушылардың құқықтарын қорғаудың заңдық аспектілері» тақырыбында баяндама жасады. Онда тұтынушылардың тауар алған кезде қандай талаптарға мән беру керектігін арнайы дайындалған бейнеролик арқылы көрсетті.
Одан әрі Қорқыт ата атындағы ҚМУ аға оқытушысы Айнұр Исаева өз ұсынысын білдірді. Бірқатар сала мамандары тақырып аясында хабарлама жасады. Жиынға қатысушылар мамандарға сауалдарын қойып, ұсыныс-пікірлерін білдірді.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<