Қазақ халқы өз тарихында қаншама қиын тағдырды бастан кешкеніне қарамастан «кие», «әулие» туралы түсінікті ұрпақтан-ұрпаққа жоғалтпастан жеткізіп келеді. Бұл – қазақ дүниетанымын ерекшелейтін ұғым. «Кие» ұғымы арқылы өскелең ұрпаққа қасиетті жерлерді, тіршілік иелерін құрметтеуді үйретеді.
Халық жадында бүгінге дейін сақталған киелі орындардың бірі – Сыр бойында орналасқан Түмен әулие кесенесі. Бұл тек діни тәу етер орын ғана емес, қазақтың имандылыққа, адалдық пен тектілікке негізделген ұлы ұстанымдарының көрінісі.
Түмен әулие – тек аңыз бен әфсананың кейіпкері ғана емес, халқымен біте қайнасқан, елдің ар-намысы мен діні үшін өмірін арнаған тарихи тұлға. Оның есімі ғасырдан ғасырға аманат ретінде жетіп келеді. Бірақ қазіргі ұрпақ Түмен әулие туралы не біледі? Оның өнегесі бізге не айтады?
Ерекше қасиетке, киеге ие болған жандар өз қалауымен, саналы түрде дін жолына түсетіні туралы көп айтылады. Ал Түмен әулиені аруақтар өздері қамқорлығына алыпты. Қазақ дүниетанымында «аруақ» деген де ұғым бар. Аруақ – қазақтың бірінші сүйеніші, қысылғанда – қолдаушысы, тарыққанда – демеушісі, жалғыздықта жебеушісі ретінде таныс. Қазақ ең әуелі аруаққа жақпас қылық істеуден қорқады. Өйткені аруақты ата-бабамыздың рухы деп танимыз. «Алла атқан – оңалар, аруақ атқан – оңалмас», «Алла кешіргенді аруақ кешірмейді» деген мақал – соның дәлелі.
Түмен әулие 5-6 жасында өзі қатарлас балалармен бірге асыр салып ойнап жүргенде қатты жел тұрып, айнала ақ түтектеніп ешнәрсе көрінбей қалады. Әп-сәтте ел не істерін білмей улап-шулайды. Сол ойнап жүрген бір топ баланың ішінен кішкентай Түменді жел көз ілеспес жылдамдықпен жоғары көтеріп ала кетеді.
Түмен әулиенің әкесі Қаражігіттен Бейбіт, Түрке, Түмен атты үш ұл дүниеге келген. Ал анасы Кіші жүздің пірі атанған Мүсірәлі сопы Әзиздің кіші баласы Қасымқожа әулиенің қызы болған.
Мүсірәлі Жәдікұлы – үш жүзге пір болып, жеті өлікке жан бітірген және садақадан, өзінің жинаған қаражатына ел ішінде көшпелі мектеп, мешіт аштырып, балалардың сауатын аштыруға ықпал еткен танымал тұлға. Кейбір зерттеулерде сопы Әзиз Мүсірәлі қожа деп те аталады. Ол 1639-1721 жылдар аралығында өмір сүрген. Ол Тәуке ханның «Жеті жарғысына» қосымша мұсылманшылық қағидасын жазып, халық арасында таралуына ықпал еткен адам. Мүсірәлі сопы туралы түрлі аңыздар, хикаяттар көп. Түркімендегі жоғары діни оқу орнында білім алып жүргенінде Төле би, Қазыбек би, Әйтеке би ел аралап, пір болатын бала іздейді. Ғұлама ұстаз Мүсірәлі сопы Әзизді лайық деп табатынын, екі рет сынағынан сүрінбей өткенін айтады. Айтқандай ақтық сайыста Мүсірәлі өз білімін көрсетіп, пір атанады. Мүсірәлі баба өмірінің қырық жылында Тәукеден Абылайға дейін Пір- бас уәзір болған деседі. Әбілқайыр хан әулиені өмірінің соңына дейін сыйлап, алдынан кесе-көлденең өтпеген деген мәлімет тарихта бар.
Мүсірәлі әулиеден бата алып, жорыққа аттанған сарбаздар жеңіспен оралатын болған. Бірде жеңіспен келе жатқан қазақ сарбаздары Жейхун мен Сейхунның қосылып, буырқанып ағып жатқан кезінде арғы бетке өте алмай қатты қиналады. Сол кезде пірі Мүсірәліден көмек сұрап, сыйынады. Бұрқырап жатқан дария екіге бөлініп, әскер өтетін жол ашылған көрінеді. Бүкіл мал-жан аман өткеннен кейін дария бастапқы қалпына қайта түскен дейді. Әулиенің көріпкелдігі, пірадарлығы да өте ерекше болған.
Түмен әулиенің арғы нағашы атасы да, анасының әкесі де әулие адамдар екен. Сол кісілерден келген кие Түмен әулиені де ел арасында өте сыйлы адам етті. Ерекше қасиеті үлкен ағасының немересі Елеуұлы Мұсаға қонған деседі. Мұса ел ішінде бақсы атағымен танылған. Ол ұстамалы науқастарға қара құстай шүйлігіп, аз күннің ішінде жазып жіберетін болған.
Адастырушы ақпараттың тасқыны салдарынан қазір жастар ғана емес, аға буын өкілдерінің өзі рухани ұғымдардың дәстүрлі мағынасынан көз жазып қалған кезеңде Түмен әулие сынды ерекше жандардың өмір жолын, қасиеті мен киесінің ерекшелігін зерттеу арқылы қызығушылық танытқандарға шынайы танымдық білім беру маңызды деп білеміз. Қазақ дүниетанымында тылсым дүниеге сену, илану бар.
Мұндай жағдайда халықтың санасын оятып, тарихи тұлғалардың өмірін зерттеу және олардың қасиеттерін ашып көрсету аса маңызды.
Ерзат СӘРСЕНБАЙ,
Ғ.Мұратбаев атындағы №171 орта мектептің
11-сынып оқушысы





