Түзеу мекемесіндегі тіршілік

652

0

Облыста «Қылмыстық-атқару жүйесі департаменті» деп аталатын құзырлы орын бар. Жалпақ жұртқа аты түсініксіздеу көрінетіні рас. Бірақ өңірдегі түрме дейтін түзеу мекемелері осы департаментке тікелей бағынышты. Иә, аталған департаментке 3 түзеу мекемесі мен 9 пробация қызметі қарайды. Ал осы мекемелерде 1000-ға жуық сотталған  жазасын өтеуде.

Ең бастысы, бізде қылмыстық-атқару жүйесін дамытудың 2019-2023 жылдарға арналған «Жол картасы» бар. Осының шеңберінде облыс бойынша ауқымды жұмыс атқарылып келеді. Аймақтағы түзеу мекемелерінде сотталғандардың құқықтық жағдайын жақсартуға, цифрландыру және жүйенің ашықтығына бағытталған бірқатар қадамдар жасалған. Соның бірі – жуырда тергеу изоляторы мен түзеу мекемелеріндегі  сотталғандардың арыз-шағымдарын, өтініштерін саусақ таңбасының көмегімен өкілетті органға жөнелтетін электронды терминалдар орнатылды. Осы арқылы сотталған немесе айыпталушы өзінің жеке ісі бойынша тікелей сотқа, прокуратураға және сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметке арыз-шағымын жолдай алады. Сондай-ақ түзеу мекемесіндегі әрбір қызметкер бейнетіркегіш құрылғысымен қамтамасыз етілген.

Екіншіден, сотталғандар туыстарымен үнемі байланыста болу үшін мобильді мүмкіндік қалыптасқан. Департаментке қарасты ЗК-169/5 мекемесінде таксофон арқылы сөйлесуге арналған пин-кодтарды жедел жеткізу жүйесі «Zona-telecom» орнатылды. Бұл жоба халықаралық түрме реформасының Орталық Азиядағы өңірлік өкілдігінің қолдауымен және ҚР ІІМ ҚАЖ комитетінің келісімімен жүзеге асып отыр. Жүйенің тиімділігі сол, сотталушының туған-туыстары телефон шалу үшін онлайн төлем жасайды. Түбіртекте сотталғанның аты-жөні көрсетіледі.

Үшіншіден, қазір жазасын өтеп жатқан азаматтарға өздеріне қажетті тауарларды сатып алу үшін электронды дүкендер қолға алынған.

Төртіншіден, бостандықта жүргендердей емес, түзеу мекемесіндегілер медициналық көмекті кепілдендіру бойынша тегін алады. Мұндағы медицина бөлімі ҚР Үкіметінің бірқатар қаулысы және бұйрығымен, оның ішінде негізгі салаға қатысты «Бас бостандығы шектеулі, сондай-ақ, сот үкімі бойынша жазасын бас бостандығынан айыру орындарында өтеп жүрген, арнайы мекемелерге орналастырылған азаматтарға медициналық көмек көрсету қағидаларын бекіту туралы» ҚР Ішкі істер министрлігінің 2020 жылғы 28 қазандағы №745 бұйрығына сәйкес медициналық көмек көрсетіп келеді. Ол үшін департамент пен облыстық денсаулық сақтау басқармасы арасында меморандум бар. Меморандум аясында сотталғандар ақысыз медициналық тексерулер мен тегін дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етіледі. Кейбір жұқпалы аурудың алдын алу мақсатында облыстық ЖИТС-ке қарсы орталығы, тері-венерологиялық аурулары диспансері, фтизиопульмонологиялық орталығымен жылдық жоспар жасалған. Жыл сайын міндетті медициналық профилактикалық шаралар қабылдап, 35 жастан асқан жазасын өтеушілер ЭКГ аппаратына түсіп, 6 ай сайын флюорографиялық тексерістен өтіп тұрады. Кейде ота жасау жағдайы тіркеліп, дер кезінде көмек көрсетіледі. Мұнымен қоса денсаулығына байланысты мүмкіндігі шектеулі азаматтар да есепке алынып отырады.

Бесіншіден, сотталғандардың тамақтануы ҚР Үкіметінің 28.11.2014 жылғы №1255 қаулысының №5 нормасымен жүзеге асырылуда.

Мекеме асханасы барлық қажетті жабдықтармен қамтамасыз етілген, тап-таза, санитарлық-эпидемиологиялық нормалар сақталған.

Мекемеге жазасын өтеуге жіберілген әрбір сотталғанға келген күннен бастап төсек-жабдық, гигиеналық заттар беріледі. Жеткізушілерден өнімдерді сатып алу конкурстық негізде жүзеге асуда. Сондай-ақ азық-түлік тауарлары сапалы сертификаттармен келеді.

Облыстағы тергеу изоляторы мен ЗК-169/5 мекемесіндегі әр камерада теледидар бар. Жазасын өтеушілер белгілі бір уақыт шектеуімен елдегі жаңалықтарды тыңдап, танымдық бағдарламаларды көреді. Кітапхана тұрақты жұмыс істеп тұр.

− Тағы бір айта кетерлігі, бүгінде облыс бойынша ҚАЖ (қылмыстық-атқару жүйесі) департаментінің түзеу мекемелеріндегі 633 сотталғанды 38 жеке кәсіпкер жұмыспен қамтып отыр. Онда азаматтар әк өндіру, нан цехы, газоблок, құм блоктарын өндіру, қолөнер мен аяқ киім, көрпешелер тігу, кірпіш өндірісі, пластик терезелер шығару, жалюзи дайындау, автокөліктерді жөндеу, жұмсақ жиһаз даярлаумен айналысады. Бұдан өзге орта білімі жоқ азаматтар арнайы кешкі мектепте білім алуда. ҚР ІІМ-нің 2014 жылғы 18 тамыздағы №516 бұйрығында сотталғандарға негізгі орта, бастауыш, жалпы орта білім, техникалық және кәсіби білім алу туралы көрсетілген. Оның ішінде 30 жасқа дейінгілер орта білім алуға міндетті. 2021-2022 оқу жылында 28 жазасын өтеуші орта білім алуға өтініш беріп, оларға кешкі мектеп мұғалімдері офлайн форматта білім берді.  Мұның барлығы – аяқтарын шалыс басқан жандарды түзу жолға қойып, бостандықта өз жолын табуға мүмкіндік жасау, − дейді облыстық қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің бастығы, әділет подполковнигі Шаймерден Есенкелдиев.

Оның айтуынша, ЗК-169/5 мекемесімен келісім-шарт негізінде Қызылорда политехникалық колледжі мен Қызылорда құрылыс және бизнес колледжі жұмыс істейді. Осының негізінде былтыр оқу жылында «тігінші», «ағаш ұстасы», «электр және газбен дәнекерлеуші» мамандықтары бойынша 70 сотталушы оқып, диплом алған. Осы колледждерде биыл 39 азамат «Ағаш ұстасы және паркет жұмыстарының шебері», «Құрылыс және әрлеу жұмыстары» мамандықтары бойынша 10 ай білім алса, 25-і  «Техник-механик» мамандығы бойынша 1 жыл 10 ай оқитын болады. Мамандық бойынша диплом алғандар жаза мерзімі аяқталғанша осы мекемеде жұмысқа орналасып, жалақы алып, қылмыспен келтірген шығындарын өтеуге де мүмкіндік беріліп отыр.

Айта кету керек, облыс бойынша ҚАЖ департаменті мекемелерінен  Рақымшылық жасау туралы заң 80 сотталғанға қолданылған. Оның ішінде 45 азамат абақтыдан босатылса, 34 сотталушының жаза мерзімдері қысқарыпты. Ал бір азаматтың өтініші сотпен қанағаттандырусыз қалдырылғанға ұқсайды.

Ержан ҚОЖАС,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<