«Тұман болған жоқ»: Иран Президентінің тікұшағы не үшін құлағаны белгілі болды

303

0

Фото: WANA агенттігі

Иран Президенті әкімшілігінің басшысы Ролам Хусейн Эсмаили ел Президенті Раиси мінген тікұшақпен қатарласа ұшқан әуе кемесінде болған.

Ол қайғылы оқиғаға қатысты тың мән-жайды айтып берді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайтының тілшісі.

Оның айтуынша, тікұшақтар әуеге көтерілген күні – дүйсенбіде күн райы өте қолайлы болған. Дегенмен, тікұшақ ұшқаннан соң шамамен 1,5 сағатта Шығыс Әзербайжан өлкесіндегі Сунгун мыс кеніші шахтасына тақау тұста бұлт байқалған.

«Ұшып шыққаннан кейін 1,5 сағаттан соң Сунгун мыс кені тұсында бұлт байқалды. Тұман болған жоқ. Мүмкін шатқалдың төменгі жағында тұман болған да шығар. Алайда біздің ұшу траекториямызда тұман болған емес. Бұлт тікұшақтан біршама жоғары болды. Президент мінген тікұшақтың ұшқышы командир ретінде бізге жоғары көтеріліп, бұлттардың үстімен ұшуды жалғастыруға нұсқау берді», – деді Эсмаили.

Әкімшілік басшысының сөзіне қарағанда, тікұшақ бұлттардың үстімен 30 секунд ұшқан кезде Президент мінген әуе кемесі көзден таса болған. Ал қатарласып келе жатқан тікұшақ ұшқышы президенттік тікұшақ қонуға мәжбүр болды деп болжам жасап, сол ауданды бірнеше рет шолып шыққан. 1,5 минут бойы ешқандай байланыс болмаған. Сол кезде ғана президенттік Bell 212 тікұшағының апатқа ұшырау мүмкіндігіне қатысты болжам жасалып, Эсмаили мінген әуе кемесі Сунгун кеніші тұсына қонған.

«Маған тікұшақтың апатқа ұшырауы мүмкін екендігін айтты. Өйткені, 1,5 минут бойы байланысқа шыға алмадық. Ұшағымыз бірнеше рет айнала ұшып, радиобайланыс орната алмады. 30 секундтан кейін Сунгун шахтасына қондық», – деп мәлімдеді Иран Президенті әкімшілігінің басшысы.

Президент кеңсесінің басшысы тікұшақ қонғаннан кейін де апатқа ұшыраған әуе кемесі бортында болған жолаушылармен байланысқа шығуға тырысқанымен ешқандай жауап болмаған. Содан кейін оған капитан Мустафабидің ұялы телефонына хабарласу мүмкін болғанын, қоңырауға әл-Хашеми (Иран Жоғарғы көшбасшысының Шығыс Әзербайжандағы өкілі Сейед Мохаммед Әли әл-Хашеми) жауап бергенін жеткізген. Әл-Хашеми шатқалға құлап кеткенін айтқан. Бірақ, не болғаны жайлы айта алмаған.

«Өзімді жайсыз сезініп тұрмын. Не болғанын білмеймін. Ағаштардың астындамын, ешкімді көріп тұрған жоқпын, жалғызбын», – деп жауап берген қоңырауға әл-Хашеми.

Оның сөзінен президенттік Bell 212 тікұшағының құлағаны белгілі болған. Имам мерт болғанға дейін бірнеше сағат байланысқа шығып отырған. Сәл кейінірек, тікұшақ жолаушылары мен экипаж мүшелері бірден, ал әл-Хашеми бірнеше сағаттан кейін қаза тапқаны анықталды. Жарылыс дауысы естілмеген, қызыл жалын, түтін байқалмаған.

Эсмаилидің айтуынша, сағат 15:30-ға дейін ауа райы ұшақтың ұшуына қолайлы болған.

«Бұлтты шатқалдардың бірінен әрі өте шектеулі аймақтан ғана байқадық. Сондықтан да ол ұшуға кедергі фактор болғанын не болмағандығын айта алмаймын», – деді Эсмаили.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<