«Тұмар» – өнеркәсіпті дамытудағы тың жоба

99

0

Өңірде шағын және орта бизнесті дамыту бағытында атқарылып жатқан жұмыстар ауқымды. Соның бірі – «Тұмар» шағын өнеркәсіп аймағы. Нысан жақында ашылып, кәсіпкерлер игілігіне берілді. Жоба құны 526 миллион теңге. Жалпы бұл жоба өткен жылдан бері Өнеркәсіп және құрылыс министрлігімен бірлесіп, өңірлерде шағын өнеркәсіптік аймақтар құру мақсатында жүзеге асуда. Шағын өнеркәсіптік парк – жалға алушы кәсіпорындардың өндірістік қызметін жүзеге асыруына барлық жағдай жасалған арнайы аймақ. Мұнда қажетті инфрақұрылым, инженерлік желілер, өндірістік, қойма және әкімшілік ғимараттар толық қарастырылған.

 Осы орайда «Тұмар» ЖК басшысы Жібек Мұхимова өндіріс аймағының жұмысын көрсетті.

– Бұл жер шағын өнеркәсіп аймағы деп аталады. Мемлекеттік бағдарлама аясында жүзеге асырылды. Шағын өндірісті дамыту мақсатында кә­сіп­керлерге төменгі 2,5-3 пайыз ара­лығында несие берілді. Мәселен біз жобаны 526 млн теңгеге салсақ, оның 426 млн теңгесі кредит есебінен. Қал­ған қаражаты өзімізден. Мұндағы негізгі мақсат – өндірісті дамыту. Ке­зінде мораторийге байланысты көп­теген кәсіп иелері жұмысын үйден жүргізді. Енді оның уақыты бітіп, тамақ өндірісіне байланысты ашылған кәсіп санитарлық талапқа сай болу керектігіне орай осы аймақ ашылды. Үйден жұмыс істейтін кәсіпкерлер көбіне сертификат ала алмайтын.

Бұл бағдарламаның бір талабы – салған кәсіпкер 20 пайызын ғана пайдалана алады. Қалған  орындарды басқа кәсіпкерлерге жалға беруі ке­рек. Бұл дегеніміз – кәсіпкерлерге ба­рынша қолайлы жағдай жасау. Әр цехтың аумағы бекітілген. Келешекте кәсібі кеңейіп жатса, өз алдына бө­лек шығуына да болады.

Қазіргі таң­да мұнда 8 цех орна­ласқан. Ал мына кафеде осында шы­ға­рылған өнім­дер қойылады. Оны енді іске қоса­мыз. Олар шұжық, сүт өнімдері, жарты­лай дайын өнім шығаратын үш цех, кондитер өнімін шығаратын, мектеп және түрлі орын­дарға тағам дайын­дайтын, нан өнім­дерін пісіретін цех. Бұл кәсіп­кер­лердің бәрі де бұрыннан жұмыс істеп келе жатқандар. Жаңа кәсіп бас­таушылар жоқ. Өздерінің тұ­рақ­ты тұтынушылары да бар. Бүгінде олар жеткізу қызметімен жұмыс іс­теуде. Жанымызда «Сырдария» ком­му­налдық базары бар. Өнімдерін сон­да да өткізеді. Сондай-ақ қала ор­та­лығындағы дүкендерге де жет­кізуде. Бұдан бөлек цех ашқан кәсіпкерлерге тағы да бір мүмкіндік берілді. Осы жоба ашылғаннан кейін кәсіпкерлерге соңғы үлгідегі құрал-жабдық алу үшін «Қызылорда» өңір­лік инвестициялық орталығы мен об­лыс әкімдігі тарапынан келісімшарт жасалып, төмендетілген несие берілді. Жалпы бізге жасалып жатқан қолдау мен мүмкіндік мол. Соны тиімді жүзеге асырудамыз. Кәсіпкерлердің ісі бір жолға қойылып кеткенше ба­рынша тиімді мүмкіндіктерді қарас­тырып отыр, – дейді ол.

Жібек мұнда сүт өнімдерін шыға­ратын цех ашқан. Күніне 2 тонна таза, табиғи сүт алады.

– Біз жұмысты 2015 жылы бас­тадық. Сүт өнімін өндіруді қолға ал­дық. Қаладағы «Балқаймақ» дүкенінің иесімін. Бастапқы кезде сүт өнімдерін дайындайтын цех ашуды көздеген едік. Жоба жайында білгеннен кейін неге іске асырып көр­меске деген ой келді. Қазір нәтижесі жаман емес. Жалпы сүт өнімімен жұ­мыс істеу өте қиын. Бұл бағытта көп ізденуге тура келді. Тіпті Германия сынды шетелдерге де барып қайттым. Ондағы білікті мамандар үлкен зауыт ашудың қажеті жоқ екенін айтады. Әлемге танымал брендтердің өзі шағын цехта шығарылатынына көз жет­кіздім. Мәселен, біздің елде Ке­ңес үкіметі кезінен келе жатқан ірі ба­лық зауыттары бар. Бірақ жұмыс бір бөлігінде ғана атқарылады. Соны ескере келе мұндай шағын өндірістік аймақтың тиімділігі жоғары екенін түсіндім. Шағын цехтың өзінен мол өнім шығаруға болады. Жалға алу қызметі де көңілге қонымды. Қазір мұндағы кәсіпкерлердің жалдау ақы­сы 190-290 мың теңге аралығында. Оған қоса коммуналдық төлемдері де бар. Көріп тұрғандарыңыздай, цех­тар толық іске қосылды. Өнімін шы­ға­рып, кәсіптерін айналдырып отыр. Ал мынау біздің цех. Ондағы техно­логияның бәрі де Түркиядан әкелінген. Сүт құйылғаннан бастап пісіріледі, суытылады, ұйытылады, осы процес­тің бәрін де техника атқарады. Қыз­меткер оны қанша градуста пісіп жат­қанын бақылайды. Содан кейін құ­рыл­ғылардың тазалығына ерекше мән беріледі. Жақсылап тазартылмаса сүт ашып кетеді. Қазір мұнда айран, қатық, сүзбе, көже, май өндіріледі. Дайын өнімді сақтауға арналған орын, бәрі де қарастырылған. Құйылған құ­тыларды блоктау құрылғысы да дайын, – дейді ол.

Ғимарат аумағы 2 мың шаршы метр, 8 цехтан бөлек бос па­вильон­дар бар. Онда төмен бағада сата­тын орын ашылмақ. Жоғары бө­лігінде кеңселер орналасқан. Сон­дай-ақ Жі­бектің айтуынша, мұнда маман тап­шылығы байқалады. Тамақ өнер­кәсібі болғандықтан, аспаз, нау­байхана­шы, техникалық қызмет­кер­лер іздес­тірі­луде. Оларға қойы­ла­тын талап та қиын емес. Тек өз ісін мең­герсе жет­кілікті екен.

Өндірістік аймақтың ішін аралап, толық танысып шыққаннан кейін цех­тардың жұмысын көрдік.

Жеке кәсіпкер Айжан Сәрсенбаева алғашында шұжықты үй жағдайында дайындап отбасында ғана қолданған. Кейін жақындары тұтынып көріп тап­сырыс бере бастапты. Күн санап тапсырыс көлемі ұлғайып, кәсіпке айналдыруға бекініпті.

Ол кәсіп бастаймын дегендерге мем­лекет тарапынан қолдау көп екенін жеткізді. Соны өзі де кәдеге жаратты. Нәтижесінде ісі алға жылжып келе­ді. Арнайы өндірістік аймақтан цех аш­ты. Төмен пайызбен несие алып,  ішін заманауи технологиямен жаб­дық­тады.

– Кәсіпті бастағаныма бір жыл бол­ды. Бастапқыда үйден жұмыс істе­дім. Кейін әкімдіктен осы орталық жа­йында естідім. Сөйтіп цехты осында аштым. Заманауи құрал-жабдық алу үшін «Қызылорда» өңірлік инвес­ти­циялық орталығы арқылы жеңіл­де­тілген несие алдым. Қаржы көле­мі 20 млн теңге. Қаражатқа мұн­дағы бар­лық құрылғыны сатып ал­дым. Мә­селен, мына камера әзірге біздің қала­да жоқ. Мен алғаш қолдану­шы­лар­дың бірімін. Бағасы да қымбат. Ресейден алдырттық. Оның тиімділігі 3 сағаттың ішінде шұжықты дайын­дайды. Үш түрін. Кептіреді, пісіреді және ыстайды. Сондай-ақ бір салғанда 100 келі шұжық кетеді. Ал өнім 100 пайыз жылқы етінен дайындалады. Келісі 8000 теңгеден саудалануда. Оған тек қазы майын ғана қосамыз. Сон­дықтан дәмі тіл үйіреді. Бір жағы­нан таза, табиғи өнім. Құрамына түр­лі дәмдеуіш қосамыз. Жасалу жолы өте қиын. Жілікке бөліп, тек таза етін аламыз. Бұл жұмысты ер-аза­маттар атқарады. Етті тартқыштан өткізіп, шұжықтың 5-6 түрін саудаға шығарамыз, – дейді ол.

Кәсіпкердің айтуынша, көбіне тап­сырыс әлеуметтік желідегі парақша­дан түседі. Сол себепті оны белсенді жүр­гізеді. Қаладағы бірнеше дүкен де  тұрақты тұтынушыға айналыпты. Цех үздіксіз жұмыс істейді. Тапсырыс та қабылдайды, онда 3 адам тұрақты ең­бек етеді. Шұжықтан бөлек ыс­тал­ған құйрық май, қазы, қарта, жал-жая және ысталған тауық, үйрек етін де дайындайды. Алдағы уақыт­та ба­лық­тың да ысталған түрін шығармақ.

 – Осы кәсіпке қызығып бастағанда көп іздендім. Ақтауда шұжықты қол­дан жасайтындар көп. Білікті техно­лог маманның тәжірибесін көріп, бі­раз дүние үйреніп қайттым. Олар бұл кәсіпті бастау үшін Ресейге ар­найы барып, оқыған. Ұлттық тағам етті асқан кезде ысталған қазы, етті қосуды да үйреніп жүрмін. Мұны өзге өңірде қолдануда. Халықтан қандай өнімге сұраныс түседі соны жасауға тырысамыз, – дейді ол.

Бала күнінен ас пісіруге епті болған Әйгерім Әбіл де кәсібін үй жағдайында бастаған. Шағын ас бөлмесінен бастау алған ісі жанданып, бүгінде «Тұмар» өнеркәсіптік аймағынан жеке цехын ашты.

– Бастапқы кезде тағамның бір­неше түрін ғана пісірдім. Кейін тұтыну­шы­ларға ұнап, тапсырыс көлемі ұлғайды. Есіктің алдында жаздық үйге көшіп, сонда жалғастырдым. Алғашқыда 10 ыдыс, кейін 60-70 ыдысқа дейін да­йын­дадым. Сол жағалаудағы шағын өндірістік аймақ құрылғанда цехты осында ашуды көздедім. Құрал-жаб­дық алу үшін «Қызылорда» өңірлік инвестициялық орталығы арқылы жыл­дық 3 пайыздық жеңілдетілген несиемен 18 млн теңге алдым. Оған  Шымкенттен мұздатқыштың бірнеше түрін, германиялық пеш, еттартқыш сынды құрылғылар алдық. Жартылай дайын өнімді әзірлеуге қажетті барлық затымыз бар. Ұн, ет сынды шикізатты жергілікті кәсіпкерлерден аламыз. Дайын тағамды бірнеше ме­кемеге тұрақты өткіземіз. Баға тиімді. Жартылай дайын өнімге де сұраныс жоғары, – дейді кәсіпкер.

Ол алдағы уақытта асхана желісін, дүкен ашуды көздейді. Сондай-ақ түрлі ұлттық тағам түрлерін ұсынбақ. Ірі көлемдегі тапсырысты орындауға мүмкіндігі мол екенін  айтқан кәсіпкер  сауда орталықтарымен де бірлесіп жұмыс істеуге дайын. Қазір мұнда 6 адам еңбек етуде. Кейде тапсырыс артып жатса, қосымша жұмыс күшін де тартады екен. Жеткізу қызметі де қарастырылған. Белгілі мөлшерден ас­са, көлікпен тегін жеткізіп береді. Та­ғамның барлық түрінің бағасы 1000-1300 теңге аралығында.

Жеке кәсіпкер Жаннұр Момыш жаңа өнеркәсіп аймағы­нан екінші це­хын ашыпты. Үш жыл бұрын үй шаруасында болған ол түрлі тағам дайындағанды ұнататын. Бірақ кәсібін ашу үшін қаражаты жеткіліксіз болды. Ойын жолдасына айтқан еді, ол қолдау білдірді. Мұздатқыш сатып алды. Қолдан манты, тұшпара түйіп сатты.

– Ең бірінші тұтынушыларым көр­ші-қолаң, жақын туыстарым бол­ды. Оларға өнім ұнап, өзгелерден де тапсырыс түсе бастады. Одан әрі ізденіп, интернеттен шұжықтың жаса­лу жол­дарын үйрендім. Тіпті осы өнімді өндіріп жатқандардан са­бақ алдым. Жартылай дайын өнім­нен бөлек, шұжық түрлерін де сатуға шы­ғардым. 2023 жылы кәсіпкер ретінде тіркеліп, облыс орталы­ғынан шағын нысан алып, цех аштым. Қажетті құ­ралдарын алу үшін мем­лекеттік қол­дауға жүгіндім. Жеңіл­детілген несие алып, «Тау-дай бол» брендін қалып­тастырдым. Ет өнімдерін жергілікті шаруалардан алдырамын. Сапасына ерекше мән беремін. Бүгінде біздің жар­тылай дайын өнімдер мен шұжық­тар өңірдегі 16 дүкенге жеткізіледі, – дейді ол.

Жақында «Тұмар» шағын өнеркә­сіптік аймағынан цех ашты. Өңірлік инвестициялық орталық арқылы же­ңілдетілген несие алуға болатынын білді.

– Бұл тағы бір мүмкіндікке жол ашты. Мен ісімді бастағалы мемле­кет­тің қолдауын сезініп келемін. Өңір­лік инвестициялық орталықтан 3 пайызбен несие алдым. Осылайша екінші цех іске қосылды. Қазір қара­мағымда 11 адам жұмыс істейді. Ай­лық 150 мыңнан жоғары. Алда кәсі­бімізді дамыту үшін дүкен ашу сынды тағы бірнеше жоспар бар, – дейді ол.

Бағамдап қарайтын болсақ, шағын бизнес өкілдерінің цех пен өндірістік ғимарат салуға мүмкіндіктері бола бермейді. Ал шағын индустриялық аумақтың қатысушылары кәсіпкер­лерге қолдау білдіретін құрылым­дар­дан кеңестік-құқықтық көмек, бизнес-инкубатор аясында оқу, өнімді сатуға көмек, жобаларды маркетингтік зерт­теу, ақпараттық және сараптамалық ресурстарға қол жеткізу тәрізді қыз­меттің барлық түрін алады. Бұл жо­баның ерекшелігі – дамыған инфра­құрылымы бар дайын орындар. Мұ­ның бәрі кәсіпкерлерді уақыт пен қаржы шығындаудан босататынына көз жеткіздік. Сондай-ақ мұндай же­ңілдіктер өндірісті ұлғайтуға, жер­гі­лікті нарықты сапалы өніммен қам­туға жол ашады.

Жаңа аймақтың тек экономикалық емес, әлеуметтік маңы­зы да зор. Тұр­ғындар сапалы өнім тұ­тынады, шағын және орта кәсіп­керліктің дамуына ық­пал етеді, салық базасын ұлғайтып, өңір бюд­жетін ны­ғайтады және өн­дірістік инфра­құ­рылым дамиды.

Сол себепті «Тұмар» шағын өнер­кәсіп аймағы – өндірісті дамы­туға арналған тың жоба. Оның іске асырылуы халықтың әлеуметтік жағ­дайына да оң әсер етеді. 

Сара АДАЙБАЕВА,

«Сыр бойы».

Суреттерді түсірген

Нұрболат НҰРЖАУБАЙ