Қызылордалық Нұржан Жұмабек былтыр облыс орталығындағы «Наурыз» шағын ауданынан жер алған еді. Ендігі ойы – осында үй салу. Іргетасын құйып, сыртын әлдеқашан қоршап қойды. Көшеттер көктеп тұр. Бұрын бала-шағасымен тұрып келген көпқабатты үйдегі екі бөлмелі пәтері 11,5 млн теңгеге өтті. Алайда, аттай қалап алған жерінен бабы келіскен баспана соғуға ол аз. Аз дегеніміз бер жағы.
– Базарға барып, құрылыс материалдары бағасының шет жағасын барлап қайттым. Удай қымбат. Өзбектер бригадасы арзанға түсе ме десем, олардың да құны шарықтап кетіпті. Үйдің кірпішін өріп, шатырын жабудың өзіне 4 млн сұрап тұр. Қалған жұмысына қалай ақша жеткізем деп басым қатып кетті, – дейді қала тұрғыны.
Кейіпкеріміз сияқты талай адамның көңіл-күйін базардағы баға бұзғалы қашан?! Жұрт онсыз да айлық жалақысының жартысымен несие жауып, келесі айлыққа әупірімдеп жетіп жүргенде қымбатшылықтың «жұдырығы» қатты, әйтеуір. Мұндайда «квартиранттардың» тиыннан тиын құрап, үй алатын да, салатын да шамасы жоқ. Әлде олар да ақын Қасым құсап «Қойдым енді, сірә, мен үй алмаспын, Үйім жоқ деп ешкімнен ұялмаспын» деп үміт үзе бермек пе?! Орыс классигі Михаил Булгаков: «Квартирный вопрос испортил москвичей» дейді. Мағынасы біздің «Сананы тұрмыс билейдіге» саяды-ау. Айтпағымыз, қымбатшылық қарапайым қазаққа ауыр соққы болып тұр.
Экономист Мақсат Халық «Baq.kz» сайтының тілшісімен сұхбатында баспана бағасын қалыпқа келтірудегі Үкіметтің басты қадамы – құрылыс материалдардың құнын реттеу екенін көрсетіпті.
– Зейнетақы жинағын үй алу үшін пайдалану мүмкіндігі берілгелі қымбатшылық үдей түсті. Соңғы мәліметке сүйенсек, осы күні баға белгілі бір деңгейде тұрақталған. Бірақ бұдан баға енді түспейді. Өйткені тұрғын үйлердің жабдықтаушысы ретінде құрылыс материалдарының бағасы шарықтап кетті. Бұл жағы қадағалаусыз қалды, – дейді ол.
Экономист сөзіне energyprom.kz дерегі дәлел. 2021 жылғы сәуір қорытындысынан кәсіпорындарда өндірілген құрылыс материалдарының жылдық өсімі – 21,4, ал бір жыл бұрын 0,3 процент болғанын көреміз. Халық сатып алған бөлігінің жылдық өсімі – 7,5 процент. Қымбатшылық, әсіресе, Шымкентте, Павлодар (4,2 процент) мен Маңғыстау облыстарында (18,6 процент) қатты байқалды.
Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі жыл басында құрылыс материалдары нарығын 24 позицияда талдады. Отандық өндірушілер соның тек 10-ы бойынша ішкі нарық қажеттілігін толық қамтамасыз етіп отыр. Олар – темір-бетон, бетон, құрғақ қоспа, лак бояуы, керамикалық кірпіш, силикат кірпіш, бетоннан жасалған ұялы блоктар, ішкі есік, болат есік блоктары, шыны өндірісі. Кәсіпорындардың 11 позиция бойынша сұранысты өтеу көрсеткіші – 50 процент. Ал линолеум, түсқағаз бен санитарлық фаянсты сырттан тасуға мәжбүрміз.
Қызылордалық Әуесбаевтар отбасы үй салудың машақатын бір кісідей біледі. Тырбанып жүріп соққан тамға жақында жайғасты. Шығынды есептегенде «шашымның түгі жетпейді» деп ойлаған. «Көз – қорқақ, қол – батыр». Бірді бірге жалғап жүріп іс те бітті.
– Әуелі қаланың шетінде «времянкамыз» болды. Алты жылда несиесін жаптық. Азды-көпті жинағанымыз бар еді. Соған он сотық жер алдық. Келіншегім екеумізге еңбек демалысы үшін берілген ақы есебінен шаруаға кірісіп кеттік. Шатырлауға келгенде ақша жетпеді. Осы кезде тұрып жатқан «времянкамызды» саттық. Соның бір бөлігін қалған жұмысына жұмсап, газ, су кіргіздік. «Там салғанның тамтығы қалмайды». Жаңа, жайлы қоныста қиындық ұмытылады. Шүкір, қазір үйдің ішін жиһаздан бұрын жанға толтырып отырмыз, – дейді Дәулет Әуесбаев.
«Тарта жесең, тай қалар, қоя жесең, қой қалар». Қазақ даналығын қанат қып жалғаған кейіпкеріміз ақшаны басы артық нәрсеге жұмсамай, депозитте жинауға кеңес береді. Ол үшін Отбасы банкі ұсынған мүмкіндік көп. Бүгінде облыстағы банк салымшыларының саны 60 мың шамалас. Бірақ соның 54,5 проценті ғана белсенді. Белсенділікті банк филиалының бөлім басшысы Айжан Аралбай былай түсіндірді:
– Клиентке депозитті белгілі бір сома көлемінде тұрақты түрде толтырып отыруға кеңес береміз. Баспана сатып алу немесе соған қатысты басқа да қажеттіліктің арнайы бөлігін жинау үшін әртүрлі бағдарламаның шекті мөлшері бар. Үйлі болуды армандаған адам осыған мән беруі керек.
Жұрт көбіне «Нұрлы жер», «Шаңырақ», «Бақытты отбасы» бағдарламаларына жүгінеді екен. Осының ішінде кемінде үш жыл бұрын ажырасқан, асыраушысынан айырылған, мүмкіндігі шектеулі бала бағушы, көпбалалы, толық емес отбасылардың оң жамбасына келетіні – «Бақытты отбасы». Бағдарлама бойынша былтыр 85 пәтер берілді. Ал 223 отбасыға «Нұрлы жермен» сол жағалаудан бұйырды. Баспана қаржысының тең жартысын жинаған 713 салымшы елдің кез келген бөлігінен қайталама нарықтағы немесе бұрынғы үйлерден алды.
12 сәуірде басталған «Ұмай» (әйелдер ипотекасы) бағдарламасының шарттарынан жергілікті қыз-келіншектер құлағдар болып үлгермеген сияқты. Өйткені ол бойынша баспаналы болған адам әзірге жалғыз. Бағдарлама – жалпы отбасылық табысы 320 мың теңгеден аспайтындар үшін үлкен мүмкіндік. Несиенің ең ұзақ мерзімі – 25 жыл, жылдық мөлшерлемесі – 12 процент. Тұрғын үй қарызына ауысқан кезде ол 3,5 процентке дейін төмендейді. Атыңызда үйдің бар-жоғы маңызды емес. Құны 30 млн теңгеге дейінгі пәтерлерден шертіп жүріп таңдай аласыз.
Бірақ қымбатшылық кесірінен шертіп жүріп емес, шамаң жеткенді таңдайсың. Басқа амал бар ма?!
– «Қолжетімді тұрғын үй-2020» бағдарламасы он жыл бұрын басталды. Ол кезде қаланың «Астана» шағын ауданындағы пәтерлердің бір шаршы метрі 58 мың теңгеден еді. «Ипподромға» ауысқанда 90-100 мың теңгеге бір-ақ көтерілді. Одан кейін «Арайда» – 110-120 мың, сол жағалауда 140 мың теңгеге жетті. Енді «СПМК»-дағы үйлерден беріледі. Оның бағасы орта есеппен 160 теңге шамалас, – дейді банк өкілі.
«Қолжетімдісі» атынан және пәтер көлемінен әрі аспай тұрған сияқты. Оған да сол құрылыс базарындағы бағаның бетімен кетуі. Халықтың зейнетақы қорындағы жинақ қаржысын мерзімінен бұрын ала бастауымен бірге қымбатшылық ырыққа тіпті көнбей кетті.
– Мемлекет тарапынан баға индексін реттеуге болады. Сонда нарықта шаршы метрдің объективті бағасы шығады. Қайталама нарықтағы үйді алушылар мен сатушылар дабыра туғызып, соның салдарынан баға өсіп жатыр. Бағаны ұстауға тырысқан дұрыс. Өйткені бізде жаңа үйдің де, қайта сатылатын жылжымайтын мүліктің де бағасы жоғары. Бұл мүліктің шынайы бағасына сай емес, – дейді Қазақстан жылжымайтын мүлік федерациясының президенті Ермек Мүсірепов «Азаттықтағы» сұхбатында.
Ұлттық банк 2023 жылдан бастап мемлекеттік бағдарламаларды қаржыландыруды кезең-кезеңімен тоқтатуды жоспарлап отыр. «Баспана хит» ипотекалық бағдарламасы биыл жабылуы мүмкін. Федерация президенті бұдан кейін баға қалай құбылатынын топшылапты. Айтуынша, бірінші нарықтағы жылжымайтын мүлік құны – 10, қайталама нарықта 15 процентке дейін төмендеуі ғажап емес. Бұл ипотекалық бағдарламалардың жабылуынан бөлек, зейнетақы жинағының бір бөлігін шешіп алуға қатысты дүрбелеңнің басылуына да байланысты көрінеді.
– Бұған дейін жылжымайтын мүлік бағасы өскен болатын. Енді аздап арзандауы ықтимал. Ипотекалық мөлшерлемелерді субсидиялау жөнінен бір ғана институт қалады. Онда мемлекет субсидиялайтын кредиттердің барлық желісі ұсынылады, – дейді сарапшы.
«7-20-25» бағдарламасы бойынша бүгінде шамамен 325 млрд теңге қарыз берілген. Ол 27 мыңнан астам отандасымыздың қоныс тойына түрткі болды. Бірақ бағдарлама аясында белгіленген шекті сома – 1 трлн теңге. Сондықтан жұмыс қаражат толық игерілгенге дейін созылады. Ал «Баспана хиттің» қаржы сомасы – 600 млрд теңге. Екінші деңгейлі банктер оны биыл толық игеруге ықыласты. «Баспана хит» бағдарламасына ұқсас несие талаптары да дайын.
Мың құбылған тұрғын үй нарығы талай қазақстандықтың бас ауруына айналып тұр. Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі жыл басында үй кезегін сарыла күткендер саны 548 мыңға жеткенін мәлімдеді. Тізім жыл сайын 50 мыңмен толығып отыр. Сықиған цифр шынайылықтың көрінісі болмауы да мүмкін. Өйткені оның сыртында кезекке тіркелмеген, көшіп-қонып жүрген «квартиранттар» қаншама?!
Назерке САНИЯЗОВА,
«Сыр бойы»
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<