Тұтынушылық несие тиегі тағы ағытылды. Неліктен?

890

0

Әлеуметтік желілерде Алматыда болған қайғылы оқиға әлі талқыланып жатыр. Бес бірдей азамат өмірден озды. Сарапшылар бұл оқиға бүгінге дейін бүркемеленіп келе жатқан бітеу жараның бетін ашқанын айтады. Иә, талқылау жүріп жатыр. Біреулер жеке сот орындаушыларына заң талабын қатаңдату қажет екенін айтады. Екінші біреулер банктің несие беруге деген тәбетін азайту керек дегенді алға тартады. Бұл туралы пікір көп айтылуда. Халықаралық Ranking ұйымы сарапшыларының пікіріне зейін қоялық.

Қазақстанда үстіміздегі жылдың алғашқы алты айында азаматтарымыз 8,6 трлн теңге несие алыпты. Жәй салыстыру үшін айталық, бұл еліміздің жарты жылғы бюджеті. Бұл 2020 жылдың жарты жылдығымен салыстырғанда 26 процентке көп. Ал халықтың тұтынушылық несиесі осы мерзімде 5 трлн теңгені құрайды. Оның өсімі де 20 процентке жуық. Неліктен өскен?

Аздап талдау жасап көрелік. Елімізде жария түрде айтылған-айтылмағаны бар нарыққа бірнеше триллиондаған теңгенің қысым жасау үдерісі соңғы уақытта ұлғая түсті. Мемлекеттік басшы қызметкерлердің айлығы еселеп өсті. Есесіне материалдық игілік өндірушілер нәпақасы мардымсыз өсуде. Жоғары жалақының нарыққа қысым жасау есебінен тұтынушылық тауарлар бағасы өсе түсуде. Бір жағынан жалақысы көтерілген аз ғана топ пен жалпы халықтың арасындағы тұрмыс деңгейін алшақтата түсуде. Бұл енді терең талдауды, байыпты көзқарас ұстануды талап етеді.

Жоғарыда айтқан ұйым деректеріне сүйенсек, Қазақстанның несие нарығы соншалықты қуатты емес көрінеді. Елімізде жұмыс істейтін жеке тұлғалардың несиесі орташа алғанда 2,3 мың долларды құрайды екен. Бұған ипотекалық несие де кіреді. Сарапшылардың пікірінше, әлемдегі 45 ірі мемлекет арасында Қазақстан жұмыспен қамтылған бір азаматқа қарыздық қаржыландыру көлемі бойынша 41-орынға орналасыпты.

Ал Швейцарияда әлгі көрсеткіш 200 мың, Австралияда 170 мың, Норвегияда 160 мың, Францияда 66 мың, Қытайда 10 мың, Ресейде 4 мың, тіпті Арменияда 2,3 мың долларды құрайды. Демек, жұмыс істейтіндердің қатарында әлгі елдерде осыншама қаржы жан басына шаққанда несие ретінде берілген. Бұл әлемдегі жоғары қарқынмен дамыған елдердің қатарына жатады. Оларда проценттік өсім мөлшері мардымсыз. Әрі кеткенде 2-3 процентті құрайды. Қазақстан банкітеріндегі оның өсімі 20-25 процент!

Қазір әдемі сөзбен ешкімнің несиеге қатысты тәбетін тыюға болмайды. Біздің білетініміз, бұл ұзақ айықпайтын ауруға айналған. Халық несиемен өмір сүреді, несиенің қам-қарекетімен, уайымымен ұйқыға кетеді. Президент айтты, тапсырма берілді, әлеуметтік желілер шулап жатыр. Бірақ берілген несиенің деректерін алған сайын осы у-шудан дәнеңе шықпай ма деген күмәнді ойға шырмаласың.

2008 жылы АҚШ-та ипотекалық несие дағдарысы орын алды. Оның соңы көптеген адамға қандай қасірет әкелгенін жақсы білеміз. Біздегі ахуалды талдау біршама қиындық тудырады. Шамалауымыз бойынша екінші деңгейдегі банктердің үш айдан мерзімі өткен берешектер көлемі 10-12 процент құрайды. Қазақстан банктері үшін бұл түкке тұрғысыз көрсеткіш, себебі қалған 90 процентінен еселеп өсім алатын банктер әлгі оншақты процентті жұтып жібереді.

Жоғарыда айтқандай, мемлекеттік қызметшілердің жалақысы көтерілуде. Оған құқық қорғау органдары қызметкерлерінің, мұғалімдердің, дәрігерлердің өскен жалақысын қосыңыз. Бірақ олардың саны әрі кеткенде ел халқының 25-30 процентін ғана құрайды. Қалған 70 проценті қандай несібемен өмір сүреді? Бұл – енді ойланатын түйткіл.

Жолдасбек Ақсақалов,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<