«Үздік педагог» конкурсының ережелері мен өткізу мерзімі өзгермек

834

0

 «Үздік педагог» конкурсының ережелері мен өткізу мерзімі өзгеруі мүмкін. Оқу-ағарту министрлігі «Ашық» НҚА порталында жариялаған тиісті бұйрықта жаңа тәртіптер жазылған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Конкурстың І кезеңін өткізу туралы хабарландыруды білім беру саласының уәкілетті органы оны өткізу басталғанға дейін кемінде күнтізбелік 30 күн бұрын Министрліктің ақпараттық жүйесіне орналастырады. Аудан, қаланың (облыстық, республикалық маңызы бар қалалардың) білім бөлімі аудан (қала) аумағында таратылатын бұқаралық ақпарат құралдарында жариялайды, сондай-ақ бөлімнің интернет-ресурсында орналастырады», – делінген жаңа редакцияда.

Сонымен қоса, конкурстың алғашқы кезеңі биыл мамырда басталады. Бұрын педагогтерден өтінмдерді қабылдау қыркүйек айында жүргізілетін. Ал конкурстың II кезеңі тамызда, финалы қыркүйекте ұйымдастырылмақ. Ескі ереже мерзімі бойынша сайыстың қорытындысы қараша айында шығарылатын.

«25 қазан Республика күні және 5 қазан – Мұғалім күні болып енгізілуіне байланысты конкурсты өткізу датасы өзгерді. Осыған байланысты аталған нормада I кезеңді өткізу мерзімі қыркүйектен мамырға ауыстырылды», – деп түсіндірме берілген бұйрыққа.

Бұған қоса, І және ІІ кезеңдерде қатысушарды бағалау тәртібі де өзгеруі мүмкін. Атап айтқанда, енді үміткерлерге өңірлік комиссия мүшелері ұпай береді. Соның негізінде жеңімпаз анықталады.

«Өңірлік комиссия шешімінің қорытындылары бойынша 100 балдың кемінде 80 балын жинаған 10-ға дейінгі конкурсқа қатысушы конкурстың І және ІІ кезеңінің жеңімпаздары болады. Конкурстың III кезеңі ағымдағы жылғы қыркүйекте өткізіледі. Онда конкурстың жеңімпаздары анықталады», – деп жазылған өзгеріс мәтінінде.

Бұйрық 13 сәуірге дейін көпшілік талқылауда болады.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<