Өткен ғасырдың отызыншы жылдарының екінші жартысында қуғын-сүргіннің қасіретін көрген этностардың бірі – корейлер.
– Қиыр Шығыстағы халықаралық жағдайды желеу етіп, шекара аймағында орналасқан, бірнеше ауданның түпкілікті тұрғындарын 1937 жылы тамыз айында күштеп көшіргенде жеті жастағы бала едім, – деп еске алатын бұрынғы Калинин атындағы кеңшардың мал дәрігері, кейіннен партком хатшысы, жұмысшылар комитетінің төрағасы болған, ауданға танымал азамат, марқұм Ким Чан Нен.
– Тамыз айы болатын. Автоматпен қаруланған әскерилер деревнямызға баса-көктеп кірді. Үй-үйлерді жағалап, үш тәулікке азық есебін алды. Бағасына ордер беріп, «барған жерде сондай мал, дүние аласыңдар» деп, ат-арба, автокөліктерге тиеді. Жол бойындағы станцияға алып келіп, қарулы солдаттардың күшімен жолаушы вагондарға тией бастады. Баратын жеріміз белгісіз, терезеден телміріп, екі көзіміз жаутаңдап, «алдағы тағдырымыз не болады?» деп қобалжулы көңіл-күйде келе жатырмыз. Бұл жағдай әсіресе үлкен кісілердің жанына қатты батты. Біздің вагонның өзінен жастары ұлғайған, ауру-сырқау бірнеше кісі жолда көз жұмды.
Жолда бір ай жүріп, пойыз Жалағаш ауданындағы №5 жол бойы бекетіне келіп тоқтады. Бізді түсіре бастады. Жат жерге құлазыған көңіл-күймен табан тірегендерге жағдай жасап, жедел түрде орналастыруға тапсырма болу керек, жергілікті колхоздардан өгіз арбаларымен келген шаруашылық басшылары алып кетіп жатты. Осы ауданға Қиыр Шығыстағы бес колхоздың ізіндегі корейлер келдік. Карл Маркс ауылдық кеңесіне қарайтын, Мирзоян колхозының аумағында «Ащыкөл» деген жерге үш колхоздың негізіндегі ағайындар қоныс тептік. Қалған екі қолхоздың тұрғындары Қараөзек бойындағы «Серкеш», «Иіркөл» бойына орналаса бастады. Тағдырдың тәлкегіне түскен, өмір сүру үшін күрескен әкелеріміз бен аналарымыз көрші колхоздың күшімен қыс түскенше жертөле қазып, орналаса бастадық.
Бірсыпыра отбасылар қазақтың үйлерін паналадық. Кең пейілді, ақ жүректі қазақ ағайындар бізді жатырқамай жылы қабылдады. Қиын кезеңде бір үзім нанын бөліп беріп, жанымызды сақтап қалғанын қалай ұмытуға болады? – деп отыратын Шәкең ақсақал.
– Келесі жылы «Қызыл Ту» колхозындағы қазақ мектебінің бірінші сыныбына оқуға бардым. Сауатымды қазақ «Әліппесімен» аштым. Қазақ отбасында тәрбиеленіп, аузын ашса жүрегі көрінетін, ақжарқын ұлттың бір баласындай болып кеттім, – деп отыратын ағамыз.
Мен корей ағайындардың арасында туып-өсіп, тәрбиеленіп, білім алып, қалыптасуыма әсер еткен еңбекқор, өсек-аяңды білмейтін жандармен аралас-құралас болғанымды мақтаныш етемін. Берекелі дақыл – күріш өсіруді қолға алған ағайындар 3-4 жылда аудан көлеміндегі «Красный Октябрь», «Калинин», «8-март», «Приморский партизан» майда колхоздарға бірігіп, Калинин атындағы іргелі шаруашылыққа айналды. Еңбекқорлығы арқасында тасы өрге домалап, ауданға, облысқа алпысыншы жылдары республикаға белгілі үлгілі-тірек шаруашылық болды.
Кезінде аудан экономикасының өсіп-өркендеуіне сүбелі үлес қосқан колхоз құрылысының шебер ұйымдастырушылары Шегей Ен Фир, Лян Сун Ир, Пак Дон Сек, шаруашылықты ұзақ жыл басқарған Ким Яковлевич 1969 жылы екінші рет Ленин орденімен, көптеген еңбек адамдары орден-медальдармен марапатталды.
Өз ісінің майталман шеберлері, жермен, сумен, күрішпен сырласа білген диқандар ауылдың, ауданның, облыстың атын асқақтатқан еді. Дала академигі Ыбырай Жақаев пен Социалистік Еңбек Ері, шиелілік Ким Ман Сам, әріптестері күрішшілер Пак Чан Ок, Ким Чен Ир, Цой Рикс Сергеевич, Цой Радион, Ким Тимофей, Югай Чо Нам, сауыншы Пак Елена, картоптың «Жалағаш» сортының авторы Лян Сун Ир, өндіріс басшылары Ким Александр, Ким Леонид Николаевич, Цой Абрам Сергеевич, Ким Ефрем, шаруашылықтың ұзақ жылдар бас агрономы болған Ким Александр, бас мал дәрігері Цой Степан, бас инженер Ким Валентин Яковлевичтің, елуінші жылдары ауданымызға әкелінген «Дон» асылтұқымды айғырларды өндіріске енгізуші мал дәрігері және атсейіс, көкпаршы, Қиыр Шығыста ковалерист болған Ким Иванның есімдері ауыл мақтанышы еді.
Аудандағы іргелі білім ошағы №33 орта орыс мектебі соғыс жылдары асармен салынып, қабырғасынан елімізге белгілі көптеген азаматтар тәрбиеленіп шықты. Осы оқу орнын қалыптастыруда аянбай еңбек еткен, ұзақ жылдар мектеп директоры болған, мәдениетті зиялы азаматтар Ню Филип Тихонович, Шегай В.Н, Цой Николай Петрович, Ким Николай, Ан Николай Ильич, Ким Варвара Михайловнаның есімдері ауыл тұрғындарының есінде.
Бұлар бір ауылдың адамдары болса, облыс төңірегінде есімдері халыққа белгілі, ерең еңбектің үлгісін көрсетіп, халықтың сенімін, үкіметтің марапатын иеленгендер көптеп саналады. Бірлік пен татулықтың ұйытқысы, мекеме, шаруашылық, кәсіпорындарды басқарған, ғылым, білім саласында тер төккен, халық қалаулары жетерлік. Спорт, әдебиет, мәдениет, өнер саласының майталмандары бір төбе. Осы жетістіктер досқа адал, жолдастыққа сенімді, ортасына беделді, ешкімді жатсынбайтын, татулық пен бірлікті ту еткен қазақ халқының туабітті қанына сіңген қасиетінің арқасы деуге болады. Сонау қиын кезеңдерде ата-бабаларымыз барлық ұлтты кеудеден қақпай, бауырына басып туысым деп қабылдады. Заман тудырған тұрмыстағы, қоғамдық өмірдегі қиындықтарды бірге көтеріп жеңді. Нәтижесінде олар мәңгі тұрақтап, қазақ даласын құтты қонысқа, қазақ елін екінші Отанына айналдырды. Осындай құтты қоныстар облыстың Шиелі ауданында «Авангард», «Гигант», бұрынғы Тереңөзек ауданында «Контон Коммуна», Жалағаш ауданында бұрынғы Калинин атындағы ауыл, Қармақшы ауданындағы ІІІ Интернационал шаруашылықтарын айтуға болады. Олардың арасынан ерен еңбектің үлгісін көрсеткен Ким Ман Сам, Цай Ден Хак Еңбек Ері атанды. Ленин орденді Ким Яков, Хван Константин, Пак Виктор, Ким Ден Чер, дәрігерлер Тян Иосиф, Чун Сун, спорт майталманы Пак Вилорийді, т.б. айтуға болады. Мысалы, Қармақшы ауданындағы ІІІ интернационал ауылдық округі баршамызға жақсы таныс. Ауылда қазір 11 ұлт өкілі бір атаның баласындай еңбек етіп, көпке үлгі болып келеді. Ауыл тұрғыны Сартиназ Байрақтарова түрік, ал оның үлкен келіні – Айша қазақ. Жалағаш ауданы Бұқарбай батыр ауылының байырғы тұрғыны Ким Владимирдің балаларының барлығы қазақ мектебін бітірген, өзі сол ауылдың бір әулетімен еншілес болып кеткен. Жақында сол азаматтың үлкен қызы қазақ жігітіне тұрмысқа шығып, құда-жекжат болып, туыстықтары одан әрі жалғасуда. Сол ауылдың ақсақалы Мовладий Шарипов – қазақ отбасымен құдандалы- жекжат.
Қазақстан халқы ассамблеясының 20 жылдығы мерейлі жылында аудандарда этностардың басын біріктіретін, этно бағыттағы қоғамдық бірлестіктер құрылды. Қазіргі уақытта Қазалы ауданында «Бірлік-Единство», Қармақшы ауданында «Ұлт бірлігі – Қармақшы», Сырдария ауданында «Достығымыз жарасқан» Шиелі ауданында «Ұлт бірлігі», Жаңақорған ауданында «Сығанақ» атты этнобағыттағы қоғамдық бірлестіктер жұмыс жасауда. Жалағаш ауданында да мәдени этноорталық жұмыс істейді.
Аймақтағы ең көрікті, үлгі тұтарлық Нағи Ілиясов ауылына 1966 жылы қоныстанып, жергілікті ұлт өкілдерімен қойын-қолтық араласып, татулығы жарасып еңбек еткен орыс, украин, беларусь, татар, қалмақ, шешен этностарының бүгінгі ұрпағы еш жаққа көшпей, өтпелі кезеңнің қиындығын қазақтармен бірге көріп, құда-жекжатқа, туыс-бауырға айналып кеткен. Қазір сол ауылда түрлі ұлттың балалары қазақ мектебінде оқиды. Біз халық бірлігі, ұлттар мен ұлыстардың татулығы, ел тыныштығы тәуелсіздік жылдарындағы жетістігіміз деп білеміз.
Тіршілік қамымен 1980-1990 жылдары ауылдан ірге көтеріп, ТМД елдеріне, көрші облыстарға көптеген этнос өкілдері көше бастады. Дегенмен Бұқарбай батыр ауылының топырағы олар үшін ыстық та қасиетті. Сол жерде өздерінің өсіп-өркендеп, ұрпақ жалғастырғанын корей ағайындар ешуақытта естен шығармайды. Жыл сайын наурыз айының соңында корей халқының дәстүріне айналған, өмірден өткен ата-аналары мен бауырларын еске алуға арналған «Ата-аналар күнінде» ауылға келіп, бейіт басына тағзым етуі бұл ағайындардың адамгершілік пен бауырмашылдықты қастерлейтінін білдіреді.
Әділетті Қазақстанды құру жолында, қазақ елін туған жері санайтын этностар қатарында корейлер де бар.
Рысбай КӘРІМОВ,
ҚР Журналистер одағының мүшесі,
Жалағаш ауданының Құрметті азаматы
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<