Ұлт жылнамасындағы айтулы кезең

5

0

Фото: облыс әкімдігі

ҚР Премьер-министрі Олжас Бектеновтің төрағалығымен Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясының нормаларын іске асыру мәселесі талқыланған Үкімет отырысы өтті. Оған облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев селекторлық режим арқылы қатысты.

Үкімет отырысынан кейін аймақ басшысы жауапты сала басшыларына тапсырма беріп, алдағы міндеттерді айқындады.

– Биыл – еліміз үшін, өңіріміз үшін ай­рықша мәні бар, тарихи маңызды жыл. Хал­қымыз ұлт жылнамасындағы жаңа кезеңге қадам басты. Қоғамда жан-жақты тал­қы­лан­­ған жаңа Конституцияның жобасына ар­нал­­ған республикалық референдумға Сыр жұрт­шылығы белсенді қатысты. Ауыз­бір­лік­тің жоғары үлгісін көрсетіп, 92,89 пайыз көрсеткішпен республикада бірінші орынға шықты. Президентіміздің Әділетті, Қуатты әрі Таза Қазақстанды құру жолында Сыр халқы бірлігі бекем екенін тағы да айқын дәлелдеді.

Халық Конституциясы 1 шілдеден бастап ресми түрде өз күшіне енеді. Конституция күнін мемлекеттік мереке ретінде ұлттық деңгейде жыл сайын 15 наурызда атап өтетін боламыз.

Алдағы күндері Парламент қарауына Президент, Құрылтай, Халық Кеңесі, Астананың мәртебесі және еліміздің әкімшілік-аумақтық құрылысы туралы жаңа бес конституциялық заң енгізіледі. Тағы сегіз конституциялық заң мен 60-тан астам заңға, соның ішінде негізгі кодекстерге түзетулер енеді.

Бүгінгі Үкімет отырысында министрлер өз салалары бойынша Конституция нормаларын іске асыру бағыттарын баяндады. Облыстық басқарма басшылары, қала, аудан әкімдері, аумақтық департамент басшылары, салалық министрліктермен бірлесіп жұмыс жасап, тиісті нормативтік құжаттарды, жоспарларды алдырыңыздар.

Қоғамдық даму басқармасы, Президентіміз қол қойған Халық Конституциясы мен Ата Заңымызды іске асыру жөніндегі ша­ра­лар туралы Жарлықты халық арасында ақ­парат­тандыру, кеңінен насихаттауда ар­найы жұмыс жоспарын әзірлеңіздер. Жаңа Кон­сти­туциямыздың әр нормасы, әр тар­мағы Тәуелсіздігімізді нығайта түсетінін, ұлты­мыздың берік әрі мызғымас тұғырына ай­налатынын кеңінен насихаттауымыз қажет.

Облыс әкімінің орынбасарлары, өз сала­ларыңыз бойынша Конституцияның нор­ма­ларын іске асыруды бақылауға алып, жұмысты ұйымдастырыңыздар, – деді Н.Нәлібаев.

Жиында аймақ басшысы жаңғырудың жаңа кезеңіндегі референдумға белсенді қатысқан барша сырбойылықтарға шынайы алғысы мен зор ризашылығын білдірді.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі