ҰҚК: Тәуелсіздікті нығайту жолында

1968

0

Биыл егемендік алып, тәуелсіз ел болғанымызға 30 жыл толады. Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласында: «Тарих тұрғысынан алғанда, отыз жыл – көзді ашып-жұмғандай қас қағым сәт. Дегенмен, бұл көптеген халықтар үшін қиындығы мен қуанышы, дағдарысы мен дамуы алмасқан тұтас дәуір деуге болады. Біз де осындай жолдан өтіп келеміз», – деді. Расында, тарихи өлшем бойынша қысқа мерзім ішінде жаңа Қазақстанның іргетасы қаланып, мерейлі мемлекетке айналды. Осы жетістіктерге жетуде еліміздің қауіпсіздік органдарының да айтарлықтай үлесі бар.

Қазақстан Республикасының Ұлттық қауіпсіздік комитеті азаттықтың алғашқы жылдары орын алған қиындықтар мен сынақтарға байланысты пайда болған қауіп-қатерлерге қарсы тұрды. Бұл іске қауіпсіздік органдарының қазіргі ардагерлері де белсенді араласты. Расын айтқанда, өтпелі кезеңде елінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету оларға оңай болған жоқ. Ардагерлер негізінен өмірінің басым бөлігін кеңестер билеген заманда өткізген болатын. Олар социализм жүйесіне адал қызмет етіп, антына берік, таза коммунист және сенімді чекист болды.

Сондықтан да, М.Горбачевтің «жаңаша ойлау» идеясын қабылдау қиынға соқты. Кремльде отырған партия басшыларының «Бетбұрыс» және «Жариялылық» саясатына белгілі бір күмәнмен қарады. Қауіпсіздік органдарының қатаң бақылауында болған диссидент-жазушылар бас көтере бастады.  Кеңес Одағының «серый кардиналы» атанған А.Суслов «шығармалары 300 жылдан кейін жарық көреді» деген жазушылардың, яғни В.Гроссманың «Жизнь и судьба», В.Дудинцевтың «Белые одежды», Б.Пастернактың «Доктор Живаго» және басқалардың бұрын тыйым салынған кітаптары жарыққа шықты. Бұл елдегі саяси-қоғамдық жағдайға қатты әсер етті.

Халық басшылар жариялаған жаңа саясатқа сеніп, билікке наразылығын ашық айта бастады. Кешікпей Алматы қаласында қазақ жастары алаңға шықты. Жастар негізінен Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің шешіміне наразылық білдірген еді. Қазақ халқының тарихында «Желтоқсан оқиғасы» деген атпен қалған бұл құбылыс билікті қатты састырды. Олар бар кінәні Қазақстандағы қауіпсіздік органдарына аударғысы келді. КСРО МҚК (КГБ СССР) Қазақстанның барлық облыстарына уәкілдерін жіберіп, оларға жергілікті қауіпсіздік органдарына «ұлтшылдықтың» қаншалықты терең бойлап енгенін анықтауды міндеттеді.

Осындай уәкіл Қызылорда облысына да келді. Мәскеулік қонақ басқарма қызметкерлерімен жеке-жеке әңгімелесті. «Желтоқсан оқиғасын қалай бағалауға болады? Бұл жастардың ұлтшылдық бағыттағы бас қөтеруі ме? Осындай жағдайлар облыста орын алды ма? Бұл мәселеге жергілікті тұрғындардың көзқарасы қандай?» деген сияқты көптеген сұрақ қойды. Қызметкерлердің басым көпшілігі: «Жастарды алаңға шығарған «ұлтшылдық» емес, намыс!» деп жауап қайтарды. Басқарма бастығы М.Нуров қызметкерлердің берген жауаптарын қанағат етті. Бірақ: «Ваш ответ слишком категоричный. Надо было иначе ответить. Может быть с нейтральной позиции. А теперь неизвестно какие выводы сделает представитель центра» деп, ескерту жасады.

Нуровтың әкесі қазақ, анасы орыс екен. Әкесі соғыста қайтыс болғаннан кейін, анасы оны өзімен бірге Ресейге алып кеткен. Суворовшылар мектебін бітіріп біршама уақыт Ресейдің әскери қарсы барлау (Особый отдел КГБ СССР – Б.Ә.) органдарында жұмыс істеген. Кейін шамасы қаны тартқан болуы керек, басшылардың ұсынысын бар ықыласымен қабылдап, өз еркімен Қазақстанға келген. Алғашқы қадамын Қостанай облысының Мемлекет қауіпсіздік комитетінің басқарма (қазір департамент – Ә.Б.) бастығының бірінші орынбасары қызметінен бастаған. Кейін Қызылорда облысына ауысқан. Келген бойда өзінің заманға лайық, оперативтік ой-өрісі кең басшы екенін көрсетті. Қол астындағы қызметкерлер мен зейнеткерлерге және олардың отбасына көп көңіл бөлді. Қолынан келгенінше тұрмыстарын жақсаруға тырысты.

Мекеме ауласынан «Военторг» дүкені ашылып, бұрын болмаған монша салынып, пайдалануға берілді. Апта сайын қызметкерлер бала-шағасымен мекеме ішіндегі кинозалда жаңа кинофильмдер көретін. Бұл – елімізде кинотеатрлардың жаппай жабылып жатқан кезі. Басқармада кітапхана ашылып, қызметкерлердің білімі, ой-өрісі кеңейді. Мереке күндері қызметкерлердің өз күшімен ойын-сауық кештері өткізіліп, басқарманың ішкі өмірі айтарлықтай өзгерді. Сонымен қатар, Нуров қазақ тілі үйірмесін ашып, бірінші болып оған өзі қатысты. Осындай шаралардың арқасында басқарманың негізгі жұмысы да алға басып, республика бойынша алдыңғы  қатардан көріне бастады.

Өкінішке қарай, Нуров Қызылорда облысында ұзақ жұмыс істеген жоқ. Белгісіз себептермен Қостанайға қайта жіберілді. Кешікпей генерал-майор атағын алды. 1991 жылғы Тамыз бүлігі (ГКЧП) кезінде болған оқиғаға «мемлекеттік төңкеріс» деп баға берген қауіпсіздік органдарының жалғыз басшысы. Облыстык партия комитетінің бірінші хатшысы Уткиннің заңсыз берген тапсырмасын орындаудан бас тартып (бұрын-соңды болмаған оқиға), мерзімінен бұрын отставкаға шықты. Көп ұзамай қайтыс болды. Басқарма ғимаратына Мұрат Нуровқа арналған мемориалдық тақта орнатылды. Онда Ресейдегі әскери қызметін ескеріп: «В этом доме с 1981 по 2001 годы жил первый руководитель ДКНБ РК по Костанайской области, внесший значительный влад в обеспечение ядерной безопасности Советского Союза», деп жазылған. Нуров облыстық Ұлттық қауіпсіздік комитеті басқармасын басқарған соңғы Кеңес генералы болатын.

Ардагерлер «Төтенше жағдай жөніндегі мемлекеттік комитет» (ГКЧП) бүлігін де бастан кешті. Сол күндері КСРО МҚК-нің төрағасы В.Крючков қысқа хат жолдап (шифртелеграмма), қауіпсіздік органдарының қызметкерлеріне екі мөлшердегі еңбекақы алуға рұқсат берді. Бұл, әрине, қызметкерлерді өзіне қаратып алу үшін жасалған қадам болатын. Алайда, қызылордалық чекистер сатылмады, ұсынылған еңбекақыдан бас тартты. Кеңес Одағы ыдырағаннан кейін қауіпсіздік органдары қатты сынға алынғаны белгілі. Баспа беттерінде органды қаралаған материалдар күнделікті жарияланып жатты. Мәскеуде билікке келген либералдық элита уәкілдері оны мүлде таратқысы келді. Өкінішке қарай, осындай ұсыныстар Мемлекет басшысы Н.Назарбаевқа да түскен болатын. Алайда, Елбасы ондай қадамға бармады.

Айта кету керек, Қазақстан тәуелсіздік алған жылдары елімізде 100-ден аса саясиландырылған және 300-ге жуық түрлі бағыт ұстаған бейресми ұйымдар мен қозғалыстар пайда болды. Олар күнде митинг пен ереуіл ұйымдастырып, биліктің мазасын алып жатты. Солардың қатарында ұлт өзгелігін және жер дербестігін талап еткен ұлт уәкілдері болды. Сонымен қатар, ұйымдасқан қылмыстар, кісі өлтіру, тонау, есірткі және қару-жарақ сату сияқты қылмыстар көбейіп кетті. Кеңінен тараған сыбайлас жемқорлық та билікке кәдімгідей сенімсіздік туғызды. Тіпті, республика дефолтқа ұшырайды деген қауіп те болған еді.

Қызылорда аймағында биліктің іс-әрекетіне наразылық білдірген митингілер Сексеуіл станциясынан бастау алды. Қоғам қайраткері Сағат Жүсіп «Әділетқисса» атты кітабында былай дейді: «Сексеуіл азаматтарының белсенділігінің күшті болғаны сонша, олардың наразылық акциялары күн санап үдей бастады. Кез келген уақытта ереуілге, шеруге мыңдаған сексеуілдіктер дайын тұрды. Олардың белсенділігі бүкіл ауданға, облысқа тарап, үлгі бола бастады…» Осындай жағдайда облыстық Ұлттық қауіпсіздік комитетінің басқарма бастығы полковник М.Дауенов облыстық «Азат» қозғалысының тең төрағаларының бірі С.Жүсіппен кездескен көрінеді. Аталған кітапта былай делінген: «Әлі есімде, осы күндердің бірінде кабинетіме Қызылорда облыстық комитетінің бастығы Михаил Юсупұлы  Дауенов келді. Екеуміз бір сағаттай бетпе-бет әңгімелестік. Дауенов мырза менен сексеуілдіктердің шектен шығып бара жатқан «еркінсуі» мен «жабайы» демократиялық іс-әрекеттеріне тыйым салуымды, араласып тоқтатуымды талап етті. Бұл жерде айтпағым – Михаил Дауенов мырза бастаған комитетшілердің әуелгі кезде «Азатпен» (басқа пікірдегілермен) күресін өркениетті әдістермен бастағанының куәсі болғаным жайлы. Ең басты – олардың арасында сол кездегі саяси-қоғамдық процестерді түсінуге тырысқан, заман талабына сәйкес жаңа көзқарастарға дайын адамдардың да болғандығы. Құдіреті күшті комитет басшысының бейресми ұйымның жетекшісіне өзі келіп сөйлесуі, мәселелердің алдын алуға, саяси процестерді шиеленістірмей шешуге дайындығы бүгінгі комитетшілерге де үлгі болар еді. Тоталитарлық жүйе тәрбиелеген адамдардың ішінде де сол кездегі шиеленісті жағдайларды коммунистік емес әдіспен шешуге жол іздейтін, озық ойлы жігіттердің де болғанының куәгерімін дегім келеді».

Расында, Дауенов облыстағы қоғамдық және саяси өмірге белсенді араласты. Мемлекет және қоғам қайраткері, бұрынғы облыс басшысы Сейілбек Шаухаманов естеліктерінің бірінде былай дейді: «1990-1992 жылдары аралығында ҰҚК-нің Қызылорда облысы және Ленинск (қазір Байқоңыр қаласы – Ә.Б.) бойынша басқармасын Дауенов Михаил Юсупович басқарды. Өзі Ресейде, Астрахань облысында туып-өскен. Бірақ қазақ мектебінде оқып, қазақы тәрбие алған. Қазақ және орыс тілін жақсы меңгерген. Облысқа келісімен елдің ақсақалдарына сәлем беріп, батасын алды. Сол кездегі МҚК жүктеген міндетті де, қоғамдық жұмыстарға да белсенді араласып, барлығына да үлгеріп жүрді. Тіпті, қол астындағы қызметкерлерін Мұстафа Шоқай ауылына апарып, шопандарға тұрғын үйлер тұрғызып, мал қораларын жөндеуден өткізіп, телефон байланысын жүйеге келтіріп берді. Ал, қазіргі арнайы қызмет, прокуратура мен ішкі істер басшылары бірыңғай заң қуалап кеткен сияқты. Баяғыдай, шаруашылыққа араласа бермейді…».

Әңгіме болып отырған жылдары республикалық бюджеттің тапшылығына байланысты, Ұлттық қауіпсіздік комитеті мен облыстағы басқармалар жеткіліксіз қаржыландырылып отырды. Уақытша қиындықты алға тартып, қауіпсіздік органдарының қызметкерлерін шыдамдылыққа шақырды. ҚР ҰҚК-нің Қызылорда облысы және Байқоңыр қаласы бойынша басқармасы қаржы табудың жолын іздестіріп, ауылдық жерлерде С.Шаухаманов айтқандай, қызметкерлердің күшімен бақташы мен шопандарға тұрғын үйлер салды. Мал қораларына күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізді, көкөніс сақтайтын қоймалар салды. Телефон байланысын ретке келтіріп, кейбір үйлерге телефон орнатты. Соның арқасында шаруашылықтар Ұлттық қауіпсіздік органдарының қызметкерлерін жыл сайын картоп, сәбіз, және басқа өнімдермен үздіксіз қамтамасыз етіп отырды. Тіпті, жергілікті қауіпсіздік органдарына кәсіпкерлікпен айналысуға рұқсат берілді. Әрине, басшылардың бұл қадамы Ұлттық қауіпсіздік комитетіне абырой бермейтін еді. Кешікпей асығыс қабылданған шешім күшін жойды. Есесіне басқарма ауласынан «Военторг» дүкені ашылып, қызметкерлер азық-түлікпен толық қамтамасыз етілді.       

Сол жылдары қамаудан қашқан бір топ аса қауіпті қылмыскерлер «Қызылорда-Шиелі» тас жолында жолаушылар автобусын басып алып, адамдарды босату үшін орындалмайтын шарттар қойған еді. Дауенов «Дабыл» операциясы шеңберінде бір тәулік бойы қылмыскерлермен келісім жүргізіп, оларды ойланбаған іс-әрекеттерге барғызбай, шыдамдылыққа шақырып, беттерін қайтарып отырды. Нәтижесінде, ҰҚК-нің арнайы «А» тобы кепілдікке алынған адамдарды босатты. Ұлттық қауіпсіздік комитетінің жүргізген теңдесі жоқ бұл операциясы басқа елдердің арнайы қызметіне үлгі болды.

Көп ұзамай Дауенов Қостанайға ауысып, орнына қызылордалық Әбдат Бапалақов тағайындалды. Ә.Бапалақов Қызылорда облыстық комсомол комитетінің бірінші хатшысы еді. Облыстық партия комитетінің ұсынысымен Ф.Дзержинский атындағы КГБ Жоғарғы мектебінің тыңдаушысы болып қабылданды. 1979-1990 жылдар аралығында Целиноград және Қызылорда облыстарында қауіпсіздік органдары басқармасының бөлім бастығы болып жұмыс істеді. 1990 жылы КГБ-нің Орал облысы бойынша басқарма бастығының кадр жөніндегі орынбасары қызметін атқарды. 1992 жылы Қызылорда облысы бойынша КГБ-нің басқарма бастығы болды. Бапалақов өзіне жүктелген міндетін абыроймен атқарды. Белгісіз себептермен қызметінен босатылып, орнына Орал облысында басқарма бастығының орынбасары қызметін атқарып жүрген, қызылордалық полковник Нұрахмет Ералиев келді. Атақ, абыройы бар, республикаға белгілі чекист. Барлау, қарсы барлау қызметінің қыр-сырын жетік меңгерген маман. Қызылорда облысында Ауғанстан арнайы қызметінің резидентін қолға түсіріп, ҰҚК-нің басшыларынан жоғары баға да алған. Сондай-ақ, Ералиев қызметкерлердің мәдениетін қалыптастыру мақсатында Қазақстанның халық жазушысы Ә.Нұрпейісов, айтыскер ақын Е.Әбдіхалықова және басқа өнер адамдарымен көптеген кездесулер өткізді. Ұлттық қауіпсіздік комитетінің қызметкерлері, бүгінгі ардагерлер, осылай еліне адал қызмет етіп, Қазақстан халқымен бірге бүгінгі жетістіктерге қол жеткізді. Қазір ҰҚК-нің құрметті ардагерлері Бапалақов пен Ералиев жас қызметкерлермен кездесіп, жинаған тәжірибелерін бөлісіп тұрады. Осылай ардагерлер мен жас қызметкерлер арасында ұрпақтар сабақтастығының дәстүрлі жолы қалыптасып келеді.

Ұлттық қауіпсіздік комитеті тәуелсіздік алған жылдары еңбек жолын Сыр елінде бастап, айтарлықтай жетістікке жеткен қызметкерлерін мақтаныш етеді. Солардың қатарында, ҚР Қорғаныс министрігіне қарасты Бас барлау басқармасының (ГРУ-Главное разведывательное управление – Ә.Б.) бұрынғы бастығы, қазір Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының аппарат басшысы генерал-лейтенант Олег Бижанов, Астана мен Маңғыстау облысы бойынша ҰҚК-нің басқарма бастығы болған, бүгінде Мәжіліс депутаты, генерал-майор Ерлік Тайжанов, Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары Марат Әзілханов және басқалары бар. Олардың өмір және еңбек жолы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің жас буын өкілдеріне үлгі болатыны сөзсіз.

Әмірхан БӘКІРҰЛЫ,

Ұлттық қауіпсіздік комитетінің құрметті ардагері, отставкадағы полковник

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<