Еліміз тәуелсіздігін алып, тарих қойнауында қалған рухани құндылықтарымыз қайта жаңғырып, күллі жаһанға танылсақ та, бүгінгі қоғамда шешуін таппай жатқан проблемалар баршылық. Қазір қоғамды ерекше алаңдатып отырған мәселенің бірі – жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылық, қылмыс.
Бағамдап қарар болсақ, қылмыс әлемі тым жасарып келеді. Бұрын тек үлкендер баратын қылмысты қазір кіші де жасайтын болды. Әсіресе, кейінгі жылдары өрімдей жастардың көз көріп, құлақ естімеген қылмыстарға баруы, олардың бойында тағылық пен қатыгездіктің белең алуы бүгінгі күні көз үйренген көрініске айналып бара жатқандай. Жасөспірімдер небір қылмыстар жасай отырып, тек өз жеке басына ғана зиян келтірмейді, ең алдымен отбасы қатты қасірет шегеді, туыстарына, айналасына, жалпы қоғамға зиянын тигізеді. Осының бәрін біле отырып, бұл мәселеге бейжай қарау, болашаққа алаңдамау мүмкін емес. «Бала тәрбиесі басты байлығың, кешіксең, көретінің қайғы-мұң» деп кезінде дана Абай бекер айтпаған. Тәрбие уысымыздан шығып кетті ме, мүмкін, бала тәрбиелеу технологияларын өзгертуіміз керек шығар. Әлде осы құбылыстың бәрін саралау, талдау өз деңгейінде емес пе? Сұрақ көп, оның жауабын жан-жақты іздеу, осы мәселеге атүсті қарай алмайтын баршамыздан талап етіледі.
Сондықтан басты назар кәмелетке толмағандар қылмыс жасағаннан кейін емес, жасөспірімдер арасындағы болуы ықтимал қылмыстардың неғұрлым алдын алуға, оны болдырмауға бағытталуы керек. Ал, бұл өз кезегінде отбасы, білім ошақтары, құқық қорғау саласы, бүкіл қоғам болып біріккенде ғана іске асады. Біз осы сөзді бұрыннан да айтып келеміз, бірақ, нәтижесі көңіл көншітерлік деңгейде емес. Қылмыс орын алғаннан кейін барып қана, оның себебін біріміз-бірімізден көріп әлек боламыз. Сондықтан да, қылмыстың әлеуметтік те, психологиялық та себеп-салдарына алдын ала үңілгеніміз дұрыс болады. Әрине, жасөспірімдердің келеңсіз әрекеттерге баруына себеп те көп: оқуға, еңбекке ынтасыздық, бос уақытты қаңғырумен өткізу, құмар ойындарға, есірткіге, ішімдікке, оңай олжа табуға әуестік, тағысын тағылар. Ал, оның түпкі себебі неде?
Құқық бұзушылыққа, қылмысқа көбіне толық емес, жайсыз отбасынан шыққан балалар барады дейміз. Бірақ, байқасаңыздар, соңғы уақытта толық, ауқатты отбасынан шыққан балалардың да қылмысқа баруы жиілеп кетті. Мұның басты себебі, кей ата-аналар өз перзенттерінің алдындағы жауапкершілігін балаларының материалдық қажеттілігін толық қамтамасыз ету ғана деп түсінеді. Олардың жүріс-тұрысы мен мінезінің қалыптасуына дер уақытында, өз деңгейінде бақылау жасамайды, өз парызы мен жауапкершілігіне бейқам қарайды. Мұнан бөлек, ересектер арасындағы құқық бұзушылықтың да жасөспірімдерге кері әсері болатынын ұмытпауымыз керек. Өйткені, жасөспірімдік шақ – адамның әр нәрсені көргісі, білгісі келіп тұратын еліктегіш, албырт шағы, яғни, сын сағат.
Балалар көбіне қылмысқа жеке өзі емес, топ болып барады. Сосын сол топтан бөлінгісі келмейді және топ ішіндегі беделі үшін олар қай нәрсеге де дайын болады. Сол ортада таңғажайыптар, кереметтер жасап, көзге түскісі, өзін-өзі көрсеткісі, танымал болғысы келеді. Олардың достық туралы түсінігі басқаша қалыптасады, қоғамдағы жаңалық, жақсылыққа еш қызықпайды, өз әлемдері өздеріне қызық.
Қаншама себеп-салдар іздесек те, мұны шешудің түрлі жолын ұсынсақ та, айналып келгенде, отбасы тәрбиесі алдыңғы кезекте. «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілесің» деп халқымыз бекер айтпаған. Себебі, отбасының бала тәрбиесіндегі қателіктері қоғамдық тәрбиедегі қателіктерге ұласып, одан әрі шиеленісіп, ақыры түрлі келеңсіздіктерге апарады. Сондықтан да, бала тәрбиесіндегі ата-ананың жауапкершілігіне ерекше мән беріліп, ата-ана ретінде жіберген қателігі үшін ол заң алдында жауап беретіндей болуы керек.
ҚР Мемлекеттік хатшысы Қ.Көшербаев өзінің «Құндылықтар құлдырамасын…» атты мақаласында әлемдегі қазіргі жағдай адамдардың санасының сілкініп, рухани қозғалысын талап ететінін айтқан. Соған сай басты мақсат – қоғамдық сананы өзгерту өзектілігін, халқымыз үшін маңызды еңбек, денсаулық, білім сынды үш мұраты жайлы айта келіп, жаһандану заманында ұлт ретінде сақталып қалу үшін отбасындағы ұрпақ тәрбиесіне ерекше мән береді. «Өнегелі отбасынан тәрбие алған өскелең ұрпақ қана атамекенін ардақтап, Отанын қастерлей алады» дейді. Қоғамда болып жатқан небір қайшылықтар мен келеңсіздіктердің басым бөлігі осы отбасы тәрбиесіне байланысты екендігін меңзейді.
Сонымен қатар әлеуметтік қиындықтар мен психологиялық қиындықтар да баланы қылмысқа итермелейді. Алаңдайтын бір мәселе – қоғамда қазір ажырасу көп. Мұндайда бала көбіне анада қалады, ал, ана осы сәтте үлкен депрессияға түседі. Күйзеліс біреуде тез аяқталса, енді біреулерде жылдарға созылады. Бала өзімен-өзі қалады. Ажырасу кезінде бала психикасы үлкен соққы алады. Себебі, балаға әке-шешесі бірдей, екеуі де қымбат. Олар екеуінің арасындағы себепті түсінгілері келмейді, мұны ата-ана да сол кезде емес, кейін ұғынады, көп жағдайда өкініп те жатады. Осы құбылысқа саралап қарайтын болсақ, иә, көбіне себебін әлеуметтік мәселеге әкеліп тірейміз: жұмыссыздық, қаржылай тапшылық, баспанасыздық, тағы басқалар. Десек те, бұлар негізгі себеп емес сияқты. Біздің қазақ дәстүрінде үйленер ұлды әкесі, әулеттегі аға, жезделері, қалыңдық болар қызды анасы, жеңгелері дайындайтын. Олар екі жасқа болашақ отбасы болудың қыр-сырын, кездесетін қиындықтарды жауапкершіліктерін, міндеттерін, парыздарын үйрететін. Қазір мұның бірде біреуі жоқ. Шындыққа келгенде, екі жас отбасылық өмірге еш дайындықсыз қадам басады. Сосын кездескен қиындықтар алдында дәрменсіз болады. Кішкентай проблемалар келе-келе үлкейіп, отбасы шырқы бұзыла береді. Сондықтан осы мәселеге біз бүгін ерекше алаңдауымыз керек, ертең кеш болады.
«Баланы бұзуға, түзеуге себеп болатын бір шарт – жас күнде көрген өнеге» дейді Алаш ардақтысы Жүсіпбек Аймауытов. Қазақ отбасының ықылым заманнан келе жатқан өзіне тән ерекшеліктері бар еді, олар: отбасы мүшелерінің арасындағы ерекше ізгілік, бауырмалдылық, жарасымды сыйластық, үлкенге құрмет, кішіге ізет жасай білу, әулеттің өзіндік жақсы дәстүрлерін жалғастыру. Қазір осы құндылықтар барлық отбасынан табыла ма? Жоқ, жаһанданумен бірге олар да жұтылып бара жатқандай.
Өкінішке қарай, бүгінде біздің кейбір аналарымыз биліктен талап етудің жолы осы екен деп, тек айқайға басатын болды. «Ел боламын десең, бесігіңді түзе» дейтін қағиданы басшылыққа алар болсақ, сол киелі бесік иесі – аналарымыз бейәдеп емес, сабырлы, парасатты болса дейміз. Өйткені, бала үшін алдымен анасы үлгі.
Тағы бір айтатын мәселе – жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықпен, оның алдын алумен күресетін ювеналды полиция қызметкерлерінің біліктілік деңгейін, жауапкершілігін барынша арттыру керек. Шиеленіскен істі шешу, жасөспірімдермен профилактикалық шара барысында олардың кәсіби де, адами да әлеуеттерінің жетіспей жататыны шындық. Негізі құқық қорғау орындарының жасөспірімдермен жұмыс істейтін саласындағы мамандарында тек диплом ғана емес, сонымен қатар заңды жақсы білумен бірге әділдік, адалдық, жан-жақтылық, адамгершілік, парасаттылық, көрегенділік сынды қасиеттер керек. Бұл да ойланатын мәселе.
Жер-жаһанға танылғанымызбен, жаһанданудың біздің менталитетімізге мүлде жат, келеңсіз тұстары да өмірімізге дендеп енді. Әлемде осы кезге дейінгі соғыс, экология, діни экстремизм, терроризм сынды проблемаларға қазір педофилизм де қосылып отыр. Иә, бұл бұрыннан да анда-санда қылаң беріліп қалатын құбылыс болатын, бірақ, соңғы кезде елімізде жиілеп кетті. Осы құбылыстың қоғамда дендеп кетуінің себептері зерттеліп, түбі қайдан шығатыны айтылып жүр. Белгілі психологтардың пікірлеріне сүйенер болсақ, егер анасы жүкті кезінде ішімдікке, есірткіге, темекіге құмар болса, оның миы зақымданып, ол баланың кейбір нейрондарын бұзатындығы айтылады. Сонымен қатар бала күнінде сексуалды қысым көргендер, психосоққы алғандар, жүре келе пайда болған әйел алдында өзін көрсете алмау сенімсіздігі оларды осы қадамға жетелейтін факторлар қатарына жатады екен.
Мұндай азғындар өз құрбандарын таңдауда да белгілі бір критерийлерге сүйенеді. Олардың уысына тез түсетіндер, әсіресе, толық емес отбасында дүниеге келгендер, бейтаныс адамдарға тез алданатындар, өзіне көңілі толмайтындар, отбасы тарапынан мейірім көрмейтіндер, яғни, ата-ана махаббаты жетіспейтіндер, отбасында сыйластық жоқтар, мүгедектер, жетім, тым ұялшақтар. Ғалымдардың зерттеуі бойынша педофилдар тұйық келеді, көбіне жалғыз жүреді, көпшілік ортаны қалай бермейді, ойға алған жоспарын орындамай жаны саябыр таппайды. Статистикаға қарасақ, педофилдардың 30 проценті өз туыстары, 60 проценті баланы жақсы танитындар, 10%-і мүлде танымайтындар болады деген болжам бар. Әрине, бұл нақты сараптама бола қоймас, десек те ойланатын жағдай. Педофилияны туабітті не жүре келе пайда болатын психологиялық ауытқу деп қарайтын болсақ, осы бағытта жұмыс істейтін кәсіби мықты мамандар қажет-ақ. Мұны тек психологиялық ауытқу деп қана қарауға да болмайды, бұл аса ауыр қылмыс, зұлымдық, демек, осы қылмыспен айналысатын құрылымдағы мамандардың да аса білікті болуы ауадай қажет. Себебі, нақты анықталғанынан бөлек, өгей әке, ағадан, тағы басқа жақындарынан көрген қорлығын қорқып айта алмай жүрген қанша бала жүр арамызда…
Қазір біздің заңымызда мұндай қылмысқа барғандарды тек ұзақ мерзімге темір торға қамаумен шектелеміз. Соңғы кезде кастрация әдісін де қолданып жатырмыз. Бірақ, мұның бәрі де проблеманы түбірімен жоя алмасы сөзсіз. Он екіде бір гүлі ашылмаған бейкүнә сәбидің бақытты балалығын ұрлап, бүкіл тағдырына балта шапқан қылмыскерге бұл жаза да аз. Айтуға көп уақыт сияқты болып көрінгенмен, бұл жылдар да сырғып өте шығады, бостандыққа шыққан зұлымның сол тірлігіне қайта көшпесіне кім кепіл? Неге мұндай адамды мемлекет соншама жыл асырау керек? Дәл осы қылмысқа келгенде гуманистіктен тапқан пайдамыз шамалы. Сондықтан әлемнің бірнеше елінде қолданылып жатқан өлім жазасының енгізілгенін қазір жұртшылық қалап отыр.
Сонымен бірге елдегі бүкіл педофилдардың аты-жөні нақты анықталған ақпараттық база болуы қажет, халық біліп, олардан сақтана жүруі керек. Мұндай тәжірибе Түркия мемлекетінде бар және нәтижесіз де емес. Осыған орай Мемлекет басшысы да өзінің «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты халыққа жаңа Жолдауында «Біз кәмелеттік жасқа толмаған балаларға қатысты жыныстық сипаттағы әрекеттері үшін қылмыстық жазаны едәуір қатаңдаттық. Алайда, бұл проблема әлі де ушығып тұр. Мұндай қылмыскерлер рақымшылық алу және мерзімінен еркін босану құқығынан айырылып, мейлінше қатаң жазалануы керек» деп нақты атап көрсетті.
Жарайды, қанша қатаң жазаланғанмен де, олардың өзгермесі анық және жазасын өтеп шыққанмен де қайталамайтынына кепілдік жоқ. Сондықтан оларды сол түрмеде емдеу, сауықтыру керек. Мәліметтерге, зерттеулерге сүйенсек, оларды мінез-құлқына, жүріс-тұрысына, тағы басқа белгілеріне қарай кей жағдайда анықтауға да болады екен. Олай болса, алдын ала мықты психиаторлар жұмыс жүргізсе қалай болады? Бәлкім, белгілі бір орталықтарға тіркеу қажет болар.
Негізі бұл проблемамен жан-жақты күресу керек, ұрпағымыздың амандығы үшін, мүмкін, менталитетіміздегі «Ұят боладының» да тігісін жатқызып, балалардың жыныстық сауаттылығына ата-ана, оқу орындары болып мән беруіміз қажет шығар. Мысалы, балаға есі кіре бастағаннан көшеде өзін қалай ұстау керектігін, бейтаныс адаммен әңгімелеспеу, еріп кетпеу, алданбау қажеттігін жиі айтып отырсақ. Мұның бәрі де қатып қалған ой емес, қайтсек, өмірге дендеп еніп бара жатқан проблемадан құтылудың жолындағы пікір ғана екенін жұртшылық та түсінер, ой қосар.
Қоғамдағы осындай келеңсіз көріністердің белең алуына тікелей әсері бар және бәрімізді ойландыратын тағы бір жайт бар. Ол ғаламторға, оның ішінде әлеуметтік желілерге деген тәуелділік. Бұл көрініс те қазір ғаламдық проблемаға айналып отыр. Сан түрлі әлеуметтік желілердің жеке адамға ғана емес, жалпы қоғамға, мемлекетке ықпалы күннен-күнге артып барады. Тіпті, билік өкілдерінің өзі кейде осы желіге алаңдап, ондағы жөнді де, жөнсіз талаптар мен пікірлердің жетегінде кетіп бара жатқанын көріп, естіп отырмыз. Төртінші өнеркәсіптік революция кезеңінде ғаламтордың, әлеуметтік желілердің пайдасы да орасан. Адам өзіне қажетті мәліметтерді тез таба алады, жаңалықтардан жылдам хабардар болып отырады, шығармашылығын жарнамалайды, бизнесін дамытады, т.б. Сонымен қатар зияны да жетерлік, алтынға балайтын уақытымызды жоғалтып жатқанымызды сезе бермейміз, тек дайын ақпарат пайдаланып, жалқауға айналып бара жатқандаймыз. Әлеуметтік желіге тәуелділік туған-туыстармен қарым-қатынасқа да кері әсерін тигізуде. Ересек адамдардың өзін еріксіз баурап алып жатқан әлеуметтік желі алдында балаларымыздың тіпті қауқарсыз екені түсінікті жағдай. Небір бүлдіргі ақпараттар мен ұлттық болмысымызға мүлде жат бейәдеп дүниелер ғаламторда өріп жүр.
Президент өз Жолдауында бүкіл әлем сияқты Қазақстанның да интернеттегі түрлі ғайбаттаулардан қорғана алмай отырғандығын, салдарынан оқыс оқиғалардың орын алып жатқандығын айта келіп, азаматтарды, әсіресе, балаларды кибербуллингтен қорғау жөніндегі заңнамалық шараларды қабылдауды тапсырды. Бала санасына кері әсерін тигізетін ақпараттық өнімдерді жария етуге тыйым салу керек дейміз. Бұл оңай жүзеге аса қоятын шаруа емес сияқты. Сондықтан отбасында балалардың әлеуметтік желіні пайдалануына белгілі бір шектеулер қою керек. Баласының қандай әлеуметтік желіде отырғаны, не көріп жатқаны үнемі ата-ана назарында болғаны дұрыс, демек, көп мәселе ата-анада.
Қазір ата-аналардың басым бөлігі өздерінің бала тәрбиелеудегі жауапкершілігін оларды киіндіру, тамақтандыру, қажетті бір-екі қосымша орталықтарға апару, талаптарын орындау ғана деп түсінеді. Осымен олардың тәрбиелері тәмам. Күні бойы ата-ана жұмыста, кешке балаларымен бір-екі тілге келеді, бірге тамақтанады. Сосын ата-ана да әлеуметтік желіде отырады, бала өз әлемімен қалады. Тіпті кішкентай сәбилерінің өзін мазаны ала бермеуі үшін қолына ұялы телефон, планшет ұстата салады. Дәл осы көріністің қазір кез келген отбасында болып жатқаны, өкінішке қарай, ащы шындық. Адам өзінің ерік-жігерін балалық шақтан бастап, әлеуметтік желіге емес, ақылға, санасына, парасатына бағындыру керек.
Тағы да Абайға жүгінер болсақ, «Бұрынғы ата-бабаларымыздың бұл замандағылардан артық екі мінезі бар екен: ол – елбасы, топ басшыларына тоқтай білетіндігі мен намысқойлығы» дейді. Тереңінде ақылман адамның сөзіне тоқтау, бірін-бірі тыңдай білу, арлы, намысты болу түсініктері жатыр. Мұны неге айтып отырмыз, себебі, қазір әлеуметтік желілерде де, өмірде де мәселенің байыбына бармай арандату, ушықтыру, сабырсыздық, әдепсіздік, жағдайды тек айқаймен шешем деген пиғыл көп. Оны да бүгінгі әлеуметтік қиыншылықтармен ақтауға тырысамыз.
Әлеуметтік желідегі түрлі фейктер, яғни, қоғамдық пікірлер мен көңіл күйді бұрмалаушылықпен көрсету – кез келген уақытта бұрқ ете қалатын қауіпті отпен ойнау. Әсіресе, азаматтардың саяси санасы мен мінез-құлқын әлеуметтік басқарудың жасырын тәсілі – саяси манипуляция да белең алып келеді. Фейктердің ХХІ ғасырдың ең басты қауіп-қатерлерінің бірі екенін ЮНЕСКО да мақұлдап отыр. Бұл қауіппен күрестің нәтижесіздігінен де бүкіл әлемде күтпеген келеңсіз жағдайлар орын алуда.
Жаһандық пандемия кезінде бұған көзіміз әбден жетті. Адамдар алғашында вирустың табиғатын, оның таралу қаупін толық түсінген жоқ. Сондықтан әлеуметтік желіде жалған ақпараттар тараған кезде, жұртшылық әбігершілікке, байбаламға бой алдырды. Мысалы, біреулер ұшақтың шаңды ізін вирус таратып жатыр десе, енді біреулер бұл ауру мүлде жоқ деді. Ал, үшінші біреу бұл адамдарға чип салудың саясаты деп шулады. Сондықтан кім пікір жазса да, әсіресе, белгілі блогерлер мен қоғамдық пікір көшбасшылары, елдің ойын сан-саққа жүгіртпей, өз жазғанына аса жауапкершілікпен қарауы керек.
Осы тұста тағы бір айта кететін мәселе – қазір әлеуметтік желілерде мемлекеттік қызметкерлердің сыбайлас жемқорлықпен, парамен ұсталып жатқаны туралы құзырлы орган жиі ашық ақпарат беруде. Әрине, ол дұрыс та, халық білуі керек. Бұл бір жағынан, сыбайлас жемқорлықпен күрес саласының нәтижелі жұмысын да көрсетеді. Бірақ, осы мәліметтер халық арасында мемлекеттік қызметкерлер шетінен сыбайластықпен айналысып жатыр деген пікір қалыптастырып отыр. Сол себепті халықтың билікке деген сенімі азайып барады. Ал, сол параны беретін кімдер? Өзіміз емес пе? Мүмкін, пара берушілердің де атын атап, түрін түстеу керек шығар. Себебі, олар да заң бұзып отыр ғой. Демек, бұл мәселеге біржақты емес, жан-жақты қарайтын уақыт келген сияқты.
Ең өкініштісі – әлеуметтік желідегі негізсіз, ресми емес, арандату, кейбір топтардың өз мүддесін көздеп, ушықтыру мақсатындағы пікірлерге таразыламай, сараптамай, тез еріп кете беретін болдық. Осы тұста ақпараттық сауаттылығымыз да жетіспей жататын сияқты. Осыған орай әлеуметтік желідегі қандай да бір келеңсіз, алыпқашпа пікірге сол мәселеге қатысты құрылымдар, құзырлы органдар дер кезінде қалың жұртшылыққа түсінікті тілмен дұрыс ақпарат беріп отырса дейміз. Өйткені көп жағдайда желі қолданушылары осындай ресми жауап ала алмайды. Түсінбестік туындап, жағдай ушығып, проблема тереңдей түседі.
Біздің ата-бабаларымыз қиындықтың небір түрін көрген: соғысты да, ашаршылықты да, жұтты да. Соның бәрінде сабырға келген, шүкіршілік еткен, әсіресе, аналарымыз жоқтан бар жасап, шаңырақтың шайқалмауын, елдің бірлігін сақтап, ағайынның алауыздығына жол бермеген. Ел басына күн туған сәттерде халқымыз ешуақытта мейірімге, парасаттылыққа негізделген адами қарым-қатынастарын жоғалтпаған.
Әлемге әйгілі Қытай ойшылы Конфуций өз халқына қалдырған қасиетті қағидасында «мемлекетте басқарушы мен әр қызметкер, отбасында оның әрбір мүшелері өздерінің орындарын білсе, елде тепе-теңдік, тыныштық сақталады» деген екен. Ал, тыныштық болған жерде адамдар да алаңсыз, бақуатты өмір кешеді.
Қазіргі әлемді жайлаған індет пен дағдарыс жағдайында Мемлекет басшысы өз Жолдауында айтқандай, терең білім, еңбек, кәсіби дағды, темірдей тәртіп пен жауапкершілік, әділдік, адалдық, ұқыптылық, тиянақтылық қана жас ұрпақты бағытынан адастырмай, ұлтымызды жаңа сапаға көтере алады.
Бүгінгідей ақпарат, жасанды интеллект, роботтар заманында ұлттық құндылықтардың жойылып кетпей, сақталуына барынша үлес қосу – әрбіріміздің адами және рухани парызымыз.
Бақытжан САЙЛЫБАЕВ,
педагогика ғылымдарының докторы, профессор.
М.Мәметова атындағы Қызылорда педагогикалық
жоғары колледжінің
директоры
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<