Қызылордада бесінші ұрпағы ата жолын жалғаған теміржолшылар династиясы тұрады. Майра Бадрақова – Бадрақовтар әулетінен шыққан алғашқы теміржолшы әйел.
Ол «Қазақстан теміржолы» ұлттық компаниясының Қызылорда магистральдық желі бөлімшесіне қарасты Қызылорда жол дистанциясында отыз жылдан астам уақыттан бері еңбек етіп келеді. Бүгінде дистанцияның ПЧ-57 мекемесінде еңбекті қорғау және техникалық қауіпсіздік жөніндегі жетекші инженер.
Әулетте бұл салаға алғаш болып ту тіккен Бадрақ ата екен. Ол 1904-1909 жылдар аралығында өңірде шойынжол құрылысына атсалысқан.
– Бадрақ атамыз – Қармақшы ауданының орталығы Жосалы кентінің арғы жағындағы «Кемесалған» станциясын салғандардың бірі. Станцияны салып жатқандар атамның түйемен жолаушылап келе жатқанын көріп, жұмысқа тартқан екен. «Келіңіз, түйемен ағаш, тас тасимыз» деп. Сол жерге жұмысқа орналасып, негізін қалаған. Одан Әуез, Әбілтай есімді екі ұл тарайды. Әуезден Мырзахан, оның баласы мен. Демек, мен – атаның шөбересімін, төртінші ұрпағы. Әбілтай ағамнан туған балалардың барлығы дерлік бір салада тер төкті. Қазіргі күні «Қазақстан теміржолы» компаниясының әртүрлі бөлімшесінде еңбек етіп жүрміз, – дейді Майра Бадрақова.

Кейіпкеріміздің әкесі Мырзахан саналы ғұмырының 40 жылын жол саласына арнаған. Осы әулеттен ұзын саны 30-дан астам адам Бадрақ ата салған сара жолды жалғады. Оның 2-еуі ең үлкен салалық атақты иеленді, «Құрметті теміржолшы» атанды.
– Кішкентай күнімнен атамның теміржолшы болғанын естіп, әкемнің жұмысын көріп өскендіктен басқа салаға бару ойыма келмепті. Бірақ жол шаруашылығы саланың ең қиын бағыты дер едім. Мұны өзім жақсы түсінгендіктен, бастан өткергендіктен балаларымды теміржолға жақындатпадым, – дейді ол.
Майра Бадрақованың қызметіндегі басты талап – жол қауіпсіздігі мен жұмысшылардың еңбек жағдайын жақсарту. Оның бұл бағытта атқарып жүрген еңбегі өз алдына. Қоғамдық іс-шаралардан да қалыс қалмайды, әрдайым белсенділігімен көзге түсіп жүр. Жетістіктері де жоқ емес. 2022 жылы «Қазақстан теміржолы аруы» байқауына қатысып, 133 үміткердің арасынан «Ең креативті» номинациясын жеңіп алса, биыл «ЦЖС аруы-2025» атанды.
Назерке САНИЯЗОВА,
«Сыр бойы»






