Вандализм: Жаза күшейтілді, қоғамдық тәртіп жақсара ма?

368

0

Вандализм елімізде жиі көрініс беретін құбылысқа айналып отыр. Зираттарды қирату, табиғатты бүлдіру, ескерткіштерге жазу жазып кету, сурет салу сияқты талай оқиға болып жатады. Бірақ оған қоғамның назар аударуы сирек. Өңіріміздің өзінде мұндай оқиғалар жиі орын алады. Айталық, тарихи маңызы түсіндіріп жатуды қажет етпейтін ерекше ескерткіштердің бірі Сауысқандық петроглифтерін бүлдіргендер туралы мәселе Парламентте де көтерілді.

Жалпы, кейінгі жылдары тарихи тұлғалардың зираттарын, ескерткіштерін қорлау оқиғалары да, экологиялық вандализм ерекше қорғалатын көрікті орындарды бүлдіру жағдайлары да жиі тіркелуде. Жақында ғана Ішкі істер министрлігі жыл басынан бері 5 мыңнан астам өзгенің мүлкін бүлдіргендер жауапқа тартылғанын хабарлаған еді.

Тәртіп бұзу ма, қоғамның кеселі ме?

Ал, облыстық ішкі істер департаментінің мәліметінше, аймағымызда биыл вандализм дерегі тіркелмеген. Себебі, көбіне мұндай жағдайлар ұсақ бұзақылық немесе аумақты ластау секілді баптар бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылады. Дегенмен, мұндай әрекеттердің бәрін вандализм деуге болады. Одан бөлек, қоғамдық мүлікті қирататындар, саябақтағы орындықтарды бүлдіретіндер де кездеседі. «Тәртіп бұзу» ретінде бағалағанмен, бәрі де вандализмнің белгісі.

Статистикаға сүйенсек, былтыр да елімізде 5 мыңнан астам вандализм әрекеті тіркеліпті. Тәртіпсіздікке тұсау салу керегіне Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Атырауда өткен Ұлттық құрылтайда да ерекше тоқталып, вандализмді қоғамның кеселі ретінде атаған еді. Мемлекет басшысы қоғамдық мүліктен бастап мыңжылдық мәдени мұраларға дейін бүлдіру әдетке айналғанына алаңдаушылық білдірді.

– Бурабайдағы Жұмбақтасты, Баянауылдағы Кемпіртасты қараңыздар. Ең жауһар жерлеріміздің сұлулығы шимайдың астында қалып жатыр. Үйдегі лифтіні, ауладағы ойын алаңын, көшедегі аялдаманы қиратудың қандай қисыны бар?! Мұның бәрі – барып тұрған тәртіпсіздік, мәдениетсіздік. Өркениетті елдің әрбір азаматы қоғам мүлкін өз мүлкіндей қорғауы керек, – деді Президент.

Сол секілді Мемлекет басшысы қалалық сенбілік кезінде де вандализммен батыл түрде күресу қажет екеніне назар аударды. Заң мен тәртіп үстемдігі бәріне қатысты екенін алға тартып, қатаң жазаланатынын жеткізді. Бұл ретте Президент дүние жүзінде, нақты айтқанда, Жапонияда, Оңтүстік Кореяда, Қытайда, Сингапурда жағымды мысалдар көп екенін атап өтті.

Қай ел қалай күреседі?

Расында да, дамыған елдерде үлгі етіп аларлық мысал көп. Айталық, Сингапурда вандализм әрекеттері сирек байқалады. Мұның себебі 1966 жылы қабылданған «Вандализм акті» заңына тікелей қатысты. Заң қоғамдық мүлікті бүлдіргендерге, графитти салып, ойына келгенді жасайтын бұзақыларға 2 мың доллар көлемінде айыппұл белгілейді. Немесе үш жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айырады. Кей жағдайда кінәліге дүре соғу жазасы тағайындалады. Осындай қатаң жазаның нәтижесінде Сингапур әлемдегі ең қауіпсіз елдің қатарына кіріп отыр.

Мұндай мысалдар жетерлік. Англияда осындай әрекеттің салдарынан келген шығын 5000 фунт стерлингке дейін болса, онда 2500 фунт айыппұл төлетеді. Немесе бір айға бас бостандығынан айырады. Ал егер шығынның көлемі 5000 фунттан асып кетсе, шығынның өтемін төлеуге мәжбүрлейді немесе алты айға түрмеге қамайды. Тарихи жәдігерлерді қорлағандарды 10 жылға дейін бас бостандығынан айыруы мүмкін.

АҚШ-тың Калифорния штатында шығын көлемі 400 доллардан асып кетсе, онда 5 мың доллар айыппұл арқалатып жібереді. Егер он мың доллардан асса, заң бұзған адам 50 мың доллар төлеуге мәжбүр болады. Немесе соған сәйкес мерзімге түрмеге қамалады. Кей жағдайда айыппұл да салынады, темір торға да отырғызылады.

Қоғамдық орындардағы мүліктерді қирату, граффити салу, тарихи жәдігерлерді ластау секілді әрекеттерге Жапонияда да қатаң жаза белгіленген. Егер вандализм әрекеті ұсақ бұзушылық ретінде танылса, оған 20 мың иен айыппұл салынады екен. Алда-жалда ғимараттың қирауына, адам өліміне әкеліп соқса, онда 5 жылға дейін темір торға қамайды. Ауыр бұзақылық ретінде танылған істе 3 жылға дейін бас бостандығынан айыру және 300 мың иен айыппұл тағайындалады. Тарихи жәдігерлер, мәдени мұралар бүлінген жағдайда 5 жыл түрмеге отырғызады немесе миллион иен айыппұл төлеуге міндеттейді.

Оңтүстік Кореяда да ғимаратқа не нысанға келтірген зияны үшін 7 миллион вон айыппұл және 3 жыл бас бостандығынан айыру тағайындалады. Бұған қоса, бөтен біреудің жеке аумағына кіргені үшін де 5 миллион вон төлеткізеді.

Бір сөзбен, әлем елдерінде қоғамдық мүлікті бүлдіргендерге жаза әжептәуір ауыр, яғни, Парламентіміз вандализмнің жолын кесу үшін айыппұлды ауырлатуы негізсіз емес.

700 мың теңгеден астам айыппұл

Мемлекет басшысының Ұлттық құрылтайда айтқан сөзі пәрмен ала бастады. Өткен аптада Мәжіліс вандализм үшін жазаны қатайтатын заң жобасын қабылдап, оны Сенаттың қарауына жіберді.

Енді құжат қолданысқа енгізілгеннен бастап Қылмыстық кодекстегі «Вандализм» бабындағы жаза мерзімі ұлғаяды. Соған сәйкес 100 АЕК-тен 200 АЕК-ке, шамамен 740 мың теңгеге дейін айыппұл салынады. Болмаса сол мөлшерде түзету жұмыстарына жегіледі. Не 160 сағатқа дейін қоғамдық жұмыстарға тарту, не 50 тәулікке дейін қамауға алу жазасы қарастырылған.

Бұдан бөлек, Қылмыстық кодекстің 434-бабындағы жекелеген бөліктерінде «Ұсақ бұзақылық» ғимараттарды, өзге де құрылыс жайларды, тұрғын үй-жайларды, көпшілік пайдаланатын орындарды, көліктегі және өзге де қоғамдық орындардағы мүліктерді бүлдіргені үшін де жаза мөлшері ұлғайды. Соған сәйкес, 50 АЕК мөлшерінде айыппұл салынады немесе 5 тәуліктен 20 тәулікке дейін әкімшілік қамауға алынады. Мұндай кесел әрекетін бір жыл ішінде қайталаған адамды 20 күннен бастап 30 тәулікке дейінгі мерзімге әкімшілік қамауға алу көзделген.

Сондай-ақ Қылмыстық кодекстің 203-бабы «Ерекше құндылығы бар заттарды қасақана жою, әкету немесе бүлдіру» алдын ала сөз байласқан адамдар тобы, бірнеше рет жасаған адамдар тобы арнайы нормаларымен толықтырылды.

«Ортақ пайдаланылатын орындарды ластау» бабы бойынша бұзушылықтар үшін жаза екі есеге ұлғайтылды. Саябақтарды, скверлерді ластағаны, оның ішінде белгіленбеген жерлерге коммуналдық қалдықтарды тастағаны үшін 10 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл тағайындалады. Ал бір жыл ішінде тағы қайталаса, онда 20 айлық есептік көрсеткіш көлеміндегі қаражатын мемлекетке өтеуге тиіс.

Міндет – мәдениетсіздікті болдырмау

Заңдағы өзгерістер вандализмге қаншалықты тоқтау салатынын айту қиын. Бірақ мұндай әрекеттер қатаң жазаланбаса, қоғамдағы тәртіп те әлсірейтіні анық. Мұның соңы өздерін жазаланбайтындай сезінетін азаматтар қатарын арттырып, қылмыстың өршуіне де ықпал етуі мүмкін, яғни, дүние-мүлікті қиратуға бағытталған тәртіпсіздіктің жанама әсері де бар деген сөз.

Мәселеге тек құқықтық жағынан қарауға да болмайды. Мамандар еліміздегі вандализммен байланысты негізгі проблемалар қоғамдық сана мен білімнің жоқтығы екенін айтады. Қоғамдық кеңістіктер мен ортақ меншіктің маңыздылығын түсінбеу, салдарынан адамдардың қоршаған орта мен қала нысандарын бағаламауына және оларға қамқорлық жасамауына дейін апарады. Қоғамдық орындарда тиімді мониторинг пен қадағалаудың жоқтығы вандализм әрекеттерінің көбеюіне әкеледі.

Әлеуметтік-экономикалық мәселелер де маңызды рөл атқарады. Кедейлік, жұмыссыздық және әлеуметтік шиеленістің жоғары деңгейі вандализм әрекеттерін өршітуі мүмкін. Оған қоса мамандар проблеманы түбегейлі шешу үшін креативті индустрия өкілдерін де тарту тиімді екенін айтады. Өйткені қоғамдық сананы, мәдениетті қалыптастыруда трендтегі іс-әрекеттер нәтижелі.

Қалай дегенмен, кейінгі уақытта вандализм мәселесі ушығып тұр. Күн сайын БАҚ беттерінде біреулердің халықтың мүлкін, коммуналдық меншігін бүлдіргені туралы жаңалықтар желдей есіп жүр. Бұл ретте Мемлекет басшысының халықтың құқықтық сауатын арттыру және қоғамдық тәртіпсіздіктер мен мәдениетсіздікті болдырмау жөніндегі міндеттері ерекше өзектілікке ие болып отыр.

Қазіргі жағдай мұндай заңсыз әрекеттер үшін жауапкершілікті күшейтудің дұрыс шешім екенін дәлелдейді. Сонымен қатар мұндай жағдайлардың алдын алу үшін заңнамалық шаралардан басқа, бірінші кезекте жастар арасында тиісті профилактикалық жұмыс жүргізілуі қажет.

Биболат СӘТЖАН,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<