Венера

434

0

Венера Көктемнің алғашқы күні «Алғыс айту» мерекесімен тұспа тұс келеді.  Бұл туралы Елбасы «Қазақстан халқы Ассамблеясы құрылған күн – 1 наурызды жыл сайын барлық этностардың бір-біріне мейірбандық танытып, ол адамдарды өз туғанындай қабылдаған қазақтарға алғыс айту күні ретінде атап өту әділетті болар еді.

Ол күн бізді бұрынғыдан да  жақындастыра түспек. Себебі, бұл күн мейірімділіктің, бү­кіл қазақстандықтардың бір-біріне деген достығы мен махаббатының жарқын мере­кесі бола алар еді», – деген болатын.

Сондықтан да ­барша қазақ елі “Алғыс айту” күнін күрделі уақытты иық тіресе бірге еңсеріп, қысқа мерзім ішінде Елбасының бас­шылығымен Тәуелсіз Қа­зақ­станды құру жолында аянбай тер төккен еліміздің барлық азаматтарының бір-біріне құрмет көрсететін күні деп біледі. Әсіресе, бұл мерекеде басқа этнос өкілдері қиын-қыстау кезеңде өзгені өзектен теппей, бір үзім нанын бөліскен қазақ жұртына  риясыз алғыс айтатын күн санайды.

Сондай жандардың бірі  – татар ұлтының өкілі Венера Гафурова. Ол бүгінгі бақытты ғұмырын қазақ елінің дархан көңілінің арқасы деп біледі.

– Алғыс айту күні – өткенімізге көз тастап, елі­міз­дегі достық сенімді ны­ғайтуға жол ашқан үлкен мүмкіндік. Қазақ – жатсынуды, бөлектеуді білмейтін халық. Сондықтан да айтулы мерекеде татар ұлтының атынан барша ұлтты бауырына басқан қазақ жұртына мың алғыс айтып, құтты мекенге айналған еліме ризашылығымды жет­кізгім келеді. Мен – Сыр елінің перзентімін. Осында туғаныма мақтанамын. Мұнда бақытты балалық шағым өтті. Өзімнің кәсібімді ашуға мол мүмкіндіктер берді. Ендігі жерде осындай кеңпейілді қазақ елі үшін қызмет еткім келеді, – деді Венера.

Венера Ривгатқызы  Т.Рыс­құлов атындағы  Қазақ эко­номикалық универ­ситетінде эко­номист мамандығы бо­йын­ша білім алған. 2013 жылы «МАБ» Халықаралық Бизнес академиясының магистра­ту­ра­сын бітірген. Оқуын тәмам­даған соң туған жеріне қайта оралып, «Торғай Петролеум» АҚ – экономист, 2007-2013 жылдары «Энергомонтажавтоматика» ЖШС-ның қаржы директоры қызметтерін ат­қарады. 2013 жылдан бері мұнай өнімдерін көтерме сататын «Alef trade» ЖШС директоры болып жұмыс жасайды. 50-ге жуық адамды жұмыспен қамтып отыр. Өзінің еңбек­қорлығымен танылған Венера  «Персона» сұлулық салонын да ашқан.

Кәсібін дөңгеленткен ке­лін­шек татар этномәдени бірлестігінің мүшесі. Оны жұртшылық жомарт қолды жанашыр ретінде де жоғары бағалайды. Себебі, Қарағанды облысын су басқанда тас­қыннан зардап шеккендерге алғаш болып көмек қолын созды. Жаны нәзік болса да, ерге тән ісімен елді сүй­сіндіріп жүретін кәсіпкер үнемі ізденіп, қоғамдық жұ­мыстарға белсене араласып отырады. Әсіресе, мұқтаж жандарға қол ұшын созу, әлеуметтік жауапкершілікті  сезіну оның басты қағидасы. Өңірде қандай да бір қайы­рым­дылық шара өтетін болса, әркез бастамашылдық танытып, әлеуметтік жағынан аз қамтылған, көпбалалы, тұр­мысы төмен отбасыларға, мүгедек жандарға көмек беріп келеді. Оның ішінде  «Атамекен» отбасы үлгісіндегі балалар ауылының тұрақты демеушілерінің бірі. Мұндай игі істі өзінің адамгершілік борышым деп есептейді.

– Біреуге қандай да бір жақсылық жасасам ел  көрсін, білсін деп жасамаймын. Бұл – менің перзенттік парызым. Еліме, халқыма деген ризашылығым, – дейді.

Венераның еңбегі еш елеусіз қалған емес. 2016 жылы «Алғыс хат» пен «Құрмет грамо­тасын» иеленсе, 2017 жылы ІІІ рес­публикалық меценаттар форумында «Жомарт жан» ме­да­лімен марапатталды. Көпке үлгі болған нәзік жан бүгінде екі баланың анасы, аяу­лы жар.

Мейрамгүл ДАУЫЛБАЙҚЫЗЫ.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<