VILLAGE LIFE: Барып қайт, балам, ауылға…

764

0

VILLAGE LIFE:  Барып қайт, балам, ауылға... Қазақ халқының ізгі мәдени құндылықтары – құрмет пен ізеттілік, қайырымдылық пен қонақжайлылық сынды көркем өнегенің көрінісі ауылдан басталады. Демек, адами құндылықтардың бастауы ауылдық тәрбиеде жатыр десек, артық айтқандық емес. 

Ұлттық салт-дәстүрлер атаның қанымен, ананың сүтімен ұрпақтан-ұрпаққа дарып, ауыл өмірімен біте қайнасып сақталып келеді. Облыстық тарихи-өлкетану музейі Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» бағдарламалық мақаласының «Тарихи сананы жаңғырту» тарауында көрсетілген мектеп туризмін дамыту жұмыстары бо­йынша және Жастар жылына орай мектеп оқушылары арасында «Village life» жобасын ұйымдастырды. Жоба маусым-қазан айлары аралығында өтті. Қаладағы 16 мектеп, 800 оқушыны қамтыған жоба екі бағытта жүзеге асты. Мектеп оқушылары Сырдария ауданы Бесарық ауылы мен Шиелі ауданы ­Ы.Жақаев ауылында болып, тыныс-тіршілігімен танысып қайтты. 

Ұлт құндылықтары, рухани байлықтың қайнар бұ­лағы ауылда. Кішіпейілдік, бауыр­малдық сынды асыл қасиеттерді ақсақалдары мен абыздарының, дуалы ауыз қариялар мен ақ жаулықты аналардың тәрбиесінен аларымыз сөзсіз. Осы орайда, жастарды руханият­тың тамыры жатқан ауыл өмірімен таныс­тыру, ондағы мамандықтарының (зоотех­ник, агроном, ветеринар, зооселекционер, т.б.) мәртебесін көтеруді мақсат еткен жобаның ұсынылуы да, оның құпталуы да, жүзеге асырылуы да – бүгінгі күннің талабы әрі қажеттілігі. Бұл жоба жаһандану заманындағы заманауи жастардың ұлттық құндылықтарға деген көзқарасын дұрыс бағытқа өзгертуді мұрат тұтты.

«Барып қайт, балам, ауылға туған барып қайт, Шалғынға аунап, құмында ойнақ салып қайт…» делінетін ән жолдарының күмбірі құлағымыздан кетпейтін ауыл баласымыз ғой. Қай ауылға барсақ та, әдемі ғимарат немесе зәулім үй іздемейтініміз анық. Бізге керегі-ақ пейілді, жарқын көңілді, еңбекқор, өмірге құштар адамдармен жүздесу, пікірлесу, өмір жайлы өзекті әңгіме өрбіту, атакәсіппен танысу. Осы бір жан қалауын ізімізден еріп келе жатқан қала жастарына көрсетсек, жаһандану заманына сай өмір­­лік ұстанымдарына кішкене де болса ұлттық дән ексек деген мақсатты көздедік. Жоба сол үдеден шықты.

Қала мектептерінің оқу­шылары жоба аясында ар­хаизм және тарихи сөздермен танысты. Көне сөздер бала жадында жаңғырды, сөздік қолданыстарына енді. Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласында «Атқа міну мәдениеті» туралы жазылған. Мектеп оқушыларына ат ерттеуді, дұрыс отыруды үйреткен Жұмабай Байзақұлы мен Нұрлан Махмұтұлы жастардың көзіндегі отты, бойларындағы қазақи намыс­ты байқағандарын айтты.

Атқа қонғанда тақта отыр­ғандарды менсінбейтін қазақ батырларының ізбасарларын көргендей болдық. Жалын тарта атқа мінген балалардың өздерін сайын даланың иесіндей сезінуі жанды тебірентпей қоймады. Ауылдың о шеті мен бұ шетін бойлай жүгірген балалардың қуаныштарында шек болмады. Ұлттық аспапта ойнап, күй тартып, ән салып шат-шадыман күй кешкен оқушылар ауылда асыр салып, ата-бабасынан қалған ұлттық музыкаға бейжай қарамайтынын байқатты. Қазақтың ұлттық тағамдары мен сусындарын өз қолдарымен дайындап, ер балалар мал шаруашылығына араласып, төл күтімімен айналысты. Киіз үйдің сүйек­тері мен жабдықтары таныстырылып, ішінде демалуға, тамақтануға мүмкіндік берілді. Қыз­дар алаша, кілем, ши тоқу өнерімен танысып, ауылдағы апа-әжелермен бірден тіл табысып кетті. Жоба соңында алған әсерлерімен бөлісу мақсатында «Үздік эссе» байқауы ұйымдастырылып, жеңімпаз оқушылар анықталып, марапатталды.

Жаһандану заманында техникаға тәуелді жастардың бір сәт телефон, гаджеттерден арылып, қазақтың жаны саналатын ауыл өмірімен танысып, рухани байып қайтқаны бізді қуантқаны рас. Қала мен даланы байланыстырған жоба өз мақсатына жетті. Балалардың рухани әлемі, ұлттық құндылықтарға деген көзқарасы бір саты жоғарылады. Жас ұрпаққа рухани тәрбие беру мен ел өркениетін дамыту жолындағы білім ошақтарымен бірлесе атқарған жұмыс өз нәтижесін берді.

Бахыткүл БЕКМАМБЕТ,

облыстық тарихи-өлкетану музейінің директоры.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<