Вокзалдар мен жолаушылар платформасы жаңғыртылуда

165

0

Облыс әкімінің бірінші орынбасары Данияр Жаналиновтың төрағалығымен мәжіліс өтті. Күн тәртібінде аймақтағы теміржол вокзалдарын қайта жаңғырту және күрделі жөндеу барысындағы мәселелер талқыланды. Оған Көлік вице-министрі Жәнібек Тайжанов, жауапты сала жетекшілері, мердігерлер, авторлық және техникалық бақылау мекемелерінің басшылары қатысып, бірқатар тапсырма жүктелді.

– Теміржол вокзалдарын қайта жаңғырту және күрделі жөндеу жұмыстары уақытылы, сапалы жүргізілуі тиіс. Құрылыс материал­дарының жеткілікті болуын қадағалап, қауіпсіздік талаптарын сақтау қажет. Сонымен қатар, жұмыс барысын тұрақты бақылау, вокзалдарды стандарт­тарға сай абаттандыру және халыққа ыңғай­лы ету маңызды, – деді Данияр Еренғалиұлы.

Мемлекет басшысының, Үкіметтің айрық­ша қолдауымен ел аумағындағы, оның ішінде облыстағы барлық теміржол вокзалы мен вок­зал маңы күрделі жөнделіп, абаттан­ды­рылуда. Жалпы 125 вокзалды жөндеуді бір мезгілде бастап, бір жылда аяқтау жоспарланған.

Бұл тізімге өңірдегі 7 вокзал және «Талап» бекетіндегі жолаушылар плат­фор­масы енгі­зілген. Қазіргі таңда «Қа­зақстан Темір Жолы» Ұлттық компаниясы мердігер мекемелермен келісімшарт рәсімдеп, 30 пайыз аванс төлемін жасаған. Аталған нысандарда қарқынды жұмыс жүргізілуде.

Өңірдегі магистральді теміржол желісі 1051 шақырым, ұлттық ком­панияға қарасты 8 теміржол вокзалы мен 2 қызмет көрсету пункті бар.

Вокзалдардағы жұмыс барысы облыс әкімінің тікелей бақылауында.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі