Волонтер еңбегі ел еңсесін көтерді

2149

0

Пандемияның әлегі әлі есте. Жағдай күрделенген сайын, алаң көңілдің уайымы көбейді. Сондайда жүректеріне жылу, жүздеріне мейірім ұялаған, ертеңге сенімі мықты волонтерлар қамкөңіл жұрттың еңсесін көтерді.  «Он адам жүрген жерде із қалады, жүз адам жүрген жер – соқпақ, мың адам жүрген жерде жол қалады» деген дана сөздің айғағындай болды олар. Биыл Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Волонтерлар жылын жариялағанда игі бастаманы қуанышпен қабылдаған едік. Сындарлы сәтте волонтерлар сол сенімнен шықты.

Волонтерды демеушілермен шатастырмаңыз

Волонтер екенсіз ғой! Сіздерге бір өтінішім бар. Таныс отбасыға материалдық көмек қажет еді…

Ерікті жастарды көргенде қала тұрғындарының көбі әңгімесін осылай бастайды. Бір қарағанда, мыңдаған отбасыға азық-түлік тарататын волонтерлардың көбі қайырымдылық жасайтын демеуші сияқты көрінетін де болар. Десе де, мынаны түсінуіміз керек.

Волонтерлар – ізгі ниетімен еңбегіне ақы сұрамастан қоғамға жақсылық жасаушылар, иә ерікті түрде көрсетілген кез келген қызмет волонтерлық болып саналады. Әсіресе, төтенше жағдай кезінде олардың көбі қайырымды жан мен науқас, мұқтаж отбасы арасындағы алтын көпір болды. Індет өршіп, ел жұрт елең-алаң күй кешіп, ауа жетпей, дәрі таппай даурыққан кезде волонтерлар бас көтерді. Сол уақытта облыстық Жастар ресурстық орталығының жанындағы еріктілер фронт-офисіне 800-ден астам волонтер жиналыпты. Бұл тек есепке алынғаны. Бірақ көбінің демеушілерден бас­ты айырмашылығы жұртқа көмек көрсететін арнайы қоры болма­уында. Олардың көбі меценаттар секілді адамдарға үй салып не керек дүниесін уақытында алып бере алмауы мүмкін. Бірақ ең бастысы күш-жігері мен уақытын басқаларға арнайды.

Карантин кезінде елдің бәрі етек-жеңін жиып, сақтануға көш­кенде олар қалай қорықпады, кімге қалай көмек­тесті? Мұны білу үшін об­лыстық «Волонтерлар фронт офисінің» жетекшісі Болатбек Айтбенбетовке хабарластық. Болат­бектің каран­тин уақытында әлеу­мет­тік желіде бастама көтеріп, ерік­тілерді біріктіргенін біз де бай­қаған едік.

Болатбек Айтбенбетов, волонтер:

Ел алғысы ерекше сезім сыйлайды

Бұрын болмаған дерт дендегеннен кейін «адамдарға біз қалай көмектесеміз?» деген ойдың жете­гінде болдым. Мен ғана емес, фронт офис­ке жиылған волонтерлар, ор­талық мамандарының бәрі аза­маттық парызын орындауға барын салды. Бастысы хабарласқан, жеке байланыс нөмірімізді тауып өтініш айтқан қай тұрғынды да ескерусіз қалдырмадық. Материалдық көмек қажет болса, тілегін кәсіпкер азаматтарға жеткіздік. Демеушілер арқылы алынған азық-түлікті іріктеуден бөлек, таратуға жеке көлігі бар 20-дан астам ерікті атсалысты.

Пневмония өршігенде ел дәрі­ханадағы кезекті сағаттап күтті. Керек дәрі бірінде болса, бірінде жоқ. Сол кезде орталық жанындағы әлеуметтік дүкен бағытын өзгертіп, тұрғындардан мерзімі өтпеген, керекті дәрілерді қабылдай бастадық. Өзінде болса, өзгеге беретіндер көп екен. Тіпті аллергияға қарсы дәріні әкеп тапсырғандар да болды. Бірақ барынша осы дертті басатын дәрілерді қабылдадық. Соның арқасында керекті препаратын таппай хабарласқан, дәрігер берген рецепті көрсеткен 240 отбасыға дәрі үлестірдік. Еріктілердің өздері де үйлерінен, тіпті сатып алып үлес қосқандары болды. Ал, қазір дәрі іздеп хабарласатындар мүлде жоқ десек те болады.

Волонтерлар оттегі баллонын арқалап ауруханадағы науқастарға да жәрдемші болды, ал орталықтың автобусы баллон тасуға босатылды. Баллон жеңіл емес, әсіресе күннің ыстығында 90 келілік дүниені әрі-бері алып жүру үшін де шыдам керек. Сол уақытта жігіттер күн сайын кезектесіп, жалпы саны жүзге жуық жігіт осы іске атсалысты. Олардың ішінде Facebook-тағы хабарламаны оқып, арнайы келгендері де бар.

Бізде «вирус жұғып кете ме?» деген қорқыныш болмады емес, болды. Жігіттердің көбі отбасылы, кішкентай балалары бар. Бірақ осы уақытта елге көмек керегін жан дүниемізбен түсіндік. Әсіресе, біздің вирустан сақтануымызға «Абзал и К» ТС директоры Мағжан Ералиев үлкен қолдау көрсетті. Біз үшін алаңдап 50 қорғаныш киімін, бетперделерімен бірге алып берген болатын. Сеніміміздің мықтылығынан болар әрі осындай жанашырлықтың арқасында бірде-бір волонтердың «пневмониямен ауы­рып қалдым» деген хабарын есті­медік.

Бұл волонтерлар еңбегінің елге белгілісі ғана. Көбіне бір шараны айтсақ, қалған жұмыстарды жария­лай бермейміз. Өйткені, волонтер болу – белгілі жоспар, нақты қызмет емес, жүректің қалауы.

Волонтер еңбегі  ел еңсесін көтерді

Ақбаян адам жанына араша болды

Бірақ волонтер Ақбаян Бүркітбай бұлай ойламайды. Бәрін басынан бастайық.

Сол күні ол Төтенше жағдай департаменті қызметкерлерімен бірге судағы қауіпсіздік бо­йынша рейдке шыққан болатын.  Волон­терлардың бұл қызметі де қалып­тасқан жағдай. Сырдарияның сол жағалауында рейдке қатысқан волонтер қайтар жолда қыз баланың суға батып бара жатқанын байқайды. Әдепкіде олар алысқа жүзіп бара жатқан болар деп мән бермейді. Бірақ мән-жайды түсінгенде департамент қызметкері Бексұлтан Бижігіт ойланбастан суға қойып кетеді. Қызды жағалауға шығаруға балық аулап отырған Дастан Қадыров есімді азамат та көмектескен. Олармен бірге Ақбаян да арнайы мамандар келемін дегенше қызға жәрдем жасап, аман қалуына септігін тигізді.

Иә, ниет текке кеткен жоқ. Ақбаян үйінен шыққанда адамдардың аман­дығын ойлаған еді ғой…

Айта кету керек, өткен айда «Сабақтастық» бағытының волон­терлары дизайнерлермен бірге облыстық «Балалар ауруханасының» қабырғаларын бояп, сурет салып бергенін жазған болатынбыз. Анимация кейіпкерлерінің бейнесі сондай сәтті шыққан еді. Ақбаян – негізі сол «Сабақтастық» бағытының волонтеры.

Волонтер еңбегі  ел еңсесін көтерді

«Феи-Швеи»-дің маскалары әлі де жарамды

«Феи-Швеи» – төтенше жағдай кезінде іске қосылды. «Qosyl» қала­лық жастар ресурстық орталы­ғының жобасы. Алғашқыда 25 тігінші волонтердан  құрылған жоба аясында көп реттік маска дайындалды.

–    Карантин уақытында бір реттік шаралардан бөлек, тұрақты жобалар қолға алынды. Өзіме қатты ұнайтыны – «Феи-Швеи». Қалада оған дейін демеушілер көмегімен мүмкіндігі шектеулі жандарға тегін маска таратып, аялдамаларда жалпы маска тағудың қажеттілігін түсіндіріп, акция жасаған болатынбыз. Одан кейін ұсыныс түсті. Бір кәсіпкер батист деген жақсы материал алып берді. Содан екі күннің ішінде 25-ке жуық тігінші волонтер тауып, 1000-ға жуық көпреттік маска тіктік. Өйткені, біз түсіндік. Бір реттік масканың 5000-10000 данасын таратқанмен, ол 2-3 сағатқа ғана жарайды. Ал біздің төтенше жағдай кезінде таратқан маскаларды әлі күнге дейін тұрғындар пайдаланып жүр. Сол бастамамызды тігінші әпке, замандастарымыз бірден қолдады. Біз әр үйге жеке көлікпен заттарды таратып береміз. Олар тігіп болған соң хабарлайды, сол кезде алып кетеміз.

 Қалаға қарасты 7 ауылдық округ, екі кент бар. Сол ауылдардағы жас­тар, әкімшілік мамандары, волонтерлар көмегімен әлеуметтік осал топтағы адамдарды қамтыдық. Өйткені «қала» деп жүріп, қаланың орталығындағы тұрғындармен ғана шектеліп қаламыз да, ауылдық округтегі жағдайы төмен адамдарды естен шығарып алатынбыз. Карантин уақытында мұны да ескердік, – деді орталық басшысы Сабыржан Кеңшілік.

Egov қызметін

түсінбей жүрсіз бе?

Онда сізге волонтерлар көмек көрсетеді. Өйткені, телефон арқылы анықтама алып, шаруасын реттеуді білмейтіндер бар. Сондықтан E-gov қызметін үйрету үшін волонтерлар төтенше жағдай кезінде осындай шешім қабылдады. 

Қазір оқуға түсуге өтініш беру, анықтама беру сынды қызметтің барлығы E-gov-та. Бұл біздің цифрлық сауат­ты­лығымызды арттырады, әрине. Бірақ интернеттің иірімін түсінбей, уақыт ұттырып алатындар әлі  көп.

– Біз осы мәселені байқадық та, «Golden Kazakhstan» бірлестігіндегі белсенді қыз-жігіттердің көмегімен E-gov қызметін үйретуге байланыс­ты жаңа жоба бастадық. Бұл волонтерлар өздерінің бөлек жобаларымен ХҚКО-да ерікті қызмет атқарды. Сол жақтағы проблеманы көрді. Бізге ұсыныспен келді де, жобаны бірге жасадық. Қазір олар өтінішпен келген адамдарға, ең қажетті қызметтерді қалай алуға болатынын көрсетіп жүр. Біз бір адамды оқытсақ, ол жақындарына үйретеді. Демек, сол арқылы 20-30 адамның халық көп шоғырланған жерге баруының алдын аламыз, – деді орталық басшысы Сабыржан Кеңшілік.

Бүгінде волонтерлар тек қызмет көрсету емес, үйрету жағына баса назар аударуда.

Көмек керек пе? «Syr Volonterlary»-на хабарласыңыз

Қазақылықтың қаймағы бұ­зыл­маған Сыр елінде жақсы істің жанынан табылатын еріктілердің қатары қалың. Оң қолым бергенді, сол қолым көрмесін дейтін қайырымды жандар да аз емес. Сондықтан олар­дың басын біріктіретін орта­лықтың керегі айдан анық еді.  Шілде айында облыстағы барлық волонтерлардың басын біріктіріп, бір терезе қағидаты бойынша волон­терлық қызмет көрсететін «Syr Volonterlary» орталығы об­лыс­тық ішкі саясат басқармасының жанынан ашылды. Қолдауды қажет ететін тұрғындар осы орталыққа хабарласып көмек алуына болады. Негізгі басымдық коронавирус індетімен күреске және волонтерлық көмектер мен қайырымдылық акцияларына берілген.

Қазір мұнда 7 бағыт бойынша жауапты мамандар бөлініп, онлайн форматта жұмыс істеуде.

Атап айтқанда, тарихи-мәдени мұра объектілерін сақтау шара­ларына волонтерларды тарту бо­йынша «Birgemiz: Asyl mura», жо­ғалған адамдарды іздеу, зілзала қауіп-қатерін азайту, табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдай салдарын жою бойынша «Birgemiz: Úmit» бағыты жұмыс атқарады. Ал оқушылар мен студент жастарға үйірмелер, компью­терлік сауаттылықты арттыратын онлайн сабақтар мен курстар өткізуге бағытталған «Birgemiz: Bilim», онкологиялық дис­пан­сер, ауруханалардағы нау­қастарға медициналық көмек беруге бағытталған «Birgemiz: Saýlyq», қоршаған ортаны қорғау, өзендер мен ормандарды тазалап, ағаш отырғызуға бағытталған «Birgemiz: Taza Álem», қарттар үйіне, әлеуметтік аз қамтылған отбасыға көмек көрсетуге бағытталған «Birgemiz: Qamqor», өмірде қиын жағдайға тап болған жастарға, жас отбасыларға көмек беруге бағытталған «Birgemiz: Sabaqtastyq» бағыты бойынша көмек көрсетеді.

Волонтер еңбегі  ел еңсесін көтерді

Енді орталықта атқарылған жұмыстардың кейбірін атап өтсек. 31 шілде күні «Syr Volonterlary» орталығының және Қазақстан халқы Ассамблеясының ұйымдастыруымен қасиетті Құрбан айт мерекесіне орай, «Мың алғыс!» жалпыреспубликалық акциясы өтті.

Сонымен қатар, Қазалы, Қар­мақшы, Жалағаш аудандарының волонтерлары  «Birgemiz: Saulyq» бағыты бойынша «Бетперде тағып жүрейік!» науқаны аясында 4550 дана медициналық бетперде таратты. «Донор бол!» акциясы ұйымдастырылып, акцияға орталық қызметкерлері мен «Волонтерлар фронт-офисінің» мүшелері, сондай-ақ, қала бойынша ерікті жастар атсалысып өз үлестерін қосты.

Осы кезде «Абай-Дәулет» ЖШС-ның директоры, меценат Мұрат Сәрсенбаев Сырдария мен Қармақшы ауданының медицина қызметкерлеріне «Дәрігерлерге мың алғыс» республикалық акциясы аясында сый-құрмет көрсетті.

«Taza Qazaqstan» бағыты бойынша Сырдария ауданы волонтер­ларының қатысумен Сырдария өзені жағажайы бойында тазалық жұмыстары жүргізілді. Шиелі ауда­нының волонтер жастары «Birgemiz: TazaAlem» жалпыұлттық жобасы аясында, Құрбан айт мерекесі қарса­ңында орталық мешітке тазалық жұмысын жүргізді. Сондай-ақ, «Бұл менің қоқысым емес, бірақ бұл менің туған өлкем» атты акциясын Қазалы ауданының ерікті жастары өткізді.

Волонтерлар археологиялық зерттеу жұмысына қатысады

Археологияға қызығатын, тарихи жәдіргелерге жаны ашитын волонтерларға осындай мүм­кін­дік бұйырып тұр. Алдағы уа­қытта «Birgemiz: Asyl mura» бағыты бо­йынша Қармақшы ауда­нындағы Бәбіш мола және Сырдария ауданын­дағы Асанас қалашықтарына архео­логиялық ескерт­кіштерге қазба және зерттеу жұмыстарын жүргізу жос­парланып отыр. Ұйымдастырушы – облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы.

Осы ретте Волонтерлар жылы аясында туған жердің тарихи-мә­дени мұраларына қызығушылық танытатын және далалық қазба жұ­мыстарының қыр-сырын меңгеру үшін археологиялық зерттеу жұмыс­тарына волонтерларды тарту көз­делген.  

Екі отбасы баспаналы болды

Облыс бойынша «Харекет» қайы­рымдылық қоры волонтерлармен бірігіп Қызылорда қаласы мен Арал ауданындағы 2 көпбалалы анаға  бас­пана кілтін табыстағаны туралы естіген боларсыз.

Иә, қызылордалық волонтерлар қаржы жинауға байланысты афишаларды таратып, демеушілерге хабарласып, барынша көмек көрсетіп, марапаттау сәтіне толығымен атсалысты. Ал Арал ауданындағы еріктілер оған дейін үй жалдап тұрып келген көпбалалы ананың баспанасын жөндеуге, қыста отын жарып, қар тазалауға көмегін берген еді. Сондай-ақ, олар да қордың арнайы жәшіктерін адам көп жиналатын орындарға қоюға әрі насихаттауға барынша үлес қосты.

Айдана ЖҰМАДИНОВА,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<