Елімізде учаскелік инспектор көмекшісі лауазымы енгізіледі. Бұл туралы халыққа есеп беру кездесуінде ҚР ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Полицияның негізгі міндеттерінің бірі – құқық бұзушылықты болдырмау, оның алдын алу. Бұл жерде учаскелік полиция инспекторларының маңызы зор. Мемлекет басшысы учаскелік инспекторлардың мәртебесін арттыру туралы тапсырма берді. Олардың жұмысын тиімді ету үшін құзыретін кеңейтіп, заңға өзгертулер енгізілуде», – деді министр.
Оның атап өтуінше, қазіргі уақытта ауылдарда учаскелік инспекторлар жетіспейді. Кей жерде 3-4 ауылға бір қызметкер жауапты болып жүр. «Осыған байланысты, ішкі резерв есебінен учаскелік инспектор көмекшісі лауазымын енгізу жоспарланып отыр. Жергілікті атқарушы органдармен бірге учаскелік пункттер салу жоспарлануда. Өз аумағына жақын болуы үшін ауылдық жерлерде учаскелік пунктер қызметкерлер тұратын үймен бірге салынады. Ал қалаларда тұрғын үй кешендерінде орналасады», – деді Ерлан Тұрғымбаев.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<