Осы жасқа келгенше жарытып түс те көрмейтінмін. Ара-тұра көрген түстерімді есте сақтауға тырысып, ертеңіне өзімше қанша рет жорып көргім келгенімен, шілдің тезегіндей пышырап, ақыры құйрығын ұстатпай кететін. Ал сол азғантай ғана үзік-үзік түстердің ішінде ап-айқын боп көңілде сайрап тұратын бір тұстары болады. Оларды түс деп айтуға да болмайтындай. Өйткені, бұлар өзімнің түу алыста қалған балалық шағымның, бүгінде теңіздің кепкен табанында бедері белгісіз болып жоғалған туған жердің, сол жерде еңбек еткен адамдардың қайнаған өмірінен есте қалған үзінділер екен.
…Әсіресе бүгінгі көрген түсімнен төсектен ерекше езіліп тұрдым: жан-жағын жыңғыл көмкерген, дәл төбесінде ғана шашы түсіп қалған кісінің басындай алаңқайы бар биік төбеде тұрып, шеті аспан мен жердің астасқан шегарасына ұласқан, сор басқан сонау сағымданған алыс қиырдан өзге ешнәрсе көзге ілінбейтін теңіздің бұрынғы орнына қарап, көкірегім қарсы айырылып, өксимін келіп. Сөйтіп тұрып күркіреген теңіз үнін естігендей боламын: жан-жағыма қараймын – шалқыған теңіз түгіл кеберсіген көлшік те жоқ. Өз бойымдағы ең бір қымбат затымды жоғалтқандай жан-жағыма сүзіле қараймын: ештеңе көрінбейді, тіпті ел де жоқ. Жалғыз қалып, адасқан жандай өкіре жылаймын. Сөйтсем, теңіз дауысы деп іздегенім өз дауысым болып, қинала жылап оянып кеттім. Жастығым едәуір суланып қалыпты.
Осы бір оқыс түс бұл күнде жетпістен асып қарттыққа бой ұсына бастаған менің түу алыста қалып көмескі тартқан жастық шағымның кейбір тұстарын еске алуға мұрсат берді.
…Ес біле бастағаннан бергі он бес жылдық балалық шағым Арал ауданына қарасты балықшылардың мекені болған, сол балықшылардың бірінің отбасында дүниеге келген менің де кіндігімнің қаны тамған, алғаш білім алған ортам «Ұялы» аталатын ауыл екені мәңгілік жүрегімде жатталып қалған. Түсімде көретінім де, сағынғанда есіме алып, еріксіз өксіп алатыным да, теңіздің Өзбекстанмен шекаралас қиыр оңтүстік-шығысында, аудан орталығы – Арал қаласынан 350 шақырымдай қашықта орналасқан, сол кездегі ұлы теңіздің осы бір бүйендей пұшпақ-аралы – «Ұялы» еді.
Теңіздің шығыс жағалауында Бөген, Қаратерең, Үлкен Ұзынқайыр, Қасқақұлан, Ақбасты, Қосарал, Жыңғылды, Тасты, Жалпақ, Манас, Кішіұзынқайыр, Ұялы, Қосшоқы, Дамбал (Үлкен дамбал, Кіші дамбал аталатын екі төбешіктен тұрады), Тектұрмас, Меншік (Меньшиков), Түлкілі тәрізді сонау Қарақалпақстан жеріне дейін созылып, құрлықтан азы бір-екі, көбі бес-он шақырымдық сумен бөлініп, жыпырлап жатқан аралшықтардың бірсыпырасы ірі балық зауыттары, мектептері мен кеңселері бар балықшылардың тұрақты мекендері болса, біразы олардың көшіп-қонып жүріп балық аулайтын уақытша орындары болатын. Сонымен бірге теңіздің жағалауында бір жағы мал бағуға, бір жағы балықпен айналысуға қолайлы Қарабура, Жуанбалық, Сандал, Қосшегенді, Мық, Биіктау, Сиықата, Кендірлі сияқты аздаған отбасылар мекен ететін жерлер де баршылық еді. Аталған елді мекендер ішіндегі біраз шағын ауылдардың басын біріктіретін, ел мол қоныстанған, ірі балық зауыты, ауылдық кеңес кеңсесі, орысша-қазақша жетіжылдық мектебі, жалпы қайнаған қызу тірлігі бар «Балықшылар» атты колхоздың орталығы – «Ұялы» болатын.
«Ұялы» атауы жөнінде әкелеріміздің мына бір сөзді үнемі айтып отыратыны есімде қалыпты. Бірде аудан орталығы Аралдан ба, әлде одан да жоғары жақтан ба, әйтеуір бір басшы келсе керек. Ұжым басшысы осы бастыққа балықшылар орналасқан жерлерді аралата жүріп, «Поселке» деген жердегі балықшылар ауылына алып келіпті (Шамасы, Ұялының алғашқы орналасқан жері осы жер болса керек). Сонда бір үйден тоғыз еркектің өріп шыққанын көріп, басшы: «Бұлардың бәрі бір үйдің адамдары ма?» – деп сұрапты. Бастық: «Я, бұлар Үркімбай деген кісінің балалары, бәрі де балықшылар» – деп жауап беріпті. Сонда әлгі кісі басын шайқап тұрып: «Ауылдың атын неге «Ұялы» деп қойған десем, бұл Үркімбаевтардың ұясы екен ғой!» – деп таңдана, тамсана кетіпті дейді. Шынында солай таңдануының реті де бар сияқты. Олай дейтінім, Кеңес үкіметін орнату қарсаңындағы не Азамат соғысының, әлде аштық пен кәмпеске жылдарының ылаңына байланысты ма, әйтеуір атамыз Үркімбай бұрынғы ата-баба жері болған Қазалы маңынан ығысып, әулетімен осы Ұялыға келіп орныққан болса керек. Кезінде діннен де, ауыл-аймақта биліктен де хабары болған атамыз Үркімбайдың балаларының да (атамыздың 13 ұл, 5 қызы болған) бірсыпырсы ескіше де, жаңаша да сауатты болыпты. Ұялыға табан тірегеннен кейін жаңа жерді жатсынбай, бірі басшылық қызмет атқарса, қалғандары осындағы балық шаруашылығын өркендету жолында жұптарын жазбай еңбек еткен, ұрпақ өрбіткен, әсіресе соғыс жылдарында елдің бас көтерер азаматтары майданға кеткенде, ауылда қалған ағайындылар елдегі қарттар мен әйелдерге, бала-шағаларға дем беріп, олардың ұйыса еңбек етуіне үлгі болған көрінеді. Жоғарыдағы басшылардың таңданысын туғызған да Үркімбай балаларының осы ауызбірлігі болса керек. Жалпы, мен білерде, Ұялы тек Үркімбай балаларының ұясы ғана емес, әр кезеңде тағдыр айдап келген көптеген ұлт өкілдерінің ұясы да болған десем, артық айтқандық емес, өйткені үлкендердің айтуына қарағанда, соғыс басталардан бұрын, соғыс кезінде, одан кейінгі оншақты жылдың көлемінде осы жерде он алты ұлттың өкілдері тіршілік еткен көрінеді.
…Ұялы – теңіздің шығыс жағалауында орналасқан ұзындығы шамамен 20 шақырымдай, ені кей жерінде 1-2 шақырым, кей тұсы 5-6 шақырым болатын, жыңғылмен көмкерілген құм төбелерден тұратын бүйен тәрізді арал еді. Ұлы теңіз жақ беткі жағалауы – ұзына бойы жалаңаш ақ қайраң, балықшылардың жылым салуына қолайлы жерлер («рет» аталады – орыстың «ряд» сөзімен мағыналас), ал ел тұратын шығыс жағалауы – қойнау-қойнауы қалың қамысты (пішен), дауылды күндері кемелерге ықтасын, пана болатын қуыс-қолтығы көп жер. Аралдың осындай бір кеңдеу қолтығына кеме тоқтайтын айлақ (флот), балық зауыты орналасқан да, одан биіктеу құм төбелерде балықшылар мен зауыт жұмысшыларының, кеңсе қызметкерлерінің үйлері ұзына бойына шашырай орналасқан.
…Ел қарияларының айтуына қарағанда, «Ұялы» аты құс ұясының мол болуына байланысты қойылса керек. Бұл атаудың қай кезде қойылғаны беймәлім. Алайда біздің өзіміз де көз ашқаннан осының шындығына куә болып өстік. Әсіресе көктем мен күзде Ұялының айналасы, жалпы теңіз жағалауының қолтық-қойнаулары түгелдей құс базарына айналып кететін. Ең ерте келетін құс – теңіз еркесі – шағала. Бұдан соң үйректер, аққулар, қаздар, бірқазандар, көкқұтандар, қарабайлар, қасқалдақтар келіп қамысты, қопалы жерлердің маңайын әнге толтырып, сәнін келтіреді. Әсіресе, қасқалдақтар теңіз бетін жауып кетеді.
Менің төрт-бес жастан есімде қалғаны – біз тұрған үй оншақты отбасына арналып қамыстан салынған ұзын барақтың орта тұсындағы екі бөлмелі үй еді. Ол ортасы пешпен бөлінген екі бөлмеден – бірінде от жағылып, тамақ пісіріледі және әке-шешеміз жатады, екіншісінде біздермен бірге басқа балық пункттерінде тұратын балықшы ағайындардың оқушы балалары жатады. Ересектеу балалар көздері ұйқыға кеткенше ертегі айтады, жұмбақ жасырады, жаңылтпаш айтады, мен және бастауыш сыныпта оқитын балалар соларды тыңдап жатып, қалай ұйықтағанымызды да білмей қалатынбыз. Ал таңертең осы аға-апаларымыздың мектепке дайындалған абыр-сабырынан оянатын едік. Амалсыз далаға шығасың. Жаңа шығып келе жатқан күн шапағымен шағылысқан теңіз беті жел тымық болса, жарқыраған айнадай боп көзді қарықтырады. Таң ала кеуімнен ауларын қарауға кетіп бара жатқан балықшылардың ескекті, бірлі-жарым моторлы қайықтарының дауыстары бірде алыстан, бірде жақыннан жарыса естіліп, оған ұшан теңіздің күрсінісі мен шаңқылдаған шағалалардың дауыстары қосылып, бейне бір оркестр ойнап жатқандай жаныңды тербейді.
…Таңертең далаға шыққанда кітап салған қалталарын иығына асып, не қолтықтап бара жатқан балаларды көріп қатты қызығатынмын. Сондықтан да болар, үйде жатқан ересек балалардың кітаптарын ақтарып, суреттерін көріп, тіпті өздерін мазалай отырып әріп танып, өз бетімше оқи алатын дәрежеге жеттім. Әсіресе, 7-кластың «Зоология» кітабын оқуға құштар едім. Өйткені онда жан-жануарлардың суреттері беріліп, астында атаулары жазылатын. Осылайша 1953 жылы 1-сыныпқа өз бетімше оқып, жаза алатындай біршама дайындықпен келдім.
Алғашқы қоңырау есімде жоқ, шамасы, ол кезде қазіргідей мереке болмаған болуы керек. Бірақ бастауыш класта сабақ берген Әнзия атты апайым, оның бізге деген ыстық ықыласы, сабақ айтқандағы қоңыр дауысы, көркем жазуға арналған екі жолды қисық сызықты дәптерге қара қарындашпен алғаш рет әріптердің бөлшектері болып келетін түзу және имек таяқшаларды, дөңгелектерді қалай салғаным, алғашқы алған «бестіктерім» әлі күнге есімде.
Мектеп өзіміздің барактағы үйімізден алыс емес. Сыртынан қарағанда «П» әрпі сияқты етіп қамыстан салынған еңселі үй. Басқа үйлерден ерекшелігі – едені тақтайланған, оқитын бөлмелер күн жақ бетте орналасқан да, көлеңке жағы жағалай коридор. Коридордың қабырғасында әр сыныптың қабырға газеттері және «Кірпі» деген сатиралық газет ілінген. «Кірпіде» апта сайын самолетке, машинаға, тасбақаға мінген оқушылардың қолдан салған суреттері ілінеді. Бастауыштар оқитын бөлмелерде ашпалы екі адамдық парталар. Олардың өзі ескі, топсалары болмағандықтан, кейбірінің қақпақтары шегеленіп тасталған. Кей партадағы пышақтың ұшымен жазылған әріптер мен суреттерді қанша қабат бояулар да кетіре алмаған. Әр бөлмеде от жағатын пеш және қара бояумен боялғандығы байқалатын тақталар бар. Дене шынықтыру сабақтары күн жылыда мектептің алдындағы алаңқайда өтеді. Онда биік бөренелердің жоғары жағына көлденең салынған тағы бір бөренеге салбыратып бір жіңішке сырық ағаш, бір жуан арқан, ұшында дөңгелек шығыршықтары бар аралары жақын тағы екі арқан ілінген. Екі бөренеге кесесінен жуан темір қойылған. Оны түрнек (турник) деп атайтын. Осы жабдықтарға тырмысып біз де жеті жылымызды өткіздік. Міне, мектеп жабдықтарынан менің есімде қалғандары осылар ғана.
Ал біздің оқу құралдарымыздың сиқы мынадай болатын: пәлен жыл пайдаланып ұлым-жұлымы шыққан, түбі қақырап, оны түрлі жіппен қайта тіккен кезде беттерінің орны ауысып кеткен оқулықтар (оның өзі де бірімізде болса, бірімізде жоқ); үлкен аға-апаларымыздың пайдалануынан қалған дәптерлердің артық беттерінен тігілген дәптерлер; түбіне жалпақтау дөңгелек резеңке не картон қағаз ойылып кигізілген пенициллиннің шынысына құйылған сия (арнаулы сиясауыт балаларда жоқтың қасы); сияның төгілуінен және бірнеше адамның қолынан өтіп талай рет жуылғандықтан, түр-түсінен айырылған алуан түрлі мойынға асатын қалталар. Әсіресе, ең қат нәрсе – оқулық. Оқулығы бар бала анау-мынау бастықтан кем емес. Саған шікірейіп, шекесінен қарайды. Дегенмен, бірімізде жоғы екіншімізде бар. Мұғалімдеріміздің тапсыруымен жоқ кітапты бірлесіп оқимыз. Кітап оқудың өзіміз тапқан бір жолы – жасырынбақ ойнау. Тығылатын балалардың ішінен кезегі келген біреуі кітапты алып төбе-төбені қаптай өскен қалың жыңғылдың арасына, мүмкіндігінше қашық жерге тығылуға тырысады. Ол үшін еспе құмда өкпең өшіп барынша қатты жүгіруге тырысасың да, тығылған бойда дереу оқуға кірісесің. Бір жағынан іздеуші баланың тезірек тауып алмауын тілеп, екінші жағынан тақырыпты түсініп алуға тырысып, жаның мұрныңның ұшында отырады. Өйткені ауыл маңындағы төбе-төбенің, қуыс-қолтығы, қалың жыңғылдардың жықпыл-жықпылы әр балаға таныс, тез-ақ тауып алуы мүмкін. Солай жанталасып отырғанда дәл төбеңнен түссе – құдайдың ұрғаны, сен ертеңгі сабақтағы тәуір бағадан қағылдым дей бер.
Мектеп жетіжылдық және орысша-қазақша болатын. Әлі есімде, директорымыз Ким Андрей Иванович деген кәріс кісі еді. Мектепте орыс сыныптарының болуы заңды болатын. Себебі, кейін білгенімдей, сол алақандай ауылда 16 ұлттың өкілдері тұрыпты. Бұлардың басым көпшілігі дерлік соғыс қарсаңында және соғыс кезінде жер аударылып келгендер көрінеді. Олардың ішінде жергілікті қазақтардан басқа ауыл адамдары «аштархан» атап кеткен астрахандық қазақтар, кәріс, татар, қалмақ, шешен, орыс, ноғай (шамасы, қырым татарлары болар), орал казактары (бізше – «оралскі»), т.б. ұлт өкілдері болған. Мектептің орысша бөлімі осы басқа ұлт өкілдері үшін ашылған болса керек. Біздер ес біле бастағаннан бұрын-ақ осы ұлттардың бірсыпырасы басқа қалаларға, біразы елдеріне кете бастаған. Әйтсе де, орыс сыныптары жабылған жоқ, енді оған жергілікті қазақтар балаларын бере бастады, жеті сыныпты қазақша бітіргендердің басқа жаққа барып оқуға мүмкіншілігі болмағандары бесінші сыныптан бастап орыс бөлімдеріне қайта түсіп оқитын.
Теңізде, Ұялыда өткізген балалық шағымның әр жылдарында туған жердің өзімді таң қалдырған талай тылсым құпияларына куә болғаным бар, солардың еске түскен бірлі-жарымының ұзын-ырғасы төмендегідей.
…Ауылды теңіздің ішкі жағынан басталатын кішкене өзекше бөліп жататын да, ол өзекше мектептің алдыңғы жағындағы ені жүз, ұзындығы бес жүз метр шамасындағы сопақша көлшікпен байланысатын. Кейде теңіз көтеріліп осы өзекше арқылы көлшіктің суы да молаятын. Осы өзекшеге бірі теңіз жағалауына жақын колхоз кеңсесінің алдынан, екіншісі көлшікке жақын екі тақтай көпір салынған. Алғашқысы колхоз жақтағы тұрғындарды теңіз жағалауымен тура флотқа (кеме тоқтайтын айлаққа) апарады да, екіншісі мектепке, орталыққа апарады. Көкем (әкемді көке дейтінмін) науқастығына байланысты зейнетке шыққаннан соң зауытта қарауыл болып істейді. Бір күні ауылдың колхоз жағында тұратын Оспан әкемнің (менің әкем Сәдуақаспен бірге туған, енші алыспай өмір бойы бірге тұрған үлкен әкем) үйінен апам көкемнің кешкі асын даярлап, соны апарып беруімді өтінді. Күн батып бара жатқан кез. Бірақ дала әлі жарық. Көкеме тамақты апарып беріп қайтамын дегенше ымырт жабылыңқырап қалыпты. Қайтар жолда көпірге енді аяқ баса бергенде теңіз жаққа көзім түсіп кеткені. Теңіз жағасында Жуас деген атамыздың қамыстан соғып сыртын сазбен сылаған ұста дүкені тұратын. Оның алдында бөренелерден қиюластырып істеген ат тағалайтын керме бар еді. Сол бөренелер лаулап жанып жатыр да, одан бөлініп шыққан от сақиналар бірінен соң бірі тізбектеліп жайымен теңіз бетімен жылжып түу алысқа қарай кетіп, біртіндеп сөніп жатыр. Қатты қорыққаным соншалық, қалай шыңғырып жібергенімді білмеймін. Көпірден қалай өткенім де есте жоқ, үйге қарай «өртенді, өртенді!» деп ұшып келе жатқанымда біреу ұстай алып, «біссімілләсын» айтып, үйге алып келіпті. Естен танып қалсам керек. Ертеңіне тұрсам тұла бойым дел-сал. Апамдар «не болды?» деп сұрап жатыр. Мен көргенімді айтып бердім. Содан үйдегілер құдайы жасап жіберді. Сөйтсе, үлкендердің айтуынша, бұрын да кей түнде ұстаханадан от шығып, балғаның соғылған дауысы естіліп жатады екен. Ол жерден түнде өткендер құран оқып өтетін көрінеді. Бұл да бір үлкендерден естіген әңгімелердің әсерінен пайда болған, «қорыққанға қос көрінеді» дегендей елес болуы мүмкін. Өйткені, ертеңіне үйден шығып бара жатып көз қиығымды салсам, ешқандай өрттің ізі жоқ – ұста дүкені де, ат тағалайтын бөренелер де өз орнында болып шықты.
…Ауылдың орта тұсында айналасы бір-екі шақырымдық тегіс алаңқай болушы еді. Тобықтан келетін ысылдаған ақ құмнан тұратын алаңқайдың бір жақ шеті – біз сияқты балалардың футбол, әйкел, қашарман ойнайтын ойын алаңы, екінші жағы халықтың құдық қазып су алатын орны. Бетіндегі бір қарыстай ыспа құмды ысырып тастап, астындағы ыза топырақты тереңдігі бір метрдей қазсаң, тұщы су бұрқырай шығады. Ауылдың бүкіл үйлері жазғы кезде мұзқаладан мұз тасуды қиынсынып, осындай құдықтардан суды иінағашпен тасып, бөшкелеріне толтырып алатын. Бірақ, кейін халықтың ырзығына айналған бұл құдықтардың суы біртіндеп аши бастады. Содан соң осындай құдықтар «Поселкеден» қазылып, су қайықпен тасылды. Көп ұзамай бұл құдықтар да ащы болып, тұщы су Әмудариядан баржамен тасылып, елге ақшаға сатылатын болды. Осының бәрі теңіздің тартылуымен байланысты екенін біздер кейін білдік.
Айтпақшы, «Поселке» дегеннен еске түседі, бұның да үлкендердің айтуынан құлақта қалған өз тарихы бар. Кейін оқып білгеніміздей, ХІХ ғасырдың 2-жартысында Арал аймағын зерттеу үшін келген орыстың саяхатшылары, ішінде осы жаққа жер аударылған украин ақыны Т.Г.Шевченко да бар, теңіздің жағалауын кемемен аралап, айналып шықса керек. Біз оқып жүрген кездегі Арал теңізінің картасында болатын «Шевченко шығанағы», «Берг өзегі», «Бутаков шығанағы», «Чернышев шығанағы», «Толмачев аралы», «Константин аралы» деген тәрізді атаулардың болуы осының айғағы. Сол кезде Тарас ақын өзі түскен аралдардың бәріне жабайы жиде ағашын егіп отырған дейді. Өйткені сол аралдардың бәрінде жерасты тұщы суы болғанын білсе керек.
Осы «Поселкеде», біздің бала кезімізде (50-жылдардың басында), яғни жыңғылдан басқа ешбір ағаш тұқымы өспейтін құмды жерде, жалғыз жиде ағашы өсіп тұратын. Біз көргенде айналасы адам жақындап бара алмайтын қалыңшылық еді, екі-үш адамның құшағы жетпейтіндей жуан діңінен тараған бұтақтардың аумағы өте үлкен болып көрінетін. Кей бұтақтары қурай бастаған, сонда да болса, әсіресе көктемде алуан-түрлі құстың ұя салар мекеніне айналған осы ағаш гүлдеген кезде жан-жағына жұпар иісін шашатын. Жел ұлы теңіз жақтан болғанда, оның иісі ішкі жақта екі-үш шақырым жерде қайықпен кетіп бара жатқандарға да анық сезіліп тұратын. Үлкен кісілер бұрын бұл жидені киелі ағаш деп түсініп, оған адамдардың жақындауына, балтамен шабуына тыйым салып отырған көрінеді. Балаларды тіпті жолатпаған. Сондықтан да ағаш еркін өсіп, жан-жағына тұқымдарын шашып, айналасы ит тұмсығы батпайтын қалыңға айналған. Міне, осы жерде саяхатшылар біраз айналып қалуға тура келіп, өздері тұрақтайтын жеркепелер салып, соны атады ма екен, әлде алғаш осы аралды балықшылар мекені еткен орыстардың (Орал казактары шығар) тұрағы болғандықтан осылай атады ма екен, әйтеуір «Поселке» атауы Ұялыдан ел көшкенге дейін өшкен жоқ. Ал жалғыз жиде ағашы 50-жылдардың аяғына қарай теңіз тартылып, жерасты суы аши бастағанда-ақ қурап, құлап тынды. Маған сол кездерде «Ұялы» атауы осы жиде ағашындағы құс ұясының молдығына байланысты қойылған шығар деген ой да келетін.
Бала кезде сыры ашылмай, көпке дейін көкіректе тұнып қалған құпияның бірі – жылына бір кейде екі рет соғатын «жалғыз толқын». Кейін естігенімдей, теңіздің солтүстік бөлігінде де байқалатын бұл толқын түрін «жынды толқын» деп те атайды екен. Қалай аталса да, әйтеуір біз үшін теңіздің құпиялы сыры болып қалған «Жалғыз толқынның» қай мезгілде соғатынын ешкім білмейді. Бірақ оның соққанына куә болғаным бар.
Жазғы каникул кезінде теңіз беттегі төрт-бес шақырым жерде орналасқан жылымшыларға барып көмектесеміз: ат айдаймыз, арқан жинаймыз, балық тасимыз. Ал ақысына асымдық балық алып қайтамыз. Сондай бір жаздың жайма-шуақ күнінде ауылдан шығып, жылымға келдім. Кімнің жылымы екені есімде қалмапты. Күн тып-тынық. Теңіз өксігін басқандай толықсып, беті майда толқындармен жыбыр-жыбыр етеді. Жылымды ертерек қайыққа тиеп, шай-суларын ішуге қосқа жиналған жылымшылар батар күннің алқызыл шапағына малына отырып, әзіл-қалжыңмен уақыт өткізіп отыр.
Жылым әдетте кешке күн батқаннан кейін не таң алдында салынады. Күн көкжиекке батып, жылымшылар енді орындарынан тұра бергенде, алыстан бір гүріл естілгендей болды. Бәріміз де елең ете қалдық. Әуелгіде самолеттің дауысы ма деп қалған едік, дауыс біртіндеп күшейе түсті де, оған құлаққа жағымсыз шуыл қосылды. Далаға атып шыққан бригадирдің «Жалғыз толқын келе жатыр, биікке қашыңдар!» деген үрейлі дауысы шықты. Бәріміз далаға атып шығып, биік төбелерге өрмелей жөнелдік. Бір кезде, құдай басқа салмасын, менің бала көзіме солай көрінді ме білмеймін, биіктігі осы күнгі бес қабатты үйден кем емес бір ақ бас алып толқын сол гүрілдеген, шуылдаған күйі жағадағы төбелерге соға-моға жолындағылардың бәрін жайпап өтіп, аралдың тымық бетіне өтті де кетті. Біз есімізден танып, сол төбенің басында, таң атқанша ұйқы көрмей шықтық. Таңертең қарасақ, жылым тиеген қайығымыз бір төбенің басына шығып қалыпты, қосымыздың қадалары тұр, қамыстары, ішіндегі ыдыс-аяқ, төсек-орындардың жұрнақтары ғана қалыпты. Сөйтіп бір күнгі жылым салынбай қалды. Бригадир адам шығыны болмағанына қуанды. Сөйтсе, бұндай жағдай бұрын да бірнеше рет болған көрінеді.
…Жаздағы жалғыз толқыннан кейін осыған ұқсас кереметке келесі жылғы қыста да куә болдым. Бірде гүрілдеген дауысты естіп самолетті көруге жүгіріп шыққан біздің көзімізге ештеңе ілінбеді. (Ол кезде біз самолет дегенді тек кітаптан және аспаннан ғана көретінбіз.) Тамның төбесіне шығып қарадық. Дыбыс күшейіп келеді, бірақ аспанда ештеңе көрінбейді. Сөйтіп тұрғанда жағадан адамдардың айқай-шуы естілді – қашып келе жатқан тәрізді. Сөйтсек, ішкі жақтағы қатып жатқан қалың мұз өзінен-өзі көтеріліп, үйлерге қарай жылжыған ғой. Дәл жағада тұрған ұста дүкеніне соқпай, айналып өтіп, соған жақын бірнеше үйлердің бүйірін тесіп ішке кірген. Осыған таңданып тұрғанда, біреулердің ұшан теңізге қарай қол сілтегендерін көріп солай қарасақ, құдай сақтасын, ұлы теңіздің қалың мұздары жағалауға келіп, бірінің үстіне бірі шығып, жағалай тау болып үйіліп қалыпты. Алыстан қарағанда, аппақ мұз тау. Осы керемет бар болғаны он-онбес минутқа ғана созылды да, сап тыйылды. Мұз тау көктем шыққан соң да көпке дейін еріп болмады. Міне, есте қалған осы бір кереметтердің сырын сол кезде ешкім білген жоқ. Халық құдайға жалбарынып, тасаттық жасап жатты. Бұл кереметтердің сыры кейін де ашыла қойған жоқ, бірақ есейген соң ойға түрлі болжамдар келеді. Соның бірі – теңіздің батыс бетінде Кеңес үкіметі «Возрождение» деп ат қойған аралда құпия жасалған бактеорологиялық жарылыс-сынақтардың әсері немесе әлемдегі көптеген ашылмаған құпиялардың бірі болып табылатын теңіз табиғатының өзіне тән сыры болар.
«Возрождение» демекші, үлкендер теңіздің батыс жақ бетінде, Ұялының тұсында сондай бір жердің бар екенін, оның маңайы үнемі әскери кемелермен бақыланып, бағытынан ауған кемелерді аралға жақындатпай, бағытын түзеп жіберіп тұратыны туралы әңгімелеп отыратын.
…Әлде бесінші, әлде алтыншы кластың көктемгі каникулында болар, асымдық балық алып қайтуға жылымға бардым. Осында тағы бір құпияға кез болдым. Түн ортасы ауа, таңға жақын далаға шыққан бойым еді. Шығыс жақтан бір жарқыраған жұлдызға көзім түсті. Жалпы теңіздің түні өте қараңғы болады да, жұлдыздар барынша жарқырап, мені санап алшы дегендей, жымыңдап төбеңе жақын төніп тұрады. Олардың ішінде де ерекше жарқырап тұратындары болады. Бірақ олар орындарынан жылжымайды. Ал мынау жұлдыз аспан жұлдыздарының қай-қайсысынан да ірі, әрі ерекше от шашып жоғары көтеріліп барады. Бір кезде, жұлдыз жарылғандай болып, жан-жағына түтін тәрізді шеңбер шашты да, ортасындағы жұлдыз әрі қарай көтеріле беріп, біртіндеп қараңғылыққа сіңіп кетті. Ал соңында қалған шеңбер жаңа білініп келе жатқан таң шапағымен жарқырап үлкейе берді, үлкейе берді. Ақырында аспанға тарап жоқ болды. Мына құбылысқа қатты таңданғандықтан, таң атқанша ұйықтай алмадым. Көп ұзамай абыр-сабыр басталып, жылымшылар таңғы жылым тартуға кірісіп кетті. Ұйықтамаған күйі арқан тартуға көмектескен мен де көрген құпиямды үлкендерге жеткізуге асықпын. Ақыры түскі шай үстінде көрген құпиямды айттым-ау. Көбі бұған сенген жоқ, қорыққаннан көзіңе елестеген шығар дегендер болды. Бірақ менің сөзімді бір егде ағамыз қостады. Ол да өткен жылы осындай құбылысты көріпті. Бірақ көзіме елестеген шығар деп ешкімге тіс жармапты. Сол жерде бұл да бір құдайдың құдіреті шығар деген тоқтамға келдік. Кейін қалаға шығып оқып жүрген кезімізде аспанға жер серіктері, тіпті иттер ұшырылғанын есіттік. Көп ұзамай ғарышқа алғашқы адам – Ю.Гагариннің ұшқанына куә болдық. Яғни, мен куә болған құпияның сыры осылай ашылды…
Не керек, балалық шақтың қызығы мен шыжығына тоймай жүріп, жетіншінің қалай бітіп қалғанын да білмей қалыппыз. Есімде қалғаны – емтихан тапсырар алдында бір топ бала болып, өзіміз соғыс ойынын ойнағанда пайдаланатын қаруларымызды теңіз жақ беттегі үлкен бір төбенің басына көмдік. Демалыс күндері ауылдан алыс кетіп, үлкендерге көрінбей, төбе-төбені сағалап, екі жақ (немістер және советтер) болып соғыс ойынын ойнайтынбыз. Енді сол қарулармен де мәңгілікке қоштастық. Соңымыздан ерген інілерімізге қанша сұраса да бермедік. Қазір біздің бұл ісімізге соғысты шын қаламаған, «бізден кейінгі балалар соғыс ойынын ойнамаса екен, соғыс туралы білмесе екен» деген жастық жүрегімізден шыққан тілегіміз итермеледі-ау деп ойлаймын.
Емтихан біткен күні соңғы рет ай жарығымен жасырынбақ ойнадық. Біздің мектеппен қоштасуымыз, «соңғы қоңырауымыз» осылай өтті. Бұл мен үшін балалықпен де, кейінірек «Ұялы» аты жер бетінен мүлдем жоғалатын туған топырақпен де, балалық шағымның куәсі болған, кіндік қаным тамған ұлы теңізбен де қоштасуым екен.
Қош, ғұмырымның жеткеніне дейін есімде сақталар туған топырағым!
Жеңіс СӘДУАҚАСҰЛЫ,
филология ғылымдарының докторы,
Қорқыт ата атындағы ҚМУ-дың құрметті профессоры.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<