Әр отбасы шағын мемлекет десек, сол мемлекеттің кішігірім заңдары мен қағидалары болады. Соған қарамастан, елімізде кейінгі жылдары отбасылық зорлық-зомбылықтың саны артуда. Оны мамандар бірнеше себеппен байланыстырады. Ең негізгі фактор, бұл – әрине, әлеуметтік тұрақсыздық. Одан кейін маскүнемдік, нашақорлық, отбасының қоғамнан оқшаулануы және жабық болуы, құмар ойындарға әуестену де әсер етеді. Сондай-ақ , моральдық-адамгершілік негіздердің құлдырауы, отбасы, тәрбие институтының әлсіреуі де негізгі себептердің бірі екенін айтады.
Осы кезге дейін әр үйдегі ыдыс-аяқтың сынғаны сыртқа естіле бермейтін. Қазір бұрынғыдай емес, отбасындағы әлімжеттік, өзара ұрыс-керіс ашық айтыла бастады. Бұл қоғамдағы құқықтық ақпараттардың кең таралуының көрінісі деуге болады. Тұрмыстық зорлық-зомбылық фактілері үшін жаза қатаңдатылды. Осы жылы заңға енгізілген өзгерістерге сәйкес талап та басқа. Қазір полиция жәбірленушінің арызынсыз әкімшілік іс қозғайды. Сондай-ақ сотта татуласуға бір-ақ рет мүмкіндік бар. Сот шешімімен берілетін жазаның санкциясы 5-тен 25 тәулікке дейін ұзартылды. Облыстық ПД жергілікті полиция басқармасы бастығының орынбасары Рауан Әлдешовтің айтуынша, өңірде 10 айда тұрмыстық жанжал көрсеткіші төмендеген.
– Дегенмен, құқық бұзушыларды жауапкершілікке тарту және қамауға алу саны артты. Сондықтан ауыр зардаптардың алдын алуға мүмкіндік туды. Кейінгі жылдары осы салада заңнамалық өзгерістерден бөлек, басқа да бірқатар шара іске асырылды. Жәбірленушілермен жұмыс істеу тәсілдері қайта қаралды. Мұндай қылмыстарды тергеуге әйел тергеушілер маманданды. Қазір ІІМ-нің құрылымында отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күрес, оның ішінде әйелдер мен балаларды қорғау бойынша мамандандырылған бөлімшелер құрылуда. Заңнамалық түзетулердің арқасында қоғамда бұл мәселеге деген көзқарас өзгерді. Жәбірленушілер мұндай фактілерді белсенді хабарлай бастады. Шынымен қазір қоғам өзгерді. Зорлық-зомбылық құрбандарымен қатар, куәгерлер мұндай фактілерді тіпті ақпарат көздерінде ашық айтатын болды, – дейді ол.
Өз жақынынан зәбір көрушілердің артуы елімізде тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы жаңа заңның қабылдануына түрткі болды. Өзекті мәселеге Мемлекет басшысы да бейжай қарамайтынын байқатты. Биыл 15 сәуірде әйелдердің құқықтары мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері жөніндегі заңға қол қойды. Ол 16 маусымнан бастап қолданысқа енді. Кәмелетке толмағандарға қатысты зорлық-зомбылықтың кез келген түрі үшін жаза күшейтілді. Түбегейлі өзгеріс деп ұрып-соғу және денсаулыққа жеңіл зиян келтіру фактілерінің криминализацияланғанын айтуға болады. Жәбірленушілердің қауіпсіздігін барынша қамтамасыз ету үшін ерекше жағдайларда құқық бұзушының мінез-құлқына қойылатын талаптар шеңберінде сотқа оны тұрғын үйден (өзінің балама тұрғын үйі болмаса да) уақытша шығару құқығы берілді (30 тәулікке дейінгі мерзімге). Сондай-ақ сот агрессордың денсаулық сақтау ұйымдарында міндетті психологиялық курстардан өтуін тағайындауға құқылы. Қазір құқық бұзушының мінез-құлқына ерекше талап қою «Қылмыстық кодекс» шеңберінде де белгіленеді.
Мамандар тұрмыстық зорлық-зомбылық туралы әрбір сигналға ден қоятынын алға тартады. Заң күшіне енгелі бері осы санаттағы 1618 құқық бұзушы әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Облыс бойынша 494 қорғау нұсқамасы шығарылса, полицияның өтініші бойынша сот құқық бұзушының мінез-құлқына 57 ерекше талап белгілеген.
Жаңа заңның талабына сәйкес бүгінгі күнге «Қылмыстық кодекстің» 108-1 бабымен 58, 109-1 бабымен 163 қылмыстық іс тіркелсе, оның 100-ы әйелдерге қатысты жасалған. Қазір 73-і сотқа жолданып, 4-еуі қысқартылса, қалған 69-на тергеп-тексеру амалдары жүргізілуде.
ІІМ Мемлекет басшысының тапсырмасымен құқықбұзушылықтың алдын алудың тұжырымдамалық жаңа бірыңғай заңын әзірлеуде. Ол алдағы жылы қабылданады. Онда алдын алу тәсілдерін қайта қарау, осы жұмысқа тартылған адамдар тобын кеңейту, жеке профилактиканың жаңа тетіктері мен құралдарын енгізу, медициналық куәландыру пункттерінің, уақытша бейімдеу және детоксикация орталықтарының қажетті санын құру көзделіп отыр.
Жалпы, тұрмыстық зорлық-зомбылық ешқандай ұлт немесе әлеуметтік жағдай таңдамайды. Оған қарсы шаралар әлем елдерінде де өзекті. Сондықтан зорлық-зомбылыққа қарсы 25 қараша мен 10 желтоқсан аралығында акция өтуде. Бұл шара облыста да ұйымдастырылуда.
– Зорлық-зомбылық қоғамда үлкен әлеуметтік мәселеге айналды. Біздің орталық 2017 жылдан бері облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының мемлекеттік тапсырысы аясында жұмыс істейді. Орталықтың бағыты – отбасынан, жақын жандарынан зәбір көрген жандарға көмек қолын созу. Бүгінде жұмыс аясы кеңейіп, әйелдерге 8 бағытта қызмет көрсетеді. Стандартқа сәйкес мұнда уақытша паналайтындарға 6 ай берілсе, 3-4 ай көлемінде бізден қызмет алады. Келетіндердің жасы – 18 бен 30 жас аралығында. Олардың ішінде шаңырақ көтергендеріне 3-7 жыл болғандар бар. Бір қуанарлығы – әйелдердің 98 пайызы өз отбасына оралып, әрі қарай өмір сүріп жатқаны. Әрине 5-10 жыл бойы шешімін таппай келе жатқан отбасылық мәселені аз уақытта түбегейлі өзгертіп жібере алмаймыз. Дегенмен 6 ай ішінде қажетті кеңес алып, отбасылық өмірін жалғастырғандар көп. Бізге келген әрбір отбасымен байланыстамыз, – дейді «Қамқорлық» дағдарыс орталығының директоры Жандос Тұсмағамбетов.
Жыл басынан бері 190 адам орталықтың көмегіне жүгінген, бұл – 46 отбасы, оның ішінде бала саны – 144. Араға бірнеше жыл салып қайта түсетіндер де бар. Оның себебін мамандар асығыс шешім қабылдаудың салдары деп түсіндірді.
Жалпы бұл мәселеге белгілі бір күн немесе акция аясында ғана назар аудару жеткіліксіз. Тұрмыстық тауқыметке түскен кез келген адамға қолдаудың маңызы зор. Ол үшін айналаңыздағы адамдардың өміріне бейжай қарамасаңыз болғаны.
Айсәуле ҚАРАПАЕВА,
«Сыр бойы»
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<