Сырдария ауданының әкімі Ғ.Қазантаевтың тапсырмасына сәйкес аудан әкімі аппаратының басшысы Д.Байдушев, аудан прокуроры А.Тәженов және аудандық ішкі істер бөлімінің бастығы Е.Сағидуллаұлы Айдарлы, Жетікөл, Аманкелді, Бесарық, Қоғалыкөл, Шіркейлі, Нағи Ілиясов, Іңкәрдария, Ақжарма, Шаған, Қалжан ахун, Сәкен Сейфуллин, Асқар Тоқмағамбетов ауылдық округтерін аралап, көшпелі мәжіліс өткізді.
Ауылдық округтерге өткен көшпелі мәжілісті аудан әкімі аппаратының басшысы Димаш Байдушев ашып, жүргізіп отырды. Жиналыстың күн тәртібінде есірткі бизнесіне қарсы жүргізіліп жатқан жұмыстар қаралап, қылмысты болдырмау мен алдын алу бағытында мәселе қозғалды. Есірткі қылмыстарының жолын кесу бағытында атқарылып жатқан жұмыстар жөнінде кеңінен айтып өткен аппарат басшысы аудан әкімдігі тарапынан қылмыстық ахуалға толыққанды талдау жұмыстары жүргізілгенін атап өтті.
– Қылмыспен күрес – ортақ міндет. Есірткі қылмыстары қоғамның дамуын тежейтін, жастардың ертеңіне қауіп төндіретін кесел. Елімізде нашақорлықпен күрес бағытында қарқынды жұмыстар жүргізіліп жатқанына қарамастан, нашақорлық және есірткі бизнесіне байланысты мәселелер сақталуда. Бұл тек халықтың денсаулығына қатер төндіріп қана қоймай, саяси және әлеуметтік жағдайды, мемлекет жүргізіп жатқан экономикалық реформалар үдерісін тұрақсыздандыруда. Осыған орай, аудан әкімінің тапсырмасына сәйкес, аудан прокурорының, аудандық ішкі істер бөлімінің бастығының қатысуымен жиналыс өткізуді қолға алдық. Мақсат – тұрғындарға қылмыстың зияндығын түсіндіру, алдын алу, болдырмау мақсатында бірлесе жұмыс жасауды жандандыру,- деген аудан әкімі аппаратының басшысы Д.Байдушев арнайы әдістемелік құрал дайындалып, шаруашылық басшыларымен меморандум қабылданғанын жеткізді.
Өз кезегінде аудан прокуроры А.Тәженов нашақорлық, кәмелетке толмағандар арасындағы құқықбұзушылық, алаяқтық, мал және ұялы телефон ұрлығы туралы жан-жақты түсінік беріп, қылмыстың алдын алуда құқық қорғаушылар қызметінің рөлі ерекше екенін айтты. Учаскелік полиция инспекторларын толықтай қызметтік көлікпен қамтамасыз ету қажеттігіне назар аударып, ауылдардың кіреберісіне бейнебақылау орнатуды тапсырды. Сондай-ақ, ауыл тұрғындарына кез келген қылмыс жөнінде мәлімет білген жағдайда «102» немесе «21-2-48» сенім телефонына хабарласу қажеттігін айтты. Аудандық ішкі істер бөлімінің бастығы Е.Сағидуллаұлы есірткі өнімдерін сату, тасымалдау, сақтау фактілерінің жолын кесуге бағытталған жедел-профилактикалық іс-шаралар жүргізілгенін және аудандық ауруханада наркологиялық есепте тұратын, бұрын сотты болған азаматтарды бақылау шаралары ұйымдастырылғанын айтты.
Көшпелі мәжілістерде ауыл тұрғындары тарапынан учаскелік полиция инспекторларының қызметіне қатысты бірқатар ұсыныстар айтылды және алдағы уақытта ұсыныстардың қаперге алынатыны жеткізілді.
Ақтөре ИБРАГИМҰЛЫ,
аудан әкімінің баспасөз хатшысы.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<