Кәсіби мемлекеттік аппараттың қалыптасуына бөгет болатын мәселелердің бірі – мемлекеттік қызметшілердің еңбекақы деңгейінің төмендігі болып табылады. Бұл – мемлекеттік аппарат қызметкерлерінің кәсіби дәрежесін төмендетіп, олардың жемқорлыққа ұшырау себептерінің біріне айналады. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасымен біз осы мәселені шешудің кешенді амалдарын қарастырдық.
Біріншіден, кадрларды іріктеу және жоғарылату барысында біліктілік тәсілі енгізілді. Маманның білім деңгейін ғана емес, сонымен қатар оның өз білімін күнделікті қызметте қалай қолданатынын және осыған қажетті дағдылары мен қабілеттерінің болуын анықтаудың маңыздылығымен келіспеу мүмкін емес.
Екіншіден, мемлекеттік органдардың қызметшілерін бағалау жүйесін қайта қарастыру іске асырылды. Бұл жүйенің кемшіліктері айқын. Бізде, мемлекеттік қызметшінің атқаратын жұмысының нәтижелілігін оның ұйымның стратегиялық жоспарын жүзеге асыруға қосқан жеке үлесіне қарай бағалау енгізілмеген.
Біз маманның кәсіби қалыптасуын ғылымға негізделген тексеру жүйесін енгізу арқылы осы және басқа кемшіліктерді жойдық. Бұл жүйенің сапасы «Б» корпусының әкімшілік мемлекеттік қызметшілерін кешенді аттестаттау барысында сыналды. Мемлекеттік органдардың қызметшілерін қаржылық ынталандыруды күшейту қажет болды.
Мемлекеттік қызметшілердің еңбекақысын олардың қызметінің нәтижелеріне байланысты көтеру Ұлт жоспарында көрініс тапқан түйінді міндеттердің бірі екендігі белгілі. Оны шешу Мемлекет басшысының «Біздің барлық жұмысымыз халықтың табыс деңгейін арттыруға бағытталуы тиіс» деген нұсқауы тұрғысында айрықша өзектілікке ие болады. Ол үшін еңбекақы төлеудің жаңа жүйесі әзірленді, пилоттық режимде Агенттікте, Әділет министрлігінде, Астана қаласының және Маңғыстау облысының әкімдіктерінде енгізілді.
Ол екі бөліктен тұрады: факторлы-балдық шкала негізінде анықталатын «тұрақты» және бір жыл ішінде атқарған жұмыс нәтижелері бойынша кем дегенде 4 жалақыдан жоғары бонус төлеуге байланысты «ауыспалы» болып келеді.
Пилоттық жобаның мәні неде? Жаңа жүйенің үш айқындаушы факторы бар. Ол – құзыреттілік пен жұмыс тәжірибесі, шешілетін міндеттердің ауыртпалық деңгейі және нәтижеге қол жеткізу үшін жауапкершілік деңгейі.
Аталған факторлар бойынша «ұпайлар» жиынтығы еңбекақы төлеудің жаңа кестесіндегі лауазымның орнын айқындайды. Ол 4 блокқа біріккен: жауапты хатшылар, аппараттардың басшылары мен комитеттердің төрағалары кіретін жоғары басқарушы, негізгі, жәрдем беруші және қосалқы.
Еңбекақы төлеудің жаңа жүйесін енгізу не береді?
Біріншіден, материалдық ынталандырудың пәрменді тетігі құрылады. Біз бірінші рет жұмыстың сипатына, ауыртпалық деңгейіне және тиімділігіне қарамастан, барлығы тең дәрежеде жалақы мен сыйақы алатын теңестірілген тәсілден бас тартамыз.
Екіншіден, жаңа модельді қолдану аймақтардағы және орталықтағы мемлекеттік қызметшілердің жалақысындағы үйлеспеушілікті 70%-тен 10%-ке дейін түбегейлі қысқартуға мүмкіндік береді. Ол «орталық-аймақ-орталық» қағидасы бойынша кадрлар айналымы тетігін тиімді қолдануға мүмкіндік береді.
Үшіншіден, осы жолмен біз мемлекеттік қызметті, әсіресе талантты жастар үшін еңбек нарығындағы тартымды, бәсекеге қабілетті ойыншы ретінде таныстыра аламыз. Бүгінгі күннің өзінде пилоттық органдардағы мемлекеттік қызметшілердің жалақысы екі есе артты.
Пилоттық жобаның аралық нәтижелері қызметшілердің адал және тиімді еңбек етуге талпынысын, сонымен қатар бәсекенің артуын көрсетіп жатқанын атап өткен жөн. Өткен жылмен салыстырғанда кадрлардың ауысуы шамамен 3 есе азайды, ал Әділет министрлігінде ағымдағы жылы мемлекеттік қызмет жүйесінен бірде-бір адам кетпеген.
Бір орынға жарияланған байқауға үміткерлер саны 55-тен келеді. Бұл мемлекеттік қызметтің тартымдылығы мен абыройының артуын дәлелдейді. Реформаның жоғары тиімділігінің маңызды көрсеткіштерінің бірі – пилоттық жобаны жүзеге асыруға қатысатын мемлекеттік органдардан сұрастырылғандардың 95%-і оның нәтижелеріне қанағаттанғандығын білдірген.
Факторлық-балдық шкала шеңберінде жалақының артуына қарамастан, ағымдағы жылы Агенттіктің штат санын толықтыруға мораторий жүргізу арқылы орталықта 30% және аймақтарда 10% оңтайландырдық, бұл орталық аппараттың орындаушылық сатысындағы қызметшілердің жалақысын 60%-ке, аймақтық департамент қызметшілерінің жалақысын 10%-ке арттыруға мүмкіндік берді.
Бұл бағыттағы келесі қадам кадр қызметтерінің жұмысын қолданыстағы «Е-қызмет» ақпараттық жүйесі негізінде жалпы қызмет көрсету орталығының үлгісіне ауыстыру болды.
Шетелдік және отандық тәжірибе көрсеткендей, жеке компаниялар мен мемлекеттік мекемелердің адамзаттық капиталы сапасын айтарлықтай арттыруға қол жеткізу, сонымен қатар, HR-саясат саласында шығындарды азайту қызметкерлерді басқарудың интеграцияланған жүйесін құру арқылы қамтамасыз етіледі. Ол – қызмет көрсету орталығының жалпыға ортақ модельдерінің бірі. Мысалы, Нидерландыда қызметкерлерді басқару саласында осындай орталықты құру мемлекеттік мекемелерде аталған қызметті атқаратын жұмыскерлер санының 50 процентке қысқаруына және 250 млн АҚШ доллары көлеміндегі қаражаттың үнемделуіне алып келді.
Біздің жобаны жүзеге асыру HR-үрдістеріне жұмсалатын шығынды қысқартуға мүмкіндік береді.
Қызметкерлерді басқарудың интеграцияланған жүйесі шеңберіндегі кадрлық іс жүргізуді орталықтандыру мемлекеттік органдардың құрылымы мен қызметшілерін оңтайландырудың жаңа кезеңінің бастамасы болмақ.
Оңтайландыру бойынша кешенді жұмыс мемлекеттік қызметшілер еңбекақысының жаңа жүйесін енгізу бойынша жобаға қатысатын әкімдіктерде де жүргізілуде.
Осылай, өзгертудің арқасында Астана әкімдігі басқармаларының саны 30-дан 21-ге дейін қысқарды. Артық басқарушылық құрылымдар оңтайландырылды, қосарланушылық жойылды. Агенттікке ұқсас қызметшілерді басқарудың бірыңғай қызметі, сонымен қатар, бақылау саласында Бірыңғай орган құрылды. Халықпен кері байланыс құруға арналған «I-komek» бағдарламасы іске қосылды.
Маңғыстау облысында басқарушылық құрылымдарды оңтайландыру, бизнес-үрдістерді автоматтандыру жүргізілуде, аудандар қағазсыз құжат алмасу жүйесіне ауысуда.
Жалпы факторлы-балдық шкаланы енгізуді мемлекеттік органдарда шығындарды оңтайландыру есебінен қарастырылатын қаржының болуын есепке ала отырып, кезең-кезеңімен өткізу қарастырылған.
Мансаптық модельді құрудың әлемдік тәжірибесі бойынша мемлекеттік қызметшілерге қойылатын талаптарды арттырумен қатар, олардың әлеуметтік қорғалуының деңгейін де арттыру қажет. Баспаналы болу және зейнетақы тағайындау, балабақшаларда орындармен қамтамасыз ету, аймақтарда денсаулықты қалыпқа келтіру үшін жағдайлар жасау барысында жеңілдіктер ұсыну сөз болып отыр.
Мемлекеттік қызметшілердің әлеуметтік жағдайларын жақсартуға Мемлекет басшысының 5 әлеуметтік бастамасын, оның ішінде «7-20-25» бағдарламасын жүзеге асыру маңызды серпіліс бермек. «Қазақстанның тұрғын үй құрылыс банкі» АҚ-мен бірлесіп, әкімшілік мемлекеттік қызметшілерге арналған «5-5-25» ипотека мәселесін әзірлеу шаралары басталды.
Жаңа еңбекақы жүйесін қосқанда, мұның барлығы мемлекеттік қызметшілердің ынтасын айтарлықтай арттыруға мүмкіндік беретін болады.
Мемлекеттік қызметшілердің жалақысын орташа деңгейде екі есе арттыру бойынша реформаны толыққанды жүзеге асыру 220 млрд теңге қосымша қаржыны талап етеді. Қаражат мөлшері ауқымды, бірақ, оны тіпті бюджетке ауыртпалық түсірмей-ақ қарастыруға болады.
Бағынысты ұйымдарды оңтайландыру тұрғысынан, олардың ұйымдық-құқықтық нысанын коммуналдық мемлекеттік мекемеден (КММ) коммерциялық емес акционерлік қоғамға (КЕАҚ) өзгерту тиімді шаралардың бірі болып табылады.
КЕАҚ форматында жұмыс істеудің негізгі артықшылығы – басқарудың икемділігі, бюджетті бөлудегі тәуелсіздік, қызметкерлерді бәсекеге қабілетті жалақымен қамтамасыз ету және қызметкерлер санының азайту мүмкіндігі.
Ең бастысы, қолда бар бюджетпен қызметкерлердің жалақысын 3-4 есеге көтере алдық. Егер бұрынғы еңбекақы 33-тен 120 мыңға дейін болса, бүгінгі күні 120-дан 450 мыңға дейін жетіп отыр.
Жоғары ынталанған мемлекеттік қызметші мансаптық және материалдық келешегіне және ұйымның мақсаттарын жүзеге асыруға қосқан өз үлесіне, әлеуетіне сенімді болған жағдайда кәсіби білімі мен дағдыларын дамытуға талпыныс жасайтыны ешбір күмән туғызбайды. Бұл – біздің атқаратын еңбегімізден күтілетін нәтиже.
Алик Шпекбаев,
Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<