…Қазалыға қарай келе жатырмыз. Өзіміз атын естіп, сырттай қанық болғанмен, Қызылқұмның әр түкпіріндегі бұрынғы киелі кісілердің жатқан жайын осы жолы көзбен көрмекпіз. Нақты мақсат та осы. Олар кімдер десеңіз, аруақты Жанқожа баба, үш жүзге пір болған Мүсірәліұлы Қосым, мың баламен Бұланты шайқасында жоңғарды қырған Сартай батыр… Тізім жалғаса береді. Қасиет қонған һәм киелілер жатқан мекен деуіміздің де себебі осында. «Сыр медиа» ЖШС-нан жасақталған шығармашылық топ енді тарихы мол Қазалы топырағына да табан тигізді.
Бұл қай
Адам ата?
Әуелі ауданға қарасты Тасарық ауылынан 30 шақырым қашықтықта жатқан, жергілікті халық Адам ата деп атап кеткен ескі қорым басына бардық. Біз көрген Балхам ата және Адам ата деп басында белгі тақтай орнатылған қорымның аумағы тым үлкен. Бір аңыздарда Адам атаның бойы 3 метрден ұзын болған деп те айтады. Жан-жағы қураған тораңғыл талдың бұтағымен қоршалып, жергілікті жұрт ақ шүберекпен әр жерден шыжымдап байлаған ескі төмпешік астында шынымен бізге белгісіз сыр бары анық. Ал енді Адам ата маңайындағы қыштан өрілген моланың көбісі Қазалыдағы Өркендеу маңындағы көне Жанкент қаласынан табылған кірпіштерге, яғни оғыз дәуірінің стиліне ұқсас. Демек, бұл сол замандарда өмір сүрген адамдардың зираты да болуы мүмкін. Өйткені, қанша жерден аңыз құрастырсақ та, миллиондаған жылдар бұрын өмір сүрген Адам ата жайы осында деп айту жаңсақ пікір сияқты. Бір ғажабы, ескі қорым басында тораңғыл талдың да ұзақ ғұмыр сүргенін байқадық. Тіпті, қураған талдың түбі көктеп, томар шіріндісі топыраққа көмулі болса да, жапырақ жайған. Ал биіктей өскен талдың көбі торғай ұясына толып тұр. Мұнда әр қорымның өзінше ерекшелігі бар. Тіпті, бір төрт құлақ тамның алдында бір кісілік тілеухананың орны да кездеседі. Бұдан байқайтынымыз, бұрынғы адамдардың өз пірлерінен медет сұрап, түн ауып, таң атқанша шырақ жағып, тілек тілейтін дәстүрдің ескі заманнан бар екенін тағы да айғақтап тұр. Айтпақшы, аралап жүріп, жергілікті Шекті тайпасының рулық таңбасы бар құлпытастарын да кездестірдік.
Сонымен бұл Адам ата жайы болды ма? Адам ата – Құран бойынша Алла тағала топырақтан жаратқан ең алғашқы адам, күллі адамзаттың арғы тегі, бірінші пайғамбар. Ал біз сапарлатқан Адам ата – Қазалы ауданындағы ежелгі қорым. Интернетті ақтара қалсаңыз, мынадай дерек кездеседі. «Басықара бөгетінен оңтүстік-батысқа қарай 35 км жерде, шөл далада орналасқан. Қорымның аумағы 1 гектар шамасында. Мүрдесі жатқан жердің ұзындығы 6,5 м, ені 3 м-ге жуық. Алғаш қорымды 1897 ж. И.Н.Аничков зерттеп, «Қазалы уезіндегі кейбір топонимдер атаулары» деген мақаласында баяндаған». Бұдан өзге бұл жайлы баспа бетіне шыққаны да сирек, яғни жоқтың қасы.
Қасымыздағы жолсерік, белгілі ғалым, Серікбай Қосанов ағамыздың дерегіне сүйенсек, біз жоғарыда айтып өткендей, Жанкент шаһары оғыздардың астанасы болса, бұл қорым сол дәуірге тиісті екені шындыққа сәл келіңкірейді. Мұндағы басты дәлел деп ұстануға да жарайтын, біз жоғарыда айтып өткен көне кірпіш қалдықтарының оғыздар мәдениетіне тұспа-тұс болуы. Әрі бұл маңға Өркендеу ауылындағы көне қала Жанкент те тым жақын орналасқан, сонымен бірге көне арық іздері бұл маңда бұрын тіршілік болған деген ойға итермелейтіні рас.
Айтпақшы, ескі зираттан шыға бере «Сыр медиа» ЖШС басшысы Аманжол Сақыпұлы ағамыз мынадай қызық пікір келтірді.
– Студент күнімізде өлкетанушы, филология ғылымдарының кандидаты Әніс Жақыпов ағайымыздан естіген дерек еді. Ол кісі Байқоңыр мен Қазалы арасында «Кіндік» деген жер атауы бар екенін айтатын. Дәл осы маңда Адам ата мен Хауа ана жерленген деп те аңыздарды сөйлетуші еді. Анығын дөп басып ешкім айта алмайды. Оның үстіне «Байқоңыр – жер кіндігі» деп те бекер айтылмаған сияқты. Әу баста зымырандарды көкке ұшырудағы ең тиімді, оңай тұсы қазақ жері, оның ішінде Байқоңыр аймағы деп ғалымдардың танып-білуі осы жер атауларына әбден қатысы болуы мүмкін, – деп көпшілікті ойға қалдырды.
Иә, анықтайтын, әлі де пісіп-жетілуі кем көп мұра Сыр бойында жетерлік. Өткен жылдары аудандағы ұлт мұрасын қадірлейтін біршама жігіттер осы Адам ата қорымын қоршапты. Айналасы 500-ден әрі мүрде орны бар бұл жерде әлі ашылмаған көп құпияның бары рас.
қатар жатқан
киелілер
жайлы
бірер сөз
Сартай батыр бастаған,
Кіші жүзден мың бала,
Аттанды ұлы жорыққа.
Қамшысы бар білеулі,
Найзасы бар егеулі,
Саржасы бар кезеулі,
Ұрандап шапқан ұрыста,
Əр біреуі жүз кісіге
балаулы…
Бұл Нұрмағанбет Қосжанұлы қалдырған атақты «Сартай батыр» дастанынан үзінді. Халыққа да батыр жайлы деректің там-тұмдап жетуіне осы шығарманың үлесі бары айтпаса да түсінікті. 2012 жылы тұсауы кесілген фильмге осы жұрт аузында қалған жыр жолдары да себеп болды. Бірақ, сіз бен біз естіп-білген немесе көркем фильмде көргендей Сартай батырдың жас күнінде шайқас алаңында жоңғарлардың қолынан мерт болды деген түсінік бүгінгі жас буынның санасына кіріп кеткендей. Шын мәнісінде жасы ұлғайып қайтқан батырдың бүгінгі күні ерлік істері дәріптелу жағы кемшін болып отыр. Ал біз арнайылап барған Қазалыға қарасты Тасарық елді мекенінен 35 шақырым қашықтықта жатқан Сартай батыр қорымы басқаша сыр шертеді. Өзінің діни ұстазы санаған Қосым қожа мен атақты Жалаңтөс баһадүрдің ұрпағы Дәулет бақсының жанына мәңгілік жайғасқан «Мың баланың» бас қолбасшысы жайлы сапар барысында көрген-білгенімізді қағаз бетіне түсіргенбіз. Әуелі Қосым қожадан бастасақ.
Тасарық ауылындағы №238 орта мектептің тарих пәнінің мұғалімі, өлкетанушы Алмат Сұлтамұратовтың айтуынша, бұл жерде үш жүзге пір болған сопы әзиз Мүсірәлінің бел баласы, кіші жүзге пір болған Қосым қожаның (кей деректе Мүсірәлі – Алаштың пірі, Қосым – қазақтың пірі деп те айтады) бейіті осында болып, содан кейін әулие қасына мәңгілік жайын қатар қоюшылар көбейген. Қазақтың түсінігі бойынша, әулиенің шапағаты тиер деген діни ұғым Қосым бабаның қасындағы көп зираттың шоғырлануының басты себебі деп қарастырсақ болады.
– Мына қорым сыртында Қосымның өзі бала оқытқан, елгі діни тәлім-тәрбие ұқтырған мешіті тұр. Бұл маңда ел отырған. Негізі, бұл Қосым баба Жетірудің бір тармағынан тарайтын Керейт руынан шыққан діни қайраткер. Халық арасында Керейттен шыққан қожа деп те аталып кеткен. Біздің руымыздың Керейтқожа деп те аталуы осында. Ал кейбір рушылдық, тектік дертпен ауырған түрлі пәлсапашылар Қосымды да, Мүсірәліні де арабтан әкеліп таратады. Бұл қате пікір. Бұлар нағыз қазақтан шыққан, сол ұлтқа қызмет еткен, қожа деген статусты өз білім дәрежесімен алған кісілер. Ал енді Қосыммен қатар өмір сүріп, дос болған Дәулет бақсы жайлы айтар болсақ, бұл атақты Жалаңтөстің немересі. Қобыз ойнатып, елді түрлі аурудан емдеген айтулы бақсы. Зерттеуді көп қажет ететін тұлға.
Мұнда аптаның бейсенбі, жұма күндері халыққа толы болады. Біреуге бала, біреуге денсаулық қажет. Ал, есінен ауысқан, жын қонғандар да осында келіп, әулие шарапатын көріп жүр. Сонау Әйтеке би кентінен 70 шақырымдай жүріп келіп, осы Қуаң өзеніне жақын орналасқан, қожасы да, қарасы да қатар жатқан бабалар басына жұрт тоқтаусыз келуде, – дейді өлкетанушы Алмат ағамыз.
«Төбесі құлап түскен, саз балшықтан өрген үйтам басынан «Қосым қожа бейіті. 17-18 ғасырлар. Ескерткіш мемлекет қорғауында» деген тақтаны кезіктірдік. Оның қасында Қосымды бала күнінен бағып, тәрбиелеген «Сары қыз» анамыздың ескерткіш тақтасы тұр. Ал әулиеден сәл жоғары Әйтеке бидің ұрпағы Өтебас тамына қойылған белгі де бар. Қосымқожа қабірінен солға қарай өз алдына бір бөлек үйтам көзге түседі. Бұны жергілікті халық «Бала әулие» деп атайды екен. Атауы айтып тұрғандай, мұнда жастай шетінеген нәрестелер жатқан көрінеді. Тіпті кейбір адамдарға осы үйтам басынан ойнап жүрген жас балалардың елесі де жиі көрінеді-мыс.
Алдымызда, сәл биігірек орналасқан, төрт бұрышты етіп кірпішпен көтерген күмбезді кесене кездесті. Соңғы жылдары бой көтергені көрініп-ақ тұр. Бұл Жалаңтөс баһадүрдің ұрпағы Дәулет бақсының қобызына арнап салынған белгі болып шықты. Оның дәл сыртында Дәулет бақсының жартылай құлаған өзінің мәңгілік жайы көрінеді. Ұлы адамдардың бір жерге шоғырлануының сыры енді түсінікті сияқты. Жалаңтөс баһадүрдің баласы Дәулет бақсы, Әйтеке бидің баласы Өтебас, Сартай батыр секілді тарихи тұлғалардың осы маңға келіп жатқанынан бұл аймақта Қосым қожаның беделінің қаншалықты екені онсыз да белгілі болып отыр. Ел аузындағы мына бір аңызда баяндалатындай, Қосым қожа, төртқара Дəулет бақсы, жақайым Сартай батыр үшеуі Қызылдың құмында келе жатып, алдарынан шыға келген қоянды көреді. Қоян да бұлардан үрікпей, арқан бойы жерде көрініп тұрған сексеуілдің түбіне жата кетеді. Сонда ат тізгінін тежеген Қосым қожа: «Мен өлгеннен кейінгі бейітім анау қоян жатқан жер, сен Сартай оң жағыма, Дəулет сол жағыма жайғасарсыңдар» деген екен. Халық шығарған әпсана дегенмен де, барлық мұсылман арасында халық ішіндегі беделді адамдардың қаншалықты алыс болса да өзі қол берген, пір тұтқан әулиенің басына келіп жатуы қабылданған заңдылық сияқты. Себебі, әулие Алланың сүйген құлы. «Әулиенің жатқан жерінде Алланың нұры болады. Нұр бар жерде береке болады» деген түсінікпен әулиенің маңына барып жатсақ, сол әзиз жанның құрметі үшін Алланың жарылқауына ілінерміз деген үміт кез келген пенде басында болған.
Ал Аңырақайда мың баланың басын қосып, қалың қалмақты еңірете қуған, Аралдың Ақшатауында туып-өсіп, сүйегі Қосым бабаның қасына жерленген Сартай Байжанұлы жайлы деректі ел енді танып келеді. Біз көрген деректе батырды 1711 жылы туып, 1785 жылы қайтыс болған деп жазады. Бұл дәуір, тарих жылнамасында көрсеткендей, қазақ пен қалмақ арасындағы соғыстың шарықтау шегіне жеткен кезі десек болады. Ал енді тарих ғылымдарының кандидаты, Бауыржан Еңсеповтің зерттеуіне сүйеніп, мақаланы қоюландыра түссек. Ғалымның зерттеуінде былай баяндалады: «Алғашқы дерек көздеріне Нұрмағанбет Қосжановтың «Мың бала» дастанын жатқызамыз. Онда Сартай батырдың азаттық қозғалыстағы қаһармандық ерлігі жан-жақты сипатталады. Осы шығармасы үшін ақын Нұрмағанбет Қосжанов 1930 жылы саяси қудалаудың нысанасына ілігіп, жазықсыздан 5 жылға сотталған. Саяси қудалау онымен тоқтамай, 1937 жылдың 29-тамызында Ақтөбе қаласының НКВД үштігі Нұрмағанбет Қосжанұлын «халық жауы» деп айыптап, ату жазасын кесіп, үкім сол жылы 4-қыркүйекте орындалады. Осыдан соң Сартай батыр бастаған шығармаға тыйым салынып, 70 жыл бойы айтылмай келді. Ақынның «Сартай батыр» атты тарихи поэмасында мың баланың жасағын басқарған 15 жасар Сартайдың Әбілқайыр хан басқарған қазақ халқының әскерімен бірге Аңырақай шайқасындағы ерлігі жырланады. Тарихи жырдағы дерекке сүйенер болсақ, Сартай 1710-1711 жылдары дүниеге келген деп топшылауға болады. Сонымен қатар, батырдың шығу тегін Арал қазақтарының шежірелік мәліметтерінде оны кіші жүз Әлімұлы тайпасының шекті руына жатқызады. Ақын З.Шүкіровтің жазып қалдырған шежіресінде Жаманақ (Шекті) – Шыңғыс – Жақайым, одан – Ақбура, оның үлкен әйелінен – Абат, кіші әйелінен – Асан. Асаннан үлкен Асан және кіші Асан. Ал кіші Асаннан – Қосқұлақ, одан Байжан. Байжан бидің екінші әйелінен – қолбасшы, би, батыр Сартай шамамен 1711 жылы туып, ұзақ өмір сүріп, 1817 жылдың қыс мезгілінде (ғалым батырдың қайтқан жылын басқаша көрсетіп отыр, ал Сартайдың туып-қайтқан жылдарына қатысты түрлі болжам барын тағы да ескертеміз – авт.) қазіргі Қызылорда облысы, Арал ауданы, Ақшатау елді мекенінде қайтыс болып, Қазалы ауданында жерленген. Қорыта келе, ХVІІІ ғасырда қазақ қоғамында, оның ішінде Кіші жүзде өзіндік ықпалы бар шекті руының биі әрі батыры Сартай Байжанұлының қоғамдық-саяси қызметін тарихи тұрғыдан талдап, оның қазақ тарихындағы алатын орнын көптеген дерек көздері арқылы ашып көрсету үшін зерделі зерттеу жүргізу қажет. Ол үшін Сартай батырға қатысты Ресей Федерациясы орталық мемлекеттік мұрағаты мен Қазақстан Республикасы орталық мемлекеттік мұрағат қорларындағы құжаттармен танысып, ғылыми негізде саралау керек».
Зерттеуші осылай дейді. Ал халықтық дерек бойынша, ел қорғаған батыр өмірінің соңында дінге бет бұрып, Қосым қожадан дəріс алып, бақилық болғандардың жаназасын шығарып, батыр атағынан бөлек, дін жолын уағыздаушы ретінде де белгілі болған. Әулиелігімен, қара қылды қақ жарған əділдігімен, хақ жолын берік ұстаған адалдығымен би Сартай деген атпен де ел-жұртына кеңінен танылады. Тіпті, көп деректерде жазатындай, өзбек, қарақалпақ, қырғыз, түрікпен жұрты оны «көкірегі пəк адам» деп құрметтеген. Себебі, Сартай би елге өзі келіп тиген жау болмаса, жау іздеп жорыққа шығуды қолай көрмеген. Барымта мен ел араздығын тудыратын кез келген жаманат шақырар істен аулақ болуды халқына насихаттап, бірлікке шақырып, ислам дінін уағыздауда көп күш салғанға ұқсайды.
«Енді көкейде қалып кеткен, әсіресе, «Жаужүрек мың бала» көркем фильмінде көрініс табатын Сартай батырдың өмірі кадрдан тыс жатқанын көпшілік біле бермейді. Рас, көп зерттеушінің пікірінше, кино тарихи шындықтан тым қатты бұрмаланған. Меніңше, бұрмаланды дегеннің өзінде осы киноға алғыс айту да керек шығар. Өйткені, осы туынды халыққа жедел тарасымен барып, Сартайдың кім және қандай адам болғандығы жөнінде деректер қоры біртіндеп шыға бастады емес пе?! Оның қаншалықты тарихқа жақын не алшақтығын айтпасақ та, жастарға патриоттық тәрбие беруге «Жаужүрек мың бала» фильмі өз үлесін анық қосты. Бұл енді өз пікірім.
Айтпақшы, осы Қосым қожа бастаған аруақтылардың мәңгілік жайынан 20-25 шақырым әрі Ақ ишан (Ақмамбет), Қарасақал Ерімбет зираты мен Ақша батыр қорым-мұнарасы да кездеседі. Бұл Ғани Мұратбаев туған өлке дейді білетіндер. Сол маңда Шығыс жұлдызының діни дәріс алғанын да айтады үлкендер. Тағы да айтамыз, құм қойнауында көп сырды ішке бүккен тылсым тарих жатыр…
жатқан
жайға
барсаңыз…
Қазалыдан арнайы жол талғамайтын көлікпен 270 шақырым асып, Қызылқұмның үстін баса, Жанқожаның өзі жатқан мазар басына бара аласыз. Қара жолмен. Тақтайдай тегіс жол жоқ. Біз әуелі Кәукей ауылындағы Жанқожа батырдың ағасы Ақмырза ұрпақтарының үйінде болдық. Басты мақсат – мұнда батырдың соғыста киген сыртқы сауытын өз көзімізбен көру еді. Құнды жәдігерді аудан мен облыс музейлері қанша сұраса да, өз көздерінен таса етпеген батыр ұрпақтары «бабамыздың көзін шаңырақтан алыстатқымыз келмейді, бұл – отбасылық шешім» деген ойларын да айтты. Әйтсе де, түпкір ауылда жатқан мұндай мұраны іздеп келіп, көрушілер жетерлік. Баба ұрпағы Эльмира Ебелекованың айтуынша, тарих зерттеушілері әдейілеп ат басын бұрып, батырдың сауытын суретке тартып, өз ғылыми мақалаларына арқау еткен.
Сапарымызға оралсақ. Кәукейден 170 шақырымнан аса жатқан шекараның нақ түбіндегі баба кесенесіне кешке таяу жеттік. Жолда Ажар атты шағын ауыл мен батыр атындағы Қызылқұм шекара бекетінде аз-кем аялдадық. Бізге серік болып жүрген Тасарық ауылының әкімі Марат Сұлтамұратовтың айтуынша, мұнда көшпелі ата-бабамыздың қыстауы көп кездеседі, тіпті, құм арасында көп бұлақтардың орны әлі де бар. Кеңес дәуірінде әр совхозға тиесілі жүктелген сол бұлақтарды тазалап, көзін ашып тұратын мекеме де болған көрінеді. Сапар барысында жолда кездескен 2-3 бұлақ басына аялдап, салқын суына түстік. Әлі де әкім айтқан көп қайнардың бітелген көзін ашып, тиісті жұмыстар атқарса, мал шаруашылығына бұрынғыдай көмегі тиері сөзсіз.
Халық батыры Жанқожа Нұрмұхамедұлы жайлы айта қалсақ, оның ең біріншіден, Хиуа мен Қоқан, одан қалды, орыс отаршыларына қарсы күресте ел аузындағы ерлік істері бірден ойға оралады. Бұл туралы сөз қозғамаймыз, әрі көпшіліктің Жанқожаның ел үшін жасаған ерлік істері мен әулиелік қасиетінен біршама хабардар екені анық. Батыр туралы көптеген зерттеуші ғалымдар, жазушылар еңбек қалдырды. И.В.Аничков, Б.Шалабаев, С.Қасқабасов, З.Шүкіров М.Қаназ, Б.Кәрібозов, сынды белгілі тұлғалар жазған шығармаларда батыр бейнесі бүгінге толық ашылып жеткендей. Әсіресе, ұзақ жылдар осы тақырыпта тереңнен қазбалап, көнекөздер әңгімесін қағазға түсірген, 50 жылдан астам мұрағат ақтарған, зерттеуші-жазушы Әбсаттар Оспанов өзінің «Жанқожа батырдың тарихи бейнесі» атты зерттеу мақаласында («Егемен Қазақстан», 12-маусым, 2013 жыл) батыр жайлы мынадай маңызды ақпарат береді: «Жанқожа 1774 жылы қазіргі Қазалы ауданындағы өзінің есімімен аталатын ауылдың шығысында жатқан Сарыкөл мен Қаракөлді қосатын «Күркіреуік» арнасы жағасында дүниеге келген. Ал 1860 жылы наурызда жалғыз үй отырған 86 жастағы батырды он төрт жасар баласын патша сарайына кепілдікке беріп, орыс армиясының полковнигі атағын алған Елекей (Ермұхаммед) Қасымов өз отрядымен қамап, Байқадам батырдың кенже ұлы он жеті жасар Ақсақалға аттырып өлтірген. Батыр Қызылқұмдағы өлтірілген жерінде жерленген.
Жанқожаның туған-өлген жылы, жері жайлы деректер ешқандай талас туғызбайды. Өйткені, ол жайлы 1992 жылы жарық көрген «Жанқожа батыр» атты тарихи романымның 1-кітабында мұрағаттық деректерді батырдың XX ғасыр басында өмір сүрген ұрпақтары айтып кеткен мәліметтермен салыстыра, жан-жақты зерттей отырып жазған болатынмын.
Батырдың туған ағасы Ақмырзаның немересі Бижан мен Жанқожаның 1936 жылы 83 жасында дүние салған кенже қызы Байсалды көрген, олармен Арал ауданының «Ұялы» ауылдық кеңесіне қарасты «Биіктау» ауылында көп жыл бірге тұрған Қабыл Сәрсенбайұлы мен Тойымбет Күлімбетұлының 1979 жылы наурыз айында менімен болған сұхбатында айтылған деректер бойынша, әкесі өлгенде Байсал 7 жаста болған. Олай болса, ол 1853 жылы туған (1936-1983), оған 7-ні қоссақ, батырдың қайтыс болған жылын (1860) білеміз.
Бірде, Жанқожаның әрі інісі, әрі баласы және батыр сарбаздарының бірі Жалмырза Ақмырзаұлы үлкен ұлы Бижанға: «Жанқожа атаң орыстармен соғысатын кезде 82-83 жаста еді» деген екен. Көтерілістің 1856 жылдың күзі мен 1857 жылдың қаңтарының екінші жартысы аралығында болғаны мұрағат деректерінен белгілі. Көтеріліс кезінде сатқындық жасаған рубасыларына және Қазалы форт басшыларымен ауыз жаласып, орыстардың пайдасына тыңшылық еткен кейбір билер мен батырларға өкпелеп, Бұхара жеріндегі «Ерлер» шыңына көшіп кеткен батырдың үш жыл өткеннен кейін ғана ажал құшқан жеріне оралғанын ескерсек, онда оның 1860 жылы өлгені және 1774 жылы туғаны (1860 – 83 – 3) дау туғызбайды.
М.Тынышпаев айтқандай, «көзінің тірісінде-ақ үш жүздің әйгілі батыры, белгілі биі һәм алдын болжаған әулиесі» атанып, бірақ қаншама теңдессіз ерліктер, әділ әрекеттер жасаса да, қашаннан да ауызбірлігі жоқ халқының басын бір ту астына біріктіре алмай, бүкіл ғұмыры өкінішпен өткен, ақыры, қартайған шағында, өз елінен шыққан сатқындар қолынан қаза болған сол Жанқожа батырдың жеке басына қатысты нақты деректер осындай».
Әбсаттар Оспанов ағамыз айтқан зерттеуден асып ештеңе айтпаймыз. Біздің басты мақсат, қос ел – Қазақстан мен Өзбек елі шекарасының нақ түбіндегі, Қызылдың құмындағы батыр бейітін көзбен көріп, көнекөздер айтқан дерекке қанығып қайту.
Батыр мазарының қасында өзінің үзеңгілес, сенімді серігі бола білген Жақайым Қызылбас палуанның да денесі жатыр. Сонымен бірге көне қорымдар кездеседі. Бүгінгідей еңсесін көтерген бейіттерді мұнда көрмейсіз. Көбісі сексеуіл үйіндісімен қоршалған немесе жақын жердегі тұзды көлдің ақ кесектерінен үйме-үйме етіп көтерген ежелгі мазар орнын байқайсыз. Айтпақшы, баба басында кейінірек марқұм болған мұсылмандардың жайлары бар. Ал көне қорымдардың көбісінің кімге тиесілі екені белгісіз, уақыт өте тіпті жер бетімен бірдей тегістеліп кеткеніне де куә болдық, ал кейбірінде ұрпақтары жаңғыртқан белгі мен қоршау бар. Көбіне, мұндай ескі зират орнын қоршау елге белгілі адамдар басында ғана болатын көрінеді. Мысалы, Қызылбас палуанның зираты көне сексеуілмен тұрғызылса да, кейінірек ұрпақтары темір қоршау жүргізіпті.
Баба басында көптеген жыл шырақшы болған Иманғали Сағадинов ақсақалдың ұлы Еркін біздің жолбасшымыз еді. Еркіннің айтуынша, аудан әкімі Мұрат Ергешбаев рухани құндылықтарға аса мән беріп отыр. Биыл осы баба басындағы түнеухана ішін-сыртын күрделі жөндеуден өткізіп, керек заттармен тағы қайта жабдықтау туралы ұсыныс берген.
Баба басына қыс айында аса қатты ауру батқан адам болмаса, мұндай мойны алыс жерге көпшілік бара қоймайды. Ал, көктем туып, жаз шығысымен келушілер күрт артады. Олардың дені дертіне шипа іздегендер, сәби сүймеген адамдар, сонымен бірге көршілес Өзбекстандағы қандастар жиі соғатынға ұқсайды.
Жанқожа батырдың зираты дәл шекара сымы керілген жерде, Қазақстан жақ бетте орналасқан. Ал батырдың өз әкесі Нұрмағанбет те, оның ағасы Өтегеннің де зираты бұл маңайдан тым алыс, Қазалының баба атындағы ауылына жақын жерде қатар жатыр. Өз туысы Рахманқұл мен Хиуа басқыншылары қастандық жасаған бабаның туған ағасы Ақмырзаға да сол әкелері маңына ескерткіш орнатылған. Арғы атасы Киікбай батыр Аралға кетер жолдағы Шәкен ауылының территориясында көрінеді. Басында мұнарасы бар. Бізді бастап әкелген Еркін Иманғалиұлы осы Ақмырзаның Иса атты баласынан тарайтын Бижанның шөбересі екен. Бижаннан Сағадин, Сағадиннен Иманғали, ал Иманғалидан біздің жолбасшы Еркін ағамыз туады.
«– Қызылбас палуан атамыздың ең сенімді серігі болғанға ұқсайды. Жаугершілікте ту ұстап, елдік пен ерлікті қатар алып жүрген батыр екен. Ірілігі сонша, ат белі көтере алмай, өзі түйемен жүретін көрінеді. Өзінің аманаты бойынша, Жанқожа батыр қайтыс болған соң, бабаның аяғына қойыңдар деп өтініш айтқан. Аманат орындалып, оның бейіті де бабадан төменірек тұр, – деді Еркін ағамыз палуан бейітін көрсетіп тұрып.
Күн ұясына батар тұста көлбеңдеп мына ой келе берді. «Өлсем де қазақ жерінің бір шетін аяғыммен тіреп жатайын» дегендей баба мазары шынымен шекара сымының нақ түбінде орналасқаны мені сол кезден бүгінге дейін әлі таңғалдырады. Сырт көзге айбат болып, заманында дұшпаннан қағажу көрген қазақтың қамын жеген ұлт тұлғасының қорымы көп сырды ішіне бүгіп, үнсіз ғана жатыр. Ел мен жерін қорғауда ат үстінен түспеген Жанқожа атаның сол ерлігін бүгінгі бақытты ұрпағы ұмытпаса ғой деген тілек бар еді бізде де.
Сапар соңы
Сараман-
Қоса
Кәукейден әрі кетсе 2-3 шақырым алыс орналасқан «Сараман-Қоса» мұнарасы тарихи жәдігерлер қатарына кірсе де ел бұл туралы түрлі дерек айтады. Тарих зерттеушілер бұны «жаугершілікте қарауыл қоюға пайдаланған» десе, енді бірі «бұл маң Арал теңізінің бір кездегі орны. Сырдарияның Қарлаң өткеліндегі көне қала – Жентті мекендеген оғыздар мен кейінгі қыпшақтардан қалған, теңізде жүзген кемелерге от жағып, белгі беріп, жол көрсету үшін салдырған мұнара» деседі. Ал енді жергілікті жұрт Сараман-Қоса тарихын басқаша таратады. Нақтысы беймәлім. Айтпақшы, жазушы Әбсаттар Оспановтың «Наркескен» атты тарихи-көркем трилогиясында бұның түпкі шығу тарихын керемет етіп баяндайды. Аңыз бойынша, достығы жарасқан ханның жалғыз ұлы Сараман мен кедейден туған ер Қосайдың есімдерін бірге таңып, «Сараман-Қоса» деп ат берген оқиғаның қысқаша желісі мынау еді.
«Шамасы 10 шақты ғасыр бұрын бұл өлкені оғыз-қыпшақтар мекен етсе керек. Тегі бір түркітілдес, туыс халықтар ауылы аралас, қойы қоралас дегендей, қыз алысып, қыз берісіп, бейбіт өмір кешкенге ұқсайды.
Қош, сонымен осы өңірде Женттей қала тұрғызып, билік құрған ханның Сараман деген ұлы мен Қосай деген жарлы жігіт бала күнінен бірге өскен, жұбы жазылмас, жан аямас достар болыпты. Екеуі құрдас әрі нағыз ержүрек батыр, соғыс өнерін меңгерген, ел мақтаған жігіттер екен.
Бірде шағын қаланың күнделікті күйбеңінен іші пысқан қос батыр «Рұқсат етсеңіз, жер көріп, ел танып қайтайық» деп хан алдына барыпты. Хан да қарсы болмай, батасын берген. Арнайы рұқсаттан соң екеуі Қуаң мен Сырдан асып, Арқаға қарай жатқан қалың елді аралап екі айдай уақытты да еңсерген. Арқаны айналып, Сарысу аймағына келген бұлар үлкен бір қыз ұзату тойының үстінен шығады. Ойда жоқта үстінен түскен думанға ауыл адамдары екеуін ежелгі дәстүрмен қонақ етіп, құрақ ұшады. Жастардың ортасына апарып, айрықша құрмет көрсетеді.
Бұл аңыздың қызығы енді басталғалы тұр. Жастар арасына түскен Сараманның сол күні кешқұрым еңсесі түсіп, жүзінен қобалжу біліне бастайды. Әбден жас күнінен сыралғы болған жан жолдасы Қосай досының көңіл күйін жазбай таныса керек-ті. Сарамандағы мазасыздыққа әкелген басты себеп мынау еді. Қыз-бозбала арасында хан ұлын сарыуайымға салдырған ұзатылғалы жатқан қыздың ер жігітті ерітпей қоймайтын ерекше назды қылығы болатын. Оның үстіне, қанша жерден әдеп сақтаймын десе де, іштегі бұрқ етіп басталған асау сезімге бұғалық сала алмаған қыз байғұс та жәудіреген жанарымен қапсағай денелі, қияқтай қара мұртты жігітке бар ынтасы кеткен еді.
Әпсананың әрі қарайғы желісін сізде ұғып келесіз, құрметті оқырман! Айттырған жеріне қарамастан, Сараман да, ұзатылғалы отырған ару да ғашықтық деген дертке шалдығып, ақыр соңы екеуара келісіммен, шын бақытқа жету үшін атқа қонып, түн жамылып, қашқанға ұқсайды. Әрине, қызды алып қашу жоспарына ер Қосайдың да үлкен көмегі болғаны сөзсіз.
Оқиғаның соңы былай болады. Түнгі даланың бұйығы тыныштығын бұза шапқан қашқындар көп ұзамай Сарысу аймағынан ғайып болады. Таң ата той иелері қыздан айырылып, сорлап қалғанын біледі. Қыздың алты ағасы болған екен. Алтауы бірдей атқа қонса, артынан ерер алпыс жігіттің бар екені белгілі. Қашқындардың ізіне түскен осы алтау Бетпақ даланы кесіп өтіп, Сырға қарай ат қойған қашқындардың соңынан ілеседі ғой баяғы. Бес күн шауып, алтыншы күнге таяғанда Сырдарияның жағасына тұяқ іліктірген қос жігіт пен қыздың артын қуғыншылар да таяп қалған еді. Ендігісі белгілі. Өздерінің құтылмасын білген Сараман елге жетіп қалса да, қалаға кірмеуді жөн көреді. Өйткені, бұлардың жайын білсе, әскер әкеліп екі жақ соғысу да бек мүмкін еді. «Бұлардың қанын басқаларға жүктегенше, өзімізбен өзіміз болайық. Әу баста бұл тәуекелді бастаған мен едім. Өзім алдын бөгейін, Қосай, сен қызды алып Қызылқұмды бетке ал. Мен аман қалсам, сендерді табармын» дейді хан ұлы. Сонда Қосай: «Екеуіңнің садағаң кетпесем, менің достығым қайда?! Жол менікі, кідірмеңдер» десе де, Сараман көнбеген. Ажалына көрінген деген осы шығар. Қыздың алты ағасы алпыс жігітімен күші басым болды. Жеті адамды жебемен жықса да, Сараман ақыры қолға түседі. Басы кесіледі. Ал он-он бес шақырымдай ұзаған қыз бен Қосай ендігі жайы қалай болған?! Төбенің басына шығып қараған Қосай шайқастың бітпесін біліп, қызға: «Осы бетіңмен қаша бер. Тірі қалсаң ұмытпағайсың, жаңағы шайқас болған төбенің басында Жент деген қала бар. Сараманның елі сол» дейді. Қыздың «өзім қара жамылдым, еліңе не бетіммен барамын?!» деген зарына да қарамастан, қыз мінген тұлпарды қамшымен бір тартып, енді қуғыншыларға қарай ер Қосай қарсы шапқан көрінеді…
Әттең-ай, дейсің. Күші басым қыз ағалары Сараманмен бірге Қосайдың да, қыздың да басын қанжығаға байлайды. Арада екі-үш ай өткенде арнайы іздеумен сүйегі табылған махаббат құрбандарын хан әкенің жарлығымен әрқайсысын өзінің өлген жеріне жерлейді-міс. Кірпіш бастырып, күйдіріп, мұнара тұрғызады».
Мінекей, Сырдың төменгі ағысындағы әпсананың біріне осылай қанығып қайттық. Айтпақшы, бұл жайлы аңыздың тағы бір нұсқасы бар. Ол бойынша да бір-біріне ынтық екі жас зұлымдардың құрбаны болады. Бүгінде мұнараға республикалық маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіші мәртебесі берілген. Мұнараның төбе жағында үш қарауыл тесігі бар, аузы оңтүстік-шығысқа қараған, 1984 жылы қайта қалпына келтірілген. Әуел баста шикі кірпіштен өріліп, кейіннен күйдірілген кірпішпен қапталған.
Түйін. Ысыған жаз басталғалы ысылдаған құм арасынан қазақтың өткенін білсек деген өлермендікпен апталап жүрсек те, бұл сапарға өкінген ешкім жоқ шығар. Бастысы, тарихи тұлғалардың өмір жолы мен ерлік ісі, елге деген қызметіне қатысты көрген-білгенімізді қағазға беттеп, «теңізге қосқан тамшыдай» болса да үлес қосуды өзімізге парыз санадық. Әлі де қарт Қаратаудан бастап Аралдың кең атырабына дейінгі аймақта бүгінгілер білмейтін һәм білуге тиісті қанша құндылық жатқанын ешкім тап басып айта алмайды. Біз Қазалының бір бөлігін ғана шарлап шықтық. Бармаған, көрмеген нысандар қаншама?! Осындай шежірелі ескерткіштеріміз жайлы жазу үстеліне отырмас бұрын, олардың нақты мекен-жайына барып, көзбен көріп, көңілге түю бөлек дүние. Айтқандай, «Сыр медиа» ЖШС жанынан құралған шығармашылық топтың киелі жерлер мен тарихи мекендерге сапары әлі де жалғасатын болады. Бұл – жаңғыру жолы.
Ержан ҚОЖАС,
«Сыр бойы».
Суреттерді түсірген
Нұрболат Нұржаубай.
Қызылорда-Қазалы-Қызылорда.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<