Облыстық ішкі істер департаментінің 2018 жылдың 8 айында атқарған жұмыстары туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте сала басшысы Қайрат Мұхитов баян етті.
Департамент бастығы атап өткендей, қылмыстық құқық бұзушылық өткен жылдың сәйкес кезеңмен салыстырғанда 18% төмендеген. Сонымен қатар, қоғамдық орындарда, көшелерде жасалған қылмыс саны азайып отыр.
Бүгінгі таңда 10 мың тұрғынға шаққанда қылмыстылықтың деңгейі 93-ті құрайды. Бұл көрсеткіш Қызылорда облысын республика көлеміндегі крименогендік ахуалы тұрақты, қауіпсіз облыстардың қатарына қосып отыр.
Ағымдағы жылы республика көлемінде “Көкнәр-2018” кең ауқымдағы жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізілуде. Осы ретте департаменттің базасында “Дельта Сырдария” есірткі бизнесіне қарсы күрес желісі құрылып, жұмыс тиімділігін арттыру мақсатында бірнеше жедел іздестіру топтары құрылды. Олар тікұшақтармен, автокөліктермен жасақталған. Сонымен бірге, есірткі алқаптарын анықтау мақсатында барлық аудандарда дрондар алынса, департаментте алыс қашықтарды бақылау үшін ұшқышсыз басқарылатын көпфункционалды аппарат пайдаланылуда. Алдағы уақытта “Қазақстан ғарыш сапары” Ұлттық компаниясының мүмкіндіктерін пайдаланып, облыс аумағындағы есірткі алқаптарын ғарыштан түсіру жұмыстары жүргізілетін болады. Есепті мерзімде есірткі өсірудің 74 дерегі анықталып, жалпы салмағы 10 мың тоннадан асатын 73 мың түп сора өсімдігі жойылды. Нәтижесінде 54 қылмыскер құрықталып, тұтынушыларына баратын үлкен көлемдегі есірткінің жолы кесілді.
Жол-патрульдік полиция қызметі тамыз айынан бастап қоғамдық жерлерде, оның ішінде көпқабатты үйлердің аулалары мен халық көп шоғырланған аймақтарға жаяу патрульдеу бағытына шығарылып, бұл оң тәжірибе өз нәтижелерін беруде.
Сандық технологияларды дамыту аясында «Электрондық қылмыстық іс жүйесі» жобасы енгізіліп, қазіргі уақытта қылмыстық істер электрондық форматта тергеп-тексеру жұмыстары жүргізілуде. Аталған жүйе тергеу жұмыстарының жылдамдығын арттыруға, қылмыстық процеске қатысушыларға қылмыстық істердің тергеу барысын электронды түрде бақылап отыруға мүмкіндік береді. Осылайша істің бұрмалануына жол бермей, қылмыстық істерді тергеу барысында сыбайлас жемқорлық көріністерін жоюға өз ықпалын тигізеді. Қазіргі таңда, электронды форматта жалпы саны 179 қылмыстық іс тергеліп, оның 136-сы сотқа жолданды.
Брифингте облыстық ІІД Жергілікті полиция қызметінің қылмыстың алдын алу, қоғамдық тәртіп пен жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытындағы атқарған жұмысы туралы осы құрылымның бастығы Бауыржан Ибраев айтып өтті. Оның атап өткеніндей, есепті мерзімде атқарылған профилактикалық шаралар нәтижесінде жалпы қылмыстылық деңгейі – 17, ұрлық – 9,9, мал ұрлығы – 22,4, қоғамдық орындарда жасалған бұзақылық 6 процентке азайған. Қылмыс пен құқық бұзушылықтың және жол-көлік оқиғаларының алдын алу мақсатында 72 жедел-профилактикалық іс-шара ұйымдастырылды.
Қызылорда қалалық ішкі істер басқармасының қызмет көрсету аймағына облыс орталығы мен Ақсай және Тасбөгет полиция бөлімдері, сонымен бірге 8 елді мекен кіреді. Есепті кезеңде қала бойынша қылмыстың тіркелуі өткен жылмен салыстырғанда 19,8% кеміп отыр. Барлық тіркелген 3171 қылмыстың басым бөлігі қоғамдық орындарда жасалған болса, одан кейін алаяқтық қылмысы тұр. Бұл туралы ҚІІБ бастығы Дәулет Беркімбаев айтып өтті.
Брифинг барысында журналистерге жол-патрульдік полиция қызметкерлері пайдалана бастаған электронды планшеттер таныстырылды. “Әкімшілік іс жүргізудің бірыңғай тізілімі” (ЕРАП) жобасы бойынша қолданысқа енгізілген планшеттерге әрбір жүргізуші туралы толық деректер енгізілген. Полиция қызметкері енді құқық бұзушыға толтырылатын хаттаманы қағазға түсіріп жатпайды. Сонымен қатар, оны толтыру уақыты да бірнеше есе қысқарады. Ең бастысы, жүргізуші мен полиция қызметкерлері арасында сыбайлас жемқорлық сипатындағы құқық бұзушылықтың орын алуына мүмкіндік қалмайды. Құқық бұзушының аты-жөні енгізілісімен-ақ ол туралы деректер бірден орталық базаға түсіп тұрады. Сол секілді, айыппұлды бірден төлеп кетуіне де болады.
Брифинг соңында журналистер тарапынан қойылған сан түрлі сауалдарға жауап берілді.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<