Заң жобасы сот жұмысының тиімділігін арттырмақ

475

0

Заң жобасы сот жұмысының тиімділігін арттырмақБүгінгі күні Қазақстан Республикасы Парламентінің қарауына Қазақстан Республикасы Жоғарғы Соты әзірлеген «Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексіне соттар жұмысының заманауи форматтарын ендіру, артық сот рәсімдері мен шығындарын қысқарту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Заңының жобасы ұсынылды.

Заманның талабына сай форматта жұмыс істеу үшін Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) кейбір нормаларына өзгерістер мен толықтырулар енгізу заңдылық деп санаймын.

Жоба аясында сот процесінде істің толық және уақытылы қаралуын қамтамасыз ету, соттар жұмысына заманауи форматтарды енгізу, яғни, соттағы цифрландыруды одан әрі дамыту, артық сот рәсімдері мен шығындарын қысқарту және процеске қатысушылардың жауапкершілігін арттыру бойынша өзгерістер мен толықтырулар көзделген. 

Бұл тұрғыда Қазақстан Республикасының Жоғарғы Сотымен  ұсынылып отырған ұсыныстарды толық қолдау қажет деп санаймын.

Соттарда азаматтық істерді қарау барысында артық қағазбастылықтың орын алатынын заңгерлерде түсініп жатады.

Сөзімнің дәйегі болу үшін салыстырмалы түрде айтуға болады.

 Мысалы: АПК-тің 279-бабының 1, 3, 6, 8) тармақтарында

– талап қоюшы осы санаттағы істер үшін заңда белгіленген немесе шартта көзделген дауды сотқа дейін реттеу тәртібін сақтамаса және осы тәртіпті қолданудың мүмкіндігі жойылмаса;

– талап қою арызына қол қоюға және оны беруге өкілеттігі жоқ тұлға қол қойса немесе оны берсе;

– істі өзінің қатысуынсыз қарауды өтінбеген талап қоюшы екінші шақыру бойынша сотқа келмесе;

– талап қоюшы талап қою арызын қайтарып алу туралы арыз берсе, сот  талап қою арызды қараусыз қалдырады делінген.

Бұл жағдайда соттың кеңесу бөлмесіне бөлінуінің ешқандай қажеті жоқ деген пікірдемін. Демек осы нормалар негізінде талап қою арызды қараусыз қалдырған жағдайда сот кеңесу бөлмесіне бөлінбей ұйғарымды қабылдауына толық негіз бар.

Сондай-ақ, АПК-нің 277-бабы бойынша сот талап қоюшының талап қоюдан бас тартуын қабылдаса, тараптар татуласу келісімін жасасса және сот оны бекітсе, тараптар дауды (жанжалды) медиация тәртібімен реттеу туралы келісім, дауды партисипативтік рәсім тәртібімен реттеу туралы келісім жасасса және оны сот бекітіп, істі өндірістен тоқтататын кезде судьяның кеңесу бөлмесіне бөлінуіне және сот актісін орнынан тұрып жариялауға қажеттілік жоқ деп санаймыз. Себебі, тараптар қандай да бір келісімге келмес бұрын, медиатор, адвокаттар немесе судья медиатор арқылы шарттарды талқылап барып,  келісім түзіледі. Яғни, медиация шартын жасағанда үшінші тұлғаның құқығы бұзылып кететін жағдайда шарт жасалмайтыны баршаға түсінікті және оның сотпен бекітілмейтіні анық.

Осы орайда жобада судьяның міндетті түрде кеңесу бөлмесіне кіру қажет еместігі ұсынылған.

 Бұл тараптардың уақыттарын үнемдеу, сонымен қатар, сот тарапына тараптардан кеңесу бөлмесінде аз уақыт отырды деген негізсіз шағымдарда аз болады.

 Сонымен қатар, аудио-бейне жазбаға қатысты қаншама тараптар арасында түсінбеушіліктер, сот отырысындағы аудио-бейне жазбалардың әлеуметтік желілерге жарияланғандары бар. Алайда ол сот отырысында басқа іске қатысқан тараптарда болады, олардың  өздерінің бейнесіне деген құқығы бұзылмау мақсатында тек тарапқа аудиожазба ғана ұсынылады деген өте дұрыс  тұжырым.

 Сонымен қатар, аудио-бейне жазбаның соттарда жүргізіліп жатқанына 5 жылдан астам уақыт өтседе оған хаттаманың мәртебесі берілмеген. Аудио-бейне жазбаға электрондық хаттама мәртебесін беру мәселесі Заң жобасында көтеріліп отыр. Бұл сәйкесінше қысқаша қағаз форматта хаттама жазып,  оған электрондық қол таңба қойылады деген артық жұмыстан соттарды және сот отырысының хатшыларын босатады.

  Сот бұйрығын шығару туралы талаптардың бірі  қылмыстық қудалау органы қысқартқан қылмыстық істер бойынша процестік шығындарды өндіріп алу туралы норманы алып тастау да өте орынды, себебі ол қылмыстық істі қарау кезінде шешіледі және азаматтық іс жүргізу тәртібімен шешілуге жатпайды. 

Тағы бір аса маңызды мән беретін жайт ол сот отырысын кейінге  қалдыру мәселесі. Қолданыстағы норма бойынша сот отырысы 4 реттен  артық кейінге қалдырылуға, үзіліс жариялауға болмайды. Тәжірибиеде тараптар кешігіп жатады, болмаса бір тарапқа медициналық көмек қажет болып қалады, өкілдер, адвокаттар өздерінің сенім білдірушісінің қатысуынсыз іске қатысқанда, екінші жақ татуласу шараларын қолдану  қажет болғанда істі басқа күнге қалдырусыз, үзіліс жариялап, хабарласу қажеттілігі туындап жатады. Осы бойынша үзіліс жариялау туралы норма өте қажет және ол барлық тарапқа, сотқа да тиімді.

 Бұл жағдайда тараптардан сотқа қатысты істі қайта-қайта кейінге қалдырды деген теріс пікір туындамайды деп санаймын.  

 Жоғарыда көрсетілген Заң жобасындағы Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексіне енгізілуге ұсынылған жекелеген өзгерістер мен толықтырулар болашақта тиімді жұмыс істеуге зор ықпалы болады деп сенемін.

 

Әділхады Шығамбаев,

облыстық соттың 

азаматтық істер жөніндегі сот алқасының төрағасы

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<