Заңдағы жаңашылдық – халық игілігі үшін

565

0

Заңдағы жаңашылдық – халық игілігі үшін Ағымдағы жылдың 21 қаңтарында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне меншік құқығын қорғауды күшейту, төрелік, сот жүктемесін оңтайландыру және қылмыстық заңнаманы одан әрі ізгілендіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңы қабылданды.
Бұл заң Мемлекет Басшысы Н.Назарбаевтың 2018 жылғы 5 қазандағы «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауының міндеттерін іске асыру үшін қабылданды.
Заң аясында 42 заңнамалық актіге, оның ішінде 11 кодекске өзгерістер мен толықтырулар енгізілді.
Елбасы жолдауында: «Жыл сайын 4 миллион азаматымыз сотта қаралатын іске қатысады. Бұған қаншама күш пен қаражат жұмсалады. Уақыт пен ресурстардың орынсыз шығынын талап ететін артық сот рәсімдері қысқаруға тиіс. Бұрын адамдардың жеке өздерінің келуі талап етілсе, қазір оны алыстан жүзеге асыруға болады» деген болатын.
Сот жүктемесін оңтайландыру бағытында Азаматтық процестік кодекске және «Нотариат туралы» Заңға өзгерістер енгізілді. Өзгерістерге сәйкес осыған дейін соттың қарауында болған 9 санат бойынша даусыз талаптар нотариустарға берілді. Олар: жалақыны өндіріп алу, коммуналдық қызметтер бойынша берешекті өндіру, нотариат куәландырған қарыз шарты бойынша міндеттемені орындау туралы, орындау мерзімі басталған және міндеттеменің орындалмауын борышкер мойындаған, жазбаша мәмілеге негізделген міндеттемені орындау,  нотариус жасаған, төлем жасалмауына, акцептінің болмауына және акцепт күнінің белгіленбеуіне вексель наразылығына негізделген міндеттемені орындау туралы,  лизинг шартына немесе Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес лизинг нысанасын талап ету, ломбард кепіл беруші-борышкерге қойған, кредитті қайтару мерзімі өткен соң кепіл нысанасына өндіріп алуды қолдану, кондоминиум объектісінің ортақ мүлкін күтіп-ұстауға арналған міндетті шығыстарға қатысудан жалтаратын үй-жайлар меншік иелерінен берешекті өндіріп алу, жалдау төлемдерін жалдау шартында белгіленген мерзімдерде төленбеуіне байланысты өндіріп алу туралы талаптар.
Мысалы, сіз қызметкер ретінде жұмыс атқарған мекемеңізден өзіңізге есептелген, бірақ уақытылы төленбеген еңбекақыны өндіру жайлы немесе нотариалды куәландырылған шарт негізінде қарыз ақшаны өндіру жайлы  талап арызбен бұрын сотқа жүгінсеңіз, енді мұндай даусыз талаппен нотариусқа жүгінесіз. «Нотариат туралы» Заңның 92-1 бабының талабы бойынша нотариус берешекті белгілейтін құжатта атқарушылық жазба жасайды немесе тиісті қаулы береді. Егер ұсынылған құжаттар берешектің немесе борышкердің өндіріп алушы алдындағы өзге де жауапкершілігінің даусыз екенін растаса, талап қою (арыз) құқығы туындаған күннен бастап үш жылдан аспайтын уақыт өтсе, атқарушылық жазба  жасалады.
Сізден коммуналдық төлемдерді, мысалы электрмен, газбен, жылумен, сумен жабдықтау және басқалары үшін, сондай-ақ өзге де шарттар негізінде белгіленген тарифтерге сәйкес көрсетілетін қызметтер үшін берешекті өндіріп алу туралы нотариустан атқарушылық жазба келген жағдайда  таң қалмаңыз, себебі биылғы жылдың ақпан айынан бастап жоғарыда аталғандай мұндай берешектерді өндіру нотариустың атқарушылық жазба жасауы арқылы жүргізілетін болады.
Азаматтық процестік кодексіне енгізілген тағы бір өзгеріс -тараптардың келісімдеріне негізделген 10 талап түрі оңайлатылған (жазбаша) іс жүргізуден  соттың бұйрықтық іс жүргізуіне берілуі.
Мұның қандай тиімділігі бар? Оңайлатылған іс жүргізу тәртібімен даусыз талаптарды сот тараптарды хабарландырып, жауапкерге он бес жұмыс күні ішінде талап қою арызына пікір (қарсылық) ұсынуы үшін мерзім белгілеп, аталған  мерзім өткеннен кейін тараптарды шақырмай қарап, шешім қабылдайды. Бұл жағдайда талап арыз сотқа түскеннен кейін бес жұмыс күнінің ішінде өндіріске қабылдау, одан кейін он бес жұмыс күні жауапкердің пікірін алу үшін белгіленіп, жалпы бір айдан астам уақытта қаралып шешілетін. Ал сот бұйрығы судья борышкерді және өндіріп алушыны олардың түсіндірмелерін тыңдау үшін шақырмай-ақ, мәлімделген даусыз талаптың мәні бойынша арыздың сотқа келіп түскен күнінен бастап үш жұмыс күні ішінде шығарылады. Өздеріңіз байқап отырғандай, даусыз он талап түрі бойынша істі сотта қараудың мерзімі барынша қысқартылған және тараптардың уақытын, қаражатын үнемдейді, олардың сотқа келуі талап етілмейді және соттың жүктемесіне де өз әсерін тигізеді.
Заңмен енгізілген өзгерістердің қатарында сот орындаушыларының жекелеген қаулыларын соттың санкциялауынан прокурорға беруі көзделген. Ағымдағы жылдың 24 сәуірінен бастап сот орындаушылардың борышкерлердің атында банк шоттарының болуы, оларда ақшаның бар-жоғы туралы ақпаратты алу, банктердегі ақшасына тыйым салу қаулыларын санкциялауды прокурор жүргізетін болады. Сот тек борышкер болып табылатын жеке тұлғаның немесе заңды тұлға басшысының Қазақстан Республикасының аумағынан шығуына уақытша шектеу қою және борышкерді сот орындаушысына мәжбүрлеп келтіру жайлы қаулыларды санкциялайтын болады.
Заңдарға меншік құқығын қорғауды күшейтуге бағытталып енгізілген өзгерістерге тоқталсақ, Салық кодексінде, «Неке және отбасы туралы Кодексте және «Төлемдер және төлем жүйелері туралы» Заңында алименттік төлемдер үшін ашылатын арнайы шоттардан балаларды ұстауға арналған алименттік төлемдерді өндіріп алуға тыйым салу белгіленді.
Заң қарыз алушы-борышкердің банктік шотынан ақшаны оның берешегін төлеу есебіне алуға шектеу енгізді, оған сәйкес оның шотында айлық ең төменгі күнкөріс деңгейіне тең сома қалуға тиіс. Бұл норма қиын қаржылық жағдайға түскен қарыз алушы жеке тұлғаларды әлеуметтік қорғауға бағытталған.
«Жылжымайтын мүлік ипотекасы туралы» Заңына да меншік құқығын қорғауды күшейту бағытында енгізілген өзгеріс те көңіл толтырарлық. Осыған дейін  егер банк заем шарты бойынша борышкердің қарызын оның кепілге салған жылжымайтын мүлкінен өндіру жайлы банктер тікелей сотқа жүгінетін болса, енгізілген өзгерістерге сәйкес борышкердің кепілге салынған жылжымайтын мүлікті өз бетімен сатуы үшін үш ай мерзім белгіленетін болды. Мүндай мүмкіндіктің бұрын болмағанын атап өтуіміз қажет.
Мемлекет мұқтажы үшін жер учаскелерін меншік иесінен алып қоюды жүзеге асыру барысында алынып қоятын жер учаскесінің тең құнын өтеуді қамтамасыз ету үшін жағдай жасау белгіленді.   «Мемлекеттік мүлік туралы» Заңға енгізілген өзгеріске сәйкес  өтем мөлшері нарықтық құн бойынша анықталатын болады.Бұдан басқа, мәжбүрлеп алып қою жүзеге асырылатын елді мекен шегінде құны тең өзге жер учаскесін беру мәселесі рәсімдік реттелді.
Қылмыстық заңнаманы ізгілендіру мақсатында енгізілген өзгерістерге бухгалтерлік есеп және қаржылық есептілік туралы заңнаманы бұзған және банк ақшасын заңсыз пайдаланғаны үшін залалды өз еркімен өтеген тұлғалар қылмыстық жауаптылықтан босатылуға жататыны белгіленді. Сондай-ақ, осы баптарға ескертулерден «бірінші рет» деген сөздерді алып тастау арқылы салық төлеуден жалтарғаны үшін жауапкершілікті көздейтін Қылмыстық кодекстің баптары ізгілендірілді, бұл кәсіпкерлердің бюджет алдындағы қарыздарын ерікті төлеген жағдайда қылмыстық процесс орбитасына тартпауға мүмкіндік береді. Енді салықтар бойынша берешекті өз еркімен төлеген тұлғалар қылмыстық жауапкершіліктен босатылады.
Бұдан басқа, Кылмыстық кодекске ұрлықтың, алаяқтықтың  қайталануы үшін жауапкершілікті күшейтуді көздейтін тиісті түзетулер енгізілгенін де айтқанымыз жөн. Атап айтқанда, бұрын бірнеше рет ұрлық, алаяқтық жасау ауырлығы орташа қылмыс санатында сараланып келгендіктен, мұндай қылмыс жасаған тұлғаның залалды өтеген жағдайда жәбірленушімен татуласуға мүмкіндігі қарастырылған болатын. Енгізілген өзгерістерге сәйкес ұрлықтың, алаяқтықтың бірнеше рет жасалуы «ауыр санаттағы» қылмысқа ауыстырылды. Бұл, өз кезегінде, айыпталушыны тараптардың татуласуына байланысты қылмыстық жауапкершіліктен босату мүмкіндігін болдырмайды.
Азаматтардың сот төрелігіне қолжетімділігін женілдету, меншік құқығын қорғауды күшейту, қылмыстық заңнаманы одан әрі ізгілендіру мәселелері Президент назарынан қашанда тыс қалған емес. Азаматтардың, мемлекеттің және ұйымдардың бұзылған немесе даулы құқықтары мен бостандықтарының және заңмен қорғалатын мүдделерінің соттар тарапынан дер кезінде қорғалуы заңдылық пен құқық тәртібін нығайтуда, құқық бұзушылықтың алдын алу бағытында жасалған оң қадамдардың бірі болмақ.
Қамбар НҰРЫШЕВ,
Қызылорда облыстық сотының төрағасы

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<