17 жастағы қызылордалық Бекзатхан Дүйсенбеков – туабітті көз мүгедегі. Соған қарамастан, бір жарым жылдан бері Құран Кәрімнің сүрелерін жаттап жүр. Өткен сенбіде ол Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының облыстық өкілдігі ұйымдастырған Құран байқауына қатысты.
– Жарысқа мәнерлеп оқу бөлімі бойынша қатысып жатырмын. Қаладағы Төлен ата мешітінің имамы, ұстазым Бақытбек Омаровтың көмегімен 20 шақты сүрені жаттап үлгердім. Білімімді әлі де толықтыра түскім келеді, – дейді зағип жан.
Бекзатхан қасиетті кітаптың сөздерін есту арқылы жадына түйіпті. Нүктелі-бедерлі Брайль жазуы арқылы үйренуден гөрі сол оңайырақ болған көрінеді. «Байқауға қатысудағы мақсатым – жеңу емес, басқаларға үлгі болу» деген Бекзатханның өнегелі ісін ҚМДБ өкілдігі елеп-ескеріп, ақшалай сыйақы беріп, мерейін көтеріп тастады.
Облыстық орталық «Ақмешіт-Сырдария» мешітінде болған ғибратты шараға аудандар мен Қызылорда қаласынан 30 жасқа дейінгі 40-қа жуық адам қатысты. Олар Құран Кәрімнің сөздерін мәнерлеп оқу, 10, 20, 30 парасын жатқа айту сияқты номинациялар бойынша бақтарын сынап көрді. Талапкерлерге қоғам қайраткерлері, облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Сейілбек Шаухаманов, Т.Жүргенов атындағы қоғамдық қор төрағасы Сәпен Аңсатов және ҚМДБ-ның облыстағы өкіл имамы Болатбек қажы Ұласқанұлы сәттілік тіледі.
– Адамзат тарихында теңдесі жоқ үш құндылық бар. Олар – ислам діні, Мұхаммед (с.ғ.с.) пайғамбар және Құран Кәрім. Энгельстің сөзімен айтсақ, ислам – барлық діннің ішіндегі ең жасы, жасампазы, ақылға қонымдысы. Бүгінде хақ дінімізді ұстанатындар саны 2 миллиардтан асады, бұл – әлем халқының үштен бірі. Еуропа елдерінде дүниеге келіп жатқан балалардың 40 проценті – мұсылмандар. Ал адамзаттың ардақ тұтар тұлғасы – пайғамбарымыз Мұхаммедтің (с.ғ.с.) есімі әлемдегі 100 ұлы адамның тізіміне енген. Құран Кәрім – Аллаһ тағаланың шексіз рақымдылығының айғағындай болған Жаратқанның ең соңғы кітабы. Адам баласы жазу-сызуды үйренгелі ол сияқты құрметке, қамқорға ие болған ешбір кітап жоқ. Ғылым да, білім де, келешектің кілті де – Құранда, – деді С.Шаухаманов.
Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) хадисінде: «Жүрегінде Құраны жоқ адам қираған үй секілді», сондай-ақ «Сіздердің ең жақсыларыңыз – Құранды үйреніп, оны басқаларға үйреткендеріңіз» дейді. Игі шараның маңыздылығына тоқталған өкіл имам:
– Құран Кәрім түскен пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) елшілердің ішіндегі ардақтысына, Рамазан айы айлардың сұлтанына, Қадір түні түндердің қадірлісіне айналды. Ал Құран адамның жүрегіне түссе, оның бойында имандылық, жүрегінде тыныштық орнайды. Құран – өзін оқығанға шапағатшы. Сіздер – екі дүние бақытының кілті – Алланың кәләмін жаттаған бақытты жансыздар, – деді.
Құран тілінің сұлулығын, әуезділігі мен көркемдігін қатысушылар шама-шарқынша жеткізуге тырысты. Қазылар алқасына «Нұр-Мүбәрак» Египет ислам мәдениеті университетінің оқытушысы, PhD доктор Мұхаммед Абдулхамид Хаттаб Алматыдан арнайы келіп жетекшілік етті. Бағалау қорытындысымен Құран сөздерін мәнерлеп оқудан Берік Асқарұлы, 10 парасын жатқа айтудан Шыңғыс Сәдуов, 20 парасын оқудан Азамат Әбжалов, түгелімен жаттап оқудан Әбдіқадір Айдаров І орынға лайық деп танылды.
Жеңімпаздардың ішіндегі ең жасы – Берік Асқарұлы, ол – небәрі 15-те. Қатысушылардың арасында 6 жастағы балаға дейін болды. Әмір Құлмырзаев облыс орталығындағы №212 мектеп-гимназияның мектепалды даярлық сыныбында оқиды. Қаршадай бала уақытын бос өткізбей, қазірден бастап Құранның кәусар бұлағынан сусындауға арнап жүр. Әмір де қари ағаларына ұқсағысы келеді.
Байқауда орынға іліге алмағандар алғыс хаттармен марапатталды. Ал топ жарғандар VІІ республикалық Құран байқауына қатысады.
Назерке САНИЯЗОВА,
«Сыр бойы».
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<