Адамдардың еңбегін бағалауға келгенде, кеңпейілдігімізге басып, еліміздің әрқилы кезеңінде әртүрлі деңгейде қызмет атқарған кісілерді мемлекет және қоғам қайраткері деп бағалап, «қайраткер» деген алтындай бағалы, қорғасындай салмақты атақтың қадірін кетіріп жүрміз.
Меніңше, ол атақ адамның жоғарғы не төменгі лауазымда болғанына емес, елі үшін атқарған күрескерлік қарымына берілетін баға болуы керек. Қайраткер – өзі өмір сүріп отырған қоғамының даму бағытын жан дүниесімен терең түйсінген, қабылдаған және соның келешегі үшін жанкештілікпен еңбек ететін, жолында кездескен қиындықтардың жеке басына тигізуі мүмкін залалдарынан тайсалмайтын, сол мақсатқа айналасындағыларды жұмылдыра алатын күрескер тұлға. Біздің қайраткер атап жүрген адамдарымыздың көбі осы биіктен көріне алды ма? Осы сұраққа терең бойламай-ақ, көбіміз мерейтой иесі ұрпақтарының көңілін аулап, қайраткер деп қолпаштай берсек, келер ұрпақты елі үшін жан-тәнімен кіршіксіз қызмет қылып, ар-ожданына қылаудай кір жуытпай атын қалдырған нағыз тұлғаларды үлгі етіп, патриоттық дәстүрде тәрбиелеуден алшақтатар едік.
«Заманның заңғар тұлғасы» деген атаққа лайық қызмет еткен Еркін Нұржанұлы Әуелбеков шын мәнінде, мемлекет және қоғам қайраткері болып туғандай. Бала кезінен «Ленин» орденді мектеп директоры әкесінің және советтік мектептің тәрбиесін алып, сабақты да үздік оқыған. Мектепті ауылда бітіргеніне қарамастан, Мәскеудегі аты дардай Тимирязев академиясына түсіп, оны қызыл дипломмен бітірген. Елге оралғасын еңбек жолын өзі туған облыста емес, орыс тілділер басым Солтүстік Қазақстан облысы ауылындағы МТС-тің бас агрономдығынан бастаған. Сол кезде Ресей мен Украинадан тың игеруге келген басқа ұлттар арасынан іскерлігін, әр қызмет сатысында өзін ерекше көрсете отырып, облыстық, республикалық деңгейдегі лауазымдарға жедел түрде өсіп отырған. Ол қызметтің қай сатысында да, қай қызметте де мәселені мемлекеттік деңгейде ойлады, сол деңгейде шеше білді. Осы жолда кездескен қиындықтарды туа біткен батыл мінезімен, ұлтжандылығымен, іскерлігімен жеңе білді.
Біздің қайраткеріміз өмір сүрген социалистік жүйе адамзат дамуында өзіне дейінгі кезеңдері қарапайым еңбек адамдарының маңдай терімен еткен еңбегін өз пайдасына жаратып келгендіктен, оларға қарама-қарсы бағыт ұстанған, тұңғыш рет әлеуметтік әділеттілікті, адамдардың теңдігін ту еткен, жаңа қоғамдық құрылым болғанын естен шығармауымыз керек. Сол себепті Еркін Нұржанұлы да сол қоғамды құрушылардың алдыңғы қатарында болды.
Ерекең бүкіл еңбектерінің ішінде ерекше тер төккен ауыл шаруашылығының күйреп жатқанына жаны төзбей, «Шаруалар партиясын» құрғысы келді, ең болмаса өзінің туған ауылын құрдымға жібермей, сақтап қалуға әрекет етті. Өзінің туған ауылы Жаңасуда ірі шаруа қожалығын құрып, өндірістік және әлеуметтік нысандар сала бастады.
1985 жылы қаңтардың аяғында Қызылорда облысына басшылық жасауға келген сәтінен бастап, 1989 жылдың ортасында Мәскеуге қызмет ауыстырған 4,5 жыл аралығында өзінің мынадай ерекше жұмыс істеу тәсілімен жұртты тәнті етті:
– алғашқы күндері-ақ қаланың сауда нүктелері мен базарларын өз көзімен көріп, бәрімізді қалалық атқару комитеті төрағасының кабинетіне жинады. Қала тұрғындарының тұтынатын ішіп-жемінің адам басына шаққандағы мөлшерін, калориясын, нені сырттан, нені өзіміз өндіретінімізді бүге-шігесіне дейін сұрап, толық мәлімет алып, ол көрсеткіштердің республиканың басқа қалаларымен салыстырғанда, 1,5-2 есе төмен екеніне көзімізді жеткізді. Мұндай жағдайға төзбейтінін және оны түбегейлі өзгерту бағытында жұмыс істеуді талап ететінін білдірді;
– бірер күннен соң Жобалау институтының ғимаратына облыстың құрылысшы, архитекторларын жинап, қаланың Бас жоспарымен, облыстағы құрылыс индустриясының мүмкіндігімен танысты. Силикат қыш шығаратын зауыттың өз қуатынан өте төмен жұмыс істеп жатқан себептерін нақтылап, Үй құрылысы комбинатының республикада жоқ құрқылтайдың ұясындай бөлмелері мен 2,5 метрлік биіктіктегі төбесі қала халқының өскелең талабына сай еместігі әңгіме болды;
– сала басшыларынан ең бірінші денсаулық сақтау басқармасының басшысын қабылдап, халықтың денсаулығына қатысты мәліметтерге қанығып, Арал теңізінің тартылуына байланысты қалыптасқан экологиялық ахуалдың облыс халқының денсаулығына адам төзгісіз әсер етіп жатқаны анықталып, бұл жағдайды түзеу алдағы күннің ерекше шаруасы болатынын жеткізді;
– осы және басқа да толғағы жетіп отырған экономикалық, әлеуметтік мәселелер осыған дейінгі партия-кеңес органдары мен шаруашылық қызметкерлерінің қалыптасқан жұмыс стилін түбегейлі өзгерту қажеттілігін кадр мәселесін қараған облыс активінде жария етті.
– алғашқы күндердің өзінде тұрғындардың 3 мыңнан аса шағым-арызымен танысып, 1,5 мыңдай адамды жеке қабылдады. Қойылған мәселелері мейлінше шешімін тауып жатса, шешілмегендерінің себебі түсіндірілді. Осыдан соң арыз жазатындар сап тыйылып, арызды жазып беретіндер жұмыссыз қалды. Тұрғындар біреуден қиянат көрсе, бұрынғыдай Мәскеуге, Алматыға емес, «Әуелбековке жазамын» дейтін болды.
Еркін Нұржанұлы келгенге дейінгі облыс экономикасы осылай тұралап қалғаны, тұрғындарының әлеуметтік жағдайы шықпа жаным, шықпаның керін киді. Экологиялық ахуалдың ушығып тұрғанына қарамастан, «облысты басқарған бұрынғы басшылар не бітірген?» деген сұрақ өзінен-өзі туындайтыны рас. Таңғаларлығы сол – бұл жағдай оларды алаңдатпағаны былай тұрсын, тіпті өз жағдайларын күйттеудің қамына кірісіп, ол әрекеттері одақтық партия органы «Правда» газетінде «У обкома на виду» («Обкомның көз алдында») атты мақаланың шығуына түрткі болған еді. Бірақ бұл кейінгі басшыларға сабақ болмай, Ерекең келгенде мемлекет есебінен өздеріне коттедж типтес үйлер салуды үрдіске айналдырып, тұрып жатқан үйлерін биік қоршап алып, жасынап-жайрап жүріп жатқан кезі еді.
Ерекең барлық облыс, қала, аудан көлеміндегі басшыларға артық аумағы бар тұрғын үйлерін балабақшаға, емханаға беруді талап етті. Биік қоршауларын кестірді, кеңшарларға қонақүй, асхана, жоқ жерлерге монша салғызды.
Қала басшыларының әр шағын ауданда тұруы сол жердегі тұрғындардың қам-қарекетін білуіне, оны шешуіне көмектеседі деп, бізді сол шағын аудандарға тұруға ықпал етті. Мен орталықтағы пәтерімді тастап, «Ақмешіт» шағын ауданына көштім.
Өзінен бастап облыс, қала басшыларына қала көшелері бекітілді. Мәселе – көшелердің тазалығы, көгал болуы ғана емес, сондағы тұрғындардың әлеуметтік жағдайын, көңіл-күйін зерттеу, мүмкіндігінше көмек беру. Қаладағы үлкенді-кішілі мекемелердің бәрін дерлік өзі бірнеше рет аралап, жақсыларын басқаларға үлгі етті, кемшіліктері барларынан түзету міндетті түрде сұралды. Көп басшы өз мекемесінің айналасындағы былықтарын білмейтін болып шықты. Ерекең сонда: «Тәртіп қай жерден бітсе, сол жерден әрі қарай тәртіпсіздік басталады, сондықтан әркім өз шекарасына дейін тәртіп орнатуға міндетті, сонда ғана барлық жерде тәртіп болады» дейтін.
Шөл және шөлейт өңірлерде тұратын басқа облыстар әлдеқашан алып жүрген айлық, зейнетақыларына 15 пайыздық қосымшаны Ерекең келісімен қолға алып, кеткен есемізді қайырды. Осы 15 пайызды жұрт осы кезге дейін «Әуелбеков пайызы» деп атап жүр. Облысты ІІІ категориядан ІІ категорияға көтеру облыс жұртшылығының тұтынуына қаншама жеңілдік алып келіп, елді мекендер мен олардың инфрақұрылымын жобалауда стандарттар бір саты жоғарылады.
Арал өңірін апат аймағы етіп жариялау жайлы заңның 1992 жылы шығуына 1988 жылы 19 қыркүйекте Еркін Нұржанұлының СОКП Орталық Комитеті мен КСРО Министрлер Кеңесінің «Арал теңізі аумағының экологиялық және санитарлық ахуалын түбегейлі жақсарту, оның бассейніндегі су мен жер ресурстарын пайдалануды барынша жақсарту жайлы» қаулысын шығаруы ықпал еткен болатын.
Облыс халқының мүддесімен санасқысы келмеген «Байқоңыр» ғарыш айлағы әскери басшыларының Сырдарияға өнеркәсіптерінің кәріз суын ағызуына, қалдықтарымен теміржол бойын ластауына жауап беруін Ерекең талап еткенімен, онымен санасқысы келмеген генералдарын Мәскеудегі партия органдары арқылы алдына келтіруі және оларды жарты сағат бойы қабылдамай күттіріп қоюы не деген ерлік десеңізші?! Ерекең бұл мәселені түбегейлі шешу үшін, кейін Герман Титов бастаған ғарышты игеру басшыларын қатыстыра отырып, облыстық партия комитетінің бюросында қарайды, бұл қылықтарына тиісті баға беріледі. Осыдан соң космодром генералдары: «Әуелбеков қазақ емес шығар, 30 жылдан аса облыстың қазақ басшыларымен қызметтес болғанда, дәл мұндай бізді аяғымызға тік тұрғызған ешкім болған емес» деген екен.
Бұрынғы басшылар күріштен мол өнім алып, тек соның көрсеткішімен көрінуді мақсат тұтып, сырттан әскери автоколонна, облыстан тыс жерден де студенттер шақыртып, егінді жоспардан артық егу арқылы өздерін де, еңбек адамдарын да марапаттауды дәстүрге айналдырып алашапқын жасаса, Ерекең күріш жинау науқаны қарсаңында: «Облыс күрішінің көлемі тың өлкесінің бір кеңшарының егетін бидайы көлеміндей-ақ екен, сондықтан автокөлік басқармасы КамАЗ-дарға бірнеше тіркеме қосақтап қырманнан элеваторға өз күшімен тасысын, ал кеңшар өз көліктерімен қырманға тасуды қамтамасыз етуі тиіс» деген талап қойды. Сырттан студенттер мен әскери автөліктер алдырған жоқ, атақ алу үшін күрішті жоспардан тыс егуді біржола тоқтатты. Аудан, кеңшар басшыларының жұмысы тек күріштің көрсеткішімен бағаланатын үрдісті тыйып, облыс экономикасы өнеркәсіпті, құрылысты, сауданы дамытуға бағыт алды.
Жеңіл және жергілікті өнеркәсіпті дамытудың мүмкіндіктерін таба білді. Үйде отырған әйелдерді тартып, жұмыс күшін молынан пайдаланып, халықтың тұрмыс жағдайын жақсарта түсті. Ауыл шаруашылығына пайдаланатын техникалар шығаратын «Рисмаш» зауытының қуатын одан сайын арттыруды қолға алып, алғашқы жаткаларды шығара бастады. Қызылордада, Аралда, Жаңақорғанда жаңа өнеркәсіп орындары ашылды.
Ең бастысы, «Құмкөл» мұнай кенішінің игерілуі Ерекеңнің төл туындысы десек болады. Мұнайлы өлкеге айналуымыз үшін біліктілік танытып, оны Жезқазған облысынан 25 жылға жалға алудағы ерлігі, Одақтық мұнай министрлігінің «Құмкөлді» игеруді Ресейдің «Татарнефть», «Башқұртнефть» құрылымдарына беріп қойған бұйрығын бұздырып, оны «Маңғыстаумұнайгазға» бергізудегі жанкешті еңбегі үлкен көрегендік болған еді. Соның арқасында Одақ тарағанда мұнай кеніші Ресейдің билігінде қалып қоймай, облысты қиын-қыстау кезеңде тарап кетуден сақтап қалған болатын. Дәл осындай қайраткерлік Ерекеңнен басқа адамның қолынан келмейтін іс дер едім.
ТМД елдерінде жоқ облыстық медицина орталығы ғимараты мен республикада жоқ диагностика орталығының кішкентай Қызылордаға салынуы – Ерекеңнің Аралды апат аймағы деп жариялату үшін Одақтың екі, республиканың 3 қаулысын шығартуының және оларды келешек «Құмкөл» кенішінен алынатын мұнаймен есептесілетінін жобалап кетуінің арқасы. Айналасы 3-4 жылда осыншама өзгерістер, жаңа бетбұрыстарды енгізу бұған дейінгі облыс басқарған басшылардың бірде-біреуінің қолынан келмеген еді.
Ол обком ғимаратының төбесінде қашаннан бері ілініп тұрған «Впередь – к коммунизму!» деген ұранды алдырып тастады. Ондағы ойы – облысқа алдымен социалистік қоғамды орнатып алайық деген болуы керек. Ол кісі ұрандатпай, нақты іспен айналысуды қолға алды. Сосын болуы керек, журналистер Ерекеңнің атқарып жатқан ауқымды істері жайлы «Әуелбеков Қызылордаға совет үкіметін орнатып жатыр» деп баға берген екен. Ол нағыз шынайы баға болатын.
Сыр елі Еркін Нұржанұлы Әуелбековті қашанда құрмет тұтады. Қызылорда қаласының теміржол вокзалынан басталып, «Мәңгілік алау» (қазір «Тағзым» деп аталады) жанынан өтетін көшеге қайраткер есімінің берілуі де тегін емес. 2015 жылы Еркін Нұржанұлының 85 жылдығы құрметіне Қызылорда қаласындағы дарынды балаларға арналған №4 мектеп-интернатқа оның есімі беріліп, ауласына мәрмәр тастан мүсіні қойылды. Ерекеңнің 90 жылдығына да іс-жоспар жасалған болатын. Бірақ 2020 жылы елімізде жарияланған төтенше жағдайға байланысты шара жартыкеш өтті. Есесіне келесі жылы Көкшетау қаласында Ерекеңнің тұлабойы сомдалған ескерткіш орнатылды. Оған бюджеттен қаржы бөлінбеуіне байланысты Еркін Әуелбеков атындағы қордың филиалын құрып, сырбойылықтар 46 млн тұратын мүсінге 8 млн теңгеден аса қаржы жинап, өз үлестерін қосты.
Биыл қайраткердің 95 жылдығы Солтүстік Қазақстан, Ақмола, Қызылорда облыстарында кең көлемде аталып өтуде. Газет беттеріне Ерекең туралы мақалалар жарияланып, теледидардан фильмдер көрсетілуде. Облыс орталықтарына Ерекеңнің суретімен безендірілген билбордтар ілінуде. Облыстық, республикалық деңгейде ғылыми-практикалық конференциялар өтуде.
Ерекеңнің адами тұлғасына баға беруді оның өз сөзімен айтсақ та жетеді деп ойлаймын: Ол: «Менің артыма, бала-шағама қалдырған ең қымбат қазынам да, мұрам да – дақ түспеген ар-ұятым мен адамгершілігім» деген еді. Ерекең елі үшін атқарған еңбегін ешқашан тізбелеп айтқан емес, ол елімнің азаматы есебінде еш пенделікке бармай, «адал қызмет еттім» деп, өз өмірін өзі қорытындылады. Тәуелсіз еліміздің әрбір азаматы Ерекең ағамыздай кіршіксіз таза қызмет етсе екен деп тілеймін.
Елі барда Ерекеңдей қайраткер ағаның ұлылығы ұмытылмайды, әлі де ол кісінің қалдырған ізіне, қайраткерлік ісіне талай ескерткіш орнатыла береді деп ойлаймын. Сол себепті Еркін Әуелбеков ағамыздың 100 жылдығына дейін оның атын есте қалдыру үшін, мынадай ұсыныстар айтуды жөн көріп отырмын:
1. Арал қаласынан бір көшенің атын беру;
2. Сырдария ауданындағы Амангелді ауылының атын беру (Ерекеңді облыстық кеңестің депутаттығына сол ауыл ұсынған болатын және ол сол шаруашылықтың дамуына көп еңбек сіңірген еді);
3. «ПетроҚазақстан» АҚ-на қарасты бір кеніштің атын беру (қоғамдық бірлестіктің келісімі бар).
4. Қызылорда қаласының Ы.Жақаев көшесінің бойындағы орталық алаңнан басталып, «Достық үйіне» дейінгі «Арбат» аталып кеткен Ерекеңнің өзі ашқан скверді «Еркін Әуелбеков сквері» деп атау.
Сәдуақас АҢСАТ,
Еркін Әуелбеков атындағы қор филиалының жетекшісі, республикалық «Тіл сақшысы» газетінің құрылтайшысы





