Қызылорда облысында 2025 жылдың қорытындысы бойынша есірткінің заңсыз айналымына қарсы жүргізілген жедел, профилактикалық және талдамалық іс-шаралардың нәтижелері шығарылды. Кешенді жұмыстар наркобизнестің ұйымдасқан желілерінің жолын кесіп, әсіресе жастар арасындағы есірткінің таралу қаупін едәуір төмендетуге мүмкіндік берді.
Есептік кезеңде 304 есірткіге байланысты құқық бұзушылық анықталды, оның ішінде 112 қылмыс және 192 құқық бұзушылық тіркелді. 69 – есірткі өсірудің, 31 – есірткі өткізудің, 6 – есірткі жарнамалаудың, 5 – есірткіні аса ірі мөлшерде сақтаудың деректері.
Заңсыз айналымнан 1 тонна 800 келі есірткі алынды, оның ішінде марихуана — 220 кг, синтетикалық есірткілер — 2 кг, қарасора — 1 тонна 650 кг-нан астам.
Үй жағдайында сора өсімдігін өсіретін 5 фитозертхана анықталды.
18–78 жас аралығындағы 248 азамат ұсталды, олардың ішінде 3 «жасырын таратушы» бар. Сотқа 234 қылмыстық іс жолданды.
Мәселен, 2025 жылы қала орталығында Қызылорда облысы Полиция департаментінің Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері 18 жастағы азаматты ұстады. Ол есірткі заттарын көтерме сауда тәсілімен тарататын курьер болып жұмыс істеген. Сараптама қорытындысына сәйкес жеке тінту барысында ұсталған азаматтың қол сөмкесінен 300 гр. астам мефедрон есірткі заты табылып, тәркіленді. Қазіргі уақытта аталған дерек бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды.
Бірлескен профилактикалық жұмыстар нәтижесінде «Amanat» партиясының өкілдерімен бірлесіп, есірткі жарнамасы бар 100 граффити жазулары жойылды.
«Киберқадағалау» ақпараттық жүйесіне 1489 интернет-дүкендер мен жарнамалық сілтемелер енгізіліп, 241-і бұғатталды.
Есірткі қылмысымен байланысты 1034 карта-шоттар бұғатталып, 478 шетелдік карта-шоттары анықталды.






